ЖАҢАШЫЛ ЖАС КЕНТАУДАН КОФЕХАНА АШТЫ

Қоғам
385 Views

Соңғы жылдары жастардың жұмыспен қамтылып, кәсіппен айналысуы үшін мемлекет тарапынан қолдау аясы кеңейді. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған жастың бірі – кентаулық Арман Торланбаев.

Арман екі жыл Нұрсұлтан қаласында кофеханада жұмыс істеген. Кофені дәмді етіп дайындап, сұранысына орай өзге де жылы-жұмсақтарды қосып, оны тұтынушыға ықыласпен ұсынуды, яғни клиент тартуды үйренді. Бұл бизнестің қыр-сырына қанықты. Әсіресе, кофемашинамен кофе дайындау барысына мұқият көңіл бөліп, оны да жасап, көкейіне түйіп алды. Балмұздақ, гляссе сияқты салқын сусындар жасауды да меңгерді. Сол кездерде өзімнің де осындай жеке бизнесім болса ғой деп армандайтын. Арман адамды алға жылжытып, жаңа идеялар, жаңа мақсаттар қоюға жетелейді. Үміт, сенім береді. Арман енді жеке кәсібімді ашамын деп тәуекел етті. Оқыды, ізденді, осы бизнесті бастау үшін әрі-бері шапқылап, шала ұйқы болып жүрген күндері де аз емес.

Жалпы, кофе туралы айта кетсек, кофе – тропиктік кофе ағашының тұқымы. Дәні немесе бұршағы деп айтсақ та болады. Өзіндік дәмі бар, хош иісті сусын.

Кофе дәнінде: клетчатка, азотты заттар, кофейн, қант, май, минералды тұздар бар екен. Сергіткіш қасиетке ие. Ал, қан қысымы құбылмалы адамдарға қарсы көрсетілімдері бар.

«Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсты оқып, сертификат алды. Маркетинг, қаржы жағын зейін қойып оқып, зердесіне тоқыды. Сонымен, мемлекеттің 1225200 теңге қайтарымсыз гранты қолына тиіп, оған өзінің 1500000 теңге қаражатын қосып, кәсібін бастады.

Кофехана ашылғалы осында келіп демалушылар көбейіп келеді. Бұл ғимарат ішінде мини кинотеатр да бар. Оған келгендер дәмді кофесін ішіп, бәліштерін жеп, кино тамашалайды. Сондай-ақ, мұнда түрлі семинарлар өткізіліп тұрады. Балалардың туған күндерін, мерекелік іс-шараларды өткізу де үрдіске айналып келеді.

Мемлекет қаржысынан алынған кофемашина жай күндері 20-30 кофе шығарады. Бағасы – 1 стаканы (0,25-03) 390-490 теңгені құрайды. 1 күнде 15-20 мың теңге түседі. Кофенің 5 түрі, какао да бар. Дәмі, сапасы жағынан тұтынушыларынан тек алғыс естіп жүр. Бағалары да қолжетімді.

Кофеден бөлек мұнда гляссе, салқын кофе, махито секілді көпшіліктің сүйсіне тұтынатын сусындары дайындалады. Әртүрлі салқын сусындар сатылады.

Қаланың белсенділері аптасына бір рет мүмкіндігі шектеулі балаларды, көпбалалы аналарды осында әкеліп тұрады. Оларға мұнда тегін демалып, ішіп-жеуге мүмкіндік жасалған. Жас та болса кейіпкеріміз қайырымдылық жасаудың қайырлы, сауапты іс екенін түсінеді.

Балмұздақтарды да өздері дайындайды. Тіл үйірер балмұздақтарының дәмін біліп алған үлкен-кіші осында жиі келіп тұрады.

Тұтынушыға ықылас үшін кофенің қасына сыйлыққа «Қазақстан» шоколады ұсынылады. Дәмді печенье, круасандары да бар. Кентаулықтар, қала қонақтары бұл демалыс орнына отбасыларымен, достарымен келіп, мәнді, көңілді демалыстарын өткізіп, алғыстарын айтып кетеді. Туыс, достарымен келіп үлкен экраннан футбол матчын тамашалайды.

Екі қабатты «МООN Coffe Cinema» кофеханасының екінші қабатында чикен, суши, фри, пицца дайындайтын асхана бар. «Бірақ, бұл асхана олардың өз бизнесі. Менікі бөлек бизнес. Маған бұлайша келісіммен жұмыс жасағанымыз тиімді болып тұр. Керегін сырттан іздеп сабылмаса дейміз. Тұтынушыларымыздың сұранысын қанағаттандырып, осы тағамдарды ыстық, балғын күйінде әкеліп береміз» дейді жас кәсіпкер.

Аренданың ақшасы, персоналдардың айлығы, коммуналдық төлемдер, алатын товарларынан бөлек, таза табыстары бірте-бірте артып келеді.

Жақында қала әкімі осы кофехананың кең де жарық бөлмесінде жастармен кездесу өткізіп, кеңінен пікірлесіп, жылы лебізін білдірді.

Бүгінде Арманның ашқан жаңа кәсібі бойынша 4 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жаңа істің көзін тапқан жігерлі жастың алға қойған мақсат, жобалары аз емес. Әңгімеміздің соңында Арман өзінің жақсы жоспарлары туралы да айтты:

– Алдағы уақытта балаларға арнап, пайдалы, дәруменге бай, дәмді сусындарды дайындап, көбірек қазақша мультфильмдер көрсетпекпіз. Өйткені, балалар бізге келгенде мультиктердің қазақшасын қойып беріңізші деп сұрайды. Сосын фреш жасайтын аппарат алсам деп отырмын. Таза жеміс шырынын ұсынғым келеді. Жалпы, клиентке қолайлы, жағымды болуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Бізде барлығы болуы керек. Жалпы, таңдау көп болса, тұтынушы көбейіп, табыс та артады. Сосын сапаға айрықша мән беремін. Келесі жылы өзім жеке асхана ашып, таңертеңгілік ас, түсте комплексті түстік ас, кешкі ас ұсынамыз деген жоспарым бар. Жеке ғимаратымыз жайлы да ойлаймын. Келешекте кәсібімді дамытып, тұтынушының талғамына сай жұмыс жасай береміз.

Мақсаты айқын, жалынды жасқа келешегің жарқын болсын,кәсібің өрлеп, абыройға бөлене бер дейміз.

Айгүл СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *