ПЕТИЦИЯ! КҮН САЙЫН БІР ШАҒЫМ ЖАЗЫЛАДЫ

Саясат Қоғам
1 270 Views

Жұрттың бәрі хат жазғыш. Қазақстанда петиция жазып, қол жинау сәнге, әлде әдетке айналып бара жатыр. Демократиялық елдерде халық үнін, өтінішін, тілегін билікке жеткізудің ең тиімді, ықпалды, бейбіт те жылдам амалы саналатын петиция біздің елде еріккеннің ермегіне айналып кететін түрі бар.

Онлайн түрде өтініш білдіретін «Egov.press» сайтында петицияның түр-түрі көп. Онда өткен 2021 жылы аптасына 1 ұжымдық өтініш (петиция – ұжымдық өтініш) жарияланып келген. 2022 жылдан бастап петицияжазатындар көбейіп кетіпті: әр күні бір петиция жарық көруде. Биліккебағытталған талап-тілектің көбейгеніне қарап бастапқыда аймақтарда шешімінтаппай, қордаланып қалған мәселе жетерлік екен деп ойлап қаласың. Халық үнінжоғарыға жеткізудің демократиялық жолын таңдаған адамдар қандай өтініш-тілектерайтты екен деп, көз жүгірткенбіз.

Ә дегеннен көзге түскені – «Қазақстан азаматтарына қосазаматтыққа рұқсат етіңіз» деген жазба болды. Дүйсенбінің түс әлетінде (24.01.2022ж.) жазылған хат екен. Автор өзін Азамат Азаматұлы деп атауды жөнкөріпті. Үшбу хатын Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа арнаған ол: «Қос азаматтыққ арұқсат берілсе, 90-шы жылдары Қазақстанды өз еркімен тастап, шекарадан өз ырқымен шетке шығып кеткен бірнеше миллион тұрғын еліміздің азаматы болып қала береді. Олар елге сапармен немесе жұмыспен келе қалса, Қазақстанның туризмі мен экономикасын дамытар еді. Сондай-ақ жыл сайын Қазақстаннан шетелге кетіп бара жатқан 60-100 мыңға жуық адам азаматтықтан бас тартпай, біздің елдің азаматы болып қала бермек. Отан дегенде жүрегінде үнемі Қазақстан тұратын еді… Әйтпесе Отан-Ана туралы ойлағанда бұл адамдардың санасында басқа елге көшкенкезде туған азаматтығын сақтауға мүмкіндік бермей, заң деңгейінде олардан бастартқан қорқынышты естелік қана қалатыны анық», – деп жазыпты автор.

Қос азаматтықты қолдаған хат иесі онымен қоса: «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, азаматтар соғыс уақытында елді қорғауғаміндетті. Біз осы уақытқа дейін миллиондаған Отан қорғаушыларымыздан айырылдық,әлі де жыл сайын олардың он мыңдағанынан айырылып жатырмыз», – дейді.

Соғыстың бетін аулақ етсін! Дегенмен өзге елде өмір сүруді қолай көріп, өз еркімен басқа мемлекетке кеткен адамдар бір жыл Отан алдындағы борышын өтеу үшін бері келеді дегенге сену қиын. (Елдің ішіндегі 18-ге толған жігіттердің өзін қуалап жүріп, ұстап әкетіп жатқан жоқ па?) Біз, керісінше, екі азаматтығы бар кейбір адамдардың әнұранымыз шырқалған кезде орнынан тұрып, қолын жүрек тұсына қоюды артық санағанын көргенбіз. Жүрегінде отаншылдық сезімі жоқ адамдар мұндай кезде «екінші отанына» қашып кетпей ме?

Абырой болғанда, қос азаматтықты қолдаған адамдар көп емес: бар-жоғы 19 адам мақұлдапты. «Екі қайықтың басын ұстаған суға кететінін» білмеген, әлде білсе де ішкі есебімен елегісі келмеген осы 19-ды қолына шабаданын ұстатып, шығарып салу керек-ау. Сонымен бұл петицияның «жыры» тәмам.

Жыры тез біткен, жазылғанынан жойылғаны жылдам болған тағы бір петиция – «Оқушылар орамал тақсын» деп аталыпты. Иә, қаңтардың 22-сі күні пайда болған петицияға бір күнде 20250 адам қол қойған. Олар Президент Қ. Тоқаевқа мынадай өтініш айтады:

«Барша Қазақстан мұсылмандарын алаңдатып отырған бір өтінішім, атап айтқанда, мектептерде және басқа да мемлекеттік мекемелерде оқушылардың орамал тағу мәселесі.

Қазақстан Республикасының заңдарын сақтай отырып, иманды әйелдердің орамал тағуын мақұлдаған және қыз баланың тәрбиесін ата-анасына жүктеген Ұлы Жаратушының заңдарын кедергісіз сақтағымыз келеді. Адамның қазынасын бейтаныс көзден жасыру әдеті бар сияқты, мұсылманға да әуретін жат көзден жасыру уәжіп. Зайырлы қоғам талаптарын бұзбайтын, әуретті жерді жауып тұратын діни орамал тағу тәртібін бекітуіңізді сұраймын», – дейді хат иесі.

Аз күнде айтарлықтай адам қол қойғанына қарап, балиғатқа толмаған баланың бүркеніп жүруін сұрайтын топтың ұйымшылдығы, жылдамдығы, көптігі таң қалдырды. Ойландырды. Күні кеше ғана Алланы айтып тұрып қолына қару алып, жазықсыз жандарды еш себепсіз атып тастаған, талай шаңыраққа қара жамылдырып, бүкіл елдің тынышын алған, тіпті мемлекетті басып алғысы келген содырлар салған ылаң әлі естен шыққан жоқ. Қойнында Құран құшақтап тұрып адам атуды, бейкүнә жандарды жер жастандыруды біз мұсылмандыққа жатқыза алмаймыз. Сондықтан оқушылардың орамал тағуын заңдастыру мәселесі Қазақстан секілді зайырлы мемлекетте қисынға келмес өтініш, күдікті сұраныс, қауіпті құбылыс дер едік. Солай боларын сезді ме, бұл хат 2 күннен кейін «Egov.press»-тен өшіп кетті.

Не өшпей, не қолдау таппай, сұрау санын көбейтіп тұрған петициялар да бар. Қаңтардың 4-інен бастап онда жиырмаға жуық петиция жарияланған. Соның ішінде ең көп қолдау тапқаны – әйелдердің зейнетақы жасын 55-58 жасқа дейін қысқартуды дұрыс деп тапқандар. Оған 312 мыңға жуық адам қол қойған. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының атауын қайтадан Астана деп өзгертуді 223 485 адам құп көріпті. Бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақыны 3 жылға (бала 3 жасқа толғанға) дейін созу керек деген петицияға 120 мыңға жуық адам қол қойған. Сосын «ҚР Тұңғыш Президент туралы» заңды өзгерту керек деген де петиция жарияланған болатын. Оған 50 мыңға жуық ел тұрғыны қол қойыпты.

Сайтта сонымен қатар мүгедек балаларға берілетін әлеуметтік көмек мәселесі, қала мен облыс әкімдерін сайлау керек деген, Алматыда пантеон салуға қарсылық білдірген, шағын және орта бизнесті салықтан босатсын, олардың несиелері кешірілсін деген де петициялар бар. Саясаткер Дос Көшім: «116 рет өзгеріске ұшыраған Конституциямыз – құрақ көрпе!» деген Ата Заңымыз туралы да петиция жазылыпты. Оған қол қоюшылар аса көп емес, 853 адам ғана. Олар 1993 жылғы Конституцияны қайта бекітуді сұрайды.

Баспана қолжетімді болу үшін бастапқы жарнаны алып тастау туралы да өтініш бар. Онлайн оқуға қарсылық білдірушілер, айлық жалақының инфляциямен қатар өсіп отыруын талап етушілер де жоқ емес. Зейнетақы қорындағы жинақты несие қарызын жабу үшін жұмсауға рұқсат беруін сұрайтын хатты да көзіміз шалды. Оспанова Нұргүл Қалиқызы деген азаматша: «Өкінішке орай, Қазақстанда қалыпты өмір сүруге мүмкіндігі жоқ. Көптеген отбасылар жалақының аздығынан несие алуға мәжбүр. Мардымсыз жалақы отбасын асырау, тамақтандыру, киім-кешек, оқытуға жетпейді», – дей келе, қарапайым халықтың қарызға белшесінен батқанын, онсыз күн көру мүмкін болмай қалғанын жазыпты. Сөйтіп көптеген қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы қаржыны банктегі қарызды өтеу үшін қолданудан басқа амал қалмағанын жеткізген.

Петиция жазу… Өркениетті елдерде ол бір адам қол қойса да мемлекет тарапынан арнайы комиссия құрылып, халық өтінішін тыңдап, тиісті нәтиже шығаруы тиіс ең мықты, ең ықпалды хат, дұрысы – халықтық өтініш саналады. Ол үшін петицияның өзі де орынды болуы тиіс. Ал Қазақстанда петиция деп қойып, қол жинап Қ. Тоқаевқа хат жазу кім көрінгеннің ермегіне айналып кеткендей. Бұл түрімен петицияның салмағы азайып, мәні кетіп, көп ұзамай-ақ елеусіз қалып кететін хат түріне айналып шыға келуі әбден мүмкін. Қазақта «тәтті ауыздың дәмін кетірмеу» деген сөз бар. Бүгінгі петиция жазуға деген құштарлық осыған ұқсап барады.

…Біз осы жолдарды жазып біткенше «Egov.press» сайтында тағы 3 петиция жарық көрді. 3, 4, 6 адам қол қойған хатта ақылы жолдарды толығымен тегін ету, «Air Astana» жанармай жеткізушілерінің аты-жөнін жариялауды және Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы әкімі Рахат Елтизаров мырзаны отставкаға кетуі талап етілген.

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *