БУДЕНОВКА ҚАСІРЕТІ

Қоғам
403 Views

Ұмытпасам, 1974 жылдың желтоқсаны еді. Ол кезде Жамбылқаласына іргелес жатқан Свердлов аудандық «Село жаңалығы» газетінде тілші болыпқызмет атқаратынмын. Сол жылы ауданның әр саласында еңбек ететін ұжымдар, жекеозаттар кезекті бесжылдықтың жоспарын бір жыл бұрын орындап, ауданда үлкен слетжиналысы болатын болды. Айтулы жиынға аудан басшылары ерекше назар аударып, алдын-ала жан-жақты жоспар жасалды, арнайы сценарий жазылды. Ол кезде ауданорталығы – Михаиловка селосында жөні түзу Мәдениет үйі жоқ болатын. Озаттарслеті атақты Александр Нахманович басқаратын «Трудовой – пахарь» колхозындағыбес жүз адам сиятын үлкен мәдениет ошағында өтетін болып, дайындық қызубасталып кетті. Аудандық газетте бірге қызмет атқаратын Валентина Мекшуноваекеуміз слетті қазақ және орыс тілінде жүргізетін болып бекітілдік. Үлкен жиынеңбек озаттарын мадақтап, сый-құрмет көрсетумен шектелмейді, әртүрлі мәденишараларға, әсіресе, концерттік бағдарламаға айрықша көңіл бөлінеді. Слеткебелгілі әншілер, ерекше көзге түсіп жүрген көркемөнерпаздар үйірмелерінің өнерпаздары шақырылды. Барлық дайындыққа аудандық партия комитетінің идеологияжөніндегі хатшысы Нілзия Рақышева басшылық жасап жүрді. Слетке бір күн қалғандаәкем дүниеден озғаны туралы жеделхат келіп, жағдайымды айтпақ болып, хатшыға кірдім.

– Әрине, әкеңнің қазасына барып қайт. Арты қайырлы болсын! – деп маған көңіл айтқан Нілзия Алғазқызы сәл үнсіз, ойланып қалды.

Хатшыны не мазалап отырғанын айтпаса да іштей сезіп отырмын. Слет ертең сағат онда басталмақ. Осындай аз уақыттың ішінде жүргізуші таба қою қиын сұрақ еді. Көше жақтағы үлкен терезеге көз тастаған аудандық партия комитетінің хатшысы алдындағы қоңырауды басуы сол-ақ екен, жас хатшы қыз асығыс кіре берді.

– Шырағым, райкомның алдына аудандық газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов кетіп бара жатыр. Артынан жүгіріп, маған ертіп келші.

Көп ұзамай-ақ бірге қызмет атқаратын әріптесім Зейнолла кіріп, бізбен амандасып, маған көңіл айтты.

– Зейнолла, слетті Доқтырхан жүргізуі тиіс еді, жағдайды естіп отырсың. Сенің еңбек демалысында жүргеніңді білемін, бірақ, оны уақытша үзуге тура келіп тұр. Сенен басқа лайықты адамды көре алмай отырмын. Түс қайта соңғы дайындық өтеді, осында кел. Буденовкаға бірге барамыз, – деді хатшы шақырған мәселесіне тікелей көшіп.

– Жарайды, Нілзия Алғазиевна, – деді Зейнолла келісімін беріп.

Қаржасов екеуміз райкомнан бірге шықтық. Түс қайта мен Жуалыдағы ауылыма асығыс аттанып кеттім.

Үйге күн қарая жеттім. Туған-туысқан, көрші-қолаң әкемді соңғы сапарға шығарып салуға кірісіп кетіпті. Ағайындармен көрісіп, анама көңіл айтпақ болып, төргі бөлмеге басымды сұққанымда, басына қол орамалын жайып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп отырған әкемді көріп, анамның дүниеден озғанын біліп, аңырап жылап жібердім…

Екі-үш күннен соң, менің жұмыс орнымнан әкемнің атына «Сіздің ұлыңыз, журналист Доқтырхан Тұрлыбеков жол апатынан қайтыс болды. Шұғыл жетіңіздер!» деген жеделхат келіп, тұла бойым түршігіп кетті. Ішім бір сұмдықты сезіп, сол күні жолға шықтым. Газеттің редакторы Ғани Әлиев жақсы кісі еді. Мен кабинетке кіріп, амандаса бергенімде, ол орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрді. Мені құшақтап: «Шырағым, тірі екенсің ғой!» – деп иегі кемсеңдеп қоя берді. Мен көрмеген екі-үш күннің ішінде күрт қартайып кеткен Ғанекең көкірегі қарс айырылып, болған жайды айтып берді.

…«Трудовой – пахарь» колхозының орталығында болатын бесжылдық озаттарына қатысатын бір топ аудандық партия комитетінің, аудандық газеттің, мәдениет бөлімінің қызметкерлері және үш-төрт мектеп оқушысы «Кубин» деп аталатын шағын автобусқа отырып, Буденовкаға қарай бет алады. Үлкен шаруашылыққа жете берісте Талас өзені ағып жатады. Сол күні қырсыққанда көктайғақ, тұманды болып, жол анық көрінбейді. Өзенге жақындай бергенде «Кубин» автобусы бір жолаушы таситын көлікпен соғысып, жүргізуші рулге ие бола алмай, жолдың сол жағына аударылып түсіп, есігі ашылмай, көліктегі лық тола жолаушылар тысқа шыға алмай жанталаса арпалысады. Көп ұзамай, жанармай құйылған бак жарылып, ішіндегі адамдар тірідей жана бастайды. Жолда әрі-бері өтіп жатқан адамдар көмекке келіп, есікті сындырып ашқанда тым кеш еді… Әртүрлі жарақат алған, күйікке шалынған жеті-сегіз адамды құтқарып, қалғандары тірідей жанып кетеді…

– Қайтыс болғандардың арасында менің бірінші орынбасарым Қабылбек Құлиясов, газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов бар. Денесінің 70пайызын күйік шалған тілшіміз Валентина Мекшунованың жағдайы өте қиын жағдайда,– деді редактор ауыр күрсініп. – Абыр-сабыр болып, есіміз шығып жүргенде сеніңәкең қайтыс болып, сұранып кеткеніңді мүлдем ұмытып кетіппіз. Біреулер қайтысболған бір жас жігітті сенімен шатастырып, әкеңнің атына жеделхат жіберіпті… Өте қиын болды, шырағым, әлі есімізді жинай алмай жүрміз.

Содан бері арада 48 жыл өтсе де, сол оқиғаны ойласам, жаным түршігеді. Менің орныма кеткен журналист Зейнолла Қаржасов небәрі 25 жаста еді. Соңында жары, үш перзенті қалды.

Анам жарықтық: «Өлім деген жаман, шырақтарым! Аштық нәубетінен анам, бес бірдей бауырым өлді. Жақын адамдарымның аман-есенжүргендерін Алладан жалынып-жалбарынып сұраймын. Сендердің аяқтарыңа кіргентікенек менің маңдайыма кірсін! Сендердің жолдарыңда өліп кетсем арманым жоқ!»– деп отырушы еді анашым. Мейірімге толы ана жүрегі сезді ме екен, ол өзініңөлімімен мені аман алып қалды. Бұл кездейсоқтық емес екендігін іштей сезіп, жаратқан Иеміздің құдіретіне, анашымның маған деген шексіз махаббатына таңқалып, бас иемін.

Жақында жұмыс барысымен жалындаған жас кезімде аудандық газетте бірге қызмет еткен қазіргі Байзақ ауданына бардым. Сыйласқан, көзкөргендерді іздестірдім, көбісі дүниеден озыпты. Алғашқы журналистік қадамымдыбастаған «Ауыл жаңалығы» газетінің табалдырығын аттағанымда қатты толқыдым. Солбаяғы бір қабатты үй, кішкентай кабинеттері де өзгере қоймапты. Сексен жылдықтарихы бар аудандық басылымнан бірге қызмет атқарған бірде-бір қызметкердікездестіре алмадым. «Ауыл жаңалығын» он жылдан астам басқарған Ғани Әлиевағамыз нағыз кәсіпқой журналист еді. Ұлы Отан соғысының ардагері, тұлғалы азамат,үлкен парасат иесі талай бұлақтың көзін ашты, қамқор болды. Құрылыста электрмендәнекерлеуші болып жүрген мені қызметке шақырып, үлкен сенім көрсеткенін,қаламымды ұштап, тәрбиелеп-баулығанын қалайша ұмытайын! КазГУ-дің журналистикафакультетіне жолдама беріп, сырттай оқуға түсуіме сол ағам қамқор болды. Мүйізі қарағайдай журналистика факультетінің деканы, профессор Темірбек Қожекеев пенҒани ағам ертеректе интернатта бірге оқыпты. Үлкен кісіге хат жазып беріп, меніАлматыға шығарып салғанын есіме алсам, жүрегім елжіреп жүре береді. КейінірекАлматыға Қазақ теледидарына қызметке ауысып келгенімде Темекеңмен араласып, сыйласып өттім.

– Әй, қу бала, Ғани Әлиев досым алып берген екі торлама қауынмен оқуға түсіп кеттің, ә, – деп Темірбек ағам кейде маған әзілдейтін.

Редакцияда белгілі ақын Асылхан Рахманов ағамыз бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Аузын ашса көмекейі көрінетін балажан кісі болатын. Маған туған әкемдей мейірімін төкті, жазу мен сызудың қыры мен сырын Асылхан ағамнан көп үйрендім. Редакция қызметкерлері: Қабылбек Құсайынов, София Зейнуллина, Валентина Мекшунова, Зейнолла Қаражасов менің жақын достарым болатын. Үнемі бірге жүретінбіз, қол жеткен табысымызға бірге қуанатынбыз, бір шаңырақтың ұл-қыздарындай тату-тәтті едік. Бүгінде сол бір абзал достар мына жалған дүниеде жоқ, жаны жаннатта жатқыр әріптестерімді есіме алып, жүрегім жетімсіреп жүре берді.

Қазіргі редакцияның қызметкерлері негізінен жастар.Кейбіреулері мені сырттай таниды екен. Ал, 1974 жылғы жол қасіретін көбісі білмейтін болып шықты.

Елу жылдан бері Байзақ ауданына талай рет қызмет бабымен келгенім бар. Алыстап кеткен сол желтоқсанда жиырмаға жуық адам қайтыс болғанқасіретті жерге баруға жүрегім шыдай бермейтін. Аудандық әкімшіліктен көліксұрап, бұл жолы арнайы ат басын бұрдым. Мен айтқан жантүршігерлік жол апатыбұрынғы Буденновкаға жақын жерде болып еді. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе дешұрайлы өңір өзгере қоймапты. Үлкен жолдың екі шеті жасыл шалғынға бөленіп,құлпырып тұр. Жаңбыр көп болғандықтан, биыл көкорай алқапқа қызғалдақ көпшығып, көздің жауын алады. Қол созым жерде кербездене Талас өзені ағып жатыр.

Алпысты алқымдап қалған жүргізушіден алыстап кеткен Буденовка қасіреті туралы сұрап едім, білмейтін болып шықты. Көзден кетсе, көңілден кетеді деген осы. Небір жайсаңдар мен жақсылар, бүкіл өмірі алда жалынды жас жігіттер мен қыздар, ешбір кінәсі жоқ сәбилер тірідей өртеніп кеткен қайғы мен қасіретке толы сол күнді білетін аудан басшыларына, ардагерлеріне айтар өкпе-назым жоқ емес. Мен олардың бей-жайлылығына таң қаламын. Кеңестік идеологияның жалауын желбіретемін деп құрбан болған күнәсіз жандардың не жазығы бар еді? Қаншама гүл мезгілсіз солды, қаншама арман пышақ кескендей қиылды. Оларды ұмытуға бола ма?!

Талай жанның өмірін жалмаған үлкен қасіретті ұмыту, түк болмағандай кейіп таныту – адамгершілікке жараса ма? Ар-ождан деген үлкен ұғым бар, оған не деп жауап береміз. Қыршын кеткендерді мүлдем ұмытсақ – олардың аруағы бізді кешіре ме?

Арам дүниеге мастанып, жалғанды жалпағынан басқан кейбір байлар жақсы көретін итіне дейін ескерткіш қойып жатыр емес пе? Ескерткіш туралы айтпай-ақ қояйын, арманда кеткен сол аяулы жандарға аты-жөндері жазылған бір құлыптастың бұйырмағаны ма? Таразға қайтып келе жатып, мен осы жайында ойладым. Көңілімді кірбің, жүрегімді мұң басты…

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *