ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖАДЫМЫЗДА

Өмір-өзен
90 Views

Әр пендеге Алла тағаланың өлшеп берген ғұмыры бар. Алайда, сол өлшеулі өмір біткенде күні кеше ғана жаныңда жүрген жақсы адамның сағымдай сағынышқа айналуы табиғи заңдылық екен…

Түркістан облысы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, ұлттық қауіпсіздік, шекара және кеден салаларының ардагері, полковник Қобыланды Балтабайұлы Тілеулесов ортамызда жүрсе, 21 қаңтар күні 66 жасқа толар еді…

Әттең, тағдырға не шара? Кеше ғана көз алдымызда жарқылдап жүрген арда азаматты бүгін жоқ деуге сене алмаймыз. Іштей егіліп, көз жасыңды қанша төксең де оның қайтып келмейтіні рас екен. Өйткені, ол сағынсаң көре алмайтын, іздесең таба алмайтын алыс сапарға аттанды. Бұл дүниенің жалған екеніне сонда ғана сенесің, көнесің…

Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуден жаңылмаған парасат иесі, отбасының тірегі, артынан ерген жалқұйрық бауырларының қамқоршысы болған Қобыланды Балтабайұлы 2020 жылы 23 желтоқсанда бақиға озды.

Қобыланды ағамыз 1955 жылы 21 қаңтарда Түлкібас ауданына қарасты Жиынбай ауылында береке-бірлігі жарасқан көп балалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан ұлттық тәрбиенің тұнығынан сусындап өскен оның балалық шағы тау бөктеріндегі табиғаты тамаша мекенде өтті. Мектепте де әдепті, үздік оқушы болды. Артынан ерген бауырларына қамқор болған ол ауылдағы сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін, білімін аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте жалғастырды. Одан кейін ата-анасының үкілі үмітін ақтауды парыз санаған Қобыланды Алматыға оқуға аттанады. Сынақтан сүрінбей өтіп, Абай атындағы Қазақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенті атанады. Студент күндерінде көңіліне шуақ ұялатқан естен кетпес естеліктері көп болды. Кезінде осы қалада білім алған әкесі Балтабайдың шарапатымен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Қалижан Бекхожин сынды танымал тұлғалармен жүздесіп, шәкірт ретінде дидарласуы – оның өміріндегі сәулелі сәттер еді. Қаһарман Бауыржан Момышұлы туралы көзкөрген әңгімелері де бір төбе-тін.

Еңбек жолын 1975 жылы Жезқазған облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бастады. Минск қаласындағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын бітіргеннен кейін, 1979-1999 жылдары осы салада жедел уәкіл, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы, 1999-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық кеден департаментінде полковник шенінде қызметтер атқарды. «Үздік шекарашы», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және салалық Құрмет грамоталарымен марапатталған. Түлкібастық қайсар жігіттің мемлекет қауіпсіздігін қорғауға бел шеше кіріскен өмір жолы Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларында да жалғасын тапқан. Ол жасынан спортқа құмар болды. Мектепте жүрген кезінде-ақ боз кілемде атойлап, жеңімпаз атанған кездері көп. Еркін күрестен СССР спорт шебері, Қазақстан чемпионы деген атаққа жетті.

«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, Қобыланды Балтабайұлы мансабы өскен сайын, қызметінің жауапкершілік жүгі де арта түсетінін жақсы білетін. Алайда, ананың сүті, атаның қанымен бойына сіңген еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттері оны қайда қызмет атқарса да абырой биігінен түсірмеді. Халқы үшін қалтқысыз қызмет етті. Соның бір көрінісі болса керек, 1989-1992 жылдары Ордабасы аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Білікті маман еңбек жолында көптеген медаль-ордендермен марапатталды. Зейнетке шықса да сергек еді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Шымкент қалалық ардагерлер қоғамының белді мүшесі болды.

Қобыланды Тілеулесов жалпы мақтануды, менмендікті білмейтін қарапайым, еңбекқор, кішіпейіл жан еді. Бәлкім, темірдей тәртіпке бағынатын қызметінің әсері болар, ол ешқашан асып сөйлемейтін, қандай істе де байыбына бармай шешім қабылдамайтын. Мінезге бай адам еді. Ол жанына нұр құйып тұратын жұбайы Сақышқа сүйікті жар, алтын асықтай екі ұлы – Алмас пен Шыңғысқа асқар тау әке, қылықтары балдан да тәтті немерелері Жансел, Айлин, Әлихандарға қазынаға бергісіз ата болды. Білікті маман, адал жолдас, сенімді әріптес ретінде қатарластарының, үлкен-кішінің жадында қалды…

Қобыланды Балтабайұлы араласқан, дәмдес-тұздас болған таныстары республиканың түкпір-түкпірінде көп. Алайда, елді әбігерге салған індет қалың жұртқа қаралы хабарды тездетіп жеткіздіртпеді, жаназасына артық адамның жиналуына мүмкіндік бермеді. Сондықтан ақтық сапарға туған-туыстары, ауыл-аймақ қана шығарып салды.

Қайтарының алдында науқас меңдеп, қиналып жатып: «Алла маған Қазақ елінің төрт тарапында да еңбек етуді жазды. Қалың қазағым аман болсын! Батыр дос-әріптестерімнің ұрпағы да әкелеріндей қызмет етсін!» – депті…

Жүрегімізде даладай дарқан мінезімен, адал да қамқор көңілімен мәңгі сақталатын жан ағамыздың айтары да, берері де аз емес еді. Тағдырға не шара? Рухы биік, жігері мықты, пендешіліктен ада асыл азаматтың артында жақсы ісі, абыройлы қасиеті аңыз болып қалды…

Ол кісінің адами ғибраты, кәсіби өнегесі әлі талай айтылады деп ойлаймыз. Біз үшін асқар таудай ағалық тұлғасы, әріптестері үшін үлгілі жұмыстары ешқашан ұмытылмақ емес. Өзіңізді сағынғанда, екі көзден жас парлайды. Жүрек егіледі. Дей тұрғанмен, тіршілігіндегі тұлғаға татитын еңбегін айтып, тәубамызға келеміз.

Жылдар алға жылжыған сайын Қобыланды Балтабайұлы туралы жазылар естелік те толастамас.

Ағила ТІЛЕУЛЕСОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *