«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА НАСИХАТТЫҚ ТОП ТҮЛКІБАС АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Саясат Қоғам
880 Views

Қостанай, СҚО және Павлодар облыстарынан келген делегациялар «Еңбек» бағдарламасы аясында халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінің халқын Солтүстікке көшіруді насихаттау бағытында Шақпақ, Жабағылы, Ақбиік, Кемербастау, Мичурин, Түлкібас кентінің тұрғындарымен Түлкібас мәдениет үйіндекездесу өткізді.

Кездесудің мақсаты – Оңтүстіктен Солтүстікке көшуге ниеті бар азаматтарды шақыру. «Еңбек» бағдарламасы аясында өткен жиында Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Күзембаев Ерлан Бақытжанұлы төрағалық етіп, ашып жүргізіп отырды. Насихаттық топ құрамына Тұтқышев Еділ (СҚО, әлеуметтік сала бойынша Есіл ауданы әкімінің орынбасары), Есембаева Меруерт (Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы), Конкабаев Оралбек (СҚО, Есіл ауданы, Петровка ауылдық округінің әкімі), Әлпеисова Салтанат (Павлодар облысы, Өспен ауданы, Өспен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры), Данабаев Ержігіт (СҚО, Аққайың ауданы, Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры), Мауланбек Балабек (СҚО, Темирязово ауданың өкілі) енген.

Түлкібас ауданына келген азаматтар арнайы дайындалған бейнероликтерді халық назарына ұсынды. Бейнероликте Алматы облысынан, Тараз қаласынан Солтүстікке қоныс аударған отбасылардың қазіргі таңдағы жағдайы мен жеткен жетістіктері баяндалған. Бейнебаяндағы отбасылар Солтүстіктің азаматтарына, мемлекет тарапынан оларға көрсетілген көмектеріне разылығын білдіріп, мал шаруалығын дамытып, сол бағытта еңбек етіп отырғандарын алға тартып отыр.

Солтүстік өңірінен келген өкілдер онда халық аз болғандықтан жұмысқа орналасуға, үйлі-жайлы болуға, егіндік пен мал шаруашылығымен айналысуға толықтай мүмкіндіктер бар екендіктерін жеткізді. Сонымен бірге Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын, «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асыруда қол ұшын созатындықтарын алға тартты. Кездесу барысында насихаттық топ мүшелеріне жиналысқа қатысушылардан түрлі сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Кездесу соңында жиналысқа келген тұрғындарға брошюралар таратылып, филиал төрағасының бірінші орынбасары Еркебаев Қуатбек Сағымбекұлы Солтүстікке көшуге ниет еткен азаматтарды Солтүстікке қоныс аударуға шақырып, жиынды қорытындылады.

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛІП ЖАТЫР

Түркістанда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында құрылған Түркістан облыстық жедел әрекет ету тобының отырысы өтті. Оған осы топ құрамына енген облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен өкілдері қатысты. Жиынға «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты Калыйма Жантөреева төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде қиын жағдайларға қалған отбасыларға, әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Zoom платформасы арқылы Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Төлеби ауданында құрылған жедел әрекет ету топтарының жұмыстары бойынша баяндамалар тыңдалды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұловтың айтуынша, облыс орталығында жедел әрекет ету тобы жұмыс істеп жатыр. Аталған топ полиция қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім салаларының қызметкерлерімен бірлесіп, көптеген мәселелерді шешуге ықпал еткен. Атап айтсақ, 264 адамға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және діни негізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша қызмет көрсетілген. Заңгердің қызметіне – 104 адам, психолог қызметіне – 73, әлеуметтік сала қызметіне – 79 және теологтың қызметіне 8 адам жүгінген. Отбасы мен туыстары бас тартқан 3 қарияны Шымкент қаласына әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыруға көмек көрсетілсе, ішкілікке салынған 4 жас ана психологиялық және наркологиялық диспансерлік орталыққа емделуге жолданған. Балалары туыстарына және бейімдеу орталығына орналастырылған.

Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың айтуынша, Арыс АПБ-нің есебінде 18 жасөспірім және 45 қиын отбасы есепте тұрады. Қиын жағдайда қалған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау бойынша әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бекайдар Алимбетов шаһарда жедел әрекет ету тобы құрамына түрлі жауапты мекеме басшылары мен өкілдері енгізіліп, тиісті идеологиялық және ұйымдастыру жұмыстары атқарылғанын айтты. Оқу орындарында кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылып, жасөспірімдерге психологиялық кеңес берілген. Сонымен бірге аз қамтылған отбасыларға әкімдік және демеушілер арқылы қолдау көрсетілген. Әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2021 жылдың 3 айында 73 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 52 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік жауапқа тартылған. Әлеуметтік жағдайы төмен және қолайсыз отбасылардағы 8 тұрғын алкоголизмнен профилактикалық емдеуге, 4 адам сот шешімімен 6 ай мерзіміне мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. Қазір Кентауда 14 жайсыз отбасы есепке алынған. Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде 30 отбасы есепте тұрады, ол шаңырақтарда 49 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленеді. Оның 42-сі мектепке барады. Аталған оқушылар мектеп басшылығы, педагогтар мен психологтардың жіті қадағалауына алынған. Төле би ауданында да «Бақытты отбасы» жобасы бойынша қозғалыс бар. 2020 жылы ауданда психологиялық көмекті аса қажет ететін 73 отбасы назарға алынып, құқықтық кеңестер берілген. Аталған 3 қала мен 1 ауданда «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылып, отбасыларға азық-түлік, тиісті көмек ұсынылған. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы ақпараттық жұмыстар қолға алынған.

Жиында «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман қиын жағдайға қалған отбасыларға тек әлеуметтік көмек көрсетіліп қана қоймай, оларды тұрақты жұмыспен қамту жолға қойылса деген ұсынысын жеткізді. Оған қоса жуырда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және жергілікті жауапты мекеме қызметкерлері мен ерікті жастардың мониторинг жұмыс қорытындысына да тоқталды. Аталған топ Түркістан қаласында 13 кәріз құдығының қақпағы ашық әрі тұрғындар үшін қауіпті күйде қалып тұрғанын айтты. Жауапты мекемелердің бұл мәселеге жедел назар аудару керектігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Калыйма Жантөреева «Жедел әрекет ету тобының мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, жергілікті әкімдіктер мен қоғам арқылы оларға жан-жақты көмек көрсету. Біз ана мен баланың құқығын қорғау, жалпы қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселесін назарда ұстауымыз керек. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында барлық аудандарда бұл жұмыс жалғасады», – деді.

Жедел әрекет ету топтары өңірде өз жұмысын 2020 жылы бастаған. Бүгінгі таңда 1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық, 174 ауылдық, жалпы саны 191 жедел әрекет ету тобы құрылған. Оның құрамы партия өкілдері, мектеп психологтары мен ұстаздардан, полицейлер, дәрігерлер мен әлеуметтік бағыттағы қызметкерлерден жасақталған.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА «БАСТАУ БИЗНЕС» БОЙЫНША 35 АЗАМАТ ГРАНҚА ИЕ БОЛҒАН

Биыл Түркістан облысы Төлеби ауданында бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 70 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде ауданда 35 азамат грантқа ие болып, өз кәсібін бастаған. Басым бөлігі мал мен құс шаруашылығы, тігін және кондитер салалары бойынша.

Солардың бірі – Рита Курабанова. Ол бәліш, торт пісірумен айналысады. Төлебилік кәсіпкердің кондитерлік өнімдеріне сұраныс жоғары. Айтуынша, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік орталығында 2 ай білім алған. Бизнес жоспарын ойдағыдай қорғап, берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алған.

«Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп өз отбасымды қуантқым келді. Бірақ, оны үйде пісіретін арнайы пешім, қажетті құрал-жабдықтарым болмады. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Бұл іс өзіме ұнағандықтан хоббиді кәсіпке айналдырдым. Тапсырыс берушілердің көңілдерінен шығудамын», – деді кәсіпкер

САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕРЛЕР БОЙ КӨТЕРДІ

Өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында 2017 жылы қызметтік тұрғын үй салу қолға алынған. Облыс басшысының тапсырмасымен Сайрам ауданы Ақбұлақ елді мекенінде сол жылы қызметтік пәтерлердің құрылысы басталды.

Екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің аяқталуға жақын қалған құрылысын аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков аралап, көріп қайтты. «NK Building» ЖШС мердігер мекемесі нысанды жоспарға орай биыл тапсырады деп жоспарланып отыр. Бұл білікті кадрларды жұмысқа тартуға, жұмыс сапасын арттырудың тиімді әдісі болмақ.

Айта кетейік, Сайрам ауданында тұрғын үйге кезегіне тіркелген азаматтардың жалпы саны – 1934. Оның 330-ы мемлекеттік және әскери қызметтегі азаматтар.

«FARAB» КІТАПХАНАСЫ ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАРДЫ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шетелдік ірі ғалымдар мен археологтармен бірге «Farab» кітапханасын аралады. Көпфункционалды білім кешені болып жасақталған елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналуда. Орталық шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалған.

Жаңа кітапхананы тамашалауға ҚР Дүниежүзілік мұра ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Воякин, ҚР ҰҒА академигі Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев, академик, Буниятова Шығыстану институты директорының орынбасары Мұстафаев Шайм, антропология департаментінің профессоры, Louis Вашингтон университеті Майкл Фрачетти, археолог, ғылым докторы, археология институтының директоры, Татарстан Республикасы Халикова Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Айрат Сидиков, археолог, тарих ғылымдарының докторы, Германия археологиялық институтының корреспондент мүшесі Виктор Зайберт келді.

Робототехника бойынша 2019 жылы өткен әлем чемпионатында 3-ші орынға ие болған команда «Farab» кітапханасында еңбек етуге кірісті. Fab-lab өндіріс зертханасында жарық көрген жаңа дүниелерді таныстырған жастар заманауи ошақтың қыр-сырымен бөлісті. Айтуларынша, бес машинаның қарапайым жиынтығын қолдана отырып, кез-келген адам ойындағы дүниені, сәндік заттардан компьютерге дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар. Яғни, мұнда келген кез-келген адам, кез-келген дүниені өз қолымен жасап шығара алады.

Кітапханада ескі құжаттар мен кітаптарды қайта қалпына келтіруге арналған Орталық Азиядағы жалғыз цех ашылған. 3D моделін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Орталықта кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған үлкен зал жабдықталған. Кітапханада ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Шетелдік ғалымдарды кітап қоры таң қалдырды. Олардың назарына көне кітаптар, қолжазбалар мен құжаттардың мұрағаты ұсынылады.

Түркістан шаһарына арнайы келген шетелдік ірі ғалымдар мен археологтар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстелге қатысты. Онда тарих ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институттың бас директоры Бауыржан Байтанаев тарихқа өзгеріс әкелетін тың жаңалығымен бөлісті. Түркістанның жасын есептеген кезде кеңес дәуірінің деректері қолданылғанын және бұл ақпараттың қазір маңызы жоқ екенін мәлімдеді.

«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлемелер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», – деді ол.

«КІТАПХАНАЛЫҚ КЕРУЕН – 30 АУЫЛҒА» АТТЫ АКЦИЯ ӨТКІЗІЛМЕК

Биыл Түркістан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ауыл жастарын кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Кітапханалық керуен – 30 ауылға» және «Ұлы Дала руханияты» атты облыстық кітап фестивальдерін өткізу жоспарлануда. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлім етті.

Әзімхан Серікұлының айтуынша, облысымыздағы 390 кітапханада өткен жылы 3 858 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 230 382 оқырман қатысқан. Сондай-ақ, өңір кітапханалары 121 686 дана жаңа кітаптармен толыққан. Бұдан бөлек, «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, 18 090 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілген.

«Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының жобасына сәйкес Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкібас, Келес, Жетісай аудандары мен Арыс, Кентау, Түркістан қалаларындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылды», – деді Әзімхан Серікұлы.

Түркістан күллі Түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілуіне байланысты биылғы жылы «Театр көктемі-2021» түркі халықтарының театр фестивалі, «Түркістаным – Тұраным» түркі халықтары суретшілерінің симпозиумы, «Түркілер төрі – Түркістан» түркі тілдес елдердің ақын-жазушыларының кездесуі және кітап көрмесі, «Алтын сақа» түркі әлемінің анимациялық фильмдер, «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивальдерін өткізу жоспарлануда.

Бетті дайындаған З. ДҮЙСЕНБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *