(Жалғасы. Басы өткен санда).
– Апа, артжағымда бірдеңе сықырлайды. Шайтан емес пе, ол не? – деп үрейлене қарады.
Апасының жүзіне күлкі үйірілді. Қане, орныңнан тұра ғой. Арқаңдағы егістікке қара. Жердің беті көпсіп, көтеріліп келе ме? Ендеше ол картоп. «Пістім» деген хабары. Біріне-бірі сығылысып топырақтың бетіне шығып жатыр. Бар, жүгір алып кел бір-екеуін қазір қуырып берейін.
Шындығында да әңгелектей-әңгелектей картоптар жер бетіне жартылай шығып қалыпты. Екі қолына екеуін әрең көтеріп келген қабықсыз картоп, ә демей-ақ сары майға шыжғырылып, қызыл күреңденіп пісіп үлгерді. Майлан айдап келген қойларды қоралаған соң, екеуі кешкі асты іше отырып, батырлар жырын тыңдауға да уақыт табылды…
Таңертең масахананың ішінде жатқан Баян, күрпілдеп піскен күбінің дауысымен оянды. Апасының көңілі көтеріңкі, жүрісі ширақ, тіптен ұйықтамаған адам сияқты.
Күбінің піспегін толғап-толғап, бір табақ сары майды ала салды. Оны тұздап, дастарханға қойды. Кешегідей, қағаздай жайылған қамырды көрген Баян:
– Апа, тағы қаттама пісірмексін бе? – деп сұрады.
– Жоқ бұл бөкпе нан. Ыстық қазанға қақталып пісірілетін бұл жайма, адам бойындағы суықты тартып алады деп– дөңгеленген қатырманы бөктеп-бөктеп ыстық сүтке салып жіберді. Үстінен бір қасық сары май қосылған бөкпе нан-әлемде жоқ дәмділігімен тіл үйіреді.
– Жеп ал балам таңғы ас қой соңынан шәй ішеміз.
Осы кез кішкентай балаларын арқалаған аулы әйелдері апаның есік алдында кезекке тұрып жатты.
– Шешей, мына баланың табы жоқ, көріп берсеңіз…
Баланы қолына алған Жібек,– ит тиіп қалған ғой балаңа, деп, ошақтағы жылы қоламтаны үлкен кесеге толтырып салып, майлықпен орап, әлденелерді сыбырлап айтып, кесені баланың көкірек тұсына, арқасына басты. Кесенің бетін ашқанда орталанып қалған күлді көріп:
– Күл қалай орталанып қалған деп сұраған Баянға, -Кірне жеп жатыр деп жауап қатты. Баян іштей ойланып қалды. «Күлді баспа» дейтін қазақтың ырымы – осындай киесі болғандықтан екен ғой.
Әйелдің алдындағы ыңыранып келген бала әп-сәтте жаны жәй тауып, балбырап ұйқыға кетті. Рахметін айтып орынынан тұрған бойда, оның орын басқан келесі әйел, «баласының қызуы көтеріліп, түні бойы ұйқы бетін көрмегенін айтып, шағынды». Баланың аузын ашып қарады да, балаң «баспа» болған деді. Әзірге піспеген. Қазір оның бетін қайтарамыз. Кебеже астында жатқан жұдырықтай, бұж-бұж тасты су құйылған кесеге салғанда, су аппақ сұйықтыққа айналды.
– Мә, балаңа ішкіз. Үйге барған соң, жылы орап жатқызып қой. Бусанып терлейді де, жүгіріп кетеді.
Келушілердің аяғы кешке шейін басылмады.
Екі бірдей баласын алып келген, аузы жайындай қара қатынның еріндері өсек айту үшін жаралғандай. Балаларына көмек сұрай келіп, тілі қышып ішкі дүниеңе араласқысы келетіндей.
– Шешей, сіздің үйдегі қайынағаны жұрт апиын ішеді-дейді ғой, рас па? дегенін қайтерсің.
Жібек түйіліп барып, жайыммен жауап қатты:
– Ішсе, ішетін шығар. «Қой» дейтін ол менің балам емес. Рахатын да, азабын да өзі көрер деді де қойды.
Бір жетідей қонақта болған Баян, апасын қимай-қимай қоштасты.
Үнемі есіне алып жүретін бір жай ойынан шықпайды. Бір күні далада жатқанында, қатты жел тұрып, құйын ойнап кеткен соң, көрпе төсегін үйге алып кірген. Тастай қараңғыда, кенет үйдің іші жап-жарық болып кетті.
– Ол не? – деп атып тұрған Баянға:
– Ай жарығы түскен, кебеженің астындағы тас қой, жарық берген.
– Ол қандай тас?
– Оның аты тынжы. Талай рет баспа болып ауырғаныңда, езіп ішкізетін едім ғой-деп, барып терезенің пердесін түсіріп, ай сәулесі түспесін дегендей қымтаңқырап қойды.
– Апа, балаларға ұрысқанда «Ішіңде тыңжың бар ма?» дейді ғой, сол осы тас па?
– Ол жағын білмедім, бірақ бұл тастың суы, адам бойына қуат береді, көңіл-күйін көтереді.
– Баян әр келген сайын бір мектептің есігін ашқандай болып қайтады.
Өз үйіне қайтқан Баяныд бауырлары сағынып-ақ қалыпты, шүйіркелесіп жанынан шықпайды. Қалай екен жағдайлары? Бәңгі шалы не істеп жүр екен, – деген әкесінің сауалына:
– Шаянға кетіпті, апамның төркініне ,-деді.
– «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық– аздырар адам баласын» деп Абай осындайларға арнап жазған ғой.
– Әй, ішсе – өз тапқанына ішеді-дағы, сенің нең күйіп кетті соншама,– деген әйеліне:
– Бұл жаман әдет. Айтып қой, үйге келмесін. Мына балалар ертең көргенін істеп жүрер.
– Қой ойбай, өлмесе өзімен кетсін!-деген Гүлриза – балалары қазір апиыншы болардай, шыр-пыры шығып күйінді.
– Апаң дұрыс істемеді, байсыз өтсе де, сырын білмегеннің сыртынан жүрмеуі керек еді.
– Қай жетіскенінен кіргізіп алды дейсің үйіне,-жалғыздық бір Аллаға ғана жарасқан емес пе? Әңгіме осымен түйінделген.
Баян оныншыны бітіретін жылы Бекежан қарт қаза болды. Жасы сексеннен асқанда.
Гүлриза бала-шағасымен шалдың жетісін бергенше, апасының жанында болды. Абай айтқандай «Ойбайлаған болайын, жыламасам обал-ды» дегендей ел-жұрттың алдында ұялғандағысы. Оның бұл қайғысы апасына түкте әсер еткен жоқ. Содан бері тым-тырыс, қатынас үзілгендей еді. Бір күні апасының өзі іздеп келмегенде…
МАЙЛАН ИТТІҢ ӨЛІМІ
Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Жақсы итті «зат екен» дейді. Сол заттың бірі – Майлан. Иесінің айтқанын ғана емес, айтпағын да түсініп, ойындағысын екі етпейтіндігін ауыл-аймақ түгел біледі.
Қой қайыратын да сол, жеңіл-желпі отын таситын да сол. Адамнан зият. Көрші-қолаңдары «сондай бола қалмадың» деп, қорадағы иттерін қыңсылатып, теуіп жатады, ұрып жатады. Бақандағы етіне, қазандағы сүтіне тиер болса, көзіне көк шыбын үймелетіп, өлімші халге жеткізетіні бар. Қыр асырып қуып, боқтап-боралағанға келгенде, балағат сөздерімен өздері сол ит деңгейіне түсіп кеткенін де аңғармай қалады.
– Шешейдің иті – иттің төресі. Бақандағы етін күзететінін айтсаңшы! Зәуіде бара қалып, бақанға көзің түсе қалғанын сезсе, «ырр» етіп орнынан тұрып айбат шегеді.
– Итін дуалап қойған дейді ғой. Ол кісі жалғыз ит емес, жан-жануардың барлығының тілін табады екен…
…Қыс. Қара жер ақ жамылған. Кеше қар жауғаны болмаса, бүгін күннің қабағы ашық. Бірде алай-дүлей, бірде мамыражай табиғатқа ешкімнің таласы жоқ. Кешегі қар үнсіз жауған. Желсіз, дауылсыз күнде жауған қар да сүйкімді болады екен. Ақ ұлпалар… Миллиондаған ақ ұлпалар, сонау алыстан жол тартса да, біріне-бірі соқтығысып, біріне-бірі қосылып, түйіршіктенбейді. Әрбірі жеке-дара. Қара жерге бас ұрғанда ғана басы бірігіп, ақ көрпеге айналады. Күн шыққанда сан түспен құбылса, түннің өзінде көгілдір сәулесін төгетін қасиеті бар. Әрине, айдың жарығымен. Күн жарқырап тұрғанда ақ қарға қарауға болмайды, көзіңнің нұрын жейді дейді екен бұрынғылар. Осындай бір әлемді ажарландырып тұрған сұлу табиғаттың аясында Жібек ерекше көңілденіп: «Майлан, Майлан!» деп итін әндете шақырғаны бар. Күзетте тұрған әскердей «сап» етіп жанына жетіп келген итіне: «Қонаққа барамыз. Гүлризаның үйіне!» – деді кәдімгі адаммен сөйлескендей. Қуанышын аспанға секіріп байқатқан Майланның сап-сары үлпілдек түкті қылшығы күн нұрымен шағылысып, күтімділігінен белгі берген еді. Өйтпегенде ше?! Қай қазақтың әйелі итіне арнайы тамақ дайындаушы еді?! Дастарханы мол Жібектің қазаны оттан түскен емес. Келген қонақ етке тойып, сүйек мүжуге кіріскенде «әй, итке де қалдырыңдар» деп, жеңіл қалжың тастайтын.
Неге екенін қайдам, бүгін Жібек те, иті Майлан да ерекше көңіл-күйге ие. Жол-жөнекей, арқан бойы оза шауып кетіп, арсалаңдап кері қайтады. Жібекке «жылдам жүр» деген белгісі. Ауылға жақындағанда оза шауып, үйдегілерге хабар береді. Итті көрісімен сіңлісінің балалары «уралап, апам келе жатыр» деп, тайлы-таяғы қалмай көше бетіне үдере шығады. Әрқайсысы құшақтаған сайын, қарыздар болып қалмайын дегендей, балалардың бетін жалап, біресе жер бауырлап жата қалып, біресе аспанға шапшып, қуанышын білдіріп-ақ жатқаны.
Сіңлісі Гүлриза отбасымен үкімет салып берген жаңа типтегі үш бөлмелі үйге көшкен. Ауыл ұлғайыпты. Кеңейіпті. Сталиндік репрессия кезеңінде ауып келген кірмелерді әр қазақ бауырына тартып, паналатқаны, жылдар өте өз үйіне өздері сыймай қалғандығы бар. Тау халықтарының өсімі жылдам. Кетпен шабудан өзге қолынан іс келмейтін ер-азаматтары әйелдерін ерекше әлпештеп, колхоз жұмысынан қорғаштап, үйлерінен шығармауға тырысады. Оның үстіне жылда балалап, балалары балағынан битше домалап жататындықтан ба, бригадирлер қазақ әйеліне қылған дөң-айбаттарын оларға көрсетуге келгенде қымсынатыны бар. Алақандай ауылдағы адам саны еселеп өсіп жатқандықтан да, жоғары жақтан тапсырма түскен болуы керек, ұзын көшелер салынып, поселке типтес екі-үш бөлмелі үйлер бой көтерген. Ескеннің үйіне қоныстанған «уақытша қонақтар», ақыры сол үйде қалып қойды. Ескеннің өзі кінәлі. Алдына түсіп ебелектеп, «он бес жаннан тұратын отбасы үш бөлмелі тар үйге сыймас, онан да бала басы аздау – біз көшейік» деп келген беті еді. Ол кезде көшелерге майпаздап ат қою үрдісі болмайтын, ыңғайласқан халықтың ұлтына қарап «тәжік көше», «қырғыз көше» деп айта салатын. Солайынша ақкөңіл Ескен отбасымен «тәжік көшеден» бір-ақ шыққан. Жаңа үйдегі жаңалық – көршілері сияқты есікке құлып салатын болғандығы. Бұрын бір жаққа жол жүрер болса, есіктің тұтқасын кендір жіппен шанди салатын әдет қалған. Екі жағындағы көршілері де тәжік ұлтынан. Сол жағындағысы бүкшиген қара кемпір, үйленбеген жалғыз ұлы бар. Сол жалғыз ұлы көшенің басында тұратын ай десе – аузы, күн десе – көзі бар тәжік сұлуына үйленеді. Қыз басында менсінбеген дейді. Қыздың баукеспе екі ағасы бар екен. Екеуі де абақтыда көрінеді. Сұлулығы көзге түрткі бола берген қыздарын бұзылмай-жарылмай тұрғанында, әйтеуір қанымыз ғой деп, кемпірдің момын баласына қосқан дейді. Дейді ме, әлде Гүлриза мен Ескеннің жорамалы ма, кім білсін?! Ескеннің ауласы у-шу болып жататындықтан ба, тауықтары әлгі кемпірдің үйіне барып жұмыртқалайды.
Обалы нешік, көрші ақысы дейтін шығар, кемпір жұмыртқаларды ағаш табаққа салып, күнделікті кешке қарай жеткізіп тұрады. Гүлриза табағын бос қайтармайды. Кейде жұмыртқаны өздерінде қалдырады.
Оң жақ бүйіріндегі көршісінің әйелі – кемпірдің қызы, ұлы Үзілматтың туған қарындасы. Оның күйеуі Әбдіхан – көшенің бас жағында тұратын, баукеспе ұры атанған ағайынды екі жігіттің үшіншісі. Көрші кемпірдің қызы – Мейіржан – су жорғаның өзі. Ұстарадай қылпылдап, бір орында тұрмайды. Үй тірлігіне әбжіл. Ара-тұра біздің үйді аттап өтіп, шешесінің де тірлігін жылан жалағандай тындырып тастайды. Күйеуі Әбдіхан – ине жұтқан иттей жүдеу, көздері іннің түбінен жылтырайтын тесік моншақ сияқты. Үйде болғанынан түздегісі көп. Былтыр күзде Әбдіхан аяқ астынан зым-зия жоғалып кетті.
– Әй, күйеуің қайда? Көрінбейді ғой, – деген Гүлризаға:
– Жүр ғой, кеш келеді, ерте кетеді, әйтеуір жұмысы бастан асады, – деп, сырғыта жауап берді.
Ескеннің көше кезуге жарап қалған екі ұлы, көршілерінің тілін толық меңгеріп алған. Онысы жақсы болды, арасындағы жаңалықтарды жеткізіп отырады. Әке-шешесінің күңкілін есітіп қалған бір ұлы:
– Мейіржан өтірік айтады. Қазақ ауылына ұрлыққа түсіп, ұсталып қалып, түрмеде жатыр екен.
– Оны қайдан біліп жүрсің?
– Өзара әңгімелерінен ұқтым. Мені түсінбейді ғой деп ойлаған болуы керек, біріне-бірі сыбырлап айтып жатты.
– Жоқ, ол туберкулез, больницада жатыр, – деді Ескеннің екінші ұлы Еркін. – Әйелі көрші ауылдан жабайы ит іздеп жүр екен, иттің еті туберкулезге дауа көрінеді.
– Астапыралла, адам иттің етін де жейді екен-ау! Оны жегенше, өле қалғаны жөн ғой, – деп, әңгімеге Гүлриза араласты.
Бұл таңертеңгі таңғы ас үстінде болған әңгіме еді. Сәске түсте, итінің түгі күнге шағылысып, апасы да келіп жеткен. Жақында шалы қайтыс болып, арадағы қатынас біразға үзілген. «Келім-кетім кісі басынан шыға алмай жатқан болар, бірақ қырқын өткізгенімізге де біраз уақыт болды ғой» деп, Гүлриза да елегізи бастап еді, бұл кез.
– Уһ, – деп терең демалған Жібек, иығындағы екі басы тоқ қоржынды жерге қойып жатып, – қу бауырды іздейтін мен ғана, біреуің ат ізін салмайсыңдар, – сөзін иіп әкеліп сіңлісіне бұрды: – Балаларыңның бірі – әке, бірі – шеше, бірі – бауыр болып қалған соң, қайтесіңдер мені іздеп! Мен қубасты! – деп қосып қойды.
– Апа, біраз тынығып алыңыз, келе сала әңгіме толы қаптың аузын лақ еткізбей.
– Сол қапқа сыймай бара жатқан жоқ па?! Шал бар кезде, ол да ермек екен, «әжік-күжік» әр нәрсенің басын бір қайырып отыратын. Уақыт өтетін. Өлер шал өлді ғой, бауырымның жағдайын біліп қайтайын деп енді жинала бастасам, Таскескеннен бір топ жоқтаушылар келе қалмасы бар ма, «ойбауырымдап…» Шәй-суын беріп, аттандырғанша күн батып та кетті. Оның үстіне әлгі үш-төрт тұсақтың оты, суы бар дегендей.
– Апа деймін-ау, – Гүлриза айтсам ба, айтпасам ба дегендей сызылып, –шалыңыз… Жездем қайыршы болып жүргенде сол бауырлары қайда қалыпты?! Туған інісі Бергеш отырған жоқ па іргеңізде. Соның әйелі Базаркүлді ұнатпаймын, сізге бәле жауыпты ғой. «Ұйықтап жатқанда баламның үстінен аттап өтіп, балам содан қитар болып қалды» деп елге жайған жоқ па!
– Өлмесе, өзімен кетсін ол қарабет! Салдыр-салақ, боғы – ботқа, сідігі – сорпа біреу ғой. Үйіне барсаң отыратын жер таппайсың. «Төрлет, төрлет» деген соң, ыбырсып жатқан көрпеден аттап өтіп ем. Арасында бала жатқанын қайдан білейін?! Елге айтқаны анау әңгіме! Құдай да кейде беретінге бермей, бермейтінге береді баланы. «Бақтың көзі соқыр» деген осы! Ондайларды «астында тесігі, қасында бесігі бар» деп, бұрынғылар бір ауыз сөзбен бағасын беріп кеткен. Енді оны Құдай жөндемесе – адам жөндемес!
– Осы сендер кездесе қалғанда жібі түзу әңгіме айтасыңдар ма, жоқ па?! – деп, манадан газеттен көзін алмай отырған Ескен көзілдірігінің ар жағынан сүзіле қарады.
– Амансың ба, мына қаракөлеңкеде байқамай қалыппын ғой?! – деді Жібек. – Кейде осындай болымсыз әңгіме бірінің артын бірі түртіп, шұбатыла беретіні бар. Гүлриза пеш үстінде қайнап тұрған шәйнектегі шайды аққұманға демдеп, аласа столдың үстін әзірлей бастады. Жібек қоржын аузын ашты. Құрт, ірімшік, майсөк, бүйенге салынған сарымайды столға қойды. Әппақ орамалға оралған, мейіздей қатырып тұздалған қойдың жарты етін алып сіңлісіне ұсынды.
– Салқындау жерге қоярсың.
– Түу, мына сүр еттің исі мұрын жарып барады ғой. Мына сіңліңіз осыны үйрене алмай-ақ қойды. Сарымайыңыздың да дәмі тіл үйіреді. Дәмі таңдайыңнан кетпейді. Жалғыз сиырдың сүтін шалап қылып беруден әріге бармайды, – деген Ескен, өзінше қайынбикесіне көпшік қоя сөйледім деп ойлап қалған. «Мұның таңдайына кірген шөңге – менің маңдайыма қадалсын» деп ойлайтын Жібекке мына мақтау артықтау көрінді.
– Қайсыбіріне жетсін?! Ертеден қара кешке дейін осы үйдің бар шаруасы осының мойнында. Кешке төсегіне сүріне құлайды. Сен артық сөйлеме оған. Жөн болса да – жөн, жөн болмаса да – жөн, жалғыз бауырыма мен тірі тұрғанда, артық сөйлеуші болма! – деп Жібек саңқ етті. Осы кез үй артынан тарс етіп мылтық атылды да, иттің «қаңқ» еткен үні естілді. Іші мұздап бара жатқан Жібек:
– Әй, мынау Майланның даусы ғой, – деді үрейленіп.
– Қаңғыған ит шығар атылған, Майлан адамның көзі қиып ататын ит емес қой! – деді Гүлриза атылғанның Майлан екеніне сеніңкіремей.
Үйге үйме-жүйме ентігіп жеткен балалар:
– Көке, Әбдіхан Майланды атып тастады!
– Не дейді?!
Жібек орнынан қарғып тұрды, буындары дірілдеп жығыла кетті. Ескен топырлаған балаларға қосыла мылтық үні шыққан жаққа тура жүгірді. Ізінше Гүлриза мен апасы да жетті ентігіп. Әппақ қар үстінде алқызыл қан. Төрт аяғы серейген Майланның жанары сөніп бара жатты. Әбдіханның мылтығын қолынан жұлып алған Ескен өз ісіне есеп бермей, мылтықтың оқтығын әлгіге қарай кезеп, шүріппені басып қалды. Бұл иттің Жібек үшін баласындай қадірлі, өміріндей аяулы, онсыз өмірі – өмір еместігін Ескен іштей сезінетін. Енді не болады?! Онсыз да тағдырдың теперішін белшесінен батып көрген, «қызыл кісәпірлердің» жүн жегізіп, жабағы тыштырғанын сыртқа байқатпаса да, ішінен жақсы түсінген. Мына жалпақ жалғанда өзінен басқа демеп-қолдары жоқ, бүгінгі мүсәпір кемпір, кешегі өзінің тағдырласы үшін, жанын құрбандыққа шалғанына еш өкінбес еді. Шүріппе басылды. Ішінде оғы жоқ мылтық ернін сылп еткізген де қойған. Ашуға мінген Ескен әлгіні мылтықтың дүмімен періп-періп жіберді. Аузынан аққан сілекейін жеңімен сүрте қашқан кісәпір үйіне тұра қашып, қақпасын бекітіп алды. Артынан дәлдей лақтырылған мылтық ағаш шарбақты бұза-мұза әлгінің желкесінен тиді. Қимылсыз жатқан иттің жанына, әппақ қардың үстіне отыра кетіп, жоқтау айтқан Жібектің мұңлы да зарлы дауысы сай-сүйегіңді сырқыратып, жаныңды қансыратқандай.
Қолғанат едің, Майланым,
Ажалға басты байладың-ау!
Зарлатқан талай наданнан,
Есіме түсті қайдағым-оу!
Босанып келген түрмеден,
Ажалың болды-ау кірмеден.
Жауызды – жыртқыш ауызды,
Бұл Құдай неғып көрмеген…
А… а… х!
Қуғын да сүргін жаламен,
Өмірім өтті наламен-ау!
Ит деген атың болмаса,
Адамнан зият Алан ең!
Ел-жұртқа түгел жағып ең,
Қас пенен көзді бағып ең.
Атып та тастар жендеттің,
Майлан-ау, несін алып ең?!
Майлан-ау, оған неғып ең?!
А… а… а… х!
Көріп ем құқай не түрлі,
Жас жуды тағы бетімді.
Қарғысым атсын, қайтейін,
Зарлатқан мендей жетімді?
А… а… а… х!
Майлан-ау, Майлан, Майлан-ау,
Таусылды менің айлам-ау!
Өзіңдей есті, асыл зат,
Кездесер енді қайдан-ау!
Жібектің зарлы үнінен айнала, көрші-қолаң жиналып қалды. Алдында «Өлсе ит өліпті, оны осынша жоқтағаны несі?!» деп ұғыныңқырамаған көршілеріне Ескеннің екі ұлы тәжікше тақылдап иттің қасиетін, оның иесіне қызметін, оны баласындай көретіндігін айтып бергенде, олардың да көздеріне жас үйіріліп, суық қарда отырған ананы сүйеп тұрғызып жұбатуларын айтып жатты. Қатындар жағы:
– Қараң өшкір, қызылбас! Басыңа келгір, қызылбас! – деп, көршінің ауласына қарап шаптығып жатса, екі еркегі әлгінің дал-дұлын шығармаққа қақпаны бұзып кірді. Әлгі атылмаған мылтықтың үңгісіндей үңірейген үйден Әбдіханды ешкім таба алмады. Қашып кетіпті. Ескеннің үйі сол күні аза тұтты. Жібек орнынан тұра алмай қалды.
«Ах!» деп күрсінгенде қара жер айрылып кетердей, кеудесінің тереңінен шыққан үні соншалықты зарлы еді. Көзінен сорғалаған жасы тамған жердің қары еріп, қосыла жылап жатқандай. Әншейінде айбатты да қайратты, адуын ананың лезде біршөкім болып шөгіп қалған қалпына үлкендер қосыла кемсеңдеп, балалар даланы басына көтеріп жылап, айналаны азан-қазан етті.
* * *
Сол күні кештетіп, сіңлісінің «қал» дегеніне қарамай, құр сүлдерін сүйреткен Жібек намазшамның көлеңкесіндей аяғын ілбіп басып үйіне келді. Бұл жолы оны иті Майлан да, қайыршы Бекежан да күткен жоқ…
(Жалғасы бар).
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері