АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ АМАНАТЫНА НЕГЕ ҚИЯНАТ ЖАСАЛДЫ?

Көзқарас Рухани жаңғыру
608 Views

Жалпы, адамзат баласына шындықтан гөрі өтірік көп қызмет етіп келген. Шындықтың жайнамазына жығыла бермейтініміз сондықтан болса керек. Біз Ұлы Жаратушының құдіретімен аса қымбат үш игілікке, сөз бостандығына, ар-ұждан бостандығына және сонау екеуін де кәдеге асыратын парасатқа ие болдық. Бірақ сол парасатың үнемі жеңе бермеген ашық тайталаста жеңіліс таба береді.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынушылар арасында Бекет Тұрғараевтың Қазығұрт асуында бой көтерген монументальды «Мәңгілік ел» саябағы алып ескерткіштер кешені ұсынылған еді. Ондаған гектар аумақты алып жатқан алаңда – Қазақ Даласының бүкіл үні мен рухы үндесіп жатыр. Онда қазақ даласының жан дауысы, заманалар сарыны, тәуелсіздіктің жұлын-жотасы, арқау мен тұсаудан бұлқынып шыққан жан жарасының талмаусыраған үні жатыр. Бірақ оны көзімен көріп, жанымен сезінетін жан болмады.

Көпшілік қауымның ыстық ықыласына ие болған құндылықтар дүниесі бастапқы таңдауда комиссия тарапынан қолдау тапқан-ды. Бірақ мың құбылған комиссия тарапынан бастапқы ұйғарымның сеңі нілдей бұзылып сала берген. Бұл жерде комиссия мүшелеріне қойылар кінә жоқ, мәселе оны шешетін жоғары биліктің араласуында болып отыр. Бұл тұста адасу ат та емес, ат айдаушыда. Құрметке ие талантты жандардың талантсыз әділ шешім айта алмайтындардың шыңырауына дейін құлдырауы – қасірет болып отыр. Ал жалпыға ортақ сұрқайы деңгейге қалған өте шолақ ойлаушылар өте қауіпті екенін жоққа шығармасымыз анық. Толстой ақсақал тарих мұқабасына: «Мұнда шындық жоқ, тек мүдде ғана бар, өйткені, «Тарихтың бетіне – ештеңе жасырып қалмаймын, деп жазар едім» — депті. Бұл жерде ұлы жазушы тарих тек қана заманның мүддесімен ғана жазылатынын айтса керек.

Бекет Тұрғараұлы мемлекет үшін орасаң зор еңбек жасады. Бір өзі бірнеше институттың жүгін атқарып, ағартушылық жұмыспен айналысты. Өнер – жүректің қалауы. Бекеттің осы өнер тұғырында қамау тері алынып, көбесі сөгілді. Бастаған ісін жарты жолда қалдырған емес. Ол өз еңбегін саудалайтын мүсіншілер мен сәулетшілер қатарында болған емес. Ол үшін ақы сұрамады. Оның халық арасында атақ-абыройы онсыз да жетеді. Ол ұлт мүддесі үшін көп қаржы салды. Онысын айтып, өзіне жарнама да, мақтан да іздеген жоқ. «Ақшаңды жоғалтқаның, дәнеңе де жоғалтпағаның, көпті жоғалтқаның топты жоғалтқаның, ал шындықты жоғалтқаның – бәрін жоғалтқаның» принципін ұстанды. Арға түскен дақ – ауызға түскен шаш іспетті. Күрес – біреуді жеңу мақсатында жүрмеуі тиіс. Ешкім жеңілмесе, ең үлкен жеңіс сол! Біз бұл жерде Бекет Тұрғараұлының ел ішінде жасап келген жұмыстарын тізбелеп айтуды мақсат етпедік, оны халық біледі. Халықтың тұтастығына негіз болатын ұлттық болмыс. «Тегіне тартсаң тозбайсың» деп ұлық бабаларымыз тегін айтпаса керек. Тектілік – тұтастықтың рух маятнигі. Оның өзегі – сабақтастық, ұрпақ арасындағы әдемі рухани байланыстан тұрады. Рухани байланыс пен сабақтастық үзілген кезде ұлттық тұтастық әлсірейді. Сыртқы жауға қарсы тұру иммунитеті құлдырайды. Өткен тарих пен қазіргі заман арасындағы шекті анықтау – тасқа біткен алып ескерткіштер белгісі. Тас белгілер қазіргі заманғы конъюктуралықтан тұрпаты мен мазмұны тіпті өзгеше. Рухани тәуелсіздікке жеткізетін ұлттық идея. Оның қан тамырында Қазақ Дала ұлағатының философиясы тұнып тұр. Оның негізгі ілімінде – бабалар аманатына адалдық жатыр. Біз оған адалдық таныта алмадық, обалына қалып, сауабына кенеле алмадық! Өзекті өртейтіні мына мысал: тарихшы, ғұлама-ғалым Леонардо Бруни 1416 жылы «История» еңбегінің алғашқы кітабын жария еткенде Грек – Рим билігі оны ұлтқа сіңірген еңбегі үшін өмір бойы салықтан босатқан еді. Сол кезде ол тарихшыға мәңгілік әшейін өмір сүруге берілген құжат болатын. Ал біз қарапайым алғыс та айта алмадық.

Дәуір таспасын неге мүсәпір күйге түсірдік? Бұл жерде идея авторы Бекет Тұрғараұлы емес, ұлылық мұрасы – мүсәпір күйде қалды. Халықтық іс, ұлттық мүдде, намыс пен жігер отының ошағындай. Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамда шынайы шындық болса, осыған үн қататындар табылады деп ойлаймын. Халықтың бір бөлігін ақымақ етуге болар, бірақ бүкіл халықты үнемі ақымақ ету мүмкін емес ғой!

Жомарт – көп бергені үшін қиналмайды ал сараң аз бергені үшін қиналады. Бұл жолы комиссия осы пиғылды танытты. Жалпы, комиссия ісіне сырттан тану, араласу болмауы керек. Әрине, бақылау керек. Бірақ ол көлеңкеде тұрып, пішіп-шешпеуі керек. Мына мысалды айта кетсек деймін. Кезінде Сталин Лениндік және өзінің атындағы Мемлекеттік сыйлықты берер алдында Кремльде өтетін шығармашылық дискуссияға әртүрлі адамдарды шақырып, олардың пікірін тыңдайды екен. Белгілі бір шығармаға бой алдыру, оны шынайылықпен бөлісе білу – үлкен білімділіктің белгісі. Сталин өзі оқыған шығарма туралы ойын бүкпесіз айтып, пікірталасқа қызу араласқан. Мұндайда тобырдың айқайы да, тиранның зорлығы да оны әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмаған. Көсем сусаниншілдікпен жорамал айтып, екі жүзділікпен сөйлемеген. Ол жиынның атмосферасын тарылтпай, жазушыларды мысымен баспай, үркітпей, тең ұстауға, еркін сөйлеуге мүмкіндік беріп отырған. Халықтар әкесі өзін басқосуда қожайын емес, жалпыға бірдей тәртіппен өз пікірлерін айтып отырған, бірақ ойын таңбаған. Ол жазушы Булгаковты ұнатпаса да, оның «Ақ гвардияшылар» шығармасын оқып, сыйлықтан құлатқан комиссия мүшелеріне қарата: «Сендер оны «Ақ гвардияны жазды деп кінәлайсыңдар, ал сендердің оған қарсы қоятын «Қызыл гвардияларың қайда?.. Да он сволочь, но он талант» дейді. Тағы бірде комиссия мүшелері ақын Тихоновты сыйлықтан қаққанда оның шығармасын оқып шыққаннан кейін бастапқы ойын өзгертіп, Сталиндік сыйлықтың ІІ дәрежесінен, І-не өзгертіп жібереді. Міне, тазалық! Бұл жердегі басты мәселе, оның шығарманы өзі оқуы ықпал еткен. Ал биылғы Мемлекеттік сыйлықтың тағдырын шешкен мырза сол шығармаларды өзі оқыды ма екен?! Кез келген мәселенің құпиясын шешу сұрақ белгісінен тұратыны бар. Біздің сұрағымыз сол, комиссия төрағасы шешім жасарды қандай критерийлерге жүгінді екен? Сол мырза, Мәңгілік Ел» саябағына барып, Алаш арыстарының құрметіне бой көтерген ескерткіш басына барып тағзым етті ме екен? Омар халипа «Ізгіліктің 10 қыры бар, тоғызы үндемеуге саяды» деген екен, біз үндемей тұра алмадық. Бұл жолы қоғам үшін зореңбек еткен асыл азаматтың ел үшін еткен өлшеусіз еңбегі ескерілер деген ойда болғанбыз.Кез келген байқауда дауыс беру әділдіктің шешімі бола алмайтынын бола алмайтынын байқадық. Ол көбінде билік орындарының араласуы арқылы шешілетініне көзіміз жетіп отыр. Осыдан келіп, Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз? Алайда біз оны өзгертуден гөрі өзімізді өзгертуіміз керек, сана биігін өзгертуіміз керек екен! Сана өзгермей, қоғамымызда ештеңе өзгермейтініне көзіміз жетті.

Бақытыңды өзгемен бөлісе жүріп, бақытқа жетуің мүмкін, ал өзгенің бақытына қол сала жүріп, бақытқа қол жеткізе алмайсың. Көзге түссең болғаны, қасиеттерің кемшілікке айналады. Себебі, айрықша нәрсені әдетте айыптап жатады. Одан талант жалғызсырайды, тіпті ерекше әдемілік те жақсы ат әпермейді, ол керісінше, еңсеңді езеді.

Лев Гумиловтың «пассионарий» теориясына сүйенсек, біз кемеліне келіп, тасуға қабілетті жас мемлекетпіз. Демек, кез келген жақсы бастама мен талантты шығарманың жолы бөгелмеуі тиіс еді.

Өнердің шығу тегі – трагедия. Трагедия бар жерде өнер атаулы өрге баспайды. Ал өнер әлемінде өлім жоқ. Оның ұлттық руханиятты ұлықтап, санадан өше бастаған тұлғалардың киелі есімдерін қайта жаңғыртып, халықпен қауыштырудағы атқарған еңбегі елдің есінде қалатыны анық. Бекет Тұрғараев үшін осы ой бәрінен артық, бәрінен қымбат. Бұл елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен жарқын тұлғаға берілетін лайықты баға болмақ. Бекет Тұрғараұлы қалай десек те, ұлттың мұраты үшін, қазақтың абыройы үшін жанкешті еңбек жасады. Ол дәуірлер таңқалған ерлікті – ұранға, ғасырлар қайран қалған ерлікті – тұмарға айналдырды. Оған берілер баға да осы! Бірақ комиссия бұл жолы өз қалауын жасады. Осылай ету арқылы болашаққа қиянат жасалды.

Иманәлі БАЙДАУЛЕТ,

Қазақ КСР-ның 12-сайланған Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты (1999-1994), Шымкент қаласының Құрметті азаматы, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *