«ЖАЗЫҚСЫЗ АДАМДАРДЫ ҚУДАЛАУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ»

Қоғам Құқық
878 Views

Абзал ҚҰСПАН, адвокат, қоғам қайраткері: «ЖАЗЫҚСЫЗ АДАМДАРДЫ ҚУДАЛАУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ»

«ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР» ОҚИҒАСЫНА ОРАЙ ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ

2022 жылғы қаңтар оқиғаларына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясы жұмысын бастады.

– Абзал Темірғалиұлы, комиссия жұмысын неден бастайсыздар?

– Жұма күні, 21 қаңтар 2022 жылы мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің қабылдауына қол жеткіздім. Бұған дейін мен бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет көтердім. Өзім тікелей қауіпсіздік кеңесіне хат жаздым, әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жолдадым. Біздің негізді идеямыз, негізгі мақсатымыз – Алматыда болып өткен оқиғаға адвокаттар қауымдастығы атынан кәсіби көмек ұсыну болатын. Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік орнағаны бұл факт, мұндағы адамдардың көптігі де белгілі. Қазір кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін штаттағы тергеушілерге өте үлкен күш, салмақ түсуде. Осы жерде біздер кәсіби маман ретінде өзіміздің көмек қолымызды ұсынамыз.

Қазір ұйымдастыру жұмыстарынан бастап жатырмыз. Мысалы, Алматы қаласының прокуратурасымен қалай жұмыс атқарамыз, тергеу изоляторында болуымыз керек, қамауда отырған адамдармен кездесуіміз керек, ішкі істер департаментіне қарасты басқа да бөлімдерге қарасты қылмыстық істер материалдарымен танысуымыз керек. Онымен қай жерде, қандай жағдайда танысамыз? Осының бәрін талдап, талқылап кеңесіп жатырмыз. Бір ғана мақсат – жазықсыз адамдардың қосақ арасында кетіп қалмауы!

– Комиссия Қазақстандағы қақтығыс болған барлық өңірді қамтып жұмыс жасай ма?

– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Жолшыбаевпен кездесіп, Алматы тарапынан басқа өңірлерде мұндай жағдай орын алып жатыр. Жауапкершілікке тартылып жатыр, міне осы мәселеде қалай көмек көрсетеміз деген мәселеде біз тағы ойластырып жоспар құрудамыз.

– Комиссияның қанша мүшесі бар? Құрамында кімдер болады, қоғам белсенділерінен тұра ма, әлде мемлекеттік орган өкілдері ме?

– Құрамы енді жасақталып жатыр. Әлі де толықтырылады. Маңғыстаудан Парламент мәжілісінің депутаты Уәйс Ерсайынұлы ұлттық кеңес мүшесі болып келді. Қазіргі күнде сегіз адам барын айтқым келеді. Оның ішінде төрт кәсіби адвокат, бас прокуратурадан бір адам, ішкі істер министрлігінен бір адам бар. Барлығы 8 адам жұмыс тобы болып бекітілді. Құрамына байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Қоғам қайраткерлері Рысбек Сәрсенбайұлы, Балташ Тұрсымбаевтармен міндетті түрде кездесіп, бірлесіп шешім қабылдайтын боламыз.

– Негізсіз қудалауға ұшыраған жандардың отбасы сіздерге қалай хабарласа алады?

– Алматы қаласы прокуратурасының сенім телефоны бар. 8 708 999 99 99. Бұл сенім телефонына біз де келісім алдық. Яғни, біздің де «доступымыз» бар. Мұндағы келіп түсіп жатқан арыз-шағымды да зерттеп зерделейтін боламыз. Өзіміздің тарапымыздан да сенім телефонын ашуды сөйлесіп жатырмыз. Техникалық себептерге байланысты уақыт және маман қажет. Прокуратураның өкілдері айтып жатыр, сенім телефонына хабарласады, бірақ келіп арыз жазуға қорқасоқтайды дейді. Сондықтан біз де боламыз ол жерде. Келіп арыз жазған тұрғындар себепсіз тұтқындалмайтын болады.

– Комиссия жұмысы қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Уақыт көрсетеді. Құқық қорғау органдары мынаны білгені жөн: біз бейбіт шеруге шыққан әрбір қазақтың бір тал шашы үшін жауаптымыз. Сондықтан ақырына дейін барамыз, жазықсыз жандар түгел ақталмай қайтпаймыз!

– Сәттілік тілейміз!

Қ.ИСЛАМҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *