МЕДИАКЕҢІСТІКТІҢ МАРШАЛЫ

Сұхбат
1 462 Views

Намазалы Омашев 1950 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысының Мерке ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ғылым Академиясы мен Қазақстан Журналистика Академиясының академигі. ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымының, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2004), Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының (2007), «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты (2019).

Н.О. Омашев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1974), М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде кандидаттық (1984), және докторлық диссертациясын (1992) қорғаған.

Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы (1974-1977); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы (1977-1979), аға оқытушысы (1979-1986), доценті (1986-1992), радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор (1993-1995); ЮНЕСКО жанындағы ORBICOM ұйымының мүшесі (1995); журналистика факультетінің деканы (1995-2001); ЮНЕСКО-ның бұқарамен байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі (1996-2009); журналистика мамандығы бойынша Диссертациялық кеңестің төрағасы (1996-2001); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры (2001-2008), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы (2010-2011), Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі (2011 – 2015), қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры (2015-2019), 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры.

Н.О. Омашев – қазақ радиожурналистика ғылымының негізін қалаған, ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым. Оның жетекшілігімен 20-дан аса кандидаттық диссертация қорғалды, 6 докторлық диссертация жазылды. Ол ¬– 7 ғылыми жобаның жетекшісі және соның негізінде жарық көрген 18 томның жалпы редакциясын басқарған ғалым. Сонымен бірге 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағының, 3 монографияның, 3 оқулықтың, 7 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 6 оқу құралдарының және 500-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы.

Н.Омашев 2001жылы Қазақстан Республикасының 10 жылдығына ҚР президенті Н. Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды; 2002 жылы журналистикаға сіңірген еңбегі үшін «Алтын самұрық» төс белгісіне ие болды; 2003 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды; 2004 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының «Құрметті азаматы» атанды; 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медаліне ие болды; 2007 жылы М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Құрметті профессор», 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алды; 2010 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Тіл жанашыры» белгісімен, 2013 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды; 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медаліне, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті отандық ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін «Күлтегін» медаліне, «Әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медаліне ие болады; 2016 жылы «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ–20 жыл» медалімен марапатталды.

Н.О. Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде: Лас-Вегас (АҚШ, 1998), Париж (Франция, 1999), Монреал (Канада, 2000), Москва (Ресей, 1980-1992) және т.б. халықаралық конференцияларда жасаған баяндамалары жоғары кәсіби бағаға ие болды. 2001 жылы Н.О. Омашевқа Кембридждің (Англия) Халықаралық өмірбаяндық орталығы “Жыл адамы” деген атақ берді, “Тану декларациясы” және “Құрмет медалімен” марапатталды. 2007 жылы осы ұйым ХХІ ғасырдағы аса көрнекті тұлғаларының тізіміне енгізді.

2002 жылдан Қазақстан Журналистикасы академиясының, 2003 жылдан Қазақстан Республикасының жоғары мектеп Ғылым Академиясының толық мүшесі (академик), «Егемен Қазақстан» газеті тәуелсіз директорлар кеңесінің, «ЕНУ хабаршысы. Журналистика сериясы» журналының, «Дәуір» журналының алқа мүшесі.

Ал 1995 жылы ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша Дүниежүзілік ORBICOM ұйымының мүшелігіне өтіп, «ЮНЕСКО профессоры» атанды. 1996 жылы ЮНЕСКО-ның бұқаралық байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі болды.

Ол тәжірибесі толысқан журналистік білім берудің маманы ретінде 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне шақырылып, еліміздегі тұңғыш Журналистика мәселелерін зерттеу институтын ашты. Бүгінде он жылдық тарихы бар бұл институтта 5 ғылыми жоба орындалып, 20-дан аса ғылыми еңбектер мен оқулықтар жарық көрді. Олардың барлығы да қазіргі оқу процесінде кеңінен қолданылып келеді.

Ол 2010-2011 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет Журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына зор үлес косып, тұңғыш деканы, кейіннен баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі болды (2011-2015жж.). Осы факультетті басқарған жылдары журналистика мамандығы бойынша докторантура, «Қоғаммен байланыс» мамандықтары ашылып, алғашқы талапкерлерін қабылдады.

Намазалы Омашұлы – алдымен республикаға танымал журналист. Оның қаламынан туған шығармаларынан өтіп жатқан өмірдің бедер-белестерін, көріністерін көргендей күй кешеміз.

Намазалы Омашұлы — журналистиканың танымал теоретигі, өз саласының білгір маманы, оны дамытуға зор үлес қосқан ғалым. Бұл ретте Намазалы Омашұлының 500-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалар, отыздан аса кітап шығарғандығын айтсақ та жеткілікті.

Қазақ журналистикасы ғылымын, оның ішінде отандық радиожурналистиканы терең зерттеген әйгілі ғалым, журналистика әлеміне мыңдаған таланттарды, шәкірттерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы Омашев 70 жасқа толды. Жақында отандық МЕДИАКЕҢІСТІКТІҢ МАРШАЛЫ, өнегелі ғалым-ұстазбен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Журналистика туралы сөз болғанда еліміздегі журналистика мамандығы бойынша қазіргі ұстаздардың ұстазы өзіңіз көз алдымызға келесіз, аға! Бүгінгідей цифрландыру дәуірі күшіне ене бастаған тұстағы БАҚ-тың бүгіні мен ертеңі туралы не айтасыз? Ұтқан, ұтылған тұстарымыз бар ма?

– Бүгінгі цифрландыру дәуірі жаһандану дәуірі. Бұл тұстағы БАҚ-тың жағдайы әсіресе, түрлі желілерге байланысты. Осы желілер БАҚ-тың бір жағы бағы, бір жағы соры болып тұр. Бағы дейтінім, осы желілерден күмән туғызбайтын белгілідегі тың дүниелерді, жедеғабыл яғни оперативті дүниелерді БАҚ-қа да алуға болады. Бұнысы ақпаратты көбірек жеткізу жағынан тигізіп отырған ықпалы. Соры дегеніміз, кәсіптік журналистика екінші планда қалып, қалай болса солай, әйтеуір ақпаратты ертерек жеткізу, қарадүрсін жеткізу, анайы жеткізу, тұрпайы жеткізу деген мәселелер етек алып бара жатыр. Дәстүрлі БАҚ осының тасасында қалып қоятындай. Ел баспасөз емес, тіпті телевизияның өзін көрмеуге айналды. Бірақ, бұл уақытша ғана дүние деп есептеймін. Өйткені кәсіптік журналистика атам заманнан бұндай талай процессті бастан кешіріп, аман-есен келе жатыр. Сондықтан айтарым, БАҚ-тың келешегі өте тәуір болады. Қоғамда БАҚ бұрын қандай орын алса, сондай өзінің орнын алады деп ойлаймын. Рас, енді оның ақпараттық технологиялары жетіледі, заманға сәйкес болады. Олар дами береді, небір жаңа түрлері енеді. Ал бірақ қоғам жайлы негізгі ойды айтатын – БАҚ салалары, басылымдар, арналар. Осылар өз деңгейінде жұмысын жүргізе беретініне ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені әр түрлі әлеуметтік желілер БАҚ-ты алмастыра алмайды.

– Публицистика туралы пікіріңізді білгіміз келеді. Ол туралы Т.Амандосов, В.В.Ученова, Е.П.Прохоров және басқа ғалымдар ойлары белгілі. Сіздіңше бұл құбылып отыратын шығармашылық түрі ме әлде өзекті мәселелер мен құбылыстарды саралайтын, табиғаты өзгеріссіз қала беретін журналистика әлемінің төресі ме?

– Иә, «публицистика – дәуір үні» деп жазды кезінде Тауман Салықпаевич Амандосов. Сол сияқты анау Владимир Ильич Лениннен бастап публицистикаға анықтама берген орыс оқымыстылары көп. Ученова, Прохоров және басқа ғалымдар: «Публицистиканың негізгі міндеті бүгінгі күннің тарихын жазу», – деді. Ленин: «Журналист – үгітші, насихатшы және ұйымдастырушы», — деген екен. Енді осы құбылып отыратын шығармашылық түрі ме, әлде, өзекті мәселелер мен құбылыстарды саралайтын, табиғаты өзгеріссіз қала беретін нәрсе ме дегенге келсек, әрине, публицистика деген кез-келген жазылған нәрсе емес. Публицистика деген сол кездің тарихын жазатын шығарма болса, соның ішінде пафосы жағынан, жазылу шеберлігі жағынан, көтерген мәселелері жағынан терең, биік деңгейде жазылған дүниені публицистика дейді. Болмаса, қарабайыр, қалай болса солай беріле салған дүниені публицистика деп атамайды. Жалпы, публицистиканың өзінің екі мағынасы бар: кең және тар. Кең мағынасы дегенде, тарихшы болсын, математик болсын, журналист болсын, әдебиетші болсын егер де сол уақыттың тынысына байланысты соның тарихын жазатын болса, ондай адамды публицист деп айтамыз. Бұл кең мағынасында. Ал енді баспасөз жанрларының ішінде публицистикалық мақала деген бар. Бұл кезде публицистиканы тар мағынасында алып отыр. Яғни, пафос пен жоғары, биік деңгейді ойнатып, құбылтып, құтыртып, уақыттың тынысын дәл беріп жазатын болса оны публицистика дейді. Баяғыда, біздің аға газетіміз «Социалисттік Қазақстан» сияқты газеттер бір мерекенің тұсында жазғыш кісілерге, Жекен Жұмаханов, Жұмағали Смағұлов сияқты, сондай төселген, әдемі жазатын, төгілтіп жазатын кісілерге публицистикалық мақалалар жазуға тапсырмалар беретін, сөйтіп жаздыратын. Публицистиканы мен осылай түсінемін, түсінігім осы. Бұл өзгеріссіз қалады, әрине.

– Бүгінгі журналистердің несі ұнайды, қай тұсына айтар сыныңыз бар?

– Бүгінгі журналистердің тікелей эфирге шығып, ойын еркін айтып, қысылмай, қымтырылмай жеткізетіндігі  артықшылығы болды. Кезінде біздің небір майталман деген қалыптасқан журналистеріміздің өзі тікелей эфирге шығуға қиналатын, қысылатын. Қазір қаршадай қыздарымызға дейін радионың алдында сағаттап отыра береді. Бұл тағы да бір жағынан артықшылығы, екінші жағынан оның кемшілігі. Бұрынғылар әр сөзін жұптап, ойын саралап айтатын, сөйтіп шығатын болса, қазір «сол сұрақтарға байланысты көрерміз» деп отыра береді де, соңында айтатын әңгімелері қарапайым емес, қарабайыр болып шығады. Содан не болса, соны айтып кетеді, бұл әрине жетістік деп айтуға қиын. Менің айтатын сыным осы. Қазір баспасөзде де бұрынғыдай емес. Бұрындары кез келген материалды редакциялап, оның суын сығып алып, керемет сөзге сараң, ойға бай жасайтын еді. Қазіргі  кім қалай жазса, солай басыла береді. Сондықтан бұл екеуі де артық деп есептеймін. Редакциялайтын жерде редакциялау керек, еркіндік беріліп, әр журналистің стилін сақтаймыз деген жерде солай болуға тиісті. Сондықтан шығармашылық мәселесіне бір-ақ жақты баға беріп қою қиын.

– Газеттердің санының азаюы оған кететін шығындардың көптігінен бе, әлде қазіргі журналистер замана талаптары үдесінен шыға алмай жатыр ма?

– Газеттердің санының, яғни таралымының азаюы меніңше, жазылатын адамдардың аздығынан. Бұрынғы таралатын мекемелер де аз жазылатын болуға тиісті. Өйткені ақпарат көздері өте көп. Біз әлеуметтік желілерден, телевизиядан, радиодан тыңдаймыз дегендей сылтауларынан қазір жалғыз газет емес, кітаптардың да тиражы азайып кетті, сол сияқты газеттердің де тиражы азайып отыр деп есептеймін. Бірақ, әрине, әлеуметтік желілерден алған ақпарат пен газеттің берген ақпараты бірдей емес. Газеттердің көбі шындыққа сәйкес келетін, нанымды дүниелерді көз жеткізіп, талдап, таразылап барып береді, ал әлеуметтік желіде не болса, соны тықпалай береді, ол ақпараттың бәрі бірдей адамға пайдалы деп есептемеймін, әсіресе жастар үшін. Қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ақпараттық қоғамда газеттің ақпараты әркімге де керек.

– Ғаламтордағы сайттар мен порталдардың көпшілігі журналистика талаптарына сай емес, олардың көбі ұсақ-түйек ақпараттар мен жеңіл-желпі дүниелерді жариялаумен ғана шектелуде деген пікірге қосыласыз ба?

– Жалпы алғанда, сайттардың көркемдік деңгейінің төмен екендігін білемін, белгілі. Оны көпшілік те солай ойлайтын шығар деп ойлаймын. Бірақ дегенмен де сайттардың ішінде сайты бар. «Abai.kz» деген сайтты қараймын. Бұл көркемдік жазу жағынан да жалпы, мақаланы беру, тақырыпты көтеру, оны қаузау, оған пікірлер беру жағынан ешқандай басылымдардан кем емес. Проблеманы да жақсы көтереді. Жан-жақты пікір айтылады. Талдану жағы да сондай, сосын кісінің көңіліне қарамайды. Неғұрлым сол шындыққа жанасымды етіп береді. Оның үстіне әсіресе саясаттағы мәселелерге байланысты, тіпті билік тарапынан болатын кемшіліктерге байланысты олардың еркін ойлары мен үшін жоғары. Мен өзім үнемі күнде мәселен, ертеңгісін mail.ru-ды ашып қараймын. Сосын «Abai.kz-ті», сосын «Жас Алаштың» сайтына үңілемін. Бұл мен үшін өмірдегі ақпаратты толық алуым үшін және солар туралы көпшілік пікірін анық білуім үшін өте керекті. Сондықтан оның бәрі жеңіл-желпі дүние деп алуға болмайды. Әр портал, әр сайт өз шамасына қарай әртүрлі жариялап, әртүрлі деңгейде көрініп жатыр.

– Жаңалықты тек смартфондардан ғана білуге үйренісіп қалған оқырмандар назарын мерзімді басылымдарға бұру мүмкін бе? Бұл үшін БАҚ басшылары не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Ойланып, толғану керек. Кез келген проблеманы шешу үшін міндетті түрде ол қиыншылықтарды бастан кешіру керек. Уақыт оңай емес қазір. Порталдағы жаңалықтарды көпшіліктің пайдаланатыны рас. Бірақ келе-келе, егер басылымдар өзінің шынайы ақпарат беретіндігін, оны талдап, жаңылыстырмай беретіндігін, сосын соған әділ баға беретіндігін, халыққа, ел-жұртқа дәлелдесе, көбінде халық шатаспас үшін, жан-жақты ақпарат алу үшін, шынайы, әділ ақпарат алу үшін міндетті түрде  жанағы басылымдарға болмаса радио, телевизия хабарларына көбірек мән береді. Менің де айтып отырғаным сол. Сондықтан бұл екеуі де қазіргі қоғамда керек. Интернетті де жауып тастауға болмайды. Оның өзінің аудиториясы бар. Көбінде билік басында отырғандар, центристер, ғалымдар, сосын саясаткерлер БАҚ-тағы ақпаратты қажетсінеді деп ойлаймын.

– Жасыратыны жоқ, көбінесе еліміздегі мемлекеттік басылымдар ғана үкіметтен қаржы алып отыр. Келешекте жекеменшік газеттерді де бюджеттен қаржыландыруды мақсаткерлікпен жолға қою үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?

– Иә, бұл енді мемлекеттің иелігінде. Билік өздеріне керекті деген басылымдарды көбірек қаржыландыратыны рас. Бұқаралық ақпарат құралдарын қайдам, қоғамның басқа салаларында кейбір жеке меншік, бала-бақшаларды қаржыландыру, мектептерді қаржыландыру біздің қоғамда басталды ғой. Сол сияқты бізде де егер де халыққа ұнамды, халық сыйлайтын, халық жазылып алып оқитын, халық сенетін басылымдар шыға бастаса міндетті түрде мемлекет оны қаржыландырады деп ойлаймын. Өйткені мемлекетке өзінің қызметін атқаратын, жақсы атқаратын оның үстіне, елге, жұртқа пайдалы, мемлекетке пайдалы басылымдар керек. Сондықтан тек ел-жұрт қажет ететін, яғни халықтың көзі, құлағы, һәм тілі болатын басылымдарға айналса, оған әр уақытта халық тарапынан, мемлекет тарапынан болсын қаржы, қолдау табылады деп ойлаймын.

– Ойына келгенді беретін сайттардан гөрі мазмұнды, тәрбиелік мәні бар материалдарды жариялайтын мерзімді басылымдарға мемлекеттік қамқорлықты күшейту туралы пікірлер бар. Осы істі ұлт мұратына пайдалану үшін нендей шараларды жүйелі қолға алған жөн деп ойлайсыз?

– Әрине ұлт мұратына пайдалану деген үлкен сөз. Оның үстіне абстрактылы ойлау, кең ойлау. Ұлт мұратына пайдаланады ма, басқаға пайдаланады ма мен алдыңғы сұрақта айттым, ол халық сүйетін, ел тыңдайтын, ел бағалайтын, ел оқығысы келетін, жұрт жазылып алатын дүниенің елге қызмет етуі ұлттың мұратына қызмет етуі деп есептеймін.

– Сіз 10.01.10 – Журналистика шифры бойынша шетелде докторлығын қорғаған санаулы ғалымның бірісіз. Журналистика ғылымы туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ оны бәзбіреулер ғылымның жеке саласы ретінде мойындай қоймайтын сыңайлы. Сіздің пікіріңіз?

– Иә, мен таза журналистика шифры яғни 10.01.10 шифр бойынша Мәскеуде докторлық қорғадым. Осы журналистика ғылымы туралы аз жазылатын себебі журналистика ғылымы таза ғылым ретінде өзі кеш қолға алынған. Мәскеудің өзінде кеш болды, кеш дамыды. Деседе оның небір майталмандары, дүние жүзіне танымал үлкен ғалымдары болған. Біздің Қазақстанда бұның аз айтылатын себебі шындап келгенде осы шифрменен бірен-саран ғана адам бар болуы. Бізді де мойындағысы келмейтіндер бар. Қорғар кезде де, қорғағаннан кейін де, содан кейін шәкірттерімізді тәрбиелеу үстінде де осыны жеке ғылым ретінде мойындамау қиыншылығына тап болдық. Өзгелер емес, біздің қатарымызда жүрген, журналистика факультетінде сабақ беретін бірақ өздері филологиядан, тарихтан келген ағаларымыз, белгілі деген ғалымдардың өзі іш тарта қойған жоқ. Оның себебін мен айтып отырмын, ол басқа ғылымдармен салыстырғанда жаңа сала, тосын сала, олар біліңкіремейтін нәрсе. Сондықтан адами пендешілік деген болады әр уақытта. Біздердің өздерімен қатар тұрғанын қаламайтын кісілер көп. Солардың ықпалы болар шамасы.

– Егер біз журналистиканы жеке ғылым саласы десек неге «Журналистика ғылымының» докторы яки «Журналистика PhD докторы» деген ғылыми дәреже жоқ? Жақын шетелден 10.01.10 – Журналистика шифры бойынша докторлық диссертация қорғап келген бір әріптесімізге Білім және ғылым министрлігінің өкілетті мекемесі «Журналистика бойынша философия докторы» деген ғылыми дәреже бекітіпті. Әлде бұл еліміздің оқу жүйесі Болон процесімен байланыста тұрғандықтан болар. АҚШ-тың кейбір университеттерінде Doctor of Science деген дәреже бар. Сондықтан тәуелсіз ел ретінде мұны әлі де қарастыру кеш емес сияқты.

– Иә, журналистика ғылымының докторы, журналистика Phd докторы деген ғылыми дәреже неге жоқ деп отырсыздар, мен тағы алдынғы сұрақпен байланыстырып айтқым келеді. Журналистика ғылымы кеш дамығаннан кейін филология ғылымдарының докторы деп көпше айтып отыр. Ол жерде фольклор кетеді мәселен, оның теориясы кетеді,  мәселен орыс филологиясы, қазақ филологиясы деген шифрлары кетеді. Сөйтіп 10-шы яғни мынау «10.01.10»  09-дан кейін келетін 10 – журналистика мамандығы деп бөлініп қойылған. Меніңше Ғылым және білім министрлігі, өкілетті мекемесі журналистика бойынша философия докторы деген ғылыми дәреже бекітіпті. Оған ешқандай өкінбеу керек. Философия докторы деген барлық ғылымдарға беріле береді. Айталық, әдебиет бойынша философия докторы, тарих бойынша философия докторы деп берілсе оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Сондықтан «Журналистика бойынша философия докторы деген өте дұрыс деп есептеймін. Doctor of sciences яғни ғылым докторы деген сөз. Мәселен біз қолымызды кейде ғылым докторы деп қоя саламыз. Филология ғылымының докторы, тарих ғылымының докторы деп жазып жату артықтау болған кезде doctor of sciences деген сөз айтылады. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұл жерде журналистика бойынша философия докторы десе бізге сол жетіп жатыр деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

профессор, «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *