ӘЙТЕНОВ ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНЕ ЛАЙЫҚ ПА?

Билік Саясат
677 Views

Қаңтардың 13-і күні Шымкент тұрғындары қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қызметтен босатылуын талап ететін петиция жариялады. Онлайн-платформадағы петицияға 400-ден астам адам қол қойған. Мегаполис әкімітұрғындарға несімен жақпай қалды? Оны орнынан кетіру үшін қол жинап,тұрғындардың тікелей Қ. Тоқаевқа жүгінуіне не себеп болды, талап-тілектеріқандай? Жалпы, қала әкімі Мұрат Әйтенов туралы шымшаһар тұрғындары қандайпікірде? «Әділет. Рухани жаңғыру» тілшісі осы сауалдардың жауабын іздеп көрген еді.

ПЕТИЦИЯДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Қазақ және орыс тілдерінде жазылған петиция «onlinepetition.kz» сайтында жарық көрді. Оның мәтіні мынадай:

Шымкент қаласы әкімінің орнынан түсуі жөніндегі

/ ПЕТИЦИЯ ОБ ОТСТАВКЕ АКИМА Г. ШЫМКЕНТА

Петиция авторы: Шымкент қаласының тұрғындары /

13 қаңтар 2022 ж.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз, шымкенттіктер, Қазақстанның нағыз патриоттары ретінде бүкіл ел үшін күрделі күндері Отанымыздың мүддесін қорғаудағы қайсарлығыңыз мен батылдығыңыз үшін сізге қолдау мен алғыс білдіреміз.

Біздің мемлекетіміз үшін осы қиын кезеңде, Сіз, Президент мырза, біздің туған Шымкентімізді, Қазақстанымызды шексіз сүйетін адамдарға сенім арта аласыз. Сонымен қатар, Біз ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЙТЕНОВ мырзаның тәртіпсіздіктер мен қиыншылықтар сынағынан өте алмағандығын аса зор наразылықпен атап өтеміз.

Шымкент үшін ең қиын күндері қаланың әкімі көпшілікке арналған алаңнан жоғалып, өзінің орынбасары ШЫҢҒЫС МҰҚАНДЫ халыққа шығарып салды, ал ол әлі күнге дейін қала тұрғындары алдында Наурыз-2021 мерекесін өткізуге жарты миллиард жұмсағаны үшін есеп бермеген және шымкенттіктер арасында өте күмәнді беделге ие.

Бүгін Әйтенов мырза лаңкестерге өзінің қаһармандық қарсылығы туралы айтуда, бірақ оған сенім жоқ. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі биліктің сауатты және мінсіз өкілі ретіндегі халықтың сенімін әкім Әйтенов өзінің халыққа қарсы шешімдерімен баяғыда және біржола жойды.

Аталарымыз «Асар» әдісімен салған және сіз 2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжілісте айтқан олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін Әйтеновпен жойылған Ипподром; Шымкент жолдарындағы жағдайды одан әрі ушықтырған Әйтеновпен салынған және салынып жатқан көлік жол айрықтары; қала тұрғындарының күшімен салынған балалар спорт алаңын бұзу және оның орнына жеке клиника салу… Бұл Шымкент қаласының қазіргі әкімінің миллионды қала басшысы ретінде оның толық дәрменсіздігін айғақтайтын «ерліктерінің» шағын ғана тізбесі.

Әйтенов мырзаны қала әкімі қызметінен босатуды сұраймыз.

Сіздерден Шымкент қаласының әкімі лауазымына нағыз шаруашылық жүргізуші және шымкенттіктердің сенімі мен қолдауына ие дана саясаткер тағайындауларыңызды сұраймыз.

Бүкіл Қазақстан үшін қиын күндерде біздің еліміздің, халқымыздың, мемлекетіміздің нағыз патриоты болғаныңыз үшін тағы да алғысымызды білдіреміз. Біз сіздің даналығыңызға, күшіңізге сенеміз және өзара түсіністікке сенім артамыз.

Біз біргеміз!!!

Петиция авторы:

Шымкент қаласының тұрғындары.

ҚОЛ ҚОЙҒАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Президент Қ. Тоқаевқа айтылған бұл «дат» аз уақытта түрлі мессенджерлерде таралып үлгерді. Дегенмен көп ұзамай әлдеқандай «жұмбақ» себеппен көпшілік мессенджердегі мәтінді ашу мүмкін болмай қалғанын айтып жатты. Ал әкім Әйтеновтің қызметтен босатылуын қолдаймыз деп қол қойғандардың пікірі төмендегідей:

«2-жыл болды жеке қабылдауға жазылып жүргеніме, бір рет те болсын қабылдап, мәселемді қараған жоқ. Мен көп балалы анамын, бір отбасыда үш бірдей мүгедек балам бар», – деп жазады Мадина Тайжанова.

Петицияға қол қойғандар тізімінде 37-ші тұрған Zhaklin Arystanbekova атты азаматшаның айтары да назарға алатын-ақ мәселе. «Жоғарыда айтылғандарға қоса, әкімдіктің негізгі кіреберісіндегі бақылау-өткізу пунктін алып тастауыңызды сұраймыз. Олар бақылау бекетін қойды, бірақ күту бөлмесін жасамады, суық мезгілде келгендердің бәрі көшеде жаурап күтіп тұруға мәжбүр. Әкімдік жартылай бос, осындай үлкен аумағы бар ғимараттың бірінші қабатынан күту залын жасауға болмай ма???

Әкімдікке әр түрлі жастағы адамдар келеді, оларға жағдай жасамау адамгершілікке жатпайды. Тіпті әкімдік қызметкерлерінің өздері де көптің арасынан әрең өтіп жатыр. Осындай эпидемиологиялық жағдай күрделі кезде қалың адамдарды тар жерде топырлатудың не қажеті бар?! Оның үстіне, әкімдік қызметкері құжатымды алып түсті ме деп сұрауға кірген адамдарға күзетші далаға шығып, сол жерде күт деп айқайлап ұрсады. Адамға емес, малға ұрысқандай айғайлайды. Қоластындағыларға халыққа осылай қарауға жол берген мұндай әкім бізге керек емес!»

«Ол қызмет еткен 2 жыл ішінде аялдамалар 2 рет ауыстырылды. Қалыпты болған асфальттар қазылып, алты айдан кейін шұңқырлар пайда болды», – бұл Айнұр атты тұрғынның пікірі.

«Осы әкім келгелі үйдің кезегі жылжымай қойды», – деп жазыпты Нүркен Темір. Ал Татьяна Мирсултанова: «Көпқабатты үйдің тұрғыны ретінде біз оның атына қабырғадағы жарықтар туралы хат жаздық. Бір күні биік үйіміз құлап қала ма деп қорқамыз. Әкімдік мұндай кем-кетікті тұрғындар өз қаражатына жөндесін деген жауап алдық. Бізге жауап емес, көмек керек болатын», – дейді.

Ойланып қарасаңыз, баспанамен қамту мен оның сапасы да ел халқының жанына батқан, әлі де өзектілігін жоймаған, «қаны тамшылап тұрған» мәселе деуге болады. Тіпті күні кеше халықтың наразылығын білдіру үшін әкімдік алдына жиналуына себеп болған жағдайлардың бірі де тап осы баспана жайы. Әрине, оның соңы бүлікшілердің арандатуымен қақтығыс пен қантөгіске соғатынын бейбіт ел білген жоқ…

Азамат Шалбаев жолайрық мәселесін көтеріпті. Ол жолайрық мәселесі Шымкентте өте өзекті екенін еске сала келе, аталған жобаның бастапқы бекітілген түрінен біршама өзгеріп кеткенін айтады. Ал қазіргі «ғасыр жобасы» аталып, аттандап-алақайлап жүріп іске қосылған жолайрықтың жолдағы кептелісті кемітуге елеулі әсері болған жоқ деген пікірде. Сосын «Сергек» камераларына тоқталыпты. «Әр жерге «Сергек» қойып тастады. Бірақ жол белгілерін дұрыстауды ойланбаған. Сағатына 40 шақырымды бақылайтын жерлерде 60 шақырымдық белгілер тұр», – дейді ол. Сөзінің жаны бар, сырт қарағанда бұл адамдарды алдау арқылы айыппұл төлетудің құйтырқы амалына ұқсап та кетеді. Тап осы мәселе біраздан бері қала тұрғындары арасында талқыланып келе жатыр. Әр түрлі әлеуметтік желілерде жиі қозғалатын осы жол белгілері мәселесі толық та тиянақты шешілетін уақыт болды емес пе?

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

Асқар МАМЫРБАЙ, «Шымкент қалалық сәулетшілер Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Бәріңізге белгілі, өткен жылы біраз дау болған, Шымкент қаласының ипподромы аумағына «Bi Group» компаниясы салатын тұрғын үй кешенінің құрылысы басталып кетіпті. Қаланың жанашыр азаматтары мен мамандардың жанайқайына пысқырып та қарамаған, құлағына ілмек түгілі, бір жеріне де қыстырмағанына қарағанда, күштінің дүмі диірмен тартар болып тұр. Қала әкімінің де шамасы келмегеніне қарағанда, бұл компанияның артында астананың бір мықтысы тұрғаны анық. Қаланың бас жоспарын өзгертпей-ақ, белден басып, демалыс аймағына тұрғын үй, қоғамдық құрылыстар сала беруге болады екен!

Қара халыққа билік тарапынан заңбұзушылықты насихаттап жатқандай! Олай дейтініміз, жиырма жылдай алысып, көшенің қызыл сызығына кіріп кеткен сауда дүңгіршектерінің орнына СПК бас болып қайтадан жаңа сауда павильондарын орнатып тастауы да ақылға сыймайды. Қала әкіміне жазған ашық хаттарымыз жауапсыз қалды. Сәулетшілер қауымдастығымен санасып, ақылдасып жатқан әкімдікті көрмедік.

Айгүл ОРЫНБЕК, қоғам белсендісі, заңгер, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі:

– Қол қою үшін арнайы онлайн-платформаға тіркелуің керек, алайда мұны қиындатып тастаған. Сол үшін қаншама наразы тұрғын петицияға қол қоя алмай отыр. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушылар арасында белсенді болсам да, портал арқылы қол қоя алмадым. Егер порталдың шарттарын жеңілдетсе, мыңдаған тұрғын қол қоятыны сөзсіз. Негізі петицияға қала тұрғындарының 2 пайызы қол қойса, әкімнің мәселесі қаралады. Бұл 1 миллион тұрғыны бар шымкенттіктер үшін кемі 20 мыңнан аса адам қол қою керек деген сөз. Сонда тұрғындар тілегі билік назарынан тыс қалмайды.

Жалпы, өз басым Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің қабылдауында екі рет болдым. Ұсыныстарым айтылған жерде қалды. Қаланың Шаяхметов пен Н.Назарбаев даңғылының қиылысындағы кептеліс туралы да айттым. Уәде бергенмен, ол әлі шешілген жоқ. Сол сияқты халықтың да сөзі әкімге жетпей жатыр. Қызыл сызық бойында қайтадан сауда дүңгіршектері бой көтерді, қала базарға айналып бара жатқандай. Сонда ертең басқа әкім келіп, заңсыз деп жаптырса, бұлар қайта сүріле ме?

Әйтенов халық үніне емес, бизнесмендерге құлақ асатынын «Bi Group» құрылыс компаниясына қаланың ең жасыл аймағы тұсынан жер бөліп бергенінен байқауға болады. Әлемдегі онкологиялық дертке шалдығушылардың көптігі жөнінен үшінші орын алады екенбіз. Шымкент – жасыл қала деуші едік, керісінше жасыл бақтарымызды отап тастап, үстіне құрылыс жүргізу қаншалықты қисынды? Неге жаңа «Шымкент Сити қалашығынан» жер бермейді? Атшабар маңындағы жасыл аймақты неге құрту керек? Бұл экологиялық зардап!

ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Мурат Киргизов: «Шымкент қаласының әкімі М. Д. Әйтенов халықты тұрғындарды мүлде тыңдамайды. Тұран ықшамауданының тұрғындары коммуналдық желілерді тарту мәселесі бойынша бірнеше рет көмек сұрады. Ақыры жауапсыз қалған соң бұл жұмыстардың барлығын өз қаражатымызға жасадық. Кейін ТКШ ықшамауданға жол салғанда оны табиғи рельефтен жоғары көтеріп жіберді. Енді жауын-шашын кезінде барлық лас су ауламызға кіріп, сыртқа шығу қиын болып қалды.

Ол аздай, велосипед жолын саламыз және абаттандыруға үшін деп, мұның бәріне орын жеткілікті болса да, тұрғындардың 3-4 соттық жерлерін тартып алғалы отыр. Неге веложол үшін жекеменшіктің жер телімін тартып алуды басқа – олигархтар тұратын аумақтарда жасамайды?! Себебі оның өзі солардың арасында тұрады ғой.

Әкім Әйтенов тұрғындардың қайта-қайта жазған өтініштеріне мән бермейді. Шешімі бар және сол шешімді тұрғындар өздері ұсынып отырған мәселелерде басын қатырғысы келмейді.

Ол барлық жолдарды қопара қазып шықты. Тіпті жап-жақсы, әбден жарамды жолдарды да жаңалады. Жол салу ісінен көп ақша табуға болатыны қазір ешкімге құпия емес, арғы жағы түсінікті. Ерімбетов көшесінің бойындағы ұзындығы бір шақырым болатын жылу трассасын, үшінші жыл қатарынан қайта-қайта жөндеп жатыр».

Виолета Пуликиди: «Тәртіп жоқ, тұрғындарға күн көру күн сайын қиындап барады».

Аты-жөнін Abdi Sax деп қалдырған азамат былай дейді: «Газ жоқ (АГРС-3 құрылысы 2021жылы аяқталу керек еді, қазір 2022 жыл, дым өзгерістер жоқ, халық жаурап жүр!), жол жоқ (бәлеқоры бар аудандар ғана жөнделген), кептеліс, үй алдына кіре алмайсың».

Дархан Жаңбыршиев деп қол қойған азаматтың да айтары бар секілді: «Әкімшілікте әдіскерлердің айлығы 56 мың теңге. Оның үстіне сенбі, жексенбі күндері де жұмысқа шақырып алады, оған қосымша айлық төленбейді, дәл осы мәселеге келгенде салғырт қарайды».

Кемаль Абилов: «Кептеліс көп. Шын мәнінде нашар және жарамсыз жолдарды жөндеудің орнына жақсы жағдайдағы жолдарды пайдасыз жөндеу, Қонаевтағы іске асырылмаған жоба және Темірлан тас жолы бойындағы көпірдің қашан көрсең де жұмыс істемейтін жеделсатысы…» – деп астарлап қана Шымкент атқамінерлері назарға алуы тиіс жайларды еске салып өтіпті.

«Бұл адам қала әкімі қызметіне мүлдем сай емес. Біз оның пандемия кезіндегі сәтсіздіктерін ұмытқан жоқпыз. Тәртіпсіздіктер кезінде тіпті… epic fail (жойқын сәтсіздік). Ал егер шенеуніктерді жемқорлыққа қатысты шындап тексеретін болса, жұмыстан шығарып қоя салу аздық етеді!» – Амангелді Қалыбек.

Ал мына бір пікірді елеусіз қалдыру мүмкін емес. Қала тұрғыны Галина Щебрина Шымшаһардан жанашыр да іскер басшыны көргісі келетінін білдіріпті: «Мен өз қаламды өте жақсы көремін, оның өміріне өз үлесімді қосамын, бірақ мен жылдан-жылға қаланы ойрандап жатқан әкімдерді ғана көріп жүрмін! Бізге қаланы өзінің туған үйінен кем көрмейтін, өз үйім, отбасым деп санайтын, оның болашағы үшін отбасын сақтағандай барын салатын нағыз қамқор Әке керек!

Бізге дарынды балаларға – болашақ физиктер, химиктер, биологтар, басқа сала бойынша қызығушылығы бар балаларға арналған үйірмелер қажет. Біздің балаларымызға, жалпы, қала тұрғындарына жан шыдатпас өте ыстық күндері сәл де болса салқындау үшін «Тұлпар» халыққа арналған тегін көлі керек. Бізге көлеңкені молынан түсіретін өте көп ағаштар – саялы саябақтар керек. Өйткені ыстық климатта онсыз жан сақтау мүмкін емес. Ал қазір қарапайым адамдар аптапта асфальттан кері «ұрып, теуіп» тұратын ыстықта отсыз қақталып, қуырылып жаты. ыстық аптапта қуырылған. бұл жалаңаш асфальт. Өйткені асфальттар жалаңаш! Егер оған көлеңке түсіп тұратын болса, қаладағы ауа температурасы 5 градусқа төмендейді.

Негізі қалада осы сияқты көптеген мәселелер бар. Коммуналдық қызметтер халықты алдайды, түлектер лайықты жұмыс таппай сандалып жүр, тізе берсек таусылмайды».

Алла Шингисбаева: «Әйтенов мырза әкім болып келгелі қала қоқыс үйіндісіне айналып кетті. Жолдар жарты жыл бойы қазылған күйі қараусыз қалып жатты. Тротуарларды қыста – ақпан айынан бастап жөнделе бастағанын қайтейін, әлі аяқталмағандары бар. Оларға еш бақылау жүргізілмейді, жұмыс жасалып жатқан жоқ. Сүйікті қаламыз үшін өте ұят».

КӨҢІЛІ ТОЛМАЙТЫНДАР АЗ ЕМЕС

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қызметінен кеткені жөн деп петицияға қолдау білдіріп, қол қойған Меруерт Таутабаева мен Айбол Жұмағұл қаланы көркейту үшін бұрынғы әкім Ғабидолла Әбдірахымовты қайта әкелу керек деген ойда. Татьяна Миссеврина есімді азаматша да қаланың қазіргі жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда нашар, кері кету бар деген секілді пікір қалдырыпты. «Қаланы бүлдіріп тастады ғой. Жолдарды қазып, кейбір жерлерде құбырлар мен бордюрлерді қайта-қайта ауыстыруды ғана біледі», – деп ашынады Алфия Ксебаева.

Алексей Смагин есімімен қол қойған азамат: «Бізге қаланың гүлденуіне жан-тәнімен берілген, осы қала тұрғындарының сөзін тыңдайтын лайықты да сезімтал адам керек. Бизнесмен емес, қаланың, елдің патриоты болуы тиіс», – деп жазады.

Нұрсұлтан Оразов деген азамат: «Мәселелерді шешпейді. Іскер басшы болса, тіпті балалар да оның атқарған істері туралы білуі, айтуы керек. Ал мұнда оның не істеп жатқанын ешкім білмейді», – деген пікірде.

«Қала әлеуетін көтеретін мақтарлықтай ештеңе жүзеге асырылмады. Бұлардан бөлек, қала халқына жақын емес, керек кезде табылмайтын әкімнен не қайыр!» – дейді Ратбек Мамыр.

«Орынбасары Шыңғыс Мұқан Наурыз мейрамының есебін бермеді. Ол есепті әкім, командасы кеткен жағдайда да талап етеміз!» – деп жазыпты Динара Қожабаева.

«Ол және оның командасы халықпен жұмыс істеуді білмейді, бүгінге дейін қаланың бірде-бір мәселесін шешкен жоқ», – бұл Нұржан Байырбек атты азаматтың пікірі.

«Пандемия кезінде бұл әкім сыбайлас жемқорлықтың күшеюіне және шағын және орта бизнес субъектілерінің құрдымға кетуіне ықпал етіп, олардың қосалқы мердігерлерді алуына кедергі келтірді келтірді. Митинг кезінде, айтарға сөзім жоқ, жасырынып, мүлде көрінбей қалды. Ал ол халықпен диалог орнатуға тиіс еді», – деген Владлен Цойдың пікірі шынында елең еткізеді.

«Туған қаламыз үшін жақсы өзгерістер қажет. Қала еліміздің 3-ші мегаполис атына сай болуы керек», – Бауыржан Мейірбеков.

«Не жұмыс істеп жатыр? Халықтың жағдайы қиын екенін біле ма?» – деген Әлия Қалтаеваның қос сұрағы құлақ шекеден қойып қалғандай есеңгіреткен күйге түсірді. «Халықтың сенім лимиті таусылды» деген пікірді де көзіміз шалды.

Әкімге қарсы петицияға қол қоюшылар арасында «Жерлестерімді қолдаймын!», «Басшылардың бәрін түгел ауыстыру керек», «Әйтенов, кет!», «Бізге жаңа әкім керек», «Халықпен байланысы жоқ әкім. Сүйікті қаламызға жаңа басшы келгенін қалаймыз. Халықты ести білетін, жаны ашитын» деген жалпылама қолдау білдіріп, бірақ ешқандай сын-пікір қалдырмай, қысқа қайырған қол қоюшылар да бар. Дегенмен кейбір шымкенттіктердің пікірін назардан тыс қалдыру мүмкін емес.

Петицияға еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан тұрғыны да қол қойыпты. Антонина Павлова Шымкентте туысы тұратынын, оған қонаққа келген сайын қаланың тозып бара жатқанын көретінін жазған. «Сырт көз – сыншы» деген, қонақтардан ұят болды…

Ал енді Шымкент әкімдігі, атап айтқанда, әкім М. Әйтенов мырза петицияға қол қойған тұрғындардың өтініш-тілек, талаптарын назарға алар ма екен? Президент Қ. Тоқаев ше, Шымкент халқының шағымы оның назарына ілігеді ме? Мысалы, Ұлыбританияда 200-ден астам азаматтар қол қойған петиция міндетті түрде мемлекеттік органдармен қарастырылуы қажет. Францияда петицияны Ұлттық Ассамблея қарайды. Германияда петицияға қанша адам қол қойғаны маңызды емес, екі адам қол қойса да бұл мәселе арнайы комиссиямен қаралады. Ал, жалпы, петиция – билікке жіберілген жазбаша түрдегі ұжымдық өтініш. Әдетте мұндай ұжымдық өтініш басқа амал қалмағанда жасалатын қадам саналады. Шымкент тарихында М. Әйтеновтен басқа еш әкімге петиция жазылмаған…

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *