БӘРІМІЗДІҢ ОРТАҚ БОРЫШЫМЫЗ

Қоғам
783 Views

Сан ғасырлар бойы халқымыз басынан қилы-қилы кезеңдерді өткізгені белгілі.Осы жолда қаншама елім деген, жерім деген жандар құрбан болған. Қаншамахалқының туын ашық аспанда желбіретемін, көзін ашамын, еркіндікке жетемін дегенбоздақтар осы жолда адам төзгісіз қиын ғұмырды бастан өткерді. Қала берді соңғы тарихи кезеңде болған зобалаң, ашаршылық, соғыс қазақ халқына үлкен соққыболғаны белгілі. Еліміз көзі ашық алып тұлғаларынан айырылды. Сол бір тарихикезең санамызда жаңғырық боп мәңгілік қалады.

Елдікке деген жолда бастан кешкен мұндай ауыр зардапты естен шығару біз үшін ешқашанда кешірілмейтін күнә. Ал бүгін Тәуелсіздік орнап, ашық аспанда мен қазақпын, дінім де, тілімде – хақ деп айта алатын күн туды. Тұғырлы тәуелсіздіктің негізгі белгісінің бірі біздің Мемлекеттік рәміздер екені сөзсіз. Демек, халқымыздың терең тарихын да, ұлтымыздың ұлылығын да әлемге паш етер кезде осы нышандар қашанда алда жүреді. Әлемнің қай жерінде болсаң да осы үш тіректі көзің шалса, әпсәтте белгісіз жылулық бүкіл денеңе таралады. Бұл – сені еліңмен байланыстыратын көрінбейтін күштен, махаббаттан туған сезім.

Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, құрметтеу, насихаттау баршаның міндеті. Әсіресе мектепте қызмет ететін ұжым бұл шараның оң жолға қойылуына баса назар аударғаны жөн. Себебі,әрбір азаматта Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әу бастан қалыптасса, оның тірегі нық болмақ. Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан №80 жалпы орта мектебі де Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың «Мемлекеттiк рәмiздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмiтiн, арман-тiлегiн жеткiзетiн ерекше құнды белгiлер», – деген сөзiн бойына үлпiлдетiп жинаған нағыз ұлттық бiлiм ошағы. Соның бiр белгiсі – осында бiлiм алатын оқушылар мен сабақ өтетін ұстаздар қауымы елiмiздiң Мемлекеттiк рәмiздерiне ерекше құрметпен қарайды.

Күн сайын сабақ алдында барлығымыз дерлік оң қолымызды жүрек тұсына қойып, Әнұранымызды шырқап сосын ғана білім алуды бастаймыз. Бұл жастар арасында да, ересектер арасында да Мемлекеттік рәміздерің құндылығын, асқақтығын дәріптеуде атқарылып келе жатқан оң шара десек, әсте қателеспейміз. Сонымен қатар осы мақсатты жүзеге асыру аясында оқушыларымызбен сыныптық сағаттар да өткізіледі. Онда Мемлекеттік рәміздердің тарихын, олардың авторларын және оған деген құрметті қалыптастыру туралы сөз болады.

Мемлекеттік рәіздерді құрметтеу баршаға ортақ міндет! Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер болып саналады. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге, дербес саяси және экономикалық даму жолына түскенімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл болмас, сірә! Еліміздің әр азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік рәміздерге деген тиісті құрметтің көрсетілуі, оған қатысты кез келген заң бұзушылықтардың алдын алу – мемлекеттік деңгейдегі міндеттердің біріне айналуы тиіс. Олай болса, Мемлекеттік рәміздер әрбір қазақстандық үшін айрықша патриоттық сезімге бөлейтін ұлттық мақтанышқа айналуы керек.

Құралай ТӨЛЕНДИЕВА,

Шымкент қаласының №80 жалпы орта мектебінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *