КЕК (РОМАН)

Әдебиет
300 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Дәл осындай, бір жағы қарбаласты, бір жағы бейқам мезгілде Омарбек бастаған қарулы төрт жігіт Манақтың үлкен ордасына жетіп келді. Болыстың атқосшы-қызметшілері, сенімді жігіттері, одан қалды, қатын-қалаштары – өздерін Құдайдан бір кем санамайтын орыс ұлықтарды күтумен әуре болып, үй алдына кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанымен жұмыстары болмады. Бұлар үйге таяғанда өзара келіскендеріндей, екі жігіт есік алдында қалды да, Омарбек пен Толымбай мылтықтарын кезеніп, ішке кіріп барды.

Он екі қанатты боз үйдің іші тола адам. Нақ төрде жайғасқан бағанағы жандарм бастығы екі қолын екі жаққа сілтеп, қызына сөйлеп отыр. Айналасындағы басқа ұлықтар мен осы өңірдің игі жақсылары оны қолпаштап ұйып тыңдап қалыпты. Екі дәу жігіт мылтықтарымен кіріп келгенде, бұларды алдымен аяқ жақта қымыз құйып отырған бір қызметші жігіт байқап, орнынан ұшып тұрды:

– Өй, кімсіңдер-ей?! Өй, мылтықтарың не?! Өй, өй…

Тосын көріністен аузына осындай таңданысты сөзден басқа ештеңе түспеген ол сорлы қомпаңдап көзі бақырая бергенде, Толымбай мылтық дүмімен желкесінен бір ұрды да, дастарқанға жалп еткізді. Ол ыдыс-аяқтардың үстіне гүрс еткенде, ұлыққа бет бұрып отырған көпшілік аяқ жаққа қарай бірден жалт-жалт қарасқан. Осы қимылдың бәрі қас-қағым сәтте болғаны соншалық, ұлықтар тапаншаларын алуға да үлгермей сасқан. «Бір мылтықтың аузына мың адам сияды» деп босқа айтылмаған. Отырғандарда үрей қалған жоқ. Ең алдыңғы тіл қатқан адамның сұлап түскені анау. Омарбек қатты ақыра:

– Біреуің қозғалсаң жаһаннамға аттандырам! – деп мылтығын төрде қатар отырған жандардарға жайқай кезеңді. – Мылтықтың ұңғысымен бірге Омарбектің сұсынан бір демде ығып, зәрелері зәр түбіне кеткен ұлықтардың да танданыс қорқыныштан көздері бақырайып кеткен. Омарбек төрдегі тілмашқа: – Ей, сорлы! Құндары басынан асқанын айт, аналарыңа! — деп ақырып қалды.

Мылтық әне-міне, өзіне атылардай көрінген тілмаш қапелімде, жанындағы бір ұлық орыстың тасасына тығыла қалды. Басын, кеудесін біреудің арқасына жасырғанымен, денесі ашық қалатыны есіне келді ме, жоқ па.

– Ей, шығар басыңды, бері!

Омарбек ақыра айқайлағанда, тілмәш байғұс орыстың арқасынан беті дейін дір-дір етіп қалшылдап кетті. Жауапқа келіп ешбір сөз айта алған жоқ. Мылтығын сәл созған бетте бірінші қасқа басты атты. Екі мылтықтың жан шошытарлық гүрсілімен бірге ұлықтардың шашыраған қандары боз үйдің ақ киіздерін алқызыл қанға бояды. Үрейлері ұшқан тағы екі-үш ұлық бастарын қолдарымен жауып, дастарқан үстіне етпеттерінен құлай-құлай кетісті.

Омарбек пен Толымбай үй ішіндегі Манақ болыстан басқа жандардың бәрін соққылап жатқанда, сырттан атыс естілді де, демде үдеп, мылтық дауыстарымен қатар солдаттардың бір-біріне айтқан әскери бұйрықтары да естіліп, айнала азан-қазан болды. Омарбек айқайлады:

– Жігіттер, кеттік! Қазір мұнда солдаттар келеді.

Бағана Омарбек жігіттерімен былай ойласқан: Өздері Манақ үйіндегі ұлықтарға мылтық атып, ойран салған мезетте ауыл басында отырған Адырбай тобы солдаттардың назарын аудару үшін бірден олар жайғасқан үйге оқ жаудыруы керек. Солдаттардың назары соларға ауып, ойда-жоқта пайда болған жауға қарсы жүгірісіп сапырылысқа түскен кезде істерін бітірген Омарбектер болыс үйінен зып беріп шығып кетеді. Содан ары қарай әр топ жағдайға қарай әрекет етіп, түн қараңғысын жамыла, ауылдан қашықтап кетулері қажет. Сөйтіп, бәрі Суықтөбе етегіндегі бұлақ басында жиналулары керек.

Олардың орысша аттандап келе жатқан солдаттар екені анық аңғарылды. Омарбек тобы сөзге келместен соларға қарата оқ боратты. Солдаттардың бірі өкірді, бірінің жаны шыға бақырды. Ал кек алушылар ауыл арасындағы қалтарыс жерлерді білетін. Сондай қалтқыларға бекіне арттарына қарата оқ атып бара жатты. Бірақ соңдарынан түскен ешкім болмады. Солдаттардың барлық назары арғы беттегі Адырбай тобымен болған атысқа ауған сияқты.

Әлден соң ол жақтағы атыс та бірте-бірте басылып, тек әлдекімдердің ауылды бастарына көтере бақырған, айқайлаған дауыстары түнгі аспанды жаңғыртты. Бәлкім, солдаттар болыс үйіндегі сұмдықты көріп шуласты, бәлкім, жараланған, өлген серіктерін жоқтап өкірісті, ол жағы Омарбек тобына белгісіз-тұғын. Өйткені бұл кезде атқа қонған кек алушылар тобы ауылдан алыстап кеткен еді.

Түннің бір уағында қалың тойғайлы Жаманты сайындағы екі топ Суықтөбе етегіндегі бұлақ басына жиналды. Жігіттердің барлығы дін аман.

СУЫҚТӨБЕДЕГІ АЛҒАШҚЫ ШАЙҚАС

Барлығының бастары қосылған соң әр топ жаңағы алыс-жұлыс пен атыста жасаған әрекеттерін еске алыса, мақтана отырып даурығыса, жарыса айтыса бастаған. Кек алушылар бұл жолғы жеңімпаз тірліктеріне жадырамағанда, көңілденбегенде қайтсын. Өздерінен бұрын ешкім келімсек ұлықтарды, зорлықшыл би-болыстарды бұлай жазалаған емес. Көкіректері көк тіреп астамсыған ояз бастықтарының бастарын бағанағыдай жерге идіріп, жон арқаларынан еш қазақ сабаған емес.

Бірақ білдей жандарм бастығы мен керілген ұлықтарды атып өлтіру – аса үлкен қылмыс екенін, әгәрәки қолға түссе, өздерін азапты өлім жазасы күтіп тұрғанын, ал қолға түспесе, былайғы өмірлері қуғындалумен, ғұмырлары қашқындықпен өтетіндері – алғашқыда көңілдері тасып отырған бұлардың ешқайсысының ойларына келмеген-ді. Шетінен даурығысып, біраз басылғанда Омарбек:

– Иә, жігіттер, бүгінгі ісіміз – қазақтың орыс ұлықтарына кеткен талай жылғы кегінің бір қайтарымы болды. Алайда ата-бабаларымыз бен біздің кегіміз екі-үш ұлықтардың өлімімен қайтпасы белгілі. Ол үшін талай ұрыс керек. Күллі қазақ көтерілетін өте үлкен көтеріліс қажет. Бүгінгі атқарған ісіміз сол көтеріліске дайындықтың басы болды. Бірақ жақын арада күллі қазақты көтеріліске біріктіре аламыз ба? Манақ ауылындағы жаңағы ісіміз ертең күллі Жетісуды дүр сілкіндіреді. Верныйдағы бүкіл ұлық, барша әскерилер енді біздің соңымызға түседі. Біздің он шақтымыз сондай көп әскерге төтеп бере аламыз ба? Әскер бізді қудалап, сергелдеңге салған уақытта патша жендеттеріне қарсы жұртты біріктіре аламыз ба? Міне, бұдан былай мықтап ойланатын мәселеміз – осы.

Әлгінде ғана шаттанған жігіттер әп-сәтте жым болды. Аса ауыр қылмыс істеп қойғандарын енді аңдағандай, біреулері қатты күрсінді, біреулері қараңғы түнде бір-бірінің жүзін анық көрмесе де, қасындағы серіктеріне қарасты. Адырбай мен Толымбай «Иә, енді бізге тыныштық жоқ», «Қайтеміз, басымызға салғанды көреміз де. Қайткенде де, алдағы уақытта алған беттен қайтпауға тиіспіз» десті. Екеуіне «Осы күнге дейін қорқа-қорқа болдық қой, бауыздалған қой да өлерінде тұяғын бір серпиді емес пе. Өлсек, отаршы басқыншымен алысып, кегімізді ала өлейік» деген Орал қосылды.

Үшеуінің осындай қатқыл шешімі мен кесімді пікірі басқаларының бойларына қуат, сенімдеріне сәуле түсірді-ау, әсте, жаңа ғана іштен тынып, тым-тырыс қалғандар дереу қайта рухтанып шыға келді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *