Дос КӨШІМ,саясаткер: «БІЗ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ КҮТЕМІЗ»

Саясат Сұхбат
1 381 Views

116 РЕТ ӨЗГЕРІСКЕ ҰШЫРАҒАН КОНСТИТУЦИЯМЫЗ – ҚҰРАҚ КӨРПЕ!

– Кешегі қаралы қаңтар оқиғасынан кейін ендігі қоғамның беталысы қалай қарай бағыт алуы мүмкін?

– Шынымызды айтсақ, оны өзіміз де білмей отырмыз. Менің ойымша, қоғам аз уақытқа үзіліс жасайды. Себебі, осы оқиғаны қорытып алуымыз керек. Талдау, сараптау жасалуы қажет. Бізге ондай мүмкіндік берместен, ел іші ес жиып үлгермей Тоқаевты ақ атқа мінгізіп, «бізге азаттық алып беруші, еліміздің қорғаушысы, патшамыз, тәңіріміз…» деген секілді асқақ сөздер айтылып, ұшқары баға беріп жатыр. Бюджеттік бұқаралық ақпарат құралдары, кейбір депутаттардың айтуына қарағанда осындай қысылтаяң сәтте қаһарман адам өмірге келген секілді. Бірақ үш жыл бойы дәл оның бойынан сондай қайраткерлікті көрген жоқпын. Кенеттен оянып кеткен қандай кемеңгер саясаткер екенін білмеймін. Бір жағынан кешегі оқиғадан кейін халықтың өзі сәл кідіріс жасап, үнсіз қалғандай. Әліптің артын бағуға көшкен сыңайлы. Халық қайтадан алаң алдына жиналып, бас көтеруі мүмкін бе? Меніңше талап ету наразылықтары енді бір-екі жылсыз болмайтындай. Оған да уақыт керек. Дәл қазіргі ахуал осыны меңзейді. Қоғам енді күту, демді алып алу, қорыту процесінде дәл қазір.

– Халық нақты не күтіп тұр?

– Біріншіден халықтың бір бөлігі – әлеуметтік-экономикалық мәселеден өзгеріс күтеді. Мәселен, жақсы өмір сүру, бақуат тұрмыс кешу, бағаның, бензин мен жанармайдың арзандауы, инфляцияның төмендеуі, жалақының өсуі деген секілді. Тұрмысы түзелсе, соған ырза болып, тіршілік дөңгелегін сүйретіп жүрген қарапайым халық бар. Бұл бірінші топ. Халықтың арасында тағы екінші топ бар, бұлар кешегі өзгеріске орай биліктегі кадрлық ауыс-түйіске мәз болып отырғандар, «анау кетті, мынау қалды, анадан құтылдық…». Дегенмен, кадр ауысқанмен мұның бәрі бір жүйенің адамдары. Шаршы алаңда доп қуып жүрген бір футбол командасы секілді, формасы бір, мақсаттары да бір адамдар. Қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосындысы өзгермейтінін әлі күнге миымыз жетіп сезінген жоқ сияқтымыз. Бұл адамдардың фамилиясы ауысуы мүмкін, бірақ бағыт-бағдары, қызметі ауыспайды. Халықтың үшінші бір тобы бар – шын мәнінде демократиялық реформаны күтіп отыр. Демократиялық реформа деп нені түсінеміз? Бұл сайлаудың әділетті болуы, ерікті сайлау институтының орнауы, басқа да бірнеше бәсекелес саяси партиялардың оңай тіркелуі, саяси қоғамдық топтардың аренаға шығуы, сол арқылы жаңадан парламенттің жасақталуы. Міне, шын өзгеріске нақты жасалған қадамдар осылар! Қысқасы жоғарыда айтылған әрбір топ өзінің деңгейіне байланысты талап қойғысы келеді, өз деңгейіне сай өзгеріс күтіп отыр.

Ең бастысы Президент үкіметке тапсырма берді. Енді алда үкіметтің ұсынған бағдарламасы арқылы біраз жайтты аңғаруға болады. Үкіметтің әлеуеті бұрынғы күйінше ме, жоқ жаңа леп бар ма? Әйтсе де жаңа бағдарлама ұсынған жағдайда оны жүзеге асыратын да сол өзінің бұрынғы командасы. Сондықтан аса өзгеріс болады деп айта алмаймын. Егер үкімет құрамына су жаңа топ келсе, жаңа саяси күш келсе онда әңгіме басқа!

– Сіз жаңа үкімет құрамында болсаңыз, қандай бағдарламалар ұсынар едіңіз?

– Мен үшін ең басты мәселе – ұлттық мәселе! Ұлттық мәселеге – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, өзге елдегі қазақ қандастардың атажұртқа оралуы, қазақ ұлттық мәдениетін жоғары қою, жаппай орыс тілді ақпараттардың Қазақстанға енбеуі, сырттан келетін ақпараттарды белгілі бір деңгейде шектеулер қойып реттеу, ұлттық идеологияның мемлекеттік идеологияға ауысуы деген мәселерді бірінші орынға қоямын. Міне, мен жаңа биліктен осындай өзгерістерді көргім келеді.

Себебі, ұлттық тамырымызды қайта тірілтпесек, бәрі бекер, ештеңе өзгермейді, коррупциядан да құтыла алмаймыз. Осы жүйеден де құтыла алмаймыз, менің оған көзім анық жетті. Екінші мәселе – бұл демократиялық реформалар. Ең алдымен саяси партиялар туралы заң толығымен өзгеруі керек. Өзгертулер мен толықтырулар емес, меніңше қайтадан жазып шығуы керек. Мұнан кейінгі өзгертілуі тиіс – сайлау туралы заң. Пропорционалды ма, мажоритарлы бола ма, қандай сайлау түрі болсын тәуелсіз, ерікті және әділетті сайлау жүйесін ендіру керек. Мұнымен қоса, конституцияны толық өзгертудің де өзекті. Осы уақытқа дейін 116 өзгеріс болыпты, бұл конституция емес, құрақ көрпе болды деген сөз. Қысқасы, негізгі үш мәселе: саяси партия, сайлау туралы заң және конституцияға өзгеріс енгізу мұның барлығы демократиялық реформалар!

Сол себепті, алдымен ұлттық құндылықтардың жаңғырта отырып, демократиялық реформаларды ендіру қазақты қандай қиындықтан да алып шығады.

– Ел ішінде Тұңғыш Президент туралы заңға өзгерістер енгізу жөнінде петиция жарияланды.

– Менің әлі есімде, АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсонның айтқаны бар: «Мен өзімді сынау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік беремін» дейді. Сондықтан Президенттен бастап министрлер, әкімдер міндетті түрде сынға ұшырайды. Сынға ұшырамаса өзгеріс ешуақытта болмайды.

– Әлгі сіз шартты түрде үшінші топта жатқызған демократияшыл көшбасшылар халықтың қанша пайызын құрауы мүмкін?

– Менің ойымша әрі кетсе 5 пайыз. Кез-келген мемлекетте саясатпен айналысатын, немесе өзгерістерді барлай білетін, көре білетін, саясатқа араласатын кейде екі-ақ пайыз ғана шығады. Көзі ашық азаматтар соларды таңдап, іздерінен ере білетін болады. Сол 2 пайыз көшбасшы демокартиялық 5-6 бағытты ұстап тұрса, қалған 98 пайыз халық қай бағытты таңдайтынын өзі шешеді, өздері қайсы бұрыс, қайсы дұрыс бағалай сараптай біледі. Бізде шын лидерлерді бағалай білетіндей деңгейге жете қойған жоқпыз. Біз кез-келген ұранның соңынан еріп кетеміз.

– Бізде көшбасшы лидерлер бар ма?

– Өте көп. Бірақ оларды «Хабар» телеарнасы шығармайды, «Егемен Қазақстан» мақаласын баспайды. Баспасөз бетінен көрсек, халық айтар еді, іштей сараптайтын еді: «еее, мынау ақылды екен», «мынау ақымақ екен» деп… Мен өзімнің білгенім, Елбасы үш мәрте сайлау кезінде дебатқа шықпай қалды. Яғни, дебаттан бас тартты. Өйткені, біреумен қатар тұрса, халық салыстырады. Салыстырмалы түрде өзінің төмен екені жұрттың көзіне түседі. Мен ойлап едім, Тоқаев олай етпес деп, жоқ, өткен сайлауда ол да пікірсайыстан бас тартты. Өздеріңіз білесіздер, Әміржан Қосановпен дебат барысында бой көрсетпеді. Мұны сайлаушыларын сыйламау дейді. Шетелде дебаттан бас тартқан кандидаттарға ешкім дауыс бермейді, өйткені ол халықтың алдында шығып өзінің ақылды екенін, бағытының дұрыс екенін көрсете алған жоқ. Үміткер өзінің мықтылығын бәсекелесімен тең отырып көрсетіп, халыққа дәлелдеп беруі тиіс еді. Екеуі де теледидардың алдында жарысуы керек.

– Сіздіңше мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елді осы тығырықтан алып шыға ала ма?

– Осы тығырыққа өзі алып келді және тығырыққа жеткізген топтың адамы ол. Әу баста Елбасымен бірге саяси экономикалық құлдырау жағдайына алып келген, кезінде Қазақстан үкіметінің Премьер-министрі болған, министрлікті де басқарды, демек ол осы номенклатуралық топтың ішінде. Соның өкілі. Өзінің жасаған билік жүйесін өзі өзгерте ала ма? Саяси күш-жігері жете ме, жетпей ме, білмеймін. Мен бір нәрсені білемін, жалғыз өзі ешнәрсені өзгерте алмайды. Реформа командамен атқарылады. Алдымен оның қасында сондай топ бар ма? Мысалы Ерлан Қарин қазір мемлекеттік хатшы қызметіне кірісті. Ол бес жыл бойы «Нұр Отанды» басқарған адам. Ендеше ол қандай жаңа Қазақстан жасайды, айтыңызшы?

– Иә, үкімет қайта жасақталды, дегенмен бұрынғы құрам десе де болады. Үкімет құрамының елде дүрлігу, халық көтерілісі мен талабы қатайып тұрса да, осыншалықты жаңармауының, бір орыннан мызғымауының себебі не?

– Себебі, әр уақытта билікті алған топ биліктен айрылғысы келмейді. Алдымен халықтың саяси сауаты жоғары деңгейге көтерілуі керек. Шымкентте Жарқынбек Сейтімбет деген жолдасым бар. Ол «демократиядеген не?» деп үш жүз полицейден сұрадым, біреуі жауап бере алмады дейді. Қысқасы, біз демократияның не екенін білмей демократия құрғымыз келеді. Томас Джефферсонның тағы бір сөзін еске сала кетейін, «Егер қоғам қараңғы қапаста отырып, нағыз саяси демократиялық қоғам орнатқысы келсе, онда ешқашан орындалмайтын арманға ұмтылғаны» дейді. Демек, қоғам саяси надан күйінде қалса, онда ол демократияға қол жеткізе алмайды. Сондықтан ең бірінші халықтың ояну деңгейі. Бәсекелестік әділетті түрде болуы керек. Жоғарыдағы Парламентте отырған бес партия бір-бірін бұрыннан қолдап жүрген партия. Егер шынымен елде 5 партия болса, бесеуі 5 премьер-министрдің кандидатурасын ұсынар еді ғой. Жоқ, олардың бәрі бір топ, іштей ғана бөлінеді. Мұны мен демократияның декорациясы деймін. Сондықтан осындай бәсекелестік болатындай әділетті сайлау заңы болса, сонда ғана жүйені бейбіт түрде өзгертуге қадам жасай аламыз,!

– Халық арасында екіұдай пікір айтылып жатыр: бірі халықтың рухы көтерілді, оянды, енді қайтпайды, тайсалмайды десе, енді бірі бейбіт шерушіге оқ атып, жазықсыз құрбандардың қайғысын көтере алмай, сағы сынды, беті қайтып қалды дейді? Сіздің пікіріңіз?

– Жоқ, халықтың рухы оянған жоқ. Бірақ, биліктің әлсіз екенін көрді, бұрын халық «билік күшті» деп ойлайтын. Енді көзі жетті. Халық ақылды болса, базбұзарлыққа жол бермейтіндей деңгейде неге шеру жасамадық деп өкінетін шығар. Өйткені, Жаңаөзен мен Маңғыстау басқа қырын көрсетті. Олардың арасында да айқайшылдар, бүлікші содырлар болды. Олардың аузын аштырған жоқ. Ақтөбеде «Ұлт тағдырының» азаматтары 4 қаңтар күні алаңға шығып, «Ай, жігіттер, дәл сендер сияқты осыдан отыз бес жыл бұрын біз осы алаңда тұрдық, тәуелсіздікті аңсадық, бірақ біз бір терезені шаққан жоқпыз, бір есікті сындырған жоқпыз. Бірақ біз Тәуелсіздік алдық» депті. Сондай мәдени деңгейдегі бейбіт қарсылықты халық үйрену керек. Кешегі көтеріліс халыққа сабақ болды. Бұл сабақ екі жүзден аса құрбандардың қанымен келді. Егер тоқсаныншы жылдардан бастап билік бізге бейбіт шеруді өткізуге рұқсат бергенде, мұндай сойқан болмас еді.

Әскери ұйымдар тек сыртқы жаудан қорғанғанда ғана көмектеседі. Президент өз аузымен 20 мың содыр іштен келген жау деп мәлімдеді. Алматыға 20 мың кірсе, басқа бес облысты қосқан кезде елу мың адам кіргені ғой, бұл мүмкін емес, өтірік. Мұны прецедент дейді. Бұл сөздің қазақша аудармасы жоқ екен. Бұл осыдан басталады, ертең Белоруссияда да халық осылай көтерілсе, немесе Арменияда көтерілсе, дайын тұрған әскерді кіргізе салады. Бұл қауіпті мәселе, 1956 жылы Венгрияда да осындай қантөгіс болып, Совет үкіметінің әскері кіргенін білеміз. Ұмытпасам, 1968 жылы Прагаға кіргенін білеміз. Сол жердегі халық бізге социализмнің керегі жоқ дегенде сол жердің халқын қанға бөктірген. Менің қорқатыным және шетелдің қорқып отырғаны осы. Тек халық қарсы шықса болды, тек сырттан әскер шақырады болды. Еш өзгеріс болмайды. Екінші мәселе, Тоқаевтың оқ атуға берген бұйрығы. Мұның бәрі демократияға қарсы деген мәселемен бұлар осы нәрсеге көп көңіл бөліп отыр.

Біздің қарулы армиямызда 70 мыңдай әскер бар. Оның өзі ішкі мәселеге араласпау керек, бұл дүниежүзіндегі заң. Тек ішкі әскерлер мен полиция араласуы керек мұны тоқтатуға. Ұмытпасам, бізге 20 мың ішкі әскер бар. Ал армия тек сыртқы жаудан қорғайды. Ішкі төңкеріске ешуақытта араласпайды. Бірақ, бес қала дүр ете қалса, олардың күші жетпейтіні айдан анық.

2007 жылы «Шаңырақ оқиғасы» болды. Шаңыраққа Алматының алты ауданынан бүкіл әскерді әкелді, біреуі шопыр, біреуі оперативник, біреуі балалар полицейі, бірі із кесуші, тергеуші бәрін жинап әкелді. 960 адамды Шаңыраққа қарсы салды. Екі-үш мың «Шаңырақтың» адамдарынан талқаны шығып жеңілді, Сондықтан бес облыс жиырма қала бас көтерсе, оларды басатын адам жоқ.

Қазір Президент ішкі әскерді күшейту керек, оларға қару-жарақ беру керек, оқыту керек, адам санын көбейту керек деп мәселеге көшті. Осы жолы армия араласты ма, жоқ па? Армия ма террорлармен күрескен, әлде ішкі істер органы ма, бұл әлі жұмбақ?

– Келесі Президент ретінде кімдердің кандидатурасын атай алар едіңіз?

– Дәл қазір дөп басып айтуға болмайды. Алайда мен екі шарт қояр едім, бұрын коммунистік партияның мүшесі болмаған, олар енді аз қалды ғой. Екінші отыз жыл бойы билікте болмағандар. 2016 жылы жер комиссиясы болғанда, мен қаттырақ сөйлеп қойған болуым керек, 2017 жылы сайлау заңына өзгерістер енгізілді. «Міндетті түрде мемлекетте 5 жыл қызмет істемеген адам Президент үміткері болмайды» деген. Маған жігіттер телефон соғып, бізге арнап заң шығарыпты деген. Қысқасы, осы билікте болмаған адамдардың келгені керек маған. Оларды мен таза деймін. Ал осы биліктің ішінде болып, ойбай мен бұларға қарсымын десе, баяғы да Шыңғыс хан басын алады екен. Сен өзіңнің тобыңды сатып кеттің деп… Сол сияқты Назарбаевтың, Тоқаевтың қасында жүргендер ертең мен сайлауға түсемін дейтін болса, бұл жүйені өзгертем десе, өздерінің топтарын сатқан сияқты болады.

– Пікір білдіріп, ой бөліскеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан:

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *