ОЙЫ ӨРНЕКТІ ӨРЕН

Жастар Қоғам
17 Views

немесе редакциядан кіріспе сөз

Нұрдәулет Алекул университет қабырғасында жазу машығын енді игеріп бастаған балаң талапкер. Соған қарамастан өзіндік ойлау жүйесі, ұлттық құндылықтарды қастерлеу тұрғысындағы тебіреністері елең етерлік.

Ұлтын, тілін сүю, әлеужеліге көзжұмбайлықпен қарамау хақындағы пікір-пайымдары көкейге қонады. Еш өзгертусіз жарияланып отырған болашақ журналистің тырнақалды үштаған туындысын оқи отырыңыздар, оқырман қауым.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАҒДЫРЫ – БІЗДІҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ

Тіл – бұл жай ғана сөйлесу, қарым-қатынас құру құралы емес. Тіл – халықтың мүддесі, мұрасы, халықтың болмысы мен жаны. Тілін жоғалтқан халықтың ұлтын жоғалтуы алыс емес. Осы ұғымды әрбір азаматтың түсінуі парыз. Тіліміздің тағдыры – біздің болашағымызға, ұлттық болмысымызға тікелей қатысты. Қазақ тілінің тағдыры мені өте қатты алаңдатады. Қазақ тілінің қазіргі таңдағы жағдайы қалай? Тілімізге деген құрметіміз артуда ма, әлде жоғалуда ма?

Қазіргі таңда өзін көлеңкеде сезінетін қазақтардың санының көбейіп келе жатқаны – ащы шындық. Бұл сөздерім, жазған мақалам оларды айыптау емес, біз маңызы мен уақыт өтуімен болатын салдарын ұғыну жолындағы жан айқайым. Неліктен қазақтар өз тілінде сөйлеуге қысылады? Қазақша қаріптерді қолдануды неліктен «ыңғайсыз» санайды? Бұл мәселенің түп-тамыры сіз ойлағаннан әлдеқайда терең орналасқан. Адамның өзге тілде сөйлеуі мәселе емес, сол тілде ойлауы – нағыз дабыл. Біз өзге тілде ойлаған кезде, ойымызды сол ұлттың менталитетімен байланыстыра бастаймыз. Сол елдің жеткен жетістіктерін көріп, өзімізді бейсаналы түрде сол елмен салыстыра бастаймыз.

Әрине, өзге елдің жетістіктері бізден көп болуы мүмкін, бізден бірнеше қадамға, тіпті бірнеше жылға алда болуы мүмкін. Алайда, бұл өзімізді екінші тапқа қойып, қазақ болғанымыз үшін ұялу сезімін тудыру керек пе? Әрине жоқ. Өзгенің жетістігін көре білу, оған қуану адамгершіліктің белгісі. Ал сол жетістікке қарап, өзіңнің ұлттық мүддеңді түсіріп, қазақ болғаныңа қысылу – нағыз дабыл қағатын жәйт. Біз өзгеге қарап өзімізді төмен санамауымыз қажет. Керісінше, алдыға ұмтылып, қазақ екеніңді мақтан тұтып, ұлтыңның маңызын арттыруың қажет. Алайда осындай ой үшін тек қазақты қаралау қате. Біз осы мәселенің түп тамырын көріп, одан арылуымыз қажет. Осындай мәселенің орын алуы – КСРО кезеңінен қалыптасқан. Ұлы қазақтарды қудалап, қазақ мектептерінің жабылуы, тіпті қазақтардың бұрын көптеп білім алған медреселерге дейін орыс тілінде білім беруге көшкен болатын. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлағандардың тағдыры қиын болуы – қазақтар үшін үлкен қорқыныш тудырды десек қателеспейміз. Неліктен олар қазақша сөйлейтіндерді қудалады? Себебі қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтындар – ұлтының қамын жейді, елінің тәуелсіздігін аңсап, сол жолда күреседі. Осындай көзі ашық тұлғалар сол заманда керек болды ма? Биліктегілер үшін керек болмақ түгілі, олар нағыз қауіп болды. Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу халықты басқару қиын. Олар үшін ең тиімдісі – халықты жою болды. Ал халықты жою үшін ең алдымен нені жою керек екенін бәріміз білеміз.

Тіл. Халқының тағдыры үшін жанын пида етсе де, қазіргі таңда орысша ойлайтындар көп. «Найман ана» аңызындағыдай қорлық көрсетпей-ақ, мәңгүрттердің саны аз емес. Ұлы Абай, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхановтар қазіргі халқының жағдайын көрсе не ойлар еді? Халық дейміз-ау, Майя Бекбаева әпкеміздің видеоролигін көріп жағамды ұстадым. Ұлы тұлға – Әлихан Бөкейханов атамыздың тікелей тұқымы – Петр Бөкейханов қазақ тілінде оқып-жаза алмақ түгілі, түсінбейді де. Бірден алып оны сөгу – қате. Тек 1989 жылы ақталған Әлихан атамыздың сол кездегі ұрпақтарына түскен қысымды елестетудің өзі қиын. Алайда «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» — деп, халқы үшін жанын аямаған мақтаныш атамыздың ұрпағының орыстанып кеткені қарын аштырады. Оның ұрпақтарына көрсетілген қысым не үшін керек болғанын түсінуіміз қажет. Елестетіңізші, болашақ ұрпағыныз орыстанып, өз ұлты үшін ұялып, өзге елде табаланып жүрсе. Дәл осындай қорқынышты тағдыр келер ұрпағыңыздың болмысына айналғанын қаламасаңыз, бәрін өзімізден бастауымыз қажет. Ұл-қызыңыз қазақ болып туылғанына мақтануы қажет, халқы үшін еңбек етуге аянбауы өте маңызды. Ал осының барлығына бастама – қазақ тілінің өзектілігі. Біздің қазіргі күніміз үшін жанын аямаған ата-бабаларымыздың үмітін ақтап, келер ұрпаққа насихаттауымыз қажет.

Сондықтан да мен қазақ тілін тек сабақта ғана емес, өмірімнің барлық саласында қолдануға тырысам. Себебі мен тіл арқылы ұлтымды, ата-бабамды, тарихымды, ар-намысымды қорғаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым. Бұл тек қана тіліміздің тағдыры емес – бұл біздің тағдырымыз. Ұлтымыздың тағдыры. Қазақ болу — ұят емес. Қазақ болу — асқақ абырой.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Қазіргі таңда қолында телефоны жоқ адамды кездестіру мүмкін емес шығар. Әлі толық бой көтермеген баладан бастап, жасы келген үлкен кісілерге шейін телефон қолданады. Қай жаста болсын, қандай мақсатта болсын, телефонды пайдалану – қалыпты іске айналып бара жатыр. Алайда, көптеген қолданушылардың мақсаты – ақпарат алмасу. Ал ақпарат көздері – әлеуметтік желілер. Бұл – көптің басын қосқан виртуалды әлем. Өміріміздің ажырамас бөлігі болып бара жатқан әлеуметтік желілердің пайдасы ғана көп пе? Анық-қанығын бірге қарастырайық.

Шынында да, әлеуметтік желілер күнделікті қолданыста. Бірақ та бір таяқтың екі ұшы бар екені бәрімізге мәлім. Біріншіден, әлеуметтік желілер — тәуелділік тудырады. Бұрын таң кофемен атады десе, қазір әлеуметтік желіні тексерумен басталады. Бұл өзімізге білінбесе де, әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің белгісі. Есіңізге түсіріп көріңізші, ғаламтор желісі сөніп қалған, болмаса одан да бетер жарық сөніп, телефоныңыздың қуаты бітіп қалған кез. Қандай іспен айналысатыныңызды білмей қаласыз ғой. Міне, нағыз тәуелділіктің белгісі. Екіншіден, әлеуметтік желіде қажетті ақпараттан бөлек, қажетсіз немесе жалған ақпарат жетерлік. Бұл өз кезегінде ақпараттың құндылығын азайтады. Адамдар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратуы қиындап, жалған ақпаратқа еріп, оны таратуы мүмкін. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі жұлдыздардың өз өмірін баршаға жариялауы. Бір қарағанда «Ода тұрған не бар?» деген сұрақ тудырады.

Алайда қазбалап қарасақ, бұл сол контентті пайдаланушының өзін-өзі бағалауына кері әсер етеді. Блогерлер, әртістер желіге тек өмірінің тәтті тұсын салып бөліседі. Осы контентті көрген адам «неге менің өмірім осындай емес? Менің қай жерім кем?» деген сынды ой қалыптасып, өзін өзі бағалауы төмендеп кетуі мүмкін. Әрине, желідегі ғажап өмірге жету жолындағы еңбекті көрмейді, тек нәтижені көреді. Осы үшін де, ол теріс әсерін тигізеді. Адам ақпаратты тұтынар алдында оны тексере білуі – өте маңызды қағидат болып бара жатыр. Себебі адамдарға жалған ақпарат тарату арқылы қаралым жинайтындар аз емес

Бірақ бұл тек теріс жақтары. Осынша қаралап алып, оның пайдасын айтпай кетуім қате болар. Біріншіден мен үшін әлеуметтік желінің пайдасы – қажетті ақпараттарға қол жеткізу. Жалған ақпараттар арасынан шынайы ақпаратты қазбалап, тексеріп алып табу қасиеті дамығандай сеземін. Бұл өз кезегінде – нағыз журналист боламын дейтін адамға қажетті қасиет. Екіншіден, өзім қызығатын адамдардың өмірін бақылай аламын, үлгі тұтатын тұлғамның парақшасын қарай отырып, бойыма керегін сіңіремін, мотивация ретінде пайдаланамын. Адам болған соң, қателіксіз өмір болмайды. Үлгі тұтатын адамдардан бөлек, ойымыз мүлде сәйкес келмейтіндер де аз емес. Осы арқылы, өз бойымдағы құндылықтарымды анығырақ байқай отырып, адам ретінде қалыптасуыма пайдасын тигізе аламын. Үшіншіден, өз көзіммен көрмеген жер болса да, әлеуметтік желі арқылы, сол өлкедегі адамдармен танысып, мәдениетін сәл де болсын зерттеп көре аламын. Бұл – нағыз мүмкіндік деп білемін.

Қорытындылай келе айтарым, әлеуметтік желілердің пайдасы, оң жағы жетерлік, егер оны дұрыс тұтына алсаңыз. Өзіңізге керектіні тексеріп қана алып, керек емес дүниені ысырып қойып пайдалансаңыз – өте дұрыс болады. Оң жақтарын ғана пайдалана отырып, тигізуі мүмкін зиян жақтарын ұмытпаңыз. Сіз әлеуметтік желіге емес, әлеуметтік желі сіз үшін еңбек атқарсын.

 

МЕНІҢ ІШІМДЕ ҚАНДАЙ КЕЙІПКЕР БАР?

Әр адам өзін тануы маңызды әрі ерекше. Өзін тани алатын адам өзімен дұрыс жұмыс жасай алады. Алайда өзге адамдар бізді басқаша етіп тануы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай және бұл әрқайсымыздың әртүрлі адамдарға деген көзқарасымыз бен сенімділігімізге байланысты. Ішімдегі кейіпкер деген менің түсінігімше – өзіңді әр ортада әрқалай ұстауың, әртүрлі адамға сан түрлі болып көрінуің. Нақты менің ішімде қанша кейіпкер бар екенін қарастырып көрсек.

Мен шынында да әр адаммен әртүрлі вайбты сезінемін десем болады. Бұны мен екіжүзділік етіп емес, мен өзімнің шынайы кейпімді бәріне көрсете бермеймін деп түсінемін. Бес саусақ бірдей емес екені бәрімізге мәлім. Сол себепті, әр ортада мен өзімді әрқалай ұстаймын. Біріншіден, жаңа танысқан ортада мен өзімді салмақты көрсетіп, сабырлылық танытамын. Ең алдымен адамды танып білуге зейін қоямын. «Ол адам менің шынайы бейнемді көріп таң қалып қалады ма, әлде менімен бір толқынды ұстап алады ма?» деген сұрақ пайда болады. Егер мен үшін жайлы орта болса, мен өзімді көрсете аламын. Ал егер мен өзімді қолайсыз сезіне бастасам, өзіме ұнамайтын ортада көп уақытымды құртпаймын. Осындай ортадағы адамдар үшін мен жабық тұлға болып көрінуім мүмкін. Екіншіден өзіме жақын адамдардың арасында мен өзімнің шынайы болмысымды еш ұялмай көрсете аламын. Себебі, олар мені сөкпейтініне кәміл сенемін. Осы кезде адамдар мені ашық, жайсаң жүзді етіп танитын болады. Үшіншіден, жай ғана қолайлы орта емес, ортақ қызығушылықтар, ұқсас құндылықтарымыз байланыстыратын орта болса, ол кезде өзімді тіптен жайлы сезінемін. Өйткені, ондай адамдармен байланыс ерекше болатыны айдан анық. Олармен қызығатын зат жайлы біршама жаңа ақпарат меңгеруге болады. Сол үшін де осындай ортада адамның ішіндегі нағыз қызығушылық оянады.

Қорытындыласам, әр адамның ішінде біршама ойлар болады. Белгілі бір адамның сізге көрсеткен суық қыры, ол адамның жабық интроверт екенін көрсетпейді. Жай ғана оған қолайсыз орта болуы мүмкін. Сол үшін де, әр адам өзіне тән адамдармен араласып, өзіне жайлы ортамен байланыс құруы өте маңызды деп санаймын. Егер сіз өзіңізді үнемі жайсыз сезінсеңіз, еш мойымаңыз. Мәселе сізде емес, сіз жүрген ортада. Сол үшін де, өзіңізге жайлы ортаны табуға шақырамын.

 

Нұрдәулет АЛЕКУЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар мектебінің студенті

Астана қаласы