10 сәуірде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.
«Керуен-сарай» кешенінің ашылу салтанатына Премьер-Министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ инвестор компанияның өкілі Қуанышбек Құдайберген қатысты. А.Мамин Түркістандағы Қазақ музыкалық драма театрына барды. Ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Бұл аса жаңа жабдықтармен және театр жұмысына қажетті барлық бөлмелермен жабдықталған заманауи кешен. Көрермендер залының сыйымдылығы 510 адамды құрайды.
Үкімет басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен танысты. Бұл ақпарат пен шығармашылыққа арналған бірегей хаб. Ғимараттың үш қабаты оқу залдары, коворкинг-орталықтары, фото, бейне және аудиожазба, каллиграфия, қыш өнері студиялары, шеберханалары, оның ішінде 3D-модельдерді жасауға арналған шеберханалары, сондай-ақ киноконцерт залы, кофеханалары, кітап кәдесыйлары мен қолдан жасалған бұйымдар дүкендері қамтылған зоналарға бөлінген.
Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітаптарды цифрландыру және консервациялау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар. Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр сондай-ақ, Түркістан қаласында басқа да инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРА ҚАБЫЛДАМАҒАН БАСШЫЛАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙТІН БОЛАДЫ
Брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басышысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, ол мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы алып, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса, жоғарыда аталған лауазымды адамдар үшін жаза 600 айлық есептік көрсеткіш немесе шамамен 1,8 млн. теңге айыппұл төлейді
«Егер алынған заңсыз сыйақының немесе сыйлықтың сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, әкімшілік жауапкершілікте болады. Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бұл шамамен 600 мың теңге», – деді Мирас Асқарбайұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Жобалық кеңсе қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда түрлі салаларға қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде кемшілік-тер дер кезінде қалпына келтірілуде. Мәселен, 2021 жылы «Сапалы жол» жобасы аясында 4 қа-ла/ауданда мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жол саласындағы анықталған 29 бұзушылық бойынша әкімдік пен мердігер компанияларға қалпына келтіру бойынша ұсыныс жасалды», — деді Гүлзия Нұрғалиқызы.
Бизнес пен инвесторларды қорғау бойынша Түркістан облысында 2021 жылы құны 42 млрд. теңгеден аса 10 ірі кәсіптік субъект сүйемелдеуге алынған. Сонымен қатар, 2020 жылы Түркістан облысы бойынша ашық бюджеттердің интерактивті картасында 1,4 трлн. теңгеден аса сомаға 3 497 бюджет жарияланған және аталған ақпараттық жүйеге жасалған қоғамдық мониторинг нәтижесінде 13 млн. теңге қаражат үнемделген.
БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ МҮМКІНДІГІ АРТТЫ
Жыл басынан бастап Түркістан қаласында қызметін бастаған «Тұрғын үй сату бойынша қызмет» орталығы қарқынды жұмыс істеуде. Бүгінгі күні орталық «Bank RBK»-мен толықты. Бұған дейін азаматтар «Отбасы банкі» АҚ, екінші деңгейлі банктер: «Қазақстан халық банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ арқылы тұрғын үй алу жолдарының ақпаратын алған болатын.
Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы аяқталған көпқабатты тұрғын үйлер (1,2 және 3 бөлмелі) 2021 жылдың наурыз айынан бастап екінші деңгейлі банктер арқылы «Отбасы банк» АҚ, «7-20-25» бағдарламасымен ұзақ мерзімге несиеге берілуде.
Түркістан қаласы әкімдігі «Құрылыс бөлімі» ММ-нің мәліметіне сәйкес, қазірде аталған орталықта 1 тоқсанда 16 үй, 2 тоқсанда 27 үй, 3 тоқсанда 22 үй, 4 тоқсанда 17 үй беріледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан қаласында тұрғын үй сату орталығы ашылған болатын.
АРЫС ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАЙТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ
Арыс қаласының басшысы Г.Құр-манбекова қала және ауылдық округтердегі зиялы қауым өкілдерімен және ең-бек ардагерлерімен кездесті. Кездесудің мақсаты — тоғыз жолдың торабы атанған киелі мекен Арыс қаласының тыныс-тіршілігімен танысып, аға буын өкіл-дерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау.
Қазақта «үй алдында төбе болса ерттеулі тұрған атпен тең, ауылында қартың болса жазулы тұрған хатпен тең» деген қанатты сөз бар. Сіздермен ақылдасып, кеңесе отырып Арыс өңірін облысымыздың алдыңғы қатарлы қалаларының қатарына шығару үшін, елді ынтымаққа шақырып, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет», — деді жиында шаһар басшысы.
Ардагер, ұстаз, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің алқа мүшесі Қ.Балқыбеков ардагерлердің тыныс-тіршілігіне тоқталып, өскелең ұрпаққа өнеге беретін, ұлттық құндылықты насихаттайтын орталық ашу қажеттігін жеткізді. Гүлжан Мамытқызы ұсынысты назарға алып, қолдау білдірді.
Шара барысында жиынға келген еңбек ардагерлері Арыс қаласын дамыту үшін экономика, ауыл шаруашылығы, коммуналдық салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қала әкімі Гүлжан Мамытқызына алдағы атқарар жұмыстарына сәттіліктер тіледі.Тиісінше қала басшысы алдағы уақытта ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 700-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Түркістан қаласындағы құрылыс барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс басында болды. Аймақ басшысы құрылыс барысында ең алдымен сапаға басты назар аударуды мықтап міндеттеді. Жұмысшылармен кездескен облыс басшысы қолға алынған жұмыстарды дер кезінде, белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды жүктеді.
Түркістан қаласында былтырғы жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 12 мыңнан асқан. Осы бағытта жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланған. Өткен жылдың соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматтарға пәтерлер тапсырылды. 534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілген.
Қала бойынша 46 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жыл соңына дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығындағы 77 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң, кезекте тұрған азаматтарға 2021 жыл соңына дейін 730 пәтерлерді табыстау жоспарлануда.
Қаланың жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, қала ішінде 10 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп, 200 шақырымды құрайтын 140 көше жарықтандырылды. Бұнымен қоса орташа жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) 100 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынды.
Түркістанның Бас жоспарына сәйкес, асфальт төселмеген көшелерге сарқынды су мен газ құбырларын тарту, шағал тас төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салу да көзделген. Инфрақұрылым жүйесі толық аяқталған 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланың барлық негізгі көшелерін жарықтандыру жүйесімен қамту көзделуде.
РУХАНИ АСТАНАНЫҢ ГҮЛДЕНУІНЕ ҮЛЕС ҚОСУДА
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы пандемияның қайта өршіген шағында жауапты мамандарға санитарлық талаптарды сақтап, сақтық шараларын қолға алу керектігін ескертті. Бүгінгі күнге Түркістан облысы «жасыл» аумақта тұр.
«Облыс аумағында карантин және шектеу іс-шаралары коронавирус індеті эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталатын болады. Әсіресе құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек. Барлық аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқаруға міндетті», – деді Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралаған Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысы қаладағы көгалдандыру, абаттандыру барысымен танысты. Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Рәміздер алаңын» қайта жөндеу мен қайта жаңғырту – тұрғындырының ұсынысымен жүзеге асырылған жоба.
Б. Саттарханов даңғылы бойындағы «Желілік саябақтың» жалғасы ретінде жалпы аумағы 1,65 гектарды құрайтын алаңның абаттандыру жұмыстары сәуір айында басталды. Саябақтың қамтылу аймағы 0,7 гектар болса, жасыл аумақ көлемі – 0,3 гектарды құрайды. Қазірде саябақта жарықтандыру шамдары орнатылған. Одан өзге, аяқжолдарды қайта орнату, көгалдандыру аумағына автоматты суару жүйесін енгізу, ұңғыма қазу жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
АВТОПАРК 10 ЖАҢА АВТОБУСПЕН ТОЛЫҚТЫ
Түркістан қаласына тағы да жаңадан SAZ LЕ-60 маркалы 10 автобус әкелінді. Жалпы, Түркістан қаласына алдағы екі ай көлемінде 20 автобус келеді деп күтілуде. Бүгінде қоғамдық көлік бағыттары қою жаспарланып отыр.
Жаңа автобустар №18 бағыттағы «Тұран ауылы – Әкімшілік іскерлік орталығы – Түркістан автовокзалы» автобус бағыты қаланың Тұран ауылы тұсынан бастау алып жаңа «Түркістан автовокзалы аралыфғында (Қазыбек би көшесі, Б.Саттарханов даңғылы арқылы) қатынайтын болады. Қоғамдық көліктің кешігуі, жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі және басқа да жайттар орын алса, 109 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Айта кетейік, жақында дәл осындай үлгіде 20 автобус әкелінген болатын. Көлік сыйымдылығы 25 адамды тасымалдауға лайықталған. Желдеткіш пен қолдарбаға арналған пандусы, электронды билет беру және үш бейнебақылау құрылысымен жасақталған.
ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ 100% СУМЕН ҚАМТИТЫН ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, су шаруашылығы нысандарының жағдайымен танысты.
Арыс ауданындағы «Көксарай су реттегішіне» барған ведомство басшысы нысан бөгетінің беріктігін арттыруға және реконструкция жасауға арналған жобалық-сметалық құжатты тездетіп аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта министрлік облыста «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің екінші фазасы (ИДЖЖЖ-2) жобасын жүзеге асыруда. Жоба облыстағы 62 мың гектар суармалы жердің мелиоративті жағдайы мен сумен қамтуды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге суару кезеңіндегі су жоғалту көлемі 199 млн.м3-қа дейін азайып, жайылымдарды сумен қамту 65%-дан 100%-ға жетеді. Жоба аясында 12,4 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Жалпы, ИДЖЖЖ-2 арқылы «Мақтаарал-1» бірінші жіберу кешенін, «Мақтаарал-1» екінші жіберу кешенін, «Арыс-Түркістан», «Қызылқұм-1», «Мақтаарал-2» ирригациялық-дренажды желілерін іске қосу жоспарланған.
Министр осы ауқымды жоспар аясында жүріп жатқан Шардара, Жетісай аудандарындағы 6Р-2, 5Р-1, К-22-1, К-13-5, К-18 каналдарындағы құрылыс жұмыстарын тексерді.
Мағзұм Мырзағалиев Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру станциясының вегетацияға дайындық жұмысын да көрді.
«Вегетациялық кезең жақындап келе жатыр. Диқандарды сумен қамтамасыз ету – біздің негізгі және стратегиялық міндетіміз. Маусымның сәтті өтуі осы жұмысқа тікелей байланысты. Облыста 300 мың гектар суармалы жер бар. Жұмыс тәулік бойы жүргізіліп, су үнемдеу технологиясын қолдану қажет. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздері де суармалы суды тиімді, ұқыпты пайдалануға қатысты шараларды қабылдауы керек», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сапар барысында трансшекаралық Үлкен келес магистралды каналының (БКМК), «Зах», «Ханым» магистралдары каналдарының да жұмысы талқыланды.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан жыл сайын көрші елдермен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану бойынша келіссөздер жүргізеді. Уақытылы қабылданған шаралар өте маңызды. Алайда сумен қамтамасыз етуде су инфрақұрылымы мен су шаруашылығы нысандарының ахуалы да үлкен рөл атқарады. Сондықтан жөндеу жұмыстары сапалы, уақытылы жүруі керек», – деді министр.
Бұдан бөлек, Жетісай ауданындағы 1957 жылы салынған К-19 каналына автоматтындыру жүйесінің енгізілуін де атап өту керек. Себебі, онда бүгінге дейін су қарапайым жолмен есептеліп келді, сондықтан су шығынын дұрыс бақылау қиынға соғып, ресурсты тиімді пайдаланылмау жағдайлары орын алды. Суды есептеудің автоматтты жүйесі енгізілгеннен кейін бұл тиімсіздіктер түгел жойылады. Әрі қарай осы жолмен Түркістан облысындағы басқа да каналдар жұмысы автоматтандырылады.
40 ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕРГЕ ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМДЕРІ ЕГІЛДІ
Сайрам ауданында 41,7 гектар жылыжайлар аумағына қияр, қызанақ, баялды, болгар бұрышы, лимон егілді. Сондай-ақ, аулалар мен көшелерді көріктендіру мақсатындағы гүл көшеттері де жылыжайларда өніп жатыр.
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков Қарасу ауылдық округіндегі 30 адамды жұмыспен қамтып отырған «Нар-Ата» шаруа қожалығында болды. Аталған жылыжай 2020 жылдың қазан айында өз жұмысын бастаған. Қожалық басшысы Е.Элдарбек егіншілік жайын айтып, сол маңда инфрақұрылым жүйесін жақсарту туралы өтінішін жеткізді. Аудан әкімі тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.
АЛДАҒЫ 5 ЖЫЛДА 170 МЛН-НАН АСТАМ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
2021-2025 жылдар аралығында облыстың мемлекеттік орман қорына 170 миллионнан астам, ал өңірдің қалалары мен елді мекендерінде 1 млн-нан астам әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев мәлімдеді. Түркістан облысында экологиялық мәселелерді шешу тақырыбы қамтылған баспасөз мәслихатында көгалдандыру және газдандыру жұмыстары баяндалды.
«Республикалық мемлекеттік орман қоры жерлері 26 млн. гектар болса, облыстағы орман қорының жалпы көлемі 3 млн. 436 мың гектарды қамтиды. ҚР Президенті өз Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту 5 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд-тан астам және еліміздің қалалары мен елді мекендерінде 15 млн. ағаш отырғызу бойынша тапсырма берілген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп облыс әкімдігі кешенді және аймақтық жоспарлар қабылдады», – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Уалихан Қайназаровтың айтуынша, өңірде 158 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі де артып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысымен жалпы 122 771 тонна қалдық жинақталып, оның 15 962 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. Сондай-ақ, 2020 жылы 1 полигонның, биыл тағы 5 полигонға құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барлық 11 кезеңі аяқталып, тапсырылған. Нәтижесінде 52 037 абоненттің 25 500 абоненті газға қосылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 843 елді мекеннің 802 елді мекенін (95 %) немесе 1,9 млн. тұрғынды газдандыру жоспарлануда.
ӨҢІРДЕ 134 ӨЗЕН-КӨЛДЕ БАЛЫҚ ӨСІРІЛЕДІ
Түркістан облысы жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен — көл облыс аумағында орналасқан. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Қосымша 46 жергілікті маңызы бар су айдыны қайта конкурсқа қойылып, осы жылдың 2-жарты жылдығына дейін толығымен бекітілетін болады.
Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығымен қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан асатын 133 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде үш ірі кәсіпорын — Шардара ауданындағы «Хамит» СТК, Сайрам ауданындағы «Көмеш балық» ЖШС және Түлкібас ауданындағы «FIRST FISH COMPANY» ЖШС бар.
Сондай-ақ, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30% субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде.
Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды балық өсіру саласының жоғары әлеуетін атап өтті.
Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жоспарланған 1 600 тонна балық өнімінің 2020 жылы Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға 2801,7 тонна балық экспорттап, жоспарды артығымен орындады.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқына «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырды.
40 КӘСІПКЕР КЕПІЛСІЗ НЕСИЕМЕН КӘСІБІН ДАМЫТУҒА КІРІСТІ
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша сауда және қызмет көрсету салаларындағы жеке кәсіпкерлерге қаражат айналымын ұлғайту үшін 5 млн. теңгеге дейін кепілсіз несие беріледі. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерінің 6 пайызын ғана кәсіпкер төлейді, қалған бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Олардан кепілге мүлік талап етілмейді, өйткені, «Даму» кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы алатын несие қаржының 85 пайызына екінші деңгейдегі банк ұйымының алдында кепілдеме береді.
Ордабасы ауданында кепілсіз несие тәртібі барлық ауыл округ тұрғындарына жан-жақты түсіндірілуде. Қазіргі таңда кепілсіз несие алуға ниетті кәсіпкерлердің 40-ы 150 млн. теңгеден астам қаржыға қол жеткізіп, кәсібін дамытуға кірісті. Жалпы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілердің саны 11 мыңнан асады. Осы құрылымдар бойынша 15 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған.
Өткен жылы ауданда шағын несие ұйымдары арқылы 5 мыңнан астам адам 4 млрд. теңгеге жуық несие қаржы игерді. «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында банк несиелерін субсидиялау желісімен 8 жоба 64 млн. теңгеге қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 34 потенциалды жоба сүйемелденіп, 789 млн. теңгені құрайтын 24 жоба қаржыландырылды.
1200 БАСҚА АРНАЛҒАН ЖАҢА СҮТ ФЕРМАСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Бүгінгі таңда жүн, сүт және ет өндірісінде Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Ал өңірдің басым бағыттарының бірі – облыс орталығын азық-түлік өнімдерімен толық көлемде қамтамасыз ету. Осыған орай, облыс орталығы Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру туралы шешім қабылданған. Ондағы жобалардың бірі – мал бордақылау алаңы бар тауарлы — сүт фермасын құру жобасы.
Гольштейн-фриз тұқымды 1200 мал басқа арналған жаңа ферманың басты мақсаты — тұрғындарды сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету. Ферманың құрылысы Кентау қаласы, Шаға ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында 46 гектар аумақта бастау алды. Бүгінгі күні жобаны іске асыру шеңберінде технологияны жеткізушісі анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жобаның жүзеге асуы — сүт және сүт өнімдерінің сапасын арттырып, оның көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады деп жоспарлануда.
«Түркістан» ӘКК» АҚ іске қосылған алғашқы кезеңінде, яғни 2019 жылы 1000 гектар алқапта мал азығы дақылдарын өсіру жобасын бастаған болатын. Бюджет қаражаты мен сол кезде тартылған инвестицияларды пайдаланып, 18 жаңбырлатып суару машиналары сатып алынып, орнатылған. Сондай-ақ, егістік алқаптардағы жұмыстарға арналған 26 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар машина-трактор стансасы құрылды. Жобаны іске асыру жоспарына сәйкес, жиналған өнім соғылып жатқан өндірістік сүт фермасын қажетті жем-шөп қорымен қамтитын болады.
ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН ЭКСПОРТТАДЫ
Жетісай ауданындағы Әл Фараби елді мекенінің диқандары ақпан айының басында еккен қырыққабаттың алғашқы өнімін Түркістан облысы бойынша алғаш болып экспорттады.
«Қысқы мезгілде шаруа қожалығымызға тиесілі жердің 10 гектар жерге қырыққабаттың 50-55 күнде ерте пісетін «Зарисма» сортын ектік. Егілген көшеттердің барлығы өзіміздің жылыжайда өндірілген. Жалпы 10 гектарға егілген өнім көлемі 40 центнерді құрап отыр. Бұл кеткен шығындарымыздың толық ақталғанын білдіреді. Артылған 40 тонна қырыққабат Беларусия мемлекетіне жөнелтілетін болады», — дейді «Әл Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Сәбденов Бекзат.
Жетісай ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуовтың айтуынша, Жетісай ауданында биыл 1 080 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егілген. Былтыр аудан диқандары 36 мың тонна қырыққабат өнімін өндірген.Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын аудан халқы 78 500 гектар аумаққа егін егеді. Бүгінгі таңға дейін аудан бойынша 1 300 гектарға – көкөніс, 10 мың гектар аумаққа — бақша дақылдары егілген.
Айқарма бетті дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ