ЗЕРЕНІҢ ЕРТЕГІЛЕРІМЕН СУСЫНДАҒАН КЕШЕГІ АБАЙ – НАР ҚАЗАҚ

Білім Тәрбие
544 Views

Әрбір отбасындағы басты құндылық – бала тәрбиесі. Өйткені, бүгінгі балалар – ұлтымыздың ертеңгі болашағы. Балаларымыз саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, біздің де өрелі міндет биігінен көрінеріміз анық.

«Жаңа әлемде жаңа Қазақстан!» атты жолдауында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастар болашағына үлкен сенім артатынын атап көрсеткен болатын.

Жаңа Қазақстанды Жаңа әлемде көру жастардың қолында!

Тәрбие, білім, ғылым бар жерде құқықбұзушылыққа жол жоқ!

Елімізде адам құқықтары Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тапқан. 9 бөлімнен 98 баптан тұрады. 2-бөлімінің 30 бабы құқыққа арналған.

Жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру – ата заңымызға деген сүйіспеншілігін оятып, парасатты және әділетті тұлғаны қалыптастыру!

Әр адам өз құқығын білуге тиіс. Тәртіпті бұзған адам заңды жауапкершілікке тартылмайды, бірақ көпшіліктің назарына ілігіп, айналасына келеңсіз пікір туғызады.

Тәрбиеге әсер беретін, ата-ана тәрбиесі мен өскен орта. Отбасының тәрбиесі мықты бекімесе, өскен орта тәрбиесіне тез бейімделетіні анық!

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа байланысты дөңгелек үстелдерді жиі өткізу – заңға қайшы әрекеттерді болдырмау және отбасылық тәрбиеге демеу. Тәртіпті бұзған балаға заңның бар екенін және заңмен жазаланатынын түсіндіріп, алдын алу ата-ана мен ұстаздың басты міндеті.

Құқықбұзушылық әрекеттерге қандай бала барады?

Бесіктен белі шықпай жатып, теріс қадамға баруына не себеп? Деген сұрақтарға жауапты мектеп қабырғасында бірнеше жыл қызмет атқара жүріп бақылағаным бар!

Жоғарыда атап көрсеткенімдей, барлық мәселе отбасылық тәрбиенің маңыздылығында.

Шаңырақ көтеріп, баланың бал қызығымен отбасылық өмірді енді ғана бастап келе жатқан отбасының екіге айырылысуы бала психикасына кері әсері мол. Баланың ішкі әлемінде сыртқа айта алмайтын сырларының жиналуы, теріс қылықтарға жол беретіні тағы бар. Екі жақты мейірім көрмеген бала мейірімге мұқтаждық тауқыметін бастан кешіп, сыртқы әлемнен мейірім іздейді.

Отбасы бүтін бола тұра әлеуметтік жағдайының төмендігінен де жаман әрекеттерге баратындары да жоқ емес. Ата-анасынан қысым көрген балалар да теріс әрекеттерге бой алдыруда. Мысалы, ата-анасының тапсырмасын орындамау салдарынан (үй жұмысы, мөлшерден артық қаржы, ой санаспау т.с.с) қысым көргендер де.

Психолог және психиатр мамандар адамның жан дүниесін 100 пайыз зерттей алмайды. Адам баласының миында түсініп болмайтын жайттар болып жатады. ГЕН мәселесі де үлкен рөл ойнайды. Енді бір балдар тума қалыптасқан, яғни болмысы солай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Ұлжанның ақ сүтімен, Зеренің зерделі ертегілерімен сусындаған кешегі Абай – нар қазақ.

Бүгінде кешегі Абайдай қазақты тәрбиелеуде әжелеріміз бен аналарымыздың алатын орны ерекше. Өмір бойы әкесінің жұмбағын шешуге бар күш жігерін сарп еткен Абайдай ұрпақты тәрбиелеу әрбір әкенің парызы деп білемін.

Тәрбиесі тереңге жайылған толыққанды отбасынан зиялы азаматтардың шығатынына күмәнім жоқ! Ал тәрбие бар жерде құқықбұзушылыққа жол жоқ.

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде!» деген Жүсіп Баласағұнның қанатты сөзі бала тәрбиесіне жастайынан мән беруді меңзеп, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырады.

Тәртіпке бас иген елдің азаматтары ғана Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды жасай алады! Өйткені, кемелденген мемлекет кемелді жастардың қолында!

Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға айналған сөз қай кезде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Отбасы құндылығын — қоғамымыздың басты құндылығының бірі екенін біліп өскен балалар, ертеңгі болашағымыздың мықты тірегі болатынына кәміл сенеміз.

Аяулы ОРАЗБАЕВА,

Д.Менделеев атындағы

№15 мектеп лицейінің тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары.

Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *