ТҮРКИЯДА “ҰЛЫ КӨШТІҢ ІЗІМЕН” КІТАБІ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Руханият
12 Views

Ыстанбұл қаласында “Ұлы көштің ізімен” атты кітабы Қазақ және Түрік тілдерінде баспадан шықты. Кітаптың авторы – Түркия қазақтарының арасында белгілі қоғам қайраткері Өмер Тейжі. Ол үлкен көш жетекшілерінің бірі Хусеин Тейжінің немересі. Өмер Мансұрұлы Тейжі Қазақ халқының тарихи жадын, көш тарихын және мәдени мұрасын сақтауда өзіне міндет еткен зерттеуші, көзі ашық көкірегі ояу, білімді де сауатты, өз ана тілімізді және түрік тілдерін жетік меңгерген қоғам белсендісі. 1973 жылы Ыстанбұл қаласында дүниеге келген.

Отбасынан дарыған ұлттық рух пен тарихи санамен тәрбиеленген Өмер Тейжі Қазақстаннан тыс өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының тарихы “Ұлы көш” кезеңі және түркі дүниесінің рухани байланыстары бағытында көптеген жұмыстар атқаруда.

Бұл кітапта автор өз әулетінің тарихына үңіліп, арғы аталары мекендеген Мақаншы және Аягөз өңірінен бастау алатын тағдырлы жолды, бүгінгі күнге дейінгі кезеңмен сабақтастыра баяндайды. Шежірелі әулеттің өмір белестері, тарихи оқиғалар мен маңызды кезеңдер қысқа да нұсқа деректер арқылы көркем суреттеледі.

Шығармада Алтайдан басталған ұлы көштің Кашмир өлкесіне жетуі, одан әрі Түркияға қоныстанып, жаңа ортаға бейімделу үрдісі нақты мысалдармен сипатталады. Сондай-ақ, көшпен бірге келген Қазақ отбасыларының өмір үшін күресі, өзара ынтымақ пен бірліктің арқасында Бағжылар ауданы “Қазақкент” шағын қалашықтың қалыптасуы жан жақты сөз болады.

Кітапта 1979 жылы Қытай Халық Республикасының Шығыс Түркістанда қалған ағайындарға арнайы барып, көру арқылы үзілген байланыстардың қайта жалғануы, ал 1988 жылы Кеңес Одағы тұсында автордың әкесі Мансұр Тейжінің тарихи атамекен Қазақстанмен байланыс орнатудағы еңбегі ерекше аталып өтеді

Сонымен қатар 1990 жылдары Қазақтың атақты палуаны Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанға келуі, оның қазақ халқымен қауышуы, ел ішінде қалыптасқан ерекше беделі мен шексіз сүйіспеншілігі кеңінен баяндалады. Оның жастарға ұлттық рух, отансүйгіштік қасиет дарытып, қазақ тіліне деген құрметті насихаттауы халықтың тарихи санасын оятудағы рөлі де әсерлі көрініс тапқан.

“Ұлы көштің ізімен” бір әулеттің ғана емес, шет елдегі күллі қазақ қауымының тағдыр жолын, сағыныш күресін, бірлігінің және тарихи отанына деген мәңгілік махаббатын бейнелейтін құнды еңбек.

Өмер Тейжінің қызметі тек тарихпен ғана шектелмейді, ол Түркі дүниесі жастар арасында ұлттық сана мен мәдени бірлікті нығайту саласында түрлі кездесулер, қоғамдық жобалар және мәдени іс шараларды ұйымдастырып келеді. Ол Мұстафа Өзтүрік атындағы мәдени қоғамдық қорының құрылтайшыларының бірі. Жақында Қазақстанға Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслиханмен бірге (Неслихан Германияда тұрады) Абай, Түркістан, Атырау облыстарында болып, Мұстафаға арналған шараларға қатысты.

Атырауда Мұстафа көшесінің ашылуының куәсі болды. Спорт саласында да маңызды жобаларға атсалысқан Өмер Тейжі кәсіби бокс ұйымдары мен жас спортшыларды қолдау ісінде белсенділік танытады. Әлемдік WBO және WBC тұжырымдары бойынша бокстан әлем чемпионы атанған Қанат Исламмен бірге ұйымдастыру-спорттық жобаларда қызмет атқарады, “Тuran Promotion” компаниясының Түркиядағы өкілі.

Қоғамдық және мәдени қызметтері үшін Өмер Тейжі халықаралық Дінмұхаммед Қонаев қоры “Мерей орденінің иегері. Қор президенті Елдар Қонаевтың тапсырмасымен мен Ержан Уәйіс – Д.Қонаев қорының алқа мүшесі Өмер Тейжінің кеудесіне марапатты таққан едім. Мен Түркиядағы бірінші тілші, Ыстанбұлдағы алғашқы Бас консул, Дүние Қазақтарының Түркиядағы өкілі, ТҮРКСОЙдың Бас кеңесшісі қызметтерін атқара отырып Түркиядағы көптеген шараларға қатынасамын. Ыстанбұлда туып өскен, оқып білім алған Өмер Тейжіні қасыма көмекші ретінде ертіп аламын, ол мен қатынасқан жиын шараларды суретке түсіреді.

Жақында Топкапыдағы Түркі мәдениет орталығында Қазақстанның рәміздер күнінде мерекелік шара болды. Қазақстанның көк байрағына тағзым еттік.

Ыстанбұлдағы жасөспірім боксшылардың халықаралық турниріне 30-дан астам мемлекеттерінің арасында Қазақстан да бар. Қазақстандық алты баламыз алтын медаль алды. Ыстанбұлдағы Қасымпаша ауданындағы садақ атушыларының халықаралық турнирінде де Қазақстандықтар бірінші орынға ие болды, осы бокс және садақ атудың халықаралық жарыстарының жеңімпаздарына кубоктар мен алтын, күміс, қола медальдарын тапсыру салтанатына ие болдым. Осы жиындардың бәрінде де спорт жанашыры Өмір Тейжі суретке түсіріп жүрді, оны әлеуметтік желіге – ФБ-ға және қазақстандық газеттерге жарияладық.

Бүгін Өмер Тәйжі жарыққа шыққан “Ұлы көштің ізімен” кітабының “сүйінші” данасын офисімізде бізге тапсырды.Үлкен көштегі қазақтардың өмірінен сыр шертетін құнды кітапты ризашылықпен қабылдап, Тәйжінің иығына қазақ шапанын жапты, ақ батасын берді. Енді жақын күнде Ыстанбұлда Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілдігінде “Ұлы көштің ізімен” кітабының тұсаукесері өткізіледі.

 

Ержан УӘЙІС,

«Әділеттің» Түркиядағы арнаулы тілшісі,

Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері,

Қазақстанның мәдениет және сауда орталығының басшысы

Ыстанбұл қаласы