КӨКЖҮЙРІК

Тұлға
796 Views

«Не все ли равно, про кого говорить? Заслуживает того каждый из живших на земле» – Әбіш Кекілбаев бір шығармасына Буниннің осы сөзін эпиграф етіп алған. Сөз бар ма. Бунин жазса, Кекілбаев қолдаса. Әрине, әр адам өзінше бір әлем. Аша алсаң, арши алсаң, қаза білсең, қопара берсең кім-кім туралы да айтар сөз табылады. Сөйтсе де, жазған соң жақсылар жайында жазғанға не жетсін. Біз жазғалы отырған адам да жақсылардың сойынан.

«Адамға кісілік жасау үшін, керек десеңіз, екі туып, бір қалудың қажеті шамалы. Жақсы болу жетіп жатыр», «Бұл жарық дүниеде мен білетін бір ақиқат бар. Ол жамандардан жақсылардың анағұрлым көп екендігі», «Қазақ «Құдайға да жақсы керек» деп айта салған. Құдай тек жақсыларды ғана алып, жамандарды қалдырса, қара жер баяғыда-ақ төңкеріліп кетпес пе еді. Әңгіме жақсының да, жаманның да пешенесіне жазылуында. Тек сол жақсының жасының ұзақ болмағанына өкінесің. Өйткені жақсының орны ойсырайды. Жақсы – елдің адамы. Ел жоқтайды оны. Жақсы – қоғамның қолғанаты. Қоғам өкінеді», «Жақсы жақсыны жақсыға қарай жетелейді» деп жазатын, айналасындағы асылдарды «алақаныңа қысып ұстасаң да, кеудеңе құшып ұстасаң да сияды, бойыңды жылытады, жаныңды жадыратады, қуатыңа қуат қосады», «жабырқаған кезіңде жанған шамдай, жаураған кезіңде жанған оттай», «адамның алдынан аяз, артынан боран өткізбеуге бейіл» деп ардақтайтын адам.

Өйткені оның өзі жақсылықты көп көрген. Мәскеудің Бүкілодақтық политехникалық институтына түсерде сол кездегі Гурьевте қабылдау комиссиясы құрылып, емтихан тапсыруға барарында сегізінші, тоғызыншы, оныншы сыныптарды кешкі мектептен бітірген түрімен математикадан оңбай сүрініп, «екілік» алғалы тұрған жерінен ­Дайыров деген ағайға жата қап жалынбай ма? «Ағеке-ай, маған ең болмаса үш қойсаңыз қайтеді! Оқығым-ақ келіп еді. Алдымда болашағым бар ғой! Конкурстан өтпей қалсам, бәрібір де қалғаным емес пе?!» деп сарнап қоя бергенім ағайымның жүрегін жібіткендей болды. Сөйтіп, ол ақыры «үш» қойып берді. Осының арқасында сәт-сәттің арасымен конкурстан да өтіп кеттім», – деп жазады өзі. Қазір ғой ондай абитуриенттің ҰБТ сынағынан омақаса құлайтыны сөзсіз еді. «Іс парткомиссияға жіберілді. Парткомиссияның председателі баяғы техникумда өзім сабап, оқудан шығып кеткен Виктор Иванович Саллагов екен. Құдай міне, тағы жолықтырып тұр. «Құдай енді қос қолдап ұрмаса» деп мен тұрмын. Жоқ… Виктор Иванович нағыз азамат екен. Жай азамат емес, аяулы… «Япырай, жаным-ау, бұл қалай ә… Қайтіп көмектесемін саған енді», – деп қатты күйзелгені. Өзі қазақша ағып тұр», – деп жазады тағы бір тұста. Бұл сонда техникумда директордың өзін қалай сабап жүр?!.. «Қайран да қайран бозбала шақ-ай. Ауыл шаруашылығы жұмысына қырық сылтаудың басын құрап, өзім бармай қалғаныммен шаруам жоқ, шәкіртақының берілмеуін техникум директорынан көрмеймін бе?! Жата қап өшікпеймін бе? Бір кеште, жанымда екі бұзақы бар, директорды есігінің алдында күтіп тұрып, ұрып-соғып, серейтіп кеттім. Алдында талай болғаным бар, директор мені танып қалыпты»… Міне, сол өзі сабаған директоры мұның өзіне көмекке келеді. Білмей жіберіп алған кемшілігін, ортақ іс үшін жасаған қателігін кешіріп, парткомиссиядан жеңіл жазамен шығарып жібереді. Біздің кейіпкеріміздің жайсаң жандардан көрген жақсылығын осылай-осылай жалғастыра беруге болады. Оның өзінің бүкіл өмірі өзгелерге жақсылық жасаумен өтіп келеді.

«Әр ауылда, әрбір аймақта сол елдің алтын діңгегіндей азаматтар болады. Қазақта әрбір өлке жайлы сөз болғанда, «Ол жақта ат басын тірейтін кім бар?» деген ежелден қалыптасқан ұғым бар. Әдетте, ондай азамат елдегі үлкендерді қамқорлап, кішілерге ақыл береді, тентек-теліні де шетқақпай етпей, ақырып-жекірмей-ақ жөнге салады. Бұл – соты мен түрмесі болмаған біздің халқымызда ата-баба дәуірлерінен дағдыға айналып қалыптасқан дәстүр» – Фариза Оңғарсынова ол жайындағы «Ел сүйенер азамат» деген мақаласында осылай жазған. Жалпы қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің арасында бұл кісі туралы ой тербегендердің қатары қалың. Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, ­Фариза Оңғарсынова, Дүйсенбек Қанатбаев, Темірхан Медетбек, Смағұл Елубай, ­Рахымжан Отарбаев сияқты сөз зергерлері бастап, ақындар, журналистер қостап, талай адам ақ жарыла, ақтарыла айтқан толғамдар 2013 жылы «Фолиант» баспасынан қазақтың қадірменді қайраткер қыздарының бірі Рәшила Мұрсалиеваның құрастыруымен шыққан «Нар тұлға» атты жинаққа топтас­тырылған. «Шарапатынан халқына шашу шашып, ел намысы жолында еңбек етіп жатқан ақпейіл жанның қай тілеуін де Хақ тәңірдің өзі жеткізіп жатқаны кәміл. Өз келешегіне өзі жол салып, ешкімнің жебеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен жете алған қарапайым қазақ ұлының өмір жолы мен жан дүниесі кейінгі жеткіншектерге өнеге болары сөзсіз», – дейді абыз Әбіш.

Сөз биыл сексен жастың сеңгіріне көтерілген ардақты азаматымыз, ел ағасы, халқымыздың көрнекті кәсіпкері Төкен Танаұлы Жұмағұлов туралы.

Ел ағасы» демекші. Төкеңді кейінгі көргенімде Әбіш ағамен бір дастарқан құрып едік. Астанадағы бас қосуға елдегі азаматтарды бастап алып келіпті. Сөздің ретінде «Біз де ақсақал болып қалдық қой», – деді. Онда жасы шамамен жетпістің екеу-үшеуінде ғой деймін. «Иә, сен де ақсақал болдың ғой, мүйізің шықса», – деп жымиып қойды Әбекең. Мұндай сөзді, әрине, аса әдепті Әбіш тек жанына жақын адамға ғана айтады. Жанына жақын тұтатынын талай естігенмін, талай көргенмін, жазғанынан оқығанмын да.

Студент кезінде жатақханаға Әбішті іздеп, елдің бір топ жастары келеді. «Жүгіріп төмен түстім. Вахтердің қасында менің парталас досым Лебен Сәдуақасов тұр екен. Мектептен соң ауылда қалған. Бала кезім ғой. Басқалармен шаруам жоқ, досыма жабысып құшақтап жатырмын.

– Әй, Әбіш, амансың ба? Біз де сенің жерлес­теріңбіз. Бізбен де амандас! – деді бір қап­сағай жігіт, қарқылдай күліп, арсалаңдай амандасты.

Өзі бас салып құшақтап жатыр. «Бұл Атырау қаласынан келген Төкен Жұмағұлов», – деді. Қасында тағы да бір қыз, бір жігіт бар. Төртеуі киномеханиктер мектебіне келіпті. Кейін әбден достасып кеттік», – дейді Әбекең Төкен Жұмағұловтың «Мен Төкен Танаұлымын» атты ғұмырнамалық романының алғысөзінде. Осындағы екі әрекет Төкен Танаұлының табиғатын тамыршыдай тап басып танытады: бұрын көрмеген жігітке бас жоқ, көз жоқ «Әй, Әбіш!» деуі және өзімен амандаспай тұрған бейтаныс бозбаланы бас салып құшақтауы. Сөйтсе, ол өзі де, оның өмірлік жолдасы Дина да о ­бастан солай жаратылған екен. Оны да Әбіш: «Жадырай күліп, жарқырай амандасып, Құдай жарылқаған жандар екені айтпай-ақ көрініп тұратын. Жайсаң мінездерінен бір танып көрген емес. Апама жездем сай дегендей, бірінен-бірі өтіп, жалпыл қағып, жалбырап жүргендері. Жас кездері әлі есімде. Айтқан сөзі, салған әні, тартқан күйі, күлдірген әңгімесі көңілдерінен шыққан кісіні Төкен елден ерек атып тұрып, жүгіріп барып арқасынан қағып жатушы еді. Дина мойнын құлаштай созып: «Күшті!», «Күшті!» деп аянбай шапалақ ұрып, қуана қол соғып отырушы еді», – деп келістіріп жазған. Не берсе де адамның ниетіне береді ғой, өзгелерге қуана білгеннің өзі де құр қалмайтынын Төкен Танаұлы мен Дина Есімқызының бүкіл өмірі көрсетіп келеді.

Тағы да Әбішке жүгінелік: «Біз көп­ке дейін «Адамды адам қылған еңбек» деп келдік. Адамды адам қыл­ған бір Жаратқанның өзі шығар. Бірақ Адамды Азамат қылатын Еңбек екендігі ешкімге дау туғыза қоймас». Солай. Әкеден бір жасқа жетпей қалған. Шиеттей бес баланың арқа сүйері он бес жасар ағасы Бердәулет болған. «Әй, өмір-ай десеңші! Қу тұрмыстың таршылығы отқа да, суға да түсіреді-ау. Жетімдік деген лағынет талай діңкелетті ғой. Өсейін, өсіп алсам ба… деп өзімді пышақтай қайрайтынмын» деп жазатын Төкеннің бүкіл тағдырын айқындаған, бүкіл өмірін қалыптастырған екі ұлы күштің біреуі осы Еңбек болса, екіншісі Намыс еді. «Қазақ баласының «намыс» деген сөзді естігенде, меніңше, жүрегі басқаша соғып кетеді. «Ерді намыс өлтіреді» деген – қазақы қанның қаһарман ағысы. Ол оянса, ол бұлқынса, ол атойласа қазақты жәй тірлік түгілі, қырық жыл қырғын келсе де тоқтата алмайсың», – деп жазады кітабының бір тұсында. Жай жазып қоймайды, қай жерге барса да намыстың туын тігіп жүреді. Автобаза директорлығына 25 жасында тағайындалған екен. Бара талапты күшейткен. Тіпті сенбі, жексенбіде де жұртқа тыным таптырмайды. Бір күні техника жөніндегі инженер ­Полынин деген келеді кердеңдеп. Қолында арыз. Жұмыстан шық­пақшы. «Өтініші қа­нағаттан­дырылсын!» деп бұрыштаманы қон­житып келіп жіберді. Жаңағының жақ жүні үрпиіп, «Төкен Танаевич, мен әншейін… Қоқан-лоқы жасамақ едім, кешіріңіз», – дейді. Бұның айтқаны: «Иди, Полынин, иди в четыре стороны»… Сөйте-сөйте қазақ азаматтарын да қызметке тарта бастайды. «Қалайтыным бір-ақ нәрсе – істі оңдау. Тағайындаған жігіттеріме осыны айттым: «Қызметті өлген-тірілгенге қарамай істеу керек, жігіттер! Өң қазақты жиып алып еді, құдай төбелерінен ұрды деп жүрсе, өлген әкеміздің әруағы күңіреніп, тірі әкеміздің сай-сүйегі сырқырайды!», – деп жазады сол кез жайында.

«Мен елімді, қазағымды шексіз сүйдім, мақтан еттім. Сол үшін от пен суға ­дайын болып ғұмыр кештім» деп толғанатын азаматтың өзге ұлт өкілдерін еш алаламауы да есте ұстар жай. Басқалардан білмегенді білуге үндеуі, есті ұлт кіммен де үйлесімді өмір сүруге тиістігін айтуы, тегі өзге кадр­лардан көрген жақсылығын әңгімелеуі, олардың жауаптылығын, сауаттылығын үлгі етуі баршаны ойландыруға тиіс.

Жасыратыны жоқ, ғұмырнамалық романды қолға алғанда «Романы несі? Ғұмырбаян десе, естелік десе, мемуар десе бір жөн» деген ойға да қалғаным рас. Қателесіппін. Роман екен. Басы бар, аяғы бар, шиеленісі бар, шарықтауы бар, шешілуі бар, тағдырлары бар, мінездері бар, портреттері бар. Бүкіл кітаптың өн бойында балалық шақтан бергі ірілі-ұсақты оқиғалардың шып-шырғасы шығарылмай, ой қисыны бұзылмай әңгіме етілгені әрі сүйсінтеді, әрі қайран қалдырады. «Адамның жады білгенге – компьютер. Мен естігенімді, көргенімді ешқашан ұмытпайтын кісімін», – дейді Төкен Танаұлы. «Қалың қара дәптерім бар. Өткен өмірде жолым тоқайласқан, дәмдес болған кісілермен кездесіп қалған жағдайда соңыра көп жайларды есіме түсіріп, жазып жүремін. Сол осы еңбегімді жазу үстінде қажетке жарады», – дейді тағы да. Бұл шығарма ауызекі әңгіме айту мәнерімен қағазға түскендігімен де қымбат. Мысалы, кезекті тарауды «Қош. Сонымен, Жылыой ауданына әкім болып тағайындалдым» деп бастайды да, әрі қарай әкім кезіндегі тіршілікті баяндай береді. «Ей, Аллам, қасиетті қаламыма қуат бер. Ер адамның үш тамшы көз жасындай мөлдір сырды ақ қағазға құяйын. Тек қана ақиқат деген ар безбенінде тербелейін, – деп осы кітапты бастадым», – дейді де қазақтың қара тілімен жосылтады келіп. «Жосылтады» демей не дейік, «жүр десең жүреді, үр десең үреді», «көкірегімде жатталып, санамда қатталып қалған», «сүйексіз тілдің сүлейлігі», «қанша жерден қазанға қақтасаң да ештеңе шықпайтын», «ереуіл тұрмақ, елге жау тисе де сабырынан айырылмайтын саңлақтардың сынығы», «сергелдең кешкеннің серпілуіне сеп болар сеңгір ойлы, сексеуіл мінезді серкелер», «Тағдырдың тас қайрағы табала­ғандардың таңын айырып, тасымызды тауға өрмелетіп, тағы қайрап шықпасына кім кепіл!», «Тік салғанда тесіп шығады, ұзынынан тартсаң кесіп шығады», «көп айтса болды, жұрт айтса көндінің» көсегенін көсеп, төсегенін төсеп кете беретін көнбіс, көнтері», «еңірегенге ес берген, көшпелі жерде көшке ерген», «қимылы қылыштай қылпыған қырғи адам», «қатуланса қазық суырып, қабағын ашса қаймақ қалқып», «сиректің сирегіне айтылатын сертті сөз», «тұлпардай тулап, сұңқардай зулап тұратын, айтқаны анық, жаны жарық жігіт» деген сияқты төгіліп түскен тіркестерге анау-мынау жазушыңыздың өзі қызыққандай емес пе? Ал, енді «Қиындық – қыл шылбыр. Үзгеннің үміті сөнбейді, үзе алмаған буынып қалады», «Өмір – ауыр еңбек», «Жұмыс – тәртіптің құлы», «Жарқыраған жұлдызды жыпырлаған жұлдызбен жауып тастай алмайсың», «Өзгені қуанту – өзің үшін бақыт», «Сыртын сақтамаған адамда ішкі қуат болмайды», «Қорқақ көз сұмдық ашқарақ», «Көңіл пейілге жығылады» ­дегендерге не айтар едіңіз? Ойдың қуаты сөздің суатынан нәр алып тұр ғой. Осының бәрі арғы түбінде әулие атасы Танадан, бергі жағында өзі «Маңғыстаудың «мың жолындай» ұшы-қиыры жоқ ойдың ұшан-теңізі» деп тамсана таңданатын, «Япыр-ау, бұл неткен көсем де шешен тіл. Төбеден себелеп тұратын ақ жауындай төгілмелі. Бір ойды бір ой жетелеп, адам баласының тарихы десең тарихын, ерлігі десең ерлігін, елдігі десең елдігін, махаббатын, қуаныш-шаттығын, азабы мен шерін шырмауықтай шырмап, жан дүниеңді шымырлатып, шамырқандырып, ширықтырып, шылбырдай кете береді, кете береді» деп үйренерлік үздік үлгі тұтатын абыз Әбіштен бастау алып жатыр. Ойдың қуаты демекші, Төкен Жұмағұловтың кітабында оқырман тағылым аларлық түйіндер де жеткілікті. «Қалай болғанда да адамды тұрмыс билейді. Табысы жақсының үй тірлігінің майда-шүйдесімен басы қатып, еңсесі түсіп, езіліп кетпейді», «Қызмет – аспап. Басшы – өнерпаз. Өнерпаз емес екен, ол әлгі аспаппен ойнай алмайды, құр омалып отырады», «Қандай да құмарлықтың жанында қауіп жүреді», «Басы ойдан, қолы істен қалған адамнан жақсылық күтуге болмайды. Оның қаперіне басқа нәрселер кіре бастайды», «Тазалық – ұқыптылық. Ұқыптылық – жинақылық. Жинақылық – ой мен әрекеттің қалай лақтырсаң да алшы түсетін алтын сақа мінезі», «Таза алтыннан жасалған адам болса да, жуасты бастық қоюға болмайды», «Қалың бұқара қабағына қарағаныңды талап етеді. Тіпті бала сияқты. Өкпесі қолында, ашуы алдында жүреді. Соның алдын алып жүрмесең, көңілін қалдырып, түңілдіріп аласың», «Иман дегенді көп жұрт дін, дінге берілу деп әбден адасып жүр. Иман діннен биік. Иманды адамға дін берген жоқ, дінді иман жаратты. Иманды адамға ­Жаратушы берді. Адам Атамен, Хауа Анамен бірге біткен» дегендей ойлар кім-кімнің де тақиясына тарлық етпес еді.

«Көп жұрт шындық жоқ деп жатады. Шындыққа күресіп жету керек екенін білмейді», – дейді Төкең. Оның өмірінен оқырман алар тағылымның тағы бірі – қағидатты мәселеде қатып қалатын табандылық. Өзіңнің ақтығыңа, адалдығыңа, тазалығыңа сенгендіктен де ештеңеден қаймықпау. Тасадан тұрып тас ататындар, өмір бойғы жинаған абыройыңның, бойыңа біткен қабілет-қарымның арқасында жеткен азды-көпті биігіңді күндейтіндер қай кезде де болған, бар, бола да береді. Шоқанды сайламай құлататын, Абайды сабап сұлататын қазақта ғана емес, барлық халықтарда болған, бар, бола да береді. Адамның табиғаты сондай. Оған жүйке жұқартудың, солар үшін өзіңе бір-ақ рет берілетін өмірді қысқартудың қажеті жоқ. Амалсыздан, шектен шығып бара жатса, заң жолымен жазасын тарттырудың жөні басқа. Төкен Танаұлы осылай еткен. Әділдікке ­солай жеткен.

Төкеңнің қаламынан Алаш асыл­­дарының атына талай-талай лайықты сөз шыққан. «ХХ ға­сырдың соңында өз тәуелсіздігіне жеткен Қазақстан оның тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлап алды. Кремльдің қақ төрінде Горбачевтің қанды қылышы қолында қылпып тұрғанда-ақ айдай әлемнің алдында үлкен мінбеден: «Қазақстан енді Орталықтың айыл тартпасы бола алмайды» деп кеңестік жұртты селк еткізген де Назарбаевты», – дейді ол. Айтқандай, Төкен Танаұлымен алғаш танысуымыз 2003 жылы Елбасымыздың Швейцарияға сапары кезінде болған еді. Төкен Жұмағұлов делегация құрамына инвесторлармен келіссөз жүргізетін іскер топтың қатарында қосылған екен. Бернде, Цюрихте, Давоста қатар жүргенбіз. Бірге түскен фотомыз да бар. «Сафи Өтебаев ағамыз Атырау өңірінде аты аңызға айналған адам. Өте сыйлы аға. Кез келген жиында Сафекең тұрғанда сөз басталмайды» деп халық Мұнайата атаған ардақты тұлғаны аспандатады. Қырымбек Көшербаевтың Отпан тауда Адай Ата кесенесін тұрғызу кезінде көрсеткен қайратын жеріне жеткізе жазған. Равиль Шырдабаевқа ілтипатын «Шіркін, Рекеңдер кісі ғой. Кесек, кесек біткен…» деп қып-қысқа екі-ақ сөйлемге сыйдыра алған. Айналасындағы адамдарға, жүрегіне жақын жандарға арнаған сөздері қандай десеңізші! Солардың ішінде екі образ ерекше есте қалады. Бірі – туған ағасы Бердәулет, екіншісі – аяулы жары Дина апамыз. «Қанша ақылды болып туса да, балаға қыста пана, жазда көлеңке бола алатын бір қорғаныш, қорғаныш болғанда құдайға қараған иманды адам сөзсіз керек-ақ. Бердәулет ағамды Алла біздің әулетке солай қылып берген ғой. Менің немді көрмеді, немді көтермеді. Жастық деген жауқазын кезіңнің сал-серілігі өрт қой. Таң асырып суытып қойған, шаппаса төрт тұяғы өртеніп тұратын жүйрік көк дөнен сияқтысың. Кінәла оны, кінәлама – өмірдің заңдылығы. Сол заңдылықтан шығар, ағамның мотоциклін талай ұрлап мініп кеттім қой. Ол аздай ешкімнің қолы жете бермейтін қытай макентошын және өзіне көрсетпей киіп аламын. Бәрінен бұрын мотоциклдің доңғалағы жарылып қалғанда, камерасын суырып тастап, ішіне шөп толтырып қоятын едім. Сонда мыңқ етпейді ғой ағам. Бұл қылығымды туған әкем де, бәлкім, көтермес еді. Бердәулет ағам көтерді. Мені түбі адам болады деп көтерді, маған сенді, үміт артты. Әулетімізге біткен жастығы иір болса да, ертеңгі найзаға сап болар түзу бұтақ деп қарады. Ертерек отау тігіп, үй бол­ғанымды көкседі. Өз түтіні түтесе деді. Менің үйлену тойымды жасаймын деп астын­дағы жалғыз көлігін де сатып жібер­ген». Бәріміздің де туған ағамызды көз ал­ды­мызға келтіріп, жанарымызға жас үйіре жаздай­тын жолдар. Інісіне жазықсыз жала жабы­лып, әулеттің басына бұлт үйірілгенде Бер­дәулет ағасының Бас прокуратура қай­да­сың деп тура Мәскеуге тартып кетке­нін айт­саңызшы. Ақыры сол жақта кірер ада­­мына кіріп, інісінің арызы бойынша тексеру жүр­гізуге қол жеткізіп, бір-ақ қайтады ғой сабаз.

«Баймын деп тасымайтын, кедеймін деп жасымайтын, келбетінен де, істеген ісінен де даналық пен көргенділіктің лебі ескен Дина» деп жазатын Фариза сөзі кітапта барынша айшықты мысалдармен ашылған. Болашақ қалыңдығын киноға шақырудың қиямет-қайымын айта келіп, «Әй, біз әйелді осылай азаппен алдық қой. Қазақ қыздарының иба-инабаты сұмдық еді. Не деген мөлдірлік! Не деген намысқойлық! Шаң тидірмейтін, кір жуытпайтын тазалық», – дейді кітап иесі. Кітап демекші, «Мен – Төкен Танаұлымын» қолжазба күйінде тұрғанда Дина апамыздың Төкеңнің бір бауыры, кешегі өткен ер Рахымжанға хабарласып: «Ағаңды өзің жақсы білесің. Ерлігі де, еркелігі де аз емес. Жас кезінде қызмет деп ойды-қырды көп кезді. Бір төбенің тозаңын бір төбеге қосатын. Мұның бір әдеті бетің бар, жүзің бар демей, бар шындықты бадырайтады да отырады… Қолжазбасын маған көрсетпей, тығып жазды. Сақ болшы, шырағым. Балалар оқиды, немерелер де ержетіп, оң-солын таниды. Елеңдеп отырған ел-жұрт бар…» деуінің өзінде қанша ақыл жатыр!..

Еңбек дедік қой. Төкен Жұмағұлов­тың өмірінен алар басты өнеге – еңбекқорлық. Қайтпас қайсарлық пен ерен намысқойлыққа арқа сүйеген еңбекқорлықтың арқасында құстың қос қанатындай Атырау мен Маңғыстау­дың құлан жортса тұяғы тозатын сайын даласында Жұмағұлов салдырған жолдар қазір де халықтың игілігіне жарап тұр. «Өзім автотрест басқарған 14 жылда Маңғыстаудағы Ақтау – Жаңа Өзен жолынан басқа қалалық құрылыс трестімен бірлесіп басқа да жолдарды салдық. Бұған Ақтау – Форт-Шевченко, Ақтау – Ералиев, Ералиев – Жетібай, Ақтау – Шетпе, Жаңа Өзен – Фетисово, Ақтау – Қаражамбас – Қаламқас асфальт жолдары мен Ақтау – Бейнеу – Опорный жолдары жатады» деген жалғыз сөйлемнің өзінде қаншама қажыр-қайраттың, қаншама білім-біліктің ізі жатыр десеңізші! «Атырау, Маңғыстаудың иен даласында жұмыс істеу осындай аса қиындықтарымен де есте қалды. Мұндағы жұмыс иен дала мен адамның күресі, жекпе-жегі сияқты еді-ау. Сол жекпе-жекте үсідік, күнге де күйдік, сорға да баттық, сүріндік, құладық, бірақ, мұқалған жоқпыз. Біз көріп жүрген көресіміздің өмір екенін түйсініп, білдік. Адамтану да сол өмірді сүру жылдарында қалыптасты». Табиғат пен адамның жекпе-жегі кең Жылыой жеріндегі 1997 жылғы атышулы су тасқыны кезінде де керемет кернеуімен көрінген. Сол тұста аудан әкімі Төкен Жұмағұловтың елді мекендерді аман алып қалған тәжірибесі кейін бүкіл ел бойынша үлгі етіп таратылған. Төкең сол қызметте 4 жыл, 2 ай, 28 күн жұмыс істеп, кейін, ойындағыларын орындап болған соң, кәсіпкерлік жұмысына қайта сұранған.

Кәсібилік пен ойлылық Төкен Жұма­­ғұлов­­тың бизнесті диірмен­дей дөңгелетуіне жол ашты. «Нарық – білгенге ақыл-ой, философия, психология һәм дипломатия. Ал мұның барлығы адамға рухани байлықпен келеді» деген сөздерді де әр кәсіпкер есте ұстаса артық болмас. 2002 жылы «Тенгизнефтестрой» акционерлік қоғамының арқауында құрылған ТНС Групп компаниясының негізгі қызмет салаларына көз салайықшы: өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс; қонақүй қызметін көрсету; сауда жасау; сауда алаңдарын жалға беру; қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру; құрылыс материалдарын шығару; автокөлік саудасы және олардың сервистік қызметін қамтамасыз ету; рекрутинг; ауыл шаруа­шы­лығы; сұйытылған газ саудасы; жолаушылар тасымалын ұйымдастыру; емдеу-сауықтыру қызметі. Әрине, мұның бәріне тек талап пен тәртіптің арқасында ие бола алмайсың. «Қазір жылдық табыс миллиардтап есеп­теледі, тек бюджетке түсіретін салығымыздың өзі 15 млрд 900 млн теңгеге жетіпті», – делінген кітапта. Сол ен дәулеттен мың­даған адамдар нәпақа тапты, барша халық үшін қиынға соққан өтпелі кезеңді қинал­май өткізді. Төкен Танаұлы­ның тынымсыз тірлігінен Атырау мен Маң­ғыстаудың халқы ғана емес, мәдениетіміздің де жақ­сылық көргенін айта кету шарт. Әдебиет пен өнер­дің талай майталманына көмегін беріпті дегенді естіп, алыстан разы болып жата­тынбыз. Оның сыртында «TANARIS» атты жекеменшік кино­компания ашқанын, сонда түсірілген фильмдердің кейбірі Карловы Вары кинофестивалінде бәйгеге түскенін, оларға әлемдік кино­ның Жерар Депардье сынды жұлдызына дейін тартылғанын тағы қосып қояйық.

Төкен Танаұлының ұлттық дәс­түрлері­мізді дамытуға жасап жүрген қызметінің бар қырын қамти сөз етудің өзі қиын. Бір саласын – ат спортымен айналысуын ғана айтайық. Қазақ мұнайының 100 жылдығына ­Атырауда ат жарысы өтіп, сонда бар бәйгені Ақтөбенің аттары алып кетеді. Содан Төкен намысқа шабады. Маңғыстауға барып, он шақты бәйге аттарын сатып алады. Одан әрі Қостанайға тартады. Одан Ресейден, Польшадан таза қанды сәйгүліктер алдыртады. Сөйте-сөйте енді Жұмағұловтың жүйріктері бәйгенің алдын бермеуге айналады. ­Мысалы, Отпан тауда Адай Ата кесенесі ашыларда өткен жарыста алғашқы үш бәйгені де Төкеннің аттары алады. Кезінде Ғабең – Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп жазып еді Абайдың 125 жылдығында оза шапқан Бошай Кітапбаевтың жүйріктері жайында. Енді жұрт «Төкеннің тұлпарлары» деп сөйлейтін болды. Сол бәйгеге тігілген үш көліктің үшеуін де ол сол арада жұртқа таратып беріпті. Басқа бәйгелерде де солай етіп келеді дейді. Әулиенің тікелей ұрпағы ғой, Төкен Танаұлы ұйымдастырған жарыс­тарда неше түрлі таңғаларлық оқиғалар болып жатады екен. Соның біреуіне біз өзіміз де куәміз. 2014 жылдың қазан айында ол кісі Сұлтанәлі, Бегімбет бабаларына арнап ас берді. Мырзатай Жолдасбеков бастаған бір топ зиялы қауым Астанадан, Алматыдан жеттік. Айтқандай, осыған байланысты бір әзіл сөз еске түсіп тұр. Асқа Әбіш аға да шақырылғанын білетінмін, бірақ ол кісі бір жағдайлармен бара алмады. Қазан айының басында өтсе де, сол ас кезінде Жылыой жерінде қатты жел соғып тұрды. Атыраудан біршама алыстығы бар, күннің суықтығы бар, әжептәуір әбігерге түскеніміз рас. Астанаға келгеннен кейін бір бас қосып қалғанда соны Мырзекең екеуміз Әбекеңе айтпаймыз ба. «Сөйтіп, біз бір ерлік жасап қайттық», – деді Мырзатай аға. Сонда Әбекең күледі: «Сауытбектікі ерлік болса, ерлік шығар, ал сенікі жағымпаздық», – деп. Мырзекеңнің Жылыойға күйеу болып келетінін айтқаны. Тана батыр ауылында ұйымдастырылған астың бір сәні ат бәйгесі еді. Бәйгеде үстіндегі бала алғашқы айналымдарда-ақ аттан ауып қалған бір сәйгүлік бүкіл қашықтықты шабандозсыз өтіп, мәреге жетті. Ат спортының үлкен білгірі, танымал жанкүйері Сәдібек Түгел «Егемен Қазақстанға» біздің өтінішіміз бойынша дайындаған «Шабандозсыз мәреге жеткен Көкжүйрік» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 2014 жыл, 3 қараша): «Елдің көзіне бірден түскен көк ат шабандозсыз өзі шалқып шауып барады. Шабысы ширақ, екі күреңнің ортасында басын биік ұстап ойнақтайды. Нағыз бір батырлардың ақбоз атындай көрінді маған. Тек мен ғана емес, сол бәйгені тамашалаған барлық жұрт­тың ыстық ықыласына бөленді бұл жануар. Сөйтіп, Көкжүйрік шабысынан бір танбай, жарыс жолынан шығып кетпей, бір қалыпта 9 ай­налымды – 27 шақырымды шабандозсыз бір өзі әдемі шауып шықты. Ат сүйер қауым оған түрегеп тұрып қол соқты», – деп жазған.

Бір жасында әкеден қалса да, тағдыры жетімдіктің, жоқшылықтың қамытын мойнына ерте салса да, еңбекке ерте араласқан­дықтан мектептегі оқуы шала-шарпы болса да, талабын тұлпар, намысын найза етіп жүріп, тілескенмен тілесіп, тірескенмен тіресіп жүріп, бар мақсатына бірте-бірте жеткен, мейірімділігімен, жомарт­тығымен талайды бақытты ­еткен Төкен Танаұлы Жұмағұлов бәйге ­жолын шабандозсыз-ақ шауып өткен сол Көкжүйрікті еске салады.

Мұндай азаматтарымызды қалай ардақтаудың да артығы жоқ.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *