КІМДЕР ЗЕЙНЕТКЕ ЕРТЕ ШЫҒА АЛАДЫ?

Қоғам
578 Views

Сұрақ: Жасына байланысты зейнетақы төлемiн есептеу тәртібі туралы түсінік беруді сұраймын.

Жауап: Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн толық көлемде есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыстың 60 пайызы есебiнен жүргiзiледi (жұмыстың қатарынан күнтiзбелiк 36 айы үшін табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы).

1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыс мөлшерi («Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарындағы жұмыс кезеңінде түскен табыстан басқа) мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi.

Бұл ретте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеуге арналған табыс республикалық бюджет туралы заңына сәйкес қаржылық жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 46 еселенген мөлшерінен (2022 жылы 146 280 теңге) аспайтын табыстан анықталды.

1998 жылғы 1 қаңтарға дейін заңмен талап етілетін еңбек өтілі ер азаматтарға -25 жыл, әйелдерге — 20 жыл болса Республикалық бюджет туралы заңына сәйкес ең төменгі зейнетақы төлемі тағайындалады, (2022 жылы 48 032 теңге) ал талап етілген еңбек өтілі болмаған жағдайда ұсынылған құжаттардың негізінде анықталған бар еңбек өтіліне сәйкес зейнетақы төлемінің мөлшері анықталады.

Сұрақ: Көп балалыана ретінде 53 жасында зейнеткерлікке шығып, еңбек келісім шарты негізінде жұмысын жалғастырса, жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады ма?

Жауап: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыздандыру туралы» 21 маусым 2013 жылғы №105-V Заңына сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа келген тұлғалар, атап айтқанда заңның 11 бабының 1 тармағына сәйкес 63 жасқа толған ер азаматтар мен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 жас 6 айға толған әйелдер және 1 және 2-топтағы мүгедектердің мүгедектігі мерзімсіз белгіленген жағдайда зейнетақы қорына 10 пайыздық жарна аударудан босатылады.

53 жаста зейнеткерлікке шыққан көп балалы аналар жұмыс істейтін болса, жұмыс беруші жұмысшының табысынан толық зейнет жасына толғанға дейін міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына аударуға тиісті.

Толық зейнет жасына толғаннан кейін, зейнетақысына қосымша базалық зейнетақы төлемі тағайындалатын болады.

Сұрақ: Зейнеткерлікке ерте шығу кімдерге қарастырылған?

Жауап: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыздандыру туралы» 21 маусым 2013 жылғы №105-V Заңына сәйкес:

1. Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнетке шыға алады.

Қосымша төмендегі құжаттар талап етіледі:

  • Балалардың туу туралы куәліктері;
  • Балалардың жеке куәліктері;
  • Балалардың оқу орындарында оқығаны туралы құжат;
  • Балалардың мекен-жай анықтамасы;
  • Неке қию туралы немесе неке бұзу туралы куәлік;
  • Балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік (бар болған жағдайда);
  • Бала асырап алу, тәрбиесіне алу туралы сот шешімі.

2. 1949-1963 жылдар аралығында Семей ядролық сынағы алаңында тұрған қазақстандықтар. Мұндай жағдайда ерлер 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнетке шығады.

Зейнетақыны тағайындау үшін 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін 5 жыл ішінде радиациялық қауіпті және төтенше аймақта тұрғанын растайтын құжат ұсыну керек.

3. Шотында жеткілікті сомасы бар болса, өмірін сақтандыратын компаниялармен зейнетақы аннуитеті туралы келісім-шартқа отырған азаматтар да мерзімінен бұрын зейнетке (50 жаста) шыға алады. 2019 жылы әйелдерге бұл сома 13 млн 296 мың теңгені, ерлерге 9 млн 710 мың теңге болып белгіленді.

Д.ӨТЕЛБАЕВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басмаманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *