СЕНІМГЕРДЕН ШЫҚҚАН СЕНІМСІЗДІК НЕМЕСЕ ӘЛИЕВ САЛҒАН ӘЛЕК

Білім Мәселе
737 Views

Шымкентте жыл он екі ай құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әсіресе, миллионды қала мегаполис болғалы «Шымкент-Сити» секілді шағын аудандар құрылып, мемлекеттік бағдарлама арқылы салынатын көпқабатты тұрғын үйлер толассыз бой көтеріп келеді. Қазір құрылыс компаниялары дәнекерлеуші, автокраншы, құрылыс шеберлерін қолына шам алып іздеп жүр. Тіпті, таптырмайды десе болады.

ҰСТАЗДАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ

Мамандар 2025 жылы қала халқының үлесі 77%-ға дейін артады дейді. Дәл қазір жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарынан әлі де инженер құрылысшылар, дәнекерлеушілер, автокраншылар, электромонтерлар түсе қойған жоқ.

Алайда еңбек нарығына осындай кәсіби-техникалық мамандарды даярлайтын Түркістан индустриалды құрылыс колледжі биылғы қыркүйектен бастап оқуды да, жұмысты да қысқартуға мәжбүр. Колледж Шымкент қаласында орналасқан, мұнда мына мамандықтар оқытылады: құрылыс шебері, слесарь, жиһаз құрастырушы, автокраншы, электромонтер, автокөлікке техникалық қызмет көрсетуші. Нағыз жұмыс беруші аттай қалап әкететін жұмысшы мамандар. Бірақ, биыл оқытатын студенттер саны күрт азайды. Енді жылдағыдай жеті жүз, сегіз жүзге жуық тәлімгер оқыту жоқ, бала саны 250-ге дейін төмендеді.

Ол аздай колледжде бұрыннан сабақ беріп келе жатқан 21 оқытушы жақында жұмыссыз қалды. Оның ішінде бесеуі зейнеткерлікке шығуына екі жылы қалған, бірден жұмыстан шығарып жіберу заңға қайшы болғандықтан ҚР Еңбек Кодексінің 53 бабына сәйкес 0,5 жарты бірлікпен ғана ілініп әзер тұр. Жиырма бірдің бәрінің де бала-шағасы бар, білдей отбасын асырап отырған азаматтар. Тіпті арасында бірлі-жарымы осы хабарды ести сала, жүрек талмасымен ауруханаға түсіп қалған көрінеді.

— Колледждің филиалдарында сабақ беретін мұғалімдер 1 қыркүйектен бері жұмыссыз жүр, — дейді Түркістан индустриалды құрылыс колледжінің 167/3 түзеу мекемесіндегі бөлім меңгерушісі Байырбек Бабақұлов. — Мен 2003 жылдан бері колледжде еңбек етіп келемін, осында оқыту шеберінен бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарғанмын. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 18 тамыздағы № 516 бұйрығына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің келісімімен еңбекпен түзеу мекемелерінде бас бостандығынан айрылған азаматтарға кәсіптік-техникалық білім бере бастадық. Жыл сайын колледжің бірінші филиалында 150 сотталушы, екінші филиалында 150 сотталушы оқу-тәжірибеден өтіп отырды. Барлық құрал-жабдықтарды түрменің өзі қамтамасыз етті, қажетті станоктар мен цех өз ішінде. Біз оқытушылар тек сабақ беріп, іс тәжірибе өткізуге кіретінбіз. Осы уақытқа дейін облыстық бюджеттен қаржыландырылып келдік. Алайда биылғы оқу жылы «колледж қалада орналасқан, қаланың қарамағына өтіңіздер» деп жоғары жақтан әмір келіп, оқу орны қаржыдан шорт кесілді. Содан бері ізденіп бармаған жеріміз жоқ, облыстық және қалалық әкімдік, прокуратура, «Нұр Отанның» жергілікті филиалдарынан әзірге мардымды жауап ала алмай отырмыз…

ОҚУ ОРНЫ, ӘЛДЕ ЖЕКЕ ЗАУЫТ ПА?

Сонымен бұл әңгіменің басы емес, аяғы болатын. Аяғы деп отырған себебіміз, әлгінде Байырбек Бабақұлов шырылдап айтқан ақиқат шындықтың басы былтыр басталған. Яғни, колледж 2020 жылдың басында жеке кәсіпкер Болатбек Әлиевтің «Dala construction.kz» компаниясына 20 жылға басқаруға берілді. Яғни, Түркістан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 27 қарашадағы №271 қаулысында облыстық коммуналдық меншіктегі «Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі» «Dala construction.kz» ЖШС-іне сенімгерлік басқаруға берілсін делінген.

Содан бері колледждің қожайыны да, құдайы да Болатбек Әлиев. «Қайдан құлақ шығару – қазаншының өз еркінде».

Міне, мәселе де, дау-дамай да осы жерден шыққан. Бастапқыда колледж педагогтары сенімгерлікке қарсылық білдіріп, бас көтеріп, наразылық білдірген. Бірақ, олардың бұл жан-айқайына құлақ асар тірі жан болмады. Кейін ұстаздар қауымы мен жеке басқарушы компания арасындағы текетірес «қолыңнан келсе қонышыңнан бас» деген мәтелдің кебін киіп, «бетпақ жеңді, бейбақ көнді» кейпінде қалған. Ал биылғы қыркүйекте мұғалімдердің жұмыстан қысқартылып кетуге мәжбүр болуы осы сенімгерлік басқаруға берілген «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің» немқұрайлы басқарған нәтижесі және салдары. 65 жылдық тарихы бар, 2018 жылы «Жыл колледжі» номинациясының иегері атанған колледждің ақыр аяғы осыған жетті…

Біріншіден, колледж мемлекеттік тапсырыс алып отырғанжылдары 1000-ға жуық бала оқитын, қазір 250-ден әрең асады. Екіншіден, колледжфилиалдары мүлде жұмысын тоқтатты десе болады. Бағана айтылған 21 адам осы екіфилиалдың қызметкерлері. Үшіншіден, колледждің базасындағы пластикалықесік-терезе жасауды үйретуге арналған цехтар «Dala construction.kz»компаниясына қызмет ете бастаған. Бұл студенттер тәжірибеден өтетін оқу цехынамүлде ұқсамайды, керісінше Болат Әлиевтің жеке зауыты секілді. Осындаертелі-кеш Б.Әлиевтің фирмасы тендерден ұтып алған пластик есік-терезелершығарылады дейді. Тіпті оқыту тәжірибесіне арналған колледждің автокраны дақолды болып кеткен, қолды болған жоқ, Әлиевтің екінші «Дала Транс» аталатынқұрылыс компаниясының алаңынан бір-ақ шыққан. Ол жақта кран жетіспей жатқан көрінеді. Сонда колледждің студенттері практикадан қалай өтіп жатыр?

Не үйренуде, нені үйретуде?

Кезінде колледж студенттері құрылыс саласының кірпіш қалау, сылау және әрлеу жұмыстары, ағаш өңдеу, жеңіл автомобильдерді жөндеу бойынша облыстық «WorldSkills Тurkestan» чемпионатында жүлделі орындарды иеленіп, республикадағы «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға және «Үздік маман» номинацияларына қол жеткізген.

ҚАЗІРГІ ХАЛДЕРІ НЕШІК?

Негізі мемлекеттік мүлікті сенімді басқару қағидаларына сәйкес студенттер серіктестіктің («Dala construction.kz» компаниясының) өндірістік базасында тәжірибеден өтуі тиіс. Сондай-ақ, былтыр бітірген мамандар аталған компанияға жұмысқа орналасуы қажет болатын. Сенімді басқаруға берілгендегі талап солай-тұғын. Бірақ, мұның бірі де орындалмаған. Не тәжірибе жоқ, не жұмыс жоқ. Студент түгілі мұғалімнің өзі жұмыспен қош айтысып кеткен жоқ па? Базбір кісілер аурухана төсегіне таңылған. Олардың обалы кімге сонда? Әлиев ұжымға уәде берген, колледждің кем-кетігін түзеп, оқу орнына қаржы құятын болған. Бұл сөзінде де тұрмаған.

1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауын ұсынды. Президент кәсіби-техникалық білімге көңіл бөлу керектігін тағы қадап айтты. «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» делінген емес пе биылғы Жолдауда?

Оқу орны сенімгерлікке өтпей тұрғанда 2019 жылы «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасына қатысады. Нарықта сұранысқа ие колледждегі «Автомобиль кранының машинисі» және «Жиhаз жинақтаушы» мамандықтарына материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 404 млн. теңге грант ұтып алған екен. Бұл грант оқу орындарын қайта жаңғырту, материалдық базасын жақсарту, халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсатында ұсынылады.

Алайда колледж сенімгерлік басқаруға беріліп кеткен соң, министрлік оқу орнын «Жас маман» бағдарламасынан алып тастайды. Солай гранттан қағылады. 2019 жылдың қарашасында білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринованың облыс әкімдеріне жолдаған хатында президент әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жас маман» жобасына қатысатын колледждердің сенімгерлік басқаруға берілмейтіні атап көрсеткен еді. Облыс басшылары бұл хатқа пысқырып та қарамастан, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжін «Dala construction.kz» серіктестігіне беріп жіберді, – дейді ашынған ұстаздар…

Оның үстіне 404 миллион гранттың бір бөлігін ұстаздардың шетелдерде біліктілігін көтеруге жұмсау қарастырылған болатын. Енді бұл мүмкіндіктен де құр қалды.

Таяуда Шымкентке Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова іс сапармен келіп кетті. Бұл мәселе вице-министрдің назарына алынды. Іс әділ шешімін тапса екен дейміз. Мемлекет сеніп тапсырған сенімгерлікпен басқарудың түп-төркінін Болатбек Әлиев түсінбеген секілді. Әлде түсініп тұрып, түсінбеген сыңай таныта ма? Сенімгерлік деген мемлекет мүлкіне қол сұғу емес, керісінше сенім үдесінен шыға білу, мемлекеттің меншігін қызғыштай қору, оқу орнының базасын әрі қарай дамыту, педагогтардың біліктілігін көтеру.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен Әл-Фараби баба. Педагогтардың білім-біліктілігін көтермек түгілі оларды жұмыстан қысқартып, бағып отырған балаларының аузындағы несібесін қағу, ең азабы келешек диплом иесі атанар, өмір жолын жаңадан бастайтын талай қазақтың қыз-жігіттерінің болашағына балта шабу қандай тәрбие көрген адамның қолынан келеді, айтыңызшы?

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *