ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕС

Билік
7 Views

Тарихтың терең қатпарларына үңілсек, мемлекеттердің тағдырын өзгерткен шешімдер көбіне саяси бәсекеден емес, ұлттық жауапкершіліктен туғанын көреміз. Кейде қоғамның алға жылжуына қайшылық емес, келісім қызмет етеді. Кейде бөліну емес, бірігу дамудың жаңа мүмкіндігін ашады. Сондықтан да белгілі бір кезеңдерде қабылданатын саяси шешімдердің мәнін күнделікті оқиғалардың өлшемімен емес, уақыттың үлкен таразысымен бағалау қажет.

Қазақстан саяси жүйесінде соңғы күндері елдің де, әлемнің де назарын аударған маңызды оқиғалардың бірі – AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясының құрамына қосылуы туралы шешім. Бұл жаңалықты тек партиялық кеңістіктегі өзгеріс ретінде қабылдау оның шынайы мазмұнын тарылтып жіберер еді. Өйткені мәселе белгілі бір ұйымдардың қайта құрылуында ғана емес. Бұл – еліміздің жаңа саяси кезеңге аяқ басуымен байланысты құбылыс.

Соңғы жылдары Қазақстан ауқымды саяси жаңғыру жолына түсті. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты билік жүйесін ғана реформалау емес еді. Оның түпкі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру, әділеттілікті қоғамдық дамудың негізгі қағидатына айналдыру болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының тарихи мәні де осында. Өйткені мемлекет дегеніміз ең алдымен аумақ емес. Мемлекет – сенім. Заңға деген сенім. Әділдікке деген сенім. Ертеңгі күнге деген сенім. Сенім әлсіреген жерде заң да әлсірейді. Заң әлсіреген жерде мемлекет әлсірейді. Сондықтан Мемлекет басшысы қолға алған реформалардың түпкі өзегі мемлекеттік институттарды жаңарту ғана емес, қоғамдық сенімді нығайту болды. Осы тұрғыдан алғанда AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясының құрамына қосылуы туралы шешімнің саяси салмағы ерекше.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұрынғы партия төрағасы Ерлан Қошановқа және AMANAT партиясының мүшелеріне алғыс білдіре отырып: «AMANAT партиясы мемлекетімізді жаңғыртуға, Заң мен Тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қосты», – деп атап өтті.

Бұл – жай ғана саяси рәсімге берілген баға емес, тәуелсіз Қазақстанның тұтас бір кезеңіне берілген тарихи баға. Өйткені мемлекет те адам сияқты. Оның да балалық шағы болады. Қалыптасу кезеңі болады. Кемелдену кезеңі болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін ең басты құндылық тұрақтылық болды. Елдің іргесін бекіту керек еді. Мемлекеттіліктің негізін қалау керек еді. Қоғамды біріктіру керек еді. Сол тарихи міндеттердің жүзеге асуына үлес қосқан саяси институттардың бірі AMANAT болды. Президенттің осыны арнайы атап өтуі сабақтастықтың белгісі. Өйткені жаңару өткенді жоққа шығарудан басталмайды. Нағыз жаңару өткен тәжірибені жаңа мақсаттарға жұмылдыра білуден басталады. Шынында да, сабақтастық жоқ жерде мемлекет те әлсірейді, қоғам да әлсірейді. Бүгінгі өзгерістердің құндылығы да осында.

Бір дәуірдің тәжірибесі жаңа кезеңнің міндеттерімен тоғысып отыр. «ӘДІЛЕТ» партиясының ІІ съезінде айтылған ойларға назар аударсақ, бұл өзгерістің жай ғана ұйымдастырушылық сипаттан әлдеқайда биік тұрғанын аңғаруға болады.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай: «Әділетсіз тұрақты даму болмайды. Әділ ережелер орнаған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артып, қоғамдық бірлік нығаяды», – деді.

Бұл сөздің астарында қазіргі әлемнің бүкіл тәжірибесі жатыр. Ұзақ уақыт бойы адамзат байлықтың негізі табиғи ресурс деп ойлады. Кейін байлықтың негізі капитал деп санады. Бүгінгі әлем басқа қорытындыға келіп отыр.

Қазіргі мемлекеттің ең үлкен байлығы – сенім.

Жапонияны алып қарайық.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күлге айналған елдің қолында мұнай да болған жоқ, алтын да болған жоқ. Бірақ оларда тәртіп болды. Жауапкершілік болды. Қоғамдық келісім болды. Соның арқасында Жапония әлемнің ең қуатты экономикаларының біріне айналды. Германияның жетістігінің түп-тамыры да осында. Сингапурдың табысының сыры да осында.

Барлығының негізінде әділ институттар мен қоғамдық сенім жатыр. Сондықтан бүгінгі Қазақстан үшін де әділет ұғымы жай ғана саяси термин емес. Ол – дамудың шарты.

Ол – тұрақтылықтың кепілі. Ол – ұлттық бірліктің өзегі. Бүгінгі қоғам кешегі қоғам емес. Азаматтардың талабы өзгерді. Олардың мемлекеттен күтетін үміті өзгерді. Егер бұрын халық мемлекеттен қамқорлық күтсе, бүгін әділдік күтеді.

Егер бұрын мүмкіндік сұраса, бүгін тең мүмкіндік талап етеді. Сондықтан партиялардың да рөлі өзгеруге тиіс. Олар тек сайлау кезінде ғана көрінетін құрылым емес, қоғамның үніне құлақ асатын, азаматтардың мұң-мұқтажын мемлекетке жеткізетін институтқа айналуы керек.

Осы тұрғыдан қарағанда съезде қабылданған өңірлік филиалдарды күшейту туралы шешімнің мәні ерекше. Өйткені саясаттың тағдыры елордадағы мінберлерде емес, өңірлердегі нақты өмірде шешіледі. Ауылдағы мектептің жағдайында, аудандық аурухананың мүмкіндігінде, жастардың жұмыс таба алуында, кәсіпкердің кәсібін жүргізе алуында, бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінде көрініс табуы маңызды. Бес жыл бойы Ұлттық Құрылтай алаңдарында да осы мәселелер жиі көтерілді.

Қоғамның шынайы сұранысы өңірлерде жатыр. Мемлекеттің шынайы қуаты да өңірлерден басталады.

Сондықтан жаңа саяси жағдайда партиялардың күші олардың орталық аппаратында емес, халықпен қаншалықты жақын жұмыс істей алуында болады.

Айбек Дәдебай съезде: «Бұл – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім», – деп атап өтті. Менің ойымша, дәл осы сөз бүгінгі өзгерістің мәнін дәл ашады. Өйткені ұлт тарихында кейбір сәттер болады. Сол кезде партиялық есептен елдік мүдде биік тұруы керек. Жеке амбициядан қоғамдық жауапкершілік жоғары тұруы керек. Өйткені мемлекет дегеніміз – ортақ тағдыр.

Ал ортақ тағдырды ортақ жауапкершіліксіз сақтау мүмкін емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында тұрған міндеттер күрделі әрі ауқымды. Экономиканы әртараптандыру, технологиялық серпіліс жасау, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік теңсіздікті азайту, адами капиталды дамыту, жаңа буынның әлеуетін ашу.

Мұндай міндеттерді орындау үшін қоғамдағы жауапты күштердің топтасуы қажет.

Бірақ бірігу деген бәрінің бірдей ойлауы емес. Бірігу деген – әртүрлі көзқарастың ортақ мақсат жолында тоғысуы. Қазақтың «береке басы – бірлік» дейтіні сондықтан.

Бүгін біз жаңа саяси кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Ендігі жерде партиялардың да, мемлекеттік институттардың да, азаматтық қоғамның да басты міндеті – Әділетті Қазақстан идеясын нақты нәтижеге айналдыру.

Өйткені уақыттың өзі бізге жаңа өлшем ұсынып отыр.

Енді сөз емес – нәтиже сөйлейді. Енді мәртебе емес – жауапкершілік бағаланады. Енді уәде емес – сенім сыналады. Ал сенімнің ең берік іргетасы – әділет. Әділет бар жерде береке болады. Береке бар жерде бірлік болады. Бірлік бар жерде мемлекет мәңгі болады.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,

Ұлттық Құрылтай Төрағасының орынбасары