САКУРА ГҮЛДЕГЕНДЕ (Повесть)

Әдебиет
154 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Артур атасы мен әжесін емдетіпті, әкесіне жаңа жылдық мерекеде озат балықшы деп мол қаржы беріпті. Оны дипломыңа деп сақтап қойыпты. «Сен мен университет бітіргенімде келемін деп едің ғой, келесің ғой?» деп шашымды тарақтап, сәбиін еркелеткен анадай өбектейді.

Сыртым бүтін болғанымен, ішім түтін. Қайран, аңқылдаған оған не дейін? Шешем сол ауырғаннан сүзіліп, бір жақ қол, аяғы жөнді істемей, ыңқыл-сыңқылыкөбейіп, біржола дімкәс мүсәпір болып қалды.

«Ауру алып атанды да шөгереді» демекші, аз ғана уақытта бет-жүзін әжім торлап, жүріп-тұруы қиындап, таяқ ұстап, кемпірге айналған мүшкіл күйін көргенде жүрегім қан жылайды. Осындай кәріп жағдайға душар еткізген мен күнәһар екенімді біліп, іштей өртенемін. Қайран анам не себепті мұрттай ұшып кеселденгені жайлы жан баласына тіс жармай-ақ қойды! Оны ана мен бала екеуміз ғана білеміз. Кінәлі болып, қасіреттеніп талай барғанымда ештеңе дей алмай, көз жасыма тығылып тұрған мені оң қолымен арқамнан сипай береді. – «Балам, қамықпа, өзіңді мүжіп, кінәлімін-ау дегенді біржола ұмыт. Жүрегім бұрыннан сыздап ауыратынын өзім де біліп жүретінмін. Мені уайымдама, сабағыңды оқы, өзіңе қара» – деп маған басу айтатынын қайтесің.

Содан кейін келін мәселесін әңгіме етуді біржола қойған едік. Міне, аспандағы толған айдай толықсыған ақманар асыл бейне өзі арнайы іздеп келгенде не дерімді білмей тұншыққаным-ай…

Владивостокта үш ай жүргенімде «Вера сен университет бітіріп, дипломды болғанда арнайы ұшып келемін. Ата-анаңның рұқсатын алып Қазақстанға алып кетемін!» – деп уәдемді үйіп-төккенмін ғой. Кірмегенім қара жер болып, ұяттан өртенгенімді әйтеуір түн қараңғылығы көрсетпеді. Жүрегім езіліп, құшағымда жатқан арудың жан тазалығына, маған деген шексіз кіршіксіз махаббатына таңқаламын.

Жұпар иісі аңқыған талшыбықтай бейне маған құлай беріліп, бар сыр-шынын жайып салып айтып жатыр.

Ойда-жоқта бақыт құсындай басыма қонған, ақмұнар арасынан кездесіп, қол ұстасқан іңкәрім-ай… Ыстық сезімің мен балғын бойыңдағы бал махаббаттың қуатымен соққан жел, шыққан Күндей болып қуана жеттің-ау? Ал, мен… Мен қазір періштені алдаған жезтырнақ болып кеткенім бе? Өзімнің ырқымдағы тулаған ыстық ықылас-пейілімді, құштар көңілімді ысырып тастағаным қалай? Бектас емес, қитұрқы, екіжүзді айлакер албасты болып кеткенім ғой. Нартәуекел деп осы періштеммен біргемін деп, ауылға апарсам қандай болар еді? Тасжұтқан көкқұтандай, ине жұтқан иттей өшпес өкінішпен ғұмыр бойы әттегенайлап жүрмекпін бе?.. Үйге ертіп апарсам кәріп боп қалған шешемнің жүрегі тас төбесіне шығып, тарс етіп жарылып кетуі кәдік. Менің бұл ісімді көтере алмай дүниеден өтіп кетуі мүмкін! Сонда мен тірі жүріп өзімді кешіре аламын ба?..

Таразы-ғұмырдың бір басында Вера атты ғашығым, мені құлай сүйген асыл перизатым тұр. Ал екінші басында мен тоғыз ай жүрегінде, екі жыл білегінде, өмір бойы тілегінде жүрген ғажайып ғазиз анам бар. Қай жағына бұрылам, не істесем екен?

Уәде – Құдай сөзі емес пе?! Сонау Қиыр Шығыстағы Ұлы Тынық мұхиттың жағасында болашақ жарым боласың, жазда алып кетемін деп сөз бердім ғой. Анама бұл қыз жайлы айтқанымда құлап түсіп, әзер тірі қалғанда енді оған жоламаймын деп ант-су ішкенім қайда? Нағыз қатыгез, қаражүрек болып кеткенім ғой? Не істеймін енді?

Вера бір кездері барып, шаршағаны ғой, бөбектей пыс-пыс етіп ұйықтап кетті. Бүгін әрі-бері көп қыдырып, жастыққа басым тисе қор ете қаламын деп едім. Ашулы арыстандай көңілім аласұрып, жүрегім дүкілдеп, көзім ілінсеші. Қияметтің қыл көпірінде тұрғандай не істерімді білмей, сағынып құстай ұшып жеткен бойжеткеніме қалай жауап берсем деп торығып, қатты састым. Басым зықылдап, қай жағына бұрыларымды білмей сансырап кеттім.

Жүрекке әмір жүрмейді, махаббат бәрін-бәрін жеңеді. Мен де солай деп ойлаушы едім.

Сан-сапалақ ойларымнан шатасып, әбден сілем қатып, таң бозамығы себезгілей бастаған тұста ғана көзім ілінді-ау…

Тура іргеден тасұр-тұсыр, гүрсіл қағып өтетін трамвай дауысынан оянып кеттім. Таң шапағы терезеден құйылып тұр. Қасымда пәк бейнелі балдай тәтті, таңғы шықтай мөлдір Верам томпиып уылжып піскен сары өріктей боп балбырап ұйықтап жатыр.

Шәугімді алып, шәй қойып келсем ол да оянып, киініп алыпты.

Екеуміз отырып шәй іштік. Ол сөмкесінен жапон шәйін шығарып, өзі демдеп, сызылып кесеме аз-аздап баппен шәй құйып беріп отырды.

– Бүгін жапон шәйін ішіп ал, ал мыналарды қарындастарыңа апарып бер, – деп пакетке салынған конфет ұсынды.

– Ал, мынау мамаңа деп әдейі әкелдім, – деп гүлді-гүлді көлдей көз жауын алатын шет-шетін өрнекпен жапонша құттықтау сөзі бар орамалды ашып көрсетіп берді. Ішім қыжылдап сала берді, ақ тілегімен сонау алыстан алып келген бұл сәлемдемесін шешеме бере алар ма екем?

Күн шәйдей ашық, жадырап, таң жаңа атса да қардан аршылған қара жерді сағынып қалғандай қыздырып әкетіп барады.

Жатахана іргесіндегі Никольск базарындағы ұйғыр аканың дұңған кеспесін іштік. Құлаштап созып, қамырды созып-созып қылдырықтай талшықтарға айналдырып, кеспе жасағаны қызық. Базар аралатып, бір жерден моншақ сатып әпердім.

– Бека! Қане, өзің тағып берші, – деп бір міні жоқ аппақ мойнын қаздай созып тұрып қалды.

Моншақты таққанда оның ұшындағы бармақтай күміс жүрек бейнесі тура көтеріліп басылып тұрған қос омырауының ортасына қоныстанды.

– Рахмет жаным! – деп менен үйренген сөздерін қазақшалап айтқандағы қыз жымиғаны қандай! – Міне, қарашы, мынау менің жалғыз жүрегім тек сенікі, саған арнадым. Мәңгі бақи тек Бектас Нартаев деп тұрады, – деп Вера тіп-тік, топ-томпақ апорт алмадай қатты төсінің сол жағына алақанымды апарып, сыртынан өзі басып ұстап тұрды.

– Бұл жүрегім мәңгі сенікі! – деп тағы қайталады.

Қала іші ысып кетіпті.

– Мә, сіздерде де сакура гүлдепті ғой! – деді Вера автобуспен келе жатқанда.

– Бұл сакура емес, өрік ағашы ғой.

Алматыда өріктер түгел гүлдеп, ақ шымылдыққа малынып тұр. Горький паркіне барар жол жанындағы гүлдеген ағаштың жанына барып, қыз таң-тамаша болып, иіскеп, аялап сықылықтай гүлді.

– Мынау тұп-тура біздегі сакурадан айнымайды екен. Сакура гүлдегенін көру үшін бүкіл жапондықтар Токиоға ағылады. Ол бақыт гүлі.

– Сен келгенде әдейі шешек атып, гүлден шашу шашып тұр.

– Кел суретке түсейікші екеуміз…

Күн шуағына шомылған аппақ гүлдерін жайған өрік ағашының түбінде екеуміз бастарымызды түйістіре, құшақтасып бірнеше мәрте суретке түстік. Оның қол басындай шытырлаған фотоаппараты тыным таппады, әсем жерлерді сүйсіне түсірумен болды.

Аэропортта шығарып салу жүрегімді езіп, еңсемді батпандап басып жіберді. Таң бозаңындағы туған Шолпан жұлдыздай құлпырған қыз алдында мәңгілік күнәһар екенімді білдірмегенсіп, сырымды ашпай, құшақтап сүйіп шығарып салдым.

Ол қолын бұлғап кете барды.

* * *

Ұзамай хат келді. Алып оқымадым, жүрегім дауаламады. Екіншісі келді. Одан үшіншісі келгенде дәтім шыдамады. Не деген тазалық, көл-көсір махаббат сезімі, ай айналып, күн күлгендей сағыныш…

Ақыры шыдай алмадым. Ұстарамен жүрегімді тілгілегендей қансырағандай болып егіліп, езіліп отырып бәрін жайып салдым.

«Вера жаным, мен опасызбын. Сен мені кешіре алсаң кешір! Мен басқа қызға үйленейін деп жатырмын. Мынау соңғы хатым. Сенің алдыңда кінәлімін!» деген хатты жібердім. Алаңдап, бір хабар болып қала ма деп жүрегім дегбір таппай, есі ауған жандай сүлесоқтанып жүрдім де қойдым.

Біз 1-мамыр мерекесіне дайындалып жатқанда көк конверт көк көгершіндей сағындырып қолыма тиді. Енді мүлде біржола ұмытқан болар, мені қарғап-сілеп әке-шешесі де әбден ашуланған шығар деп ойлағам.

«Бек! Бәрін сезгем, білгем. Әнеукүні Алматыға алып-ұшып барғанымда ауылыңа апарып, ата-анаңмен таныстыратын шығар деп едім. Соңғы кезде суық тартып кеткеніңді байқағанмын. Әкем айтып еді – «Мына жігіт сені тастап кетеді» деп. Дауласып, бой бермейтінмін. Қиыр Шығыста Ұлы Тынық мұхитқа көз жасымды төгіп, сені сарғайып ойлай-ойлай жүрермін. Бәйтерегім, өсіп-өн, биікте.

Қош, аман бол! Бір планетада жүріп бір-бірімізді енді көре алмаспыз. Тек сакура мен өрік ағашы гүлдеген көктемде бір-бірімізді бір сәт болса да есімізге алайықшы… Жарай ма? Бәйтерегім едің, биік едің. Қанша биік болсаң да енді көре алмайтыным жанымды қинайды.

Бек! Мен сені керемет сүйемін ғой, ғашықпын саған. Қош бол!».

Көңілімнің түкпірінде удай ащы зілбатпан өкініш, мұздай мұң, шер сартап сіреу болып жатып алды.

* * *

– Аға, ассалаумағалейкум! Бектас Нартаев деген жазушысыз ба?

– Иә, иә…

– Ағау, сізді әзер таптым ғой. Жазушылар Одағынан телефоныңызды алдым. Сізбен жолығайын деп едім.

– Оу, бұл кім?

– Мен бе? Айсағали деген ініңізбін. Ақтаудың қазағымын.

Сізге деген сыйлығым бар еді беретін.

– Онда үйге кел, мен дачада тауда тұрамын.

– Жо-жоқ аға. Мен Жапонияға барып келе жатырмын. «Қазақстан» қонақүйіндемін, – дегенде ішім қылп ете қалды.

– Онда бір сағаттан кейін барамын, – дедім бірден.

Ірі денелі, ұзын бойлы шолақ жең жейде киген қозы қарын, орта жастағы мұртты кісі есік алдынан тосып алды.

– Бектас Нартаев деген жазушыны кім білмейді? Бәріміз кітаптарыңызды оқып өстік қой. Аға, мына бір бұрышта әдемі ресторан бар екен, сонда отырып әңгімелесейік.

Ол қолтығымнан сүйемелдеген күйі алды да кетті. Сыртында от шашқан айдаһар суреті бар мейрамхананың люкс бөлмесінде екеуміз қалғанда «Сарыағаш» сусынын құйып беріп отырып:

– Биыл жаз қатты ыстық. Маңғыстауда шөптің бәрі күйіп кетті. Ал, аға алдымен Сізге мына хатты берейін, – деп шырт-бырт еткізіп кішкентай қол сөмкесін ашып, ішінен сырты желімденіп, мөрленіп белгі соққан конверт ұсынды.

Қолым дірілдеп, мың сан аттар парлап шапқандай жүрегім дүрсілдеп, атойлап ап жөнелді.

– Мен қол басымды жуып, темекі тартып келейін, – деп аңқылдаған Айсағали жеке қалдырып, шығып кетті.

Сең соққан балықтай сұлқ отырып қалдым. Сәлден кейін есімді жиып, хатты оқи бастадым.

«Бек! Бектас Нартаевич! Бәйтерегім-ау, хал-жағдайың қалай? Ауру-сырқаудан дін аманбысың? Сен интернет арқылы хат жаз, мына жігіт арқылы хабарыңды айт… Мен қазір Жапониядамын, адресімді жазып ал. Сен Жапонияға келіп кет. Тынық мұхиттың асты-үстін зерттейтін үлкен ғылыми лабораториямды көрсетемін, мұхиттағы аралдарды аралатамын. Қорықпай-ақ қой, күйеуге тимедім. Саған ешкімді теңестіре алмадым бұл өмірде. Жүрегімде бір сен ғанасың ғой! Келіп кетші. Жол шығынын бәрін өзім төлеймін. Келші, әңгімелесейік. Фотаңды жібер. Вера!».

Осы жарты бет хатты үш мәрте оқыдым. Дүние деген бір тұтам. Қой онда жолға дайындалайын. Мынаны қара, екеуміздің гүлдеген өрік ағашының жанында түскен суретімізді қоса салып жіберіпті. Бұлдыр-бұлдыр тағдыр толқынында ұмытыла бастаған әзиз бейне пәк, таза қалпында жайдарлана қарап тұр. Екеуміздің басымыз түйісіп мәре-сәреміз.

– Аға, Жапонияда жарты ай болып қайттым. Ғалыммын. Вероника Су деген ең мықты океонолог-ғалым ханыммен таныстым. Ол кісі адамның ағзасын жасартатын керемет дәріні жасап, әлемді таңқалдырған ғұлама. Бірнеше ғылыми орталығы бар үлкен корпорацияның президенті екен. Сізді Токиоға алып кел деп тапсырды. Өзім апарып, алып келемін, аға.

Аға, мынау Вероника ханымның визиткасы, мынау менікі. Ертең Ақтауға ұшамын. Мынау Сізге деген сәлемдемесі – он мың доллар! Қалаған нәрсесін алсын деді. Сізді есіне түсіріп, кабинетінде ілулі тұрған екеуіңіздің үлкен суреттеріңізді көрсетті. Маған көп көмектесіп, құпия ұстайтын лабораториясымен таныстырды.

Бізде Каспий теңізі бар, соның астын зерттейтін орталық ашқанмын. Бұл сапар маған мол олжа болды. Айды аспанға шығарып, Ақтауда жаңалықтар ашамын, аға! Оған Сіз дәнекер болдыңыз, жан аға, асыл аға!

Еңгезердей мұрты жігіт іші-бауырыма кіріп барады. Даяшылар әкелген асты ішіп біткенше аңқылдап бірге туғанындай жақын тартып кетті.

– Аға, мен жиырма шақты күн шаруаларымды реттейін. Сіз жақсылап демалып, денсаулығыңызды түзеп алыңыз. Самолетпен бизнес-класс люкс бөлмесінде рахаттанып, жайланып, әп-сәтте Жапонияға жетіп барамыз. Жарай ма, аға?

– Жарайды қарағым. Жер, ел көргенге не жетсін!

– Вероника ханым, үлкен инвестиция бермекші, соған келісім-шартқа отыратын болдым. Тек айтқандарын реттеп, дайындап апаруым керек. Ол кісі миллионер! Бар байлығын мұхитты зерттеуден тапқан. Білесіз бе, ол кісі Жапониядағы ең дәулетті бикеш саналады. Қандай білімді, іскер жан. Сіз үшін менің ұсынысымның бәрін қабыл алды. Өзіңіздің жақсы бір ініңіз болайын аға. Қандай ірілі-ұсақты шаруаңыз болса қысылмай айтыңыз. Бәрін тап-тұйнақтай орындаймын, – деп қоштасарда қайта-қайта қолымды қысып, пұлын төлеп, таксиге салып жіберді.

* * *

Дереу хат жазуға кірістім. Ойымды жинақтай алмай, не жауап берерімді білмей ақ қағазды шимайлап бір күн, он күн отырдым. Елу жыл бойы жүрек түкпірінде сақталған құпия сырымды қайта еске түсіріп, қалың мұңға баттым. Өзімнің осал, күйреуік жан екенімді ұғып, енді одан кешірім сұрауға дәтім шыдамай ақ қағазды шимайлай бердім.

«Вера жаным! Бейуақытта жоғалтып алған асылым-ай! Басыма бақ боп қонған ақ көгершінім едің. Бағаңды білмей, бағалай алмадым ғой. Пыр-пырлап мәңгілікке ұшып кеттің. Қалай ғана Ай мен Күннің аманында сенен айырылып, қара жерді сипап қалдым. Тынық мұхиттай шалқар махаббатыңа мен пақыр төтеп бере алмадым. Махаббатпен ойнаған өртеніп кетеді. Күйіп-жанып күлім ғана қалды ғой. Күйреуік, жігерсіз мүсәпір екенмін. Таудай ақ адал жүрегіңнің, айнымас тілегіңнің құлы болып кетсем еді?..

Өзің арнайы сонау Қиыр Шығыстан Алматыға мені іздеп келдің ғой. Есіңде ме, өріктер қалың гүлдеген еді сол жылы. «Бұл – тура сакура гүлінен айнымайды» деп қатты таң қалып едің. Сен ұшып кеткен соң ертесіне қайта қар аралас боран басталып, қара қатқақ, үскірік соғып өріктердің шешек атып жайқалып тұрған гүлдері түгел үсіп кетті ғой.

Алматыма келгенде сені ауылыма апарып, әке-шешеме неге көрсетіп, таныстырмадым. Мүмкін ана жүрегі кең ғой, сені көріп жібіп, басыңа ақ орамал салып, келін етіп біржола алып қалар ма еді?! Маған деген шүпілдеген сезіміңе дақ түсірмей мені сақтап, күйеуге де шықпағаныңды білгенімде тас жұтқандай қиналғаным-ай!.. Не деген уәдеге беріктік, құштар сезім! Мұхиттың жойқын асау толқыны дерсің…

Сенесің бе, сенің хатыңды алғашында мың өліп, ұяттан өртеніп, жүрегім езіліп, осыны табандатқан жиырма күн жаздым.

Іңкәрім-ай!..

Мен бейбақты кешіре алсаң кешіргін. Өткен уақытты түк қайтара алмайды екенсің. Тек еске алу, күрсіну, қуану, тамсану ғана қалады екен. Қайран қайырылып оралмайтын екеуміздің лапылдаған сезімімізді шырқай көтерген іңкәрім-ай!..

Мен тірі болып жер басып жүргенімде, сен жаным, менің жүрегімдесің…

Бек – Бектас».

* * *

Бұл ертегіні қайдан естігені есінде жоқ. Әлде өзі ойлап тауып алды ма?..

Ұлы Дала патшасының әйелі сегіз қыз табады. Мұрагерім болмады деп өкініп жүргенде ұлды болады. Ұлының атын Ұран деп қойып, ат шаптырып, ұлан-асыр той жасайды. Бала ержеткен соң қыз айттыра бастайды.

Ерке өскен ұлы «Өзім ұнатқанды ғана жар етіп аламын» деп шарт қояды. Бір жыл бойы ауыл-ауылдарды аралап, қыз таңдайды. Әкесі де белді, беделді, дәулетті де, сәулетті дегендердің қызын айттырып көрсе, бірде-бірі баласына ұнамай дал болады.

Екі жыл бойы мұрагері өзіне лайықты қыз таба алмайды. Әкесі әбден ашуланып, торығады.

Қара Орман патшасының қасы-көзі қияқтай қызына құда түсейік деп айлап барып, сый-сияпатын апарып, қонақ болады. Бойжеткенді көрген Ұран басын шайқап, болмайды деп теріс айналады.

Қып-қызыл Күнге күйіп тұрған Қызылқұм қаһанның үкілеп өсіріп отырған қызғалдақтай қырмызы қызын да жақтырмайды. Аспанмен таласқан алып Таулар ханының сүмбіл шынардай жап-жас, уыздай өсіріп отырған үш қызына көңілі толмай, қарамай бос қайтады.

– Балам, жер бетіндегі бар қыздар, бал қыздар, наз қылықты бойжеткендердің бәрін көріп шықтың, бірде-бірі саған ұнамады. Енді келінді қайдан іздейміз? – дейді әкесі.

– Әке, су патшасы Сүлейменнің жалғыз тал қызы бар деп естідім. Соны көрейікші, – депті ерке ұлы Ұран.

Ұлы мұхит астындағы сан алуан әшекейлі шаһардағы алтынмен апталған, күміспен күптелген сарайында оларды сән-салтанатпен қарсы алыпты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру

орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *