МҰХТАР ӘУЕЗОВ (Естелік-эссе)

Әдебиет
3 616 Views

Мұхтар Әуезовтің есімі мен даңқы бұл күнде әлемді шарлап кетті. Оны білмейтін ел жоқ. Кітаптары да кең тарап, «қазақ» деген жұрттың кім екенін, мәдениетінің деңгейі мен тіршілігін Мұқаңа қарап өлшейтін дәрежеге көтерді. 100 жылдық тойын ЮНЕСКО ұйғарымымен дүниежүзі тойлады. Ол жөнінде үлкен-үлкен зерттеулер мен естеліктер жазылды. Талантын әлем мойындаған ұлы адамның жазушылығына қоса, кісілік қабілетін ашу да оңай емес. Оны ұсақтап алмай, ірі тұлғалы күйінде бейнелеу қиынның қиыны. Сондықтан бұл естелік Мұқаңның ұлы бейнесін ашарлық кейбір эпизодтардан, онымен кездескен, әңгімелескен, істес болған жайлардан үзік-үзік сыр айтуға құрылады.

Мұқаң есімін біз бала күнімізден біліп өстік. Оның шығармаларын оқыдық. «Қорғансыздың күні» оқулықтардан түскен емес. Есейіп, әдебиет тани келе «Көксерек», «Қараш-қараш», «Ескілік көлеңкесінде» кітаптарын оқыдық. Мектептегі көркемөнер үйірмелерінде Мұқаң пьесалары қойылатын, соған қатыстық. «Абай» романының бірінші кітабын соғыс кезінде Қарағандының кітап дүкенінен сатып алып, елге апарып, күні-түні оқығаным да есімде. Қолдан қолға өткен сол кітапты бүкіл аудан боп оқығанбыз.

Осындай аты мен шығармалары көпке таныс жазушының өзін көру бақытына мен 1947 жылы ғана ие болдым. Алматыға келіп, студенттік өмірді бастаған жылым еді. Күзде опера мен балет театрында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» атты операсы қойылды. Ол кезде жаңа спектакльдерді Қазан төңкерісінің кезекті жылдығына арнап қою салты болатын. Студент достарыммен бірге таласып-тармасып театрға, премьераға бардық. «Таласып – тармасып» деп жатқаным – онда театрға кісі көп баратын. Билет табылмайтын. Әсіресе, премьераларға билет алдын ала сатылып қойылатын. Біз де ертерек билет алғанбыз. Сол театрда алғаш рет Мұқаңды кезіктірдік. Қасында Сәбит Мұқанов пен Ғабиден Мұстафин бар. Сәбитті алдында өткен жас жазушылардың кеңесінде, одан бұрын Мәжит Сейфуллинмен бірге Қазақстан Жазушылар одағында көргенім бар. Бәрінің де суреттерін кітаптарынан көргенбіз. Көзіміз қанық. Сонда да өзін көрудің жөні бөлек қой. Көзімізге оттай басылды. Оның үстіне Мұқаңның тұлғасы, бас бітімі таңырқатпай қойған жоқ. Оларды біз сырттай тамашалап тұрғанда, үшеуі екінші қабатқа көтеріліп кетті. Осы кезде алақтап біздің бір жолдасымыз келді де: «Мұхтар мен Сәбит жүр дейді, көрдіңдер ме, қайда?» – деп сұрады да, біздің жөн сілтеуімізбен екінші қабатқа жүгіре жөнелді. Қолындағы шылымын да тастамапты. Екінші қабатта шылым шегуге болмайды екен, кезекші оны ұстап, айып салыпты. Кейін біз оған: «Мұхтар мен Сәбиттің көрімдігі ғой», – деп күлгенбіз.Үзіліс кезінде астыңғы вестюбльдің кең алаңында айналып, қыдырыстап жүрген үшеуінің артынан ере, әңгімелеріне, қалжыңдарына құлақ түре, біз де жүргенбіз.

Соның артынша кешікпей біздің студенттер жатақханасында «ҚазМУ-да Мұхтар Әуезовпен кездесу болады екен» деген хабар тарады. «Абай» романының екінші кітабы шығып, жаппай оқып жатқан кезіміз. Соған бардық. Ол кезде ҚазМУ мен ҚазПИ қатар, қазіргі Қазыбек би көшесінің бойында (№ 26, 28-үйлер) болатын. Кездесу екінші қабатта, 24-аудиторияда өтті. Халық сыймай кетті. Ел көрші аудиторияға кіріп, екі бөлменің арасындағы қабырғаның жоғарғы жағындағы терезеден қарап тұрып тыңдады. Мұқаң ұзақ сөйлеп, романның жазылу тарихына, өзінің Абай өміріне қатысты деректерді жинау жолына тоқталды. Әлем әдебиетіндегі тарихи адамдар, әсіресе, ақындар жөнінде жазылған романдар жайлы әңгімелеп, олардың жетістіктері мен олқылықтарына тоқталды. Өзінің Абайды таныту тұжырымдамасы туралы айтты. Кейін жазушының «Абай романының жазылуы жайынан» атты мақаласын (1955) оқығанда еске түсті – сол мақаланың сүрлеуін Мұқаң бізге сол кеште айтқан екен. Роман да, оның авторы да, айтқан әңгімесі де ұмытылмастай әсер қалдырды.

1947 жыл – Мұқаң өмірінің ең бір ауыр жылы. 1946 жылғы партия Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы» қаулысының жаңғырығы Қазақстанға да жетіп, қазақ жазушылары шығармаларынан саяси қателіктер іздестіріле бастаған. 1947 жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақ КСР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» қаулы қабылдады. Мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, өткенді дәріптегені үшін деп, көп адам таяқ жеді. Соның алдыңғы легінде Мұқаң болды. Оның «өткендегі қателіктері» қазбаланып, еске алынды. «Социалистік Қазақстан» газетінде Сақтаған Бәйішевтің «Профессор Мұхтар Әуезов өткендегі қателердің шырмауында» деген мақаласы басылды. Жазушының тарихты жазуға құмарлығы, бүгінгі заман тақырыбына елеулі шығарма бермегені кінә боп тағылды. Сол жылы елуге толған жазушының туған күні де аталмай қалды. Осындай ауыр таяқ астында жүрген жазушыға «Абай» романының шығуы, оған оқырман қауымның жылы ықылас танытуы үлкен демеу еді. Партиялық басшылықтың көзқарасына қарамастан, жазушы беделі халық арасында арта түсті. Мұның үстіне роман орыс тіліне аударылып, одақтық көлемде үздік бағаланды. Атақты орыс жазушылары – А.Фадеев, Б.Горбатов, В.Иванов, тағы басқалар жылы лебіздерін білдірді. 1949 жылы жазушыға бірінші дәрежелі сталиндік сыйлық (кейін Мемлекеттік сыйлық болып өзгертілген) берілді. Романның сыйлық алуына арналған Алматыда, филармония залында үлкен жиналыс өтті. Онда Мәлік Ғабдуллин баяндама жасады. Жиналыс соңында Мұқаң сөз сөйледі. Романның жазылуы мен Абай өмірінің деректері, оны пайдалану жолдары жайлы ұзақ әңгімелеп, ол өз еңбегін бағалаған партияға, Сталинге рақмет айтумен аяқтады. Бұл – бір жаңалық болды. Бұған дейінгі жазғандары мен сөйлеген сөздерінде партияға, оның көсемдеріне сөз арнау Мұқаң әдетінде болмайтын. Ол – басшылыққа елпілдеп, қошемет сөз айтпаған жазушы. Сөз Сталинмен басталып, Сталинмен аяқталатын заманда Мұқаңның мұндай мінезі қыңырлық, іштей жаңа өкіметті қолдамауы деп саналатын, оның басынан таяқ кетпегені де осыдан. Осы әдетті Мұқаң бүгін бұзды. Жазушының жазғандарын оқыған, сырын түсінетін адамдар (Айқын Нұрқатов екеуміз бірге отырғанбыз) тағы да айтпай кетер ме екен деп қипыжықтап отырды. Жұрт разы боп қалды. «Кеңес өкіметі бәрін беріп жатыр ғой, қасарыса беріп қайтеді?» – деп ойладық біз де. Дуылдап қол соғылды. Бірақ Мұқаң сөзінің бұл бөлігін созбай, езбей, «рақмет!» деген бір ауыз сөзбен қысқа қайырды. Төгіліп, шашылған жоқ.

1946-1947 жылдардағы қаулылардың, партияның идеологиялық саясатының салқыны қоғамды билей бастады. «Абай» романын мақтағанмен, жазушының басқа еңбектеріне сын көбейді. Әсіресе, ғылыми-әдеби фольклорлық зерттеулері жайлы іліп-тартқан мақалалар көбейді. 1948 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы, фольклор бөлімі Мұқаң редакциясымен шығып еді , ол қатты сыналып, қолданудан шығып қалды. Мұның аяғы 1950 жылы «Правданың» «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласында ұласып, жазушылар мен әдебиетші, тарихшы ғалымдардың бір тобы қуғынға ұшырады. Мұқаңның бұл тұстағы өмірі, Алматыдан пана таппай Мәскеу университетінде сабақ бергені елдің көбіне мәлім.

Елуінші жылдардың басында Қазақстан Жазушылар одағы маңында (Қазақтың көркем әдебиет баспасы, «Әдебиет және искусство» журналында) жұмыс істеуім белгілі аға жазушылармен танысуыма, әдеби-сыншылдық еңбегімді дамытуға едәуір көмектесті. Сонда Мұқаңды да жиі көретін едім. Ол кісі одақтың төралқа жиналысына келеді, әдеби талқылауларға қатысады, бәрінде де белсеніп сөйлейді.Түйінді сөзді елдің сол кісіден күтетінін біледі.

Осы жылдары байқағаным – Мұқаң әдебиетке келген кейінгі жастардың жазғандарын оқып, қадағалап жүреді екен. Оларды әпербақан сыннан қорғаудан да ол бой тартқан емес.

Қ.Шаңғытбаев, С.Сейітов, Қ.Жармағамбетов шығармаларын талқылау кезінде ол жас ақындардың (сол тұстағы) өлеңдерінен саяси қате іздемей, таза көркемдік баға беруге әрекет жасады. Алайда, партия нұсқауына сәйкес туған әпербақан сын бой бермей, адал пікірлерді басып кететін.

1953 жылы Айқын марқұм екеуміз Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өткенде, Мұқаң бізге ықылас танытты. Сонда біздің алғашқы мақалаларымызды оқып жүргенін, келешегімізден үлкен үміт күтетінін айтып, одаққа қабылдауды қолдайтынын білдірген. «Айқын мен Серіктің басқа жанрға жалтақтамай,таза сынмен айналысқаны маған ұнайды. Өскен әдебиетте әр жанрдың өз маман кадрлары болуы керек. Есмағанбет, Қажым, Бейсембайлар сыннан алыстап, жоғарғы мектепке, ғылымға кеткен кезде мұндай кадрлар бізге қажет», – деп сөйлегені есімде.

Мұқаң осы ықыласын 1954-1955 жылдары өсек-жалалардан құтылып, әдеби-ғылыми қызметіне қайта оралған тұста да танытты. Осы кезеңде Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктерін жазу күн тәртібіне қойылды.1949 жылғы Қажым Жұмалиев редакциясын басқарып шығарған очерк сынға ұшырап, енді жаңа дәуір әдебиетінің жолын ғылыми қорытындылайтын жаңа еңбек жазу қажет болды. Очерктің бас редакторлары етіп Мұқаң мен Сәбеңді (Сәбит Мұқанов 1954 жылы академияға толық мүше боп сайланған) бекітті. Ұйымдастыру жұмыстарын институт басшылығымен бірге Мұқаң жүргізді. Әдебиетші ғалымдарды жинап, очерктің проспектін талқылап, әр тараудың авторларын, материалдарды тапсыру мерзімін белгіледі. Сонда Мұқаң сол кезде сынмен айналысып жүрген Тәкен Әлімқұловты,Тахауи Ахтановты, Айқын Нұрқатовты, Мұқаш Сәрсекеевті, мені – очеркке авторлыққа тартқан еді. Маған Ғабиден Мұстафин шығармашылығы туралы тарау жазу тапсырылды.

Тарауды жазу үстінде Мұқаңмен ақылдасып, бір-екі рет оңаша кездескенім де бар. Ол Ғабиден шығармаларын жақсы білетін, бұл жөнінде пікір айтып жүретін еді. Ғабиден елуге толғанда «Литературная газетаға» мақала да жазған. Сондықтан Ғабиден туралы жазғандарыма Мұқаң көп ақыл қосты. Очерктің жазылуы созылып, ол тек 1958 жылы ғана жарық көрді. Ал, өз тарауымды толықтырып, жеке кітапша етіп 1956 жылы бастырып жібердім. 1957 жылы ол орыс тілінде шықты. Мұқаңның маған деген мейірімі, ықыласы кейін де жалғасып, ұлы талантқа деген сүйіспеншілігімді оятты. 1956 жылы «Спандияр Көбеевтің әдеби қызметі» атты кандидаттық диссертация бітіріп, соған оппонент болуын өтініп барғанымда, «Пәлі, болам, болмағанда ше, бірқатар әдебиетке, сынға араласып жүрген жас жігіттер, анау Тәкең, анау Тахауи, анау Зейнолла (бәрі де сыннан бастаған ғой) – бәрің де кандидат болуларың керек, ғылымға араласу керек», – деп зор ілтипатпен қарсы алғаны есімде. Сонда ол очерк жазуға тартқан авторларын енді ғылымға баулуды ойлаған екен ғой.

1956 жылдың күзінде қорғалуға тиісті диссертациям, сол кезде Жоғарғы аттестациялық комиссияның ережесіне бір өзгерістер кірді де, жаңа жылдың басына қарай ауысып, 1957 жылдың 5 қаңтарында қорғалды. Ол кезде академияның бүкіл қоғамдық ғылымдар бөліміне бір– ақ диссертациялық кеңес болатын.Төрағасы– вице-президент Сақтаған Бәйішев,орынбасары – институт директоры Ісмет Кеңесбаев. Мен осы кеңесте қорғадым. Мұқаң бірінші оппонент болды. Сонда сөйлеген сөзінде ол менің сыншылық еңбегіме айрықша тоқтап, мына диссертация сол еңбектердің заңды жалғасы деп, әрі қарай жалғастырып алып кетіп еді. Осылардың бәрінде ұлы жазушының кейінгі жастардың еңбектерін қарап, кімнен не күтуге болады деп байқап жүретіні анық еді.

Диссертация қорғаған соң, Мұқаңды үйіме қонаққа шақырдым. Ол кезде Мұқаң Төлебаев көшесіндегі жаңа үйіне көшкен болатын. Бұрын да екі-үш рет барғам. Мұқаңа диссертациям мен кейбір басылған еңбектерімді апарғам, жазған пікірін алғам. Мұқаң ерте тұрып, сағат жеті-сегіздің арасында далада қыдыратын да, жас ғалымдарды, аспиранттарын сағат сегізден тоғызға дейін қабылдайтын. Тоғызда таңертеңгі асын ішіп, жұмысына отыратын. Есікті өзі ашатын. «Ешкімді де жұмсамаймын. Өйткені қонақ маған келеді ғой» дейтін. Өзімен бірге есіктің алдында Дос деген иті тұратын. Маған әуелі барғанда: «Жетіде келсең, қораның ішінде болам, сегізден соң келсең, есік қақ», – деген. Қаңтардың бесінде, қорғаған күні үйде ере келген жора-жолдастарым болды да, ертеңіне Мұқаңды шақыруға бардым. Ол кезде қазіргідей алдына ала бір жеті, он күн бұрын шақырып қою салты жоқ. Шақырып келіп, қой сойып, сол күні де қабылдай беретінбіз. Ерте тұрып, сағат жетіден өте Мұқаң үйіне барсам, өзі қорада жүр екен. Әуелгі үй салған кезде Мұқаң қоршаудың іш жағынан жағалай екі қатар плита төсетіп, соны айналып қыдыратын еді. Бір жолы мен ерте барғанымда көрсетіп, осыны бірнеше рет (санын атап еді, ұмыттым) айналып жүретінін айтқан. Сол әдетімен жүр екен. Сәлемдескен соң: «Мұқа, кеше жора- жолдастарым еріп жүрген соң, мазаңыз болмай ма деп шақырмап едім, бүгін әдейі шақыра келдім, кешкі сағат алтыда біздің от жаққан жерімізді көріп, шай ішіңіз», – дедім. Мұқаң ықыласпен қарсы алды. «Бәрекелді, барамыз, Валентина Николаевна екеуміз», – деді. Мен мекен- жайымды беріп, сол мезгілде сыртта күтетінімді айттым.

Мұқаңның ерекше бір қасиеті – уәделі жерге дәл келетіні еді. Бұрын да кешікпей жүретінін көргем. Бұл жолы да дәл алтыда келді.

Мұқаңмен өткен сол кеш тек ішіп- жеудің, арақ ішудің кеші емес, әңгіме-дүкен құрып, ғибрат боларлық өнегесі мол кеш болған еді. Оған Ісмет Кеңесбаев, Нұрымбек Жанділдин (ол Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілігінен босап, Қазақ Ғылым академиясына философия мен құқық секторын басқаруға келген), Қали Қайшыбаев (партия қызметкері), Зәки Ахметов (екінші оппонентім), Ислам Жарылқапов (жерлесім, ол кісі асаба қызметін атқарды) сияқты азғана топ қатысты. Жұрттың бәрі Мұқаң аузына қарайды. Ол кісі қонақты кешті ішіп-жеуге арнамай, мәдениетті демалуға айналдыру керектігі жайлы айтып отырды. Еуропаның қонақ күту дәстүрінің жақсы жақтарын қабылдап, оны ұлттық дәстүрмен байланыстыру керек. Қазақтың қонағы тек ішу мен жеуден, былапыт арақ ішуден тұрады, оның өзі адамды шаршатады, ауырлатады. Мәдениетті жұрт сөйлегенде «господа, дамы» деп бастайды. Осыны қабылдау керек. «Мырзалар», «арулар» десе, қандай жақсы. Әсіресе, әдемі жас келіншектерге, Зия, Әлия сияқты, «ару» деген сөз қандай жарасады. (Мұқаң жас келіншектерді қошеметтеп, мақтап отырғанды ұнататын. Зия мен Әлия аттары аталғанда, қысылып қалғаны есімізде), «ару» деген сөзді кексе әйелдер де жақсы қабылдайды, оларға да ұнайды», – дей отырып, сөзінің аяғын тілекке айналдырды. Отырған арулардың саулығы үшін ішіп қоюды өтінді. Арасында әзіл-қалжыңдар айтылып (оны бастайтын Ісмет ағай), әдемі де сыпайы өткен кеш болып еді. Өткен заманым-ай, сол кештің куәсі болып, бүгін Зәки екеуміз ғана қалыппыз. Ағалардың бәрі дүниеден озған. Кетерде Мұқаң жақсы кеш болғанын, демалғанын айтып, бірге өткізген азаматтарға ризалық айтты. Бізге Әлия екеуміздің аттарымызды атап тілек білдірді. Асыл ағаның ақ тілегі қабыл болған болар – кейінгі өміріміз жаман өткен жоқ.

Бұдан кейін де Мұқаңмен дастарқандас болғаным бар. Мұқаңның қонаққа кешікпей дәл уақытында келетінін, үй иесіне, дәмдес жолдастарына жылы сөз айтып, кең отыратынын сол тұста да байқадым. Бірде Ғазиза Бисенованың (Кейін Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шыққан) үйінде бірге болдық. Көп жыл өзіне машинистка болған осы кісінің үй алуына Мұқаң көмектесіпті. Сейфуллин, Виноградов көшелерінің қиылысындағы екі бөлмелі пәтеріне Мұқаң мен Валентина Николаевнаны шақырып, Ғазиза апай рақмет айтты. Ғазизаның сіңлісі Ғафураның жолдасы Жиенбек Рсалдин маған жерлес, жолдас еді. Солар арқылы араласып жүретінбіз. Мұқаңмен бірге біз Жиенбек екеуміз ғана (әйелдерімізбен) болдық. Сол кеште де Мұқаң Ғазизаны, оның үйін мақтап, қошемет жасап отырды. Ара-арасында бізді де еске алып қояды. Ғазизаның үйін, бөлмелерін, балконын аралап көріп, мақтағаны есімде.

– Ой какой балкон! Валя, смотри какой большой, просторный балкон! – деген қошеметін естіп, Жиенбек екеуміз күлгенбіз.

Бір жолы Ғабиденнің үйінде дәмдес болғаным бар. Онда да Мұқаң көңілді әңгімемен жұрт назарын аударып отырды, үзіліс кезінде Ғабит пен Ғабиден карта ойнауға отырғанда, Мұқаңның ренжіп:

– Пәлі, бұлар сөйтеді енді… Өнбес іске жандары құмар. Мәдениетті ортада әдебиет, өнер жайлы әңгімелер айтып, ақындары болса, өлең оқып отырмас па! – дегенін естігем. Ғабит пен Ғабиден картаға шақырып, ойынды мақтап, Мұқаңды «Сіз бізді ұтып аласыз» деп алдартанқанда да, Мұқаң көнбеді.

– Білем сендердің қулықтарыңды. Бірдеңе ұтқызған болып, артынан алдап, ұтып алатындарыңды, – деді.

Сондай бір оқиғаның болғанын өздері күліп еске алысты.

Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Газетте Мұқаңның шығармаларынан (жазылып жатқан «Абай жолы» романынан) үзінділер, өзі туралы шығармашылық очерк жарияладық. Жазушылармен байланысымыз жаман болмайтын. Елуінші жылдардың бас кезінде газет зиялы қауымның атына артық-кем сөздер айтып, олардан қол үзіп қалып еді. Мен әлім келгенше осы қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырыстым. Жазушылардың жаңа шығармаларын беріп тұрдық. Осы газет бетінде сынға көп ұшыраған Әбділда Тәжібаев әуелде мен хабарласып, жаңа шығармаларын сұрағанымда, өкпесін айтып біраз шамданды да, кейін сабасына түсті. Оның А.С.Пушкин үлгісімен жазған шағын трагедияларының бір – екеуін басқанымыз есімде. Осылардың қатарында Мұқаң да газетке жиі таянып, жиі хабарласып тұрды.

(Жалғасы бар).

Серік ҚИРАБАЕВ,

әдебиет сыншысы, ғалым,

филология ғылымының докторы,

профессор, академик,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *