ЕҰУ ДИПЛОМЫ ҚЫТАЙДА БЕРІЛЕДІ

Білім Қоғам
158 Views

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қытайдағы филиалы биыл ашылады. Онда химия және биология саласындағы мамандар даярланады. Аспан асты елінің студенттеріне өз елінің аумағынан шықпай, ЕҰУ дипломын алуға мүмкіндік беріледі.


Тиісті келісімге ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен Нанниньск педагогикалық университетінің президенті Ли Чуанки қол қойды. Тараптар Қытайда Еуразия ғылыми-технологиялық институтын бірлесіп құруды көздеп отыр. Алғашқы қабылдау және студенттерді бакалавриат деңгейінде оқыту аспан асты елінде биылдан бастап жүзеге асады. Университет құру туралы бастаманы қытайлық тарап көтерді.


«Қытай студенттері үшін өз елдерінің аумағында ЕҰУ дипломын алуға мүмкіндік беріледі. Біздің ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы Наньнин қаласына барып, оқу процесін жүргізеді. Біз ынтымақтастықты дамытуға және өз тәжірибемізді ҚХР-дағы әріптестерімізбен бөлісуге ниеттіміз. ЕҰУ филиалының – Нанниньск педагогикалық университетімен бірлескен институттың ашылуы – біздің жоғары оқу орындарымыз үшін ауқымды әрі маңызды жоба», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Қытайда бірлескен институтты ашуға дайындық жұмыстары 2 жылға созылды. Биология ғылымдары, химия және қолданбалы химия салаларында жаһандық білім беру бағдарламалары әзірленді.
Нанниньск педагогикалық университетінің президенті Ли Чуанки атап өткендей, екі университет арасындағы ынтымақтастық пен бірлескен білім беру мекемелерін ілгерілету әлемдік даму үрдістеріне бейімделе алатын талантты мамандарды даярлауға ықпал етеді.
«Біздің оқу орындарымыздың тығыз ынтымақтастық орнатуда артықшылықтары мен негіздері бар. «Қытай – халықаралық ынтымақтастығының ақпараттық платформасы» арқылы Наньнин педагогикалық университеті мен Еуразия ұлттық университеті жан-жақты ынтымақтастық орнатып, академиялық ұтқырлық пен ғылыми байланысты жалғастырады және тереңдете түседі деп сенемін», – деді ол.
Атап өткен жөн, 2022 жылы ЕҰУ филиалы Қырғызстанда ашылған болатын. Ұлттық университет келесі жылы шетелде тағы бір өкілдігін ашуды жоспарлап отыр.


ЕҰУ-нің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *