МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ ЖАЛҒАСУДА

Білім Қоғам
2 006 Views

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларын тамақтандыру сапасына мониторинг жүргізу мақсатында құрылған ведомствоаралық сараптама топ жұмысын бастады.

Ведомствоаралық сараптама топ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы аясында және «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасын жүзеге асыру мақсатында мектеп асханаларына мониторинг жүргізеді. Комиссия құрамында ата-аналар комитетінің өкілдері, «Нұр Отан» партиясының белсенділері, қалалық білім басқармасының басшылығы, қоғамдық және этно-мәдени ұйымдардың, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бар.

Сараптама тобы өз жұмысын А.С.Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясынан бастады. Мектепте асхана және буфет жұмыс жасауда. Топ мүшелері бракераждық комиссия жұмысы мен оқушыларды тамақтандыру құжаттарын қарап шықты. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов өткен жылы осы мектепте мониторингтік топ жұмыс жүргізіп, бірқатар кемшіліктер анықтағанын еске салды.

– Мектеп оқушыларының ас мәзірін жақсарту бойынша айтылған ұсыныстар ескеріліп, пайдалы тамақ өнімдерінің үлесі артқан. Біз бракераждық комиссия жұмысына баға беру мақсатында келіп отырмыз. Мұндай комиссиялар барлық мектептерде құрылған, алайда олардың жұмыс сапасына көңіл толып отырған жоқ, – деді Б.Мәдәліұлы.

Мектеп бракераждық комиссиясының құжаттамаларымен танысу барысында бірде-бір ескерту, ұсыныс айтылған хаттама немесе хаттар тіркелмегендігі анықталды. Сондай-ақ, комиссия құрамы бойынша да ұсыныстар айтылды.

– Комиссия құрамында бір ғана ата-ана бар, қалған мүшелері – осы мектептің қызметкерлері. Біз бракеражды комиссияда ата-аналар үлесін арттыруды, сонымен қатар құрамына қоғам белсенділерін, журналист, блогерлерді қосуды ұсынамыз, – деп қорытындылады Б. Нарымбетов.

Сараптамалық топ мүшелері тарапынан Молда Мұса атындағы №5 мектептің бракераждық комиссия жұмысына ұқсас ескерту айтылды.

– Бұдан бөлек біз мектеп директорына оқушылардың ас мәзірі мен комиссия жұмысының есебін интернет-ресурстарда жариялау, асханада камералар орнату және мектепте дұрыс тамақтануды насихаттаудың интерактивті әдістерін қолдануды ұсындық, – деді ата-аналар комитетінің төрағасы Ермек Дәрменов.

Шымкентте білім басқармасына қарасты жалпы білім беретін мекемелерді 130 асхана, тоғыз буфет жұмыс жасауда. Партиялықтар сараптамалық топтың барлық мектептерде тұрақты мониторинг жүргізуі мүмкін емес дейді.

«Біздің мақсатымыз – оқушылардың ата-аналары осы салада белсенділік танытуы үшін қоғамдық пікір қалыптастыру. Егер бракераждық комиссияның құрамында қоғам қайраткерлері, белсенді ата-аналар, блогерлер болса, бракераждық комиссияның жұмысы жаңа сапалы деңгейге шығады, нәтижесінде оқушылардың тамақтану сапасы артады», – дейді партия мүшелері.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *