АЙТПАСА СӨЗДІҢ АТАСЫ ӨЛЕДІ…

Көзқарас Рухани жаңғыру
819 Views

Жуырда қазақ руханиятының бірден-бір жанашыры, ұлттың, рухтың қамқоршысы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2022 жылғы 16 желтоқсандағы № 50 санында «Айтайындеп айтпайсың» деген айқара бетке шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғани Қариннің толғаныспенжазған көлемді мақаласын оқып, көңілім әр саққа жүгіріп, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.

Биылғы жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласы бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлықтың көкпарға түскеніне көзім жетті. Барлығы демей-ақ қояйын, айтулы азаматтардың еңбектері бағаланумен қатар, тарихты таспен жазған қалың ел мойындаған қасиетті Қазығұрттың қақ беліне орналасқан «Мәңгілік ел» саябағы шенеуніктердің әділетсіздіктің әнін айтып, қақбақыл ойнаған мазағына айналғанын мақаладан оқып біліп, ұлт рухын асқақтатқан туындының туын жығып, сыбыр – жыбырдың құлы болғандықтарын сезіндім. Ұлы Абайдың атымен аталған мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды бағалауда, сенім артқан шенеунік серкелердің Абай рухын аяққа басқан жымысқы әрекеттерінен көңілім айныды. Бұл не? Қасқыр терісін аударып жамылған көз бояйтын көлеңкелі жандар ма дерсің. Комиссия мүшелері де құлдық санадан құтыла алмай, қара қылды қақ жарып айта алмай, тілдері күрмелгенінен көңілім қалды. Атам қазақ айтқан «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген аталы сөзді айта алмаған саны да, сапасы да келіскен комиссия мүшелерінің лауазымды тұлғаның алдында «ләппай тақсыр» болғандары қаныңды көтеріп, басыңды айналдыратын дәрежеге жеткізді.

Бұл жерде азаматтың адал еңбегін ескермегеннің өзінде, ұлт тарихын ұлықтап ұрпаққа өнеге көрсетіп, ғасырлар биігіне жетелейтін мәңгілік ескерткіштердің орнын аяқ асты етіп, елемеген болып тұр. Шенеуніктердің лауазымынан үрке қорқып, әділдіктен ауытқу адамгершілік қағидаға қарсы тірлік. Мұндай көкпар додаға қатысып қадіріңді түсіргеннен гөрі, халықтың алғысына бөленіп жүрген артық.

Бұл сыйлықтың бірнеше жылдық тарихына көз жіберіп көңіл бөлсек, мемлекет атына ұсынылып, ұлы Абайды ұстын қылып ұстаған бұл бәйге мазағы мен машақаты көп, көзі болғанмен көрмейтін, көптің көңіліне шөп салатын сайқымазаққа айналған дүние екен. Әділетті Қазақстан құрамыз деу Ақорданың айналасын тазалаумен басталса игі еді, сонда ғана жалпақ ел, қарапайым халық әділеттің шамшырағы жанып, сәуле шашты дер еді.

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

«Отан» орденінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *