ЖЕР БЕТІНЕ ЖАҚСЫЛЫҚҰЯЛАҒАН КҮН!

Құттықтаймыз
899 Views

Қазақ тілінде наурыз сөзі – біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, наурыз айы, үшіншіден, Ұлыс күні жасалатын наурыз көжеге қатысты айтылады. Халқымыз Ұлыс күнді жыл басы санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні ұлыс күн», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, «Көк құт көзін (өсімдік) ашқан күн», «Жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» секілді бейнелі сөз оралымдары сақталған.

Қазақ елі әз Наурызды қалай қарсы алған? «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші, «Жыл басы жақсы басталса, аяғы да солай болады», «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деген ізгі тілектер айтылады.

Жаңа жылды қарсы алар түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «Ұйқыашар» деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «Селт еткізер», «Дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі іспеттес.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Амандық-саулық сұрасқаннан соң бір-біріне дәм-тұз, жеті шелпек ұсынады. Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сұр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай, тары, арпа, бұршақ, күріш, пияз бен сәбізден қазан толы көп көже (наурыз көже) пісіріледі. Ал наурыз көжені тойып ішу – «Жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды. Ырыс-құттың жоралғысы болып саналады.

Асырасілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы Ұлыс күнін тойлау күрт тоқтатылған болатын. Араға 62 жыл салып, 1988 жылы қасиетті Наурыз мейрамы қазақ халқымен қайта қауышты. Сөйтіп, Алматыда, республиканың көптеген аудандарында жалпыхалықтық мейрам ретінде алғаш тойлана бастады.

Ал 1991 жылы 15 наурызда Президенттің Жарлығымен жалпыадамдық құндылықтарды орнықтыру, сондай-ақ адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық рухында ізгілікті тазаруы мақсатында халықтық мереке ретінде мемлекеттік мәртебе алды. Содан бергі уақытта ұлық мерекеміз – әз Наурыз республика халқының достығы мен бауырластығын нығайту, сондай-ақ ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру жолында өзіндік ерекше символикалық мәнге ие болып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп Ұлыстың ұлы күнінің ұлағатын арттыра түскен.

Енді заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сол себепті Ұлыстың ұлы күніне жаңа реңк беру үшін адамгершілік құндылықтарға ерекше мән беріп, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау ұсынылып отыр.

Жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ – Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Себебі кең-байтақ еліміз «Қызғалдақтың отаны» екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Өз жерімізді танытатын гүлді атрибуттық белгі ретінде бекіту арқылы өзіміздің құндылықтарымызды бағалайтындығымызды көрсетпекпіз. Сондай-ақ, гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім пайда болады. Мереке күні аяулы аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды.

«Көктем Оңтүстіктен басталады» демекші, әз Наурыз мейрамы да біздің күншуақты өңірімізден бастау алатыны белгілі. Нұх Пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті Қазығұрт тауының баурайында Ұлыстың ұлы күнінің бар сән-салтанатымен атап өтілгені баршаның жадында. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер дәріптеліп, сан алуан өнер, спорт сайыстары ұйымдастырылған. Дәл мұндай салтанат күншуақты Оңтүстік өңірінде, шырайлы Шымкент шаһарында да айрықша атап өтілген. Бұл ізгілікті де игілікті дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ.

Жыл сайын көгілдір көктеммен бірге келетін әз-Наурыз мейрамын тойлаудың сан түрлі нұсқалары бар. Бұрынғы қазақ жұрты Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы тойлаған. Сөз орайы келгенде, жаңадан құрылған Түркістан облысында биыл мынадай ретпен тойланып отырғанынан хабардар еткіміз келеді:

14 наурыз – Көрісу күні.

15 наурыз – Тағзым күні.

16 наурыз – Тазалық күні.

17 наурыз – Көктем шуағы күні.

18 наурыз – Көктем – өрнектер күні.

19 наурыз – Балалар күні.

20 наурыз – Бірлік күні.

21 наурыз – Ұлыстың ұлы күні.

Біздің күншуақты өңірімізде де бұл мейрамды бірнеше күн бойы, тіпті, айлап тойлау үрдіс алғанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек. Әрі мұның ешқандай сөкеттігі жоқ.

Елбасының арнайы Жарлығымен Түркістан деп аталатын жаңа облыс құрылып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының айрықша қолдауы мен қамқорлығының арқасында көне де мәңгі жас қаланы түлетіп, түрлендіру міндеті қойылған. Осы орайда біз де өз саламыздағы жұмысымызды барынша өрістетіп, Түркістанның көркеюі мен гүлденіп, дамуына өзіміздің сүбелі үлесімізді қоса беретін боламыз. «Халыққа қызмет – біздің міндет!» ұранымен жұмыс істейтін ұйымшыл ұжымымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау шараларын жүйелі түрде жүзеге асыра бермек.

Сөз орайы келгенде тәуелсіз де егемен еліміздің барша жұртшылығын Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шынайы құттықтап, ақ мол болсын деген ізгілікті де игілікті ниетімізді білдіріп, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, толағай табыс тілейміз!

Нұрлан ҚАМБАТЫРОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *