БІЛІМДЕГІ БЫЛЫҚТАРҒА КІМ НҮКТЕ ҚОЯДЫ?

Білім Қоғам
2 221 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВ,

Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің

басшысы Әбілсейіт Оразахынұлы ДҮЙСЕБАЕВ,

Түркістан облысының прокуроры Марат Тілеуқабылұлы АЛИХАНОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы

бойынша департаментінің бастығы Хаким КУШКАЛИЕВ

мырзалардың назарына!

БІЛІМДЕГІ БЫЛЫҚТАРҒА КІМ НҮКТЕ ҚОЯДЫ?

Түркістан облысының адами әуелетті дамыту басқармасына қатысты мәселе редакциямызды бей-жай қалдырмады. Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына мемлекеттік тапсырысты бөлу арнайы мониторинг тобының мүшесі Бағлан Маханбетұлынан қордаланған заңсыздықтарға қатысты мәлімет кеп түсті. Бүгінгі таңда облыстың Білім саласы әлеуметтік маңызы жоғары саланың бірі болғандықтан облыс басшылығы тарапынан қатаң бақылау күшейтілгені баршаға белгілі әрине. Соңғы 2019-2020 жылда аталмыш басқарманың жұмыс жасау сапасы қоғамда түрлі сыни пікірлер туғызуда. Әсіресе, колледждер проблемасы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың назарына дейін жетуде. Р. Жолаев басшылық жасайтын Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының колледждер саласын басқаратын бөлімі көптеген сынға ұрынғаны байқалуда. Колледждердің жұмысын бақылау басқарма басшысының орынбасары Рахия Арынқызы Асанова ханымға тікелей тиісті екен. Нақты мәселеге көшетін болсақ, бұл басқарманың колледждер бойынша мемлекеттік тапсырысты бөлу жұмысында заңсыздықтар орын алған көрінеді. Бұл басқарма 2015 жылдан бүгінгі таңға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша Жоғары оқу орындарына қарасты колледждерді конкурсқа қатыстырып, бюджеттен қаржы жұмсап отырған. Алайда, заңға сәйкес жоғары оқу орындары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін жоғары оқу орындарының ақылы қызметтер көрсетуден алатын кірістері есебінен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Бұл ретте Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» №319 заңының 35 бабы , 2-тармағының талаптары өрескел бұзылып отыр. Яғни талаптар заң шеңберінде сақталмаған. Бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату мақсатында арнайы құзырлы органдар тексеруді талап ететін өзекті жайт болғандықтан, осы сәтті тиімді пайдалана отырып, Түркістан облысының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және бюджет қаржысын бақылау департаментінің назарына да тікелей ұсынылады. Яғни, бұлардың заңсыздықтары анықталған соң өткен жылдары бюджеттен бөлінген қаржыны заңға сәйкес бюджетке кері қайтару мәселесі біздің журналистік зерттеудің басты объектісіне айналмақ. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, тағы бір аса назар аударатын мәселе облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасымен 2018 жылдың шілде айынан бүгінгі таңға дейін, мемлекеттік тапсырыс бойынша Шымкент қаласындағы жекеменшік болып саналатын 10 колледж Түркістан облысының бюджетінен қаржыландырылып келген. Өкінішке қарай аталған колледждердің тұрғылықты және тіркелген жері Шымкент қаласы болғандықтан лицензияны Шымкент қаласының бақылау департаментінен қайта алынып, Шымкент қаласы мемлекеттік тапсырысы бойынша конкурсқа қатысып, сол жақтың бюджетінен қаржыландыруға тиіс болатын. Бірақ облыстың бұл басқармасы Шымкентті де, Шымкенттің колледждерінің де көңілін қалдырмай, қас-қабағына қарап қаржыландырып отырған. Бұл қаншалықты қисынды не қисынсыз екенін заң қадағалаушы орган және тиісті мекемелер арнайы комиссия құрып, тексеруді қамтамасыз етуі қажет деп білеміз. Сондықтан бұл материалды жоғарыдағы құзырлы орган басшыларының назарларына арнайы жолдап отырмыз.

Бұл ретте ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» №319 заңның 57-бабының 4-тармағының талаптары, ҚР 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №95- VI Бюджет кодексінің 8-бабының 1-тармағының талаптары, ҚР Президентінің 19 маусым 2018 жылғы №702 Жарғысының 6-тармағы сақталмағанына басты назар аударуда.

Жоғарыда көрсетілген заңбұзушылық бойынша 2018-2020 жылдар аралығында Шымкент қаласында орналасқан колледждерге бөлінген қаржыны кері Түркістан облысының бюджетіне қайтаруды арнайы мониторинг мүшесі ұсынып отыр. Бұл – назар аударатын мәселе. Рахия Арынқызы Асанова бүгінгі таңда Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары. Осыған дейін аталмыш басқармада бөлім басшысы болған, Оңтүстік Қазақстан облысы тұсында да осы білім саласында қызмет еткен. Яғни тәжірибесі жеткілікті маман ретінде осындай заңбұзушылықтарға қалай жол берді деген сұрақтың туындауы заңды. Басқарма басшысы Р.Жолаев мырза да маманның тәжірибесіне толық сенген болуы керек, басқармадағы ең маңызды лауазымды сеніп тапсырған. Ал жасалынған тірліктер заңбұзушылыққа әкеп соқтырса, Жолаевты да шетте қалдырмай, тікелей жауапкершілікке тарту ықтималдығы арта түседі. Мәселе мұнымен бітпейді. Тағы бір назар аударып тексеретін жайт, осы жылға дейін аталмыш басқармада Рахия Асанова колледждерге мемлекеттік тапсырыс беру комиссиясының құрамында болып, гранттар бөліп отырған. Бөлгенде анау-мынау емес, осы басқармаға қарасты Сарыағаш колледжінің құрылтайшысы әрі директоры Асанов Арыслан Арынович, яғни Рахия Асанованың туған ағасы болып келеді. Демек, бұл колледжге де гранттар бөлінгені күмәнсіз. Бірақ мұның да әлі заңды не заңсыз екенін алдағы тексерулер анықтап бере жатар. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашасындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» №410 V заңының 15 бабының талаптары сақталмай өрескел бұзылғанын аңғартып тұр. Бізге түскен мәліметке сәйкес, жоғарыда көрсетілген мән-жайлар, заңбұзушылықтар ескерілмей 9.06.2020 жылы сағат 16:00 комиссия отырысында бюджеттен қаржы бөлу бойынша шешім қабылданып кетіпті.

Бүгінгі таңда өңірдегі аты жаман індетпен күреске жаппай кіріскен облыс басшылығы мен жұртшылығы «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, білім саласындағы мынандай былықтар облыс басшысының атына да жақсы сөз әкелмейтіні анық. Онсыз да бүгінгі таңда облыс жұртшылығының жаман індеттен қалай арылудың қамымен жүргенде бюджет қаржысын оңды-солды талан-таражға салуға Жолаев пен Асановаға ешкім құқық бермейтіні тағы бар.

Келесі мәселе Түркістан облысындағы бетке тұтар, маңдайалды колледждердің сенімгерлік басқаруға берілуі. Бұл да Республика көлемінде үлкен дау тудырғаны белгілі. Мәселе бүгінгі таңда Президент назарына ұсынылған. Бұл жерде де Рахия Асанованың жауапкершілігіндегі шаруа болғандықтан колледж ұжымы жазбаша да, БАҚ арқылы да өз наразылықтарын жаудыруда. Болған жағдайларға сын көзбен қарағанда адами әлеуетті дамыту басқармасына тексерістер жүргізіп, түбегейлі өзгерістер жасау сәті жеткен сияқты. Мемлекет басшысы колледждерді дамыту. Дамыған елдер тәжрибесімен салыстырмалы түрде жұмыс жүргізіп, елімізге қажетті болашақ мамандарды колледж табалдырығынан бастап нығайтуды ерекше қадап айтқан болатын. Өкінішке қарай Түркістан облысында бұл сала сын көтермейді. Біз алдағы уақытта Рахия Асанованың өзіне де қызықтырған сұрақтарымызды қойып, жауап алу мақсатымыз бар. Тақырыпқа қатысты журналистік зерттеулеріміз алдағы уақытта да жалғасын табады.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *