БҰРМАЛАУ БӘСЕКЕНІҢ БӘСІН ТҮСІРЕДІ

Спорт
1 042 Views

Биылғы жылдың 3 қыркүйегінде бокстан Әлем чемпионаты мәресіне жетті. Кім кімді жеңді, қай елдердің мерейі үстем болды? Соған аз-кем тоқталайық.

Бұл чемпионатқа әлемнің 85 елінен 280 боксшы қатысып, соның ішінде біздің еліміздің он былғары қолғап шеберлері бақтарын сынады.

Әлемдік жұдырықтасу Неміс мемлекетінің Гамбург шаһарында өтті. Германия елі мұндай ірі жарысты өз тарихында үшінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін дүниежүзілік бокс додасы Мюнхен (1982 жылы) және Берлин (1995) қалаларында ұйымдастырылған-ды.

Әлем біріншілігіне Қазақстанмен қатар Куба және Өзбекстан елдерінің боксшылары толық құрамда қатысты. Ресей құрамасынан тоғыз, Украинадан сегіз боксшы өнер көрсетті.

Қазақстан құрамасының негізгі қарсыластары осы екі елдің спортшылары болды. Бокстан ұлттық құрамамыздың бас бапкері де жоғарыда аты аталған елдердің былғары қолғап шеберлері біздің бокс­шыларға лайықты қарсылық көрсететінін айтқан еді. Сондай-ақ, бапкерлеріміз биылғы додадан төрт-бес медальмен оралуды жоспарлаған: «Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатының тарихында ешқашан жүлдесіз оралған емес. Биыл да осы биігімізден төмендемесек екен дейміз. Шәкірттерім жекпе-жекке және кез келген қарсыласты жеңуге толық дайын. Меніңше, боксшыларымыз кем дегенде төрт-бес медаль иеленеді. Оның ішінде міндетті түрде алтын болады», – деген еді бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.

Әлемдік жарыста алтын алған Қазақтың көне де тарихи һәм әсем шаһары Шымкенттің үкілеп қосқан жұдырық шебері Қайрат Ералиев. Қайрат өз жанкүйерлерін осы кезге дейін ренжітіп жүр еді. Бұл жолы қатырды. Жақтастар түгілі қарсыластар да риза болды. Бокс өнерінің қилы тұстарымен шеберлік шыңын бәрімізге көрсетті. Өз стилі мен классиканың айла-амалын қатар алып жүрген нағыз саңлақтығын көрсетті. Егер ол осы бағытынан жаңылмай алға ұмтыла берсе, бокс падишаһы Мұхаммед Әлидің өрлеген шыңынан да биікке көтерілуі мүмкін. Тек «жұлдыз» ауруына ұшырамағай!

Біздің тұғырымызды күміспен күптеген нар жігіттердің бірі – қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев. Егер сіз бокстың қыр-сырын жақсы біліп, бұл жігіттің ақтық айқаста әзірбайжандық Мұхаммедрасул Жүсіпұлы Мәжітовпен жұдырықтасқанын көрген болсаңыз жеңіс Қамшыбек жағында болғанын білер едіңіз. Әттеген-айы сол, әділеттік болмай, жеңісті Жүсіпұлына берді.

Екінші бір күмісті әперген тараздық жиырма жасар жас қыран Әбілхан Аманқұл. Бұл жұдырықтасуда украиналық Александр Хижняктың өнері мықты болды. Әбілханның жүрегі дауламады ма қайдам, Сашаға еш қарсылық көрсетпей оның таяғын жеп жүре берді. Біз мына жақтан: «Дабай, ұр, ұр, әй, Әбілхан ұрсайшы!» деп теледидардың арғы жағынан қанша айғайды салсақ та, Әбілханымыз: «Қой, «мұсылманшылық – әсте, әсте» дегендей еш жұдырық жұмсамай, үш раунд өте шықты. Кіжіндік, бірақ не пайда? Біздің ойымыз тура осы жолы екі алтын алып өзбектердей қайткенде де озу еді. Жұдырықшымыз еш шабуылға шықпай қойды. Оның бұл тірлігіне қарнымыз қатты ашты. Әлде Гамбургте жоспар солай болды ма, ол бір Аллаға ғана аян.

Қола медаль үшін айқастарда да төрешілік әділ болмады. Әділдіктің ең бірінші ақиқаты көзбен көру болса, тап осы жолы шымкенттік Жомарт Ержан мен кубалық Хоанис Архилагос арасында болған бәсекеде әділетсіздік орын алды. Бұл кездесуде де жоспар болған сияқты. Әйтпесе Жомарттың жеңісі көзге көрініп-ақ тұрды. Егер әділетті түрде жеңісті Жомартқа бергенде ол Хасанбайды ойнап жүріп-ақ жеңетін еді. Жомарт әлі де тынбай жаттығып, әдіс-айлаларды ырқына көндірсе оның Токиодағы Олимпиадада кубалықты да, өзбек боксшысын да таза жеңіп, алтын алуына мүмкіндігі бар.

Екінші қола медальді алған – Василий Левит. Ол кубалық боксшы Эрисланди Савонмен тең дәрежеде бокстасты. Рио Олимпиадасында жеңіп еді. Негізі Васяның бұл жеңілісіне сол Рио-де-Жанейродағы жағдай әсер еткен де болуы мүмкін. Себебі Левит орыстың былғары қолғап шебері Евгений Тищенконы таза жеңіп тұрғанда әділетсіз төрешілердің арқасында жеңіліс тапқан еді. Енді бұл жолы екеуінің кездеспеулерін ойлаған әлгі әділетсіз төрешілер Левитті қоламен қанағаттандырып, Тищенкоға күміс медаль ұсынып, «Ал, балалар, алтын екеуіңе де жоқ» деп, Савонға ұстатып жіберді. Қалай өкпелейсің?! Бір жағынан қарасаң «әділетті» сауда сияқты-ей!

Үшінші қоланы бізге әперген Абылайхан Жүсіпов. Бұл жерде де әділетсіздік орын алды. Өзбек боксшыларын төрешілер салмақтап-салмақтап тұрып, алтын алуға жілігі татитын тек ғана осы Шақырам Қиясов (төлқұжатта бойынша Шахрам Гиясов) екенін топшылап, алтынды осыған беруге бел шешкен сияқты. Себебі Рио олимпиадасында бізге белгісіз себептермен үш алтын ұстатып жіберген бокс командасының биыл жілігі татитын бірі қалмағанына ұялған төрешілер ең болмаса бір алтынды қайткенде де берейік деп шешкен болар. Бұны Қиясовтың өзі де күтпеген болар, себебі өзінің жеңгенін естігенде қутыңдап биледі ғой. Абылайхан мәдениетті бокстасты. Бұл оның ең үлкен қателігі. Қазіргі заманда мәдениетті бокс дегені – ескі мода. Тек төпелеп қолды сілтей беру керек, Алға-артқа секіріп, билеу-күйлеу, бұғу-сұғу деген ескіліктің нышаны. «Мәдениетсінген қарсыластан без» деп қазіргі замандағы кәсіпқойлар бекерге айтпайды. Сонда да Абылайхан мәдениетті бокстасып жүріп те Шақырамды жеңген еді, әттең төрешілер оны қолдамады. Олай дейтініміздің тағы бір жағы төрешілердің өзбек боксшысына жақтасқаны туралы әлемге аты әйгілі «Сундерланд Эхо» басылымы ағылшын боксшысы Пэт Маккормак мен Шақырам Қиясовтың ширек финалдағы боксын былай деп жазды:

«Маккормак ограблен и получил поражение в бою с Гиясовым. Мечты Пэта вернуться домой с медалью чемпионата мира были разрушены очень спорным решением судей. Чтобы осуществить мечту всей жизни, Маккормаку нужно было победить боксера из Узбекистана, и он сделал это – но из-за официальных лиц турнир для него уже завершен».

Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Ричи Вудхолл:

«Для меня есть только один победитель! Маккормак был лучше в этом бою и выиграл его. Он хорошо показал себя на ринге. Вам надо спросить узбекский угол, потому что они точно знают, что их парень был избит» деп жазады.

Міне, төрешілер тек қазекеңді ғана емес, тіпті ағылшындарды да сазға отырғызыпты.

Мейлі, не десек те өтер чемпионат өтті. Енді алдымызда Әйелдер арасында өтетін бокстан Әлем чемпионаты. 2016 жылы қыздарымыз төрт алтын алып, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Сол көрсеткіш қайталанса игі еді. Ал жігіттерді 2019 жылғы Әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Токио Олимпиадасы күтеді. Қазақ боксы 2013 жылы Алматыда аспанға көтеріліп, 2015 жылы Дохада бір сүрініп, 2017 жылы Гамбургте шаңын қаққылап орнынан тұрды.

Енді сүрінбеу керек. Алматыдағыдай алтынды үйіп-төгіп ала беру керек, ала беру керек.

Жарыс қорытындысында жеңіс медалдарын мемлекеттер былайша бөлісті:

1.Куба – 5 алтын, 2 күміс

  1. Өзбекстан – 1 алтын, 3 күміс, 2 қола
  2. Қазақстан – 1 алтын, 2 күміс, 3 қола
  3. Әзербайжан – 1 алтын, 1 қола

5-6. Франция – 1 алтын

5-6. Украина – 1 алтын

  1. АҚШ – 1 күміс, 2 қола
  2. Ресей – 1 күміс, 1 қола
  3. Ирландия – 1 күміс

Бұлардан бөлек Австралия, Англия, Армения, Германия, Грузия, Камерун, Колумбия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Эквадор елдерінің өкілдері бір-бір қоладан иеленді.

Ал біз қазақ боксының алға озып алтын медалдар ала берулеріне тілектеспіз!

Әбдінағым КӨШЕР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *