ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ АРҚЫЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРТЫЛУДА

Қоғам
281 Views

Түркістан қаласының тұрғындары ұсыныстарын жеткізу арқылы қаланы көркейтуге өз үлестерін қосып жатыр. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков 6 сектор тұрғындарымен ашық алаңда 9 кездесу өткізді. Кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынып, жауапты басшыларға екі жылда 570 тапсырма берілген. Оның 474-і орындалып, 96-сы қаланың даму жоспарына енгізілді. Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың жоспарға енген өтініштеріне тоқталып, заңдылығын түсіндірді.

– Кей өтініштеріміз неге әлі күнге орындалмады деген күмәнды ойды сейілту үшін өзім келіп түсіндіргенді жөн санадым. Біраз мәселе қаржыны қажет етеді. Қаржы бөлдіру үшін жобалар әзірленіп, рәсімделу сатыларынан өтеді. Оған уақыт қажет, – деді қала әкімі.

2021 жылы 11 көшеге асфальт, 185 көшеге тас төселіп, 155 көшеге жарықшам орнатылды. Өткен жылы асфальт көшелер саны 18-ге артты. 134 көшеге жарықшамдар орнатылды. Биыл 23 көшеге асфальт төсеу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 9 көшесінде жұмыстар аяқталды. Жоспарланған 94 көшенің 65-іне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 272 көшеге жарықшам орнату жоспарланып, оның 134 көшесіне орнатылды. Өткен жылы балалар ойнайтын 15 алаңшаның құрылысы басталып, биыл тағы 10 алаңшаның іргетасы қаланды.

Айта кетейік, маусым айындағы кездесу қорытындысымен 83 тапсырма бекітіліп, бақылауға алынды.

БІРЛІК БОЛСА, ТАЛАПҚА САЙ ТІРЛІК ТЕ БОЛАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тұрғындармен маусым айында өткен кездесуінің нәтижесінде инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне 43 тапсырма берілді. Тапсырмалардың барлығы жұмыс жоспарына енгізіліп, бақылауға алынды.

 Тұрғындардың өтініші негізінде ағымдағы жылы қала аумағында 15 жерге спорт және балалар ойын алаңшасын және 10 жерге тек ойын алаңшасын салуға бюджеттен қаржы қаралып, мердігермен келісім шарт түзілген. И.Байзақ көшесінде ойын алаңшасын салу бойынша ұсыныс түскен, алайда көше бойында бос жер телімі болмағандықтан Яссы тұрғын алабындағы №24 мектепке ойын алаңшасы салынды, Көккөл көшесіне де алаңша салу жоспарлануда. Айта кетерлігі 2022 жылы Яссы тұрғын алабына қарасты Аралбай, Саққорған көшелерінде ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. С.Болыс көшесіне ойын алаңшасын салуға орны бекітіліп, құрылысын бастау тамыз айына жоспарланды.

Осы және өзге де атқарылған жұмыстар жөнінде қала әкіміне сала жетекшісі баяндап, есеп берді.

Тұран мөлтек ауданындағы гидрант жүйесінде анықталған кемшіліктер мердігерге ескертіліп, қайта қалпына келтіру үшін мерзім берілгенін де тілге тиек етті.

Саттарханов көшесі мен Қазыбек би көшелерінің аралығындағы жүргізілген гидрантты жүйелер су қабылдауға әзір. «Арыс-Түркістан» каналынан су келгенше қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес көшелердегі көшеттер мен көгалдарды суаруға арнайы техникалар жұмылдырылуда.

Сондай-ақ, қала аумағындағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 1500 абонентке жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.

Тұрғындар «Руханият» саябағындағы жасыл желектің қурауына алаңдаушылық білдірген. Әкімнің салаға жауапты орынбасарының мәлімдеуінше, мұндағы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік қабылдаудан өтпеген. Сәуір-мамыр айларындағы түгендеу жұмыстары барысында анықталған қураған ағаш көшеттерінің орнына мердігер күзгі маусымда қайта тал егетінін атап өтті.

 Қазақбаев көшесі бойындағы «Нұр» интеллектуалды мектебі аумағына саябақ құрылысын жүргізуге қатысты көтерілген мәселе бойынша, бүгінде эскиздік жоба мен сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік ұсыным жолданғаны айтылды.

 Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмыстардың жүйелі атқарылуын тұрақты қадағалау қажеттігін сала жетекшілерінің назарына қайта салып:

– Ұсыныс-тілектердің айтылған жерде қалмағанын тұрғындар білу керек. Сондықтан, сектор жетекшілері өз аумағында тұрақты кездесу өткізіп, есеп бергендері жөн. Кей аумақтарда жоспарланып, құрылысы басталған жобалардан да халықтың хабары жоқ. Сектор жетекшілері, халықпен байланысты күшейтіңіздер, – деді.

ЖАҢА АВТОБУСТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгін сыйымдылығы жоғары 10 дана автобус №5 және №5А бағыттарына қатынауды бастады.

Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңартылған қоғамдық көліктер салқындатқыш жүйесімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтылған. Одан бөлек, мұнда жұмыс сапасын жақсарту және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған. Түркістан ҚПБ-мен бірлесе жұмыс атқарылып, қалта ұрлығының алдын алу, жүргізушінің жол қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жүргізушінің қызметін бақылау үшін әр автобусқа 3 бейнекамерадан орнатылған.

Айта кетейік, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бұл бағыттарға 2 тасымалдаушы мекеме: «Жолаушы» ЖШС және «ТехПрофАвто» ЖШС қызмет көрсетеді. Аталған мекемелер жыл басынан бері сыйымдылығы жоғары жаңа 29 автобус алып, қолданысқа енгізді. Жыл соңына дейін №4, 4А, 3 бағыттарындағы автобустарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлануда.

ЕКІ АУЫЛ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысының 5 жылдығы мен Астана күніне орай Бәйдібек ауданында жаңадан ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталған Ақжар елді мекеніне және қайта құрылымдаудан өткен Сарқырама елді мекеніне ауыз су берілді.

Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев Астана күнімен құттықтап, қос ауыл тұрғындарының қуаныштарымен бөлісті. Ауыл қарияларымен бірге салтанатты түрде лентасын қиып, ауыз су жүйесінің қондырғысын іске қосты. Мереке қарсаңында ауыз судың берілгеніне қуаныштарын білдірген екі ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагерлері алғыстарын жеткізіп, баталарын берді.

Айта кетейік, аудандағы 50 елді мекеннің 44-де орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген болса, 1 елді мекен модульді су қондырғымен қамтамасыз етілген. Бұл аудандағы елді мекендердің 90 пайызын құрап отыр.

ТРАНСФОРМАТОРЛАР МЕН ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛМАҚ

Сайрам ауданының әкімі ауыл округтерді аралау барысында бірқатар шешімін қажет ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын. Яғни, бірінші кезекте тұрғындардың көтеріп жүрген мәселелеріне назар аударды. Соның бірі – электр жарығы. Осы орайда, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимовпен кездесті.

Мақсат – аудан тұрғындарын электр жарығымен тұрақты қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізу.

Аудандағы кейбір елдімекендердегі өзекті мәселенің бірі – электр энергиясының жиі өшуі. Жел соқса, қар жауса ауыл азаматтары бұл мәселені жиі көтереді. Әсіресе, тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде пікірлер жазылып, мессенджер арқылы сұрақтар көптеп түседі.

Қазіргі таңда ауданда «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қарасты 16 қосалқы электр станциясы бар. Оның ішінде жағдайы орташа деңгейдегілер саны – 14. Ал қажетті трансформаторлар саны – 18. Одан бөлек, 21 елдімекендегі 169,5 шақырым электр желісі тозған. Тозығы жеткен бағаналар да аз емес. Бүгінгі таңға дейін аудан тарапынан «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қайтарымсыз беру үшін 39 трансформатор ұсынылған.

Осы және өзге маңызды мәселелер бойынша аудан әкімі мен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры арасында келіссөз жасалды. Маңызды тақырып бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде, екі тарап ортақ шешімге келіп, алдағы уақытта «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болды. Яғни, трансформаторларды балансқа алу, жаңадан трансформаторлар орнату, тозығы жеткен электр желісі мен бағаналарды ауыстыру сынды маңызды мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілмек.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Аталған кездесуге аудан прокуроры Д.Тлемисов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Халмурадов, аудандық мәслихаттың депутаты А.Керімов, аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Ш.Убайдуллаев, аудандық мекеме-ұйым, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Ауылдық округінің әкімі М.Оразбаев аудан әкімінің ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өткен кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлердің нәтижесін таныстырды. Олардың ішінде ағын сумен қамту және қайтарымсыз грант алу туралы өтініштер орындалған. Ал, бақылауға алынған мәселелерден «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіру, интернет желісін жақсарту, жаңақұрылыс аумағына балалар алаңшасын салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы аталып өтті.

Сұрақ-жауап кезегінде 94 жастағы қарт, еңбек ардагері Қ.Көмекбаев ауылда отырғызылған ағаштардың уақтылы суарылмайтыны, сонымен қатар аудан әкімінің қабылдауына кіруіне кедергі жасалғаны туралы тілге тиек етті. Айтылған сын шұғыл ескеріліп, нақты жауабы берілді. Бірінші мәселе бойынша ауылдық округінің әкіміне тапсырылса, ал екінші мәселе бойынша алдағы аптаның сәрсенбі күні кестеге сәйкес белгіленген уақытта қабылданатын болады.

Мұнан кейін ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауыл биі Р.Сәбденов ауа райының қолайсыздығы кезінде электр жарығының сөну жағдайы орын алатыны жөнінде уәжін жеткізді. Көшелердегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстырып, кәсіпкерлік нысандарға өз алдына бөлек трансформаторларды орнатуды ұсынды. Бұдан басқа, 3 көшенің тұтынушыларын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді, облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолындағы Ақсу өзені арқылы өтетін көпірді орта жөндеуден өткізуді, кезінде жеке меншікке беріліп кеткен, мектеп жанындағы мақсатсыз пайдаланылмай жатқан 0,62 га жерді мемлекеттің мұқтаждығына алып, жергілікті жастар үшін спорт кешенінің құрылысын салуды, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын және үлкен жүк көліктерінің ауыл аумағынан кіріп-шығуын, олардың шектік мөлшерден артық жүк артуын болдырмауды қадағалауды сұранды.

Соңғы кезекте ақбұлақтықтар қоқыстардан тазарту, көгілдір отынның бағасын төмендету, жеке меншікте тұрған газ құбырларын мемлекеттің меншігіне алу секілді қосымша талап-тілектерін жеткізді.

Аудан басшысы тұрғындардың көкейіндегі мәселелерін тыңдап, бірқатар тапсырмаларды жауапты сала басшылары мен өкілдеріне жүктеді. Талқыланған мәселелердің тиісті шешу жолдары алдағы уақытта заң аясында зерделене отырып, қарастырылатынын түсіндірді.

Жиын соңында ақсақал ақ батасын беріп, басшылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІМІН ТАБУДА

Түлкібас ауданының шығыс қақпасында орналасқан Шақпақ ауылдық округінде соңғы 2-3 жылда тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су, аяқ жол, автожолға қатысты өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселең, өткен жылы округ орталығының тозығы жеткен ауыз су құбыры толығымен жаңартылып, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау үшін күре жолдың бойына аяқ жол құрылысы және асфальт жабындысы төселмеген көшелерді жөндеу жұмыстары бастау алған болатын.

Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың Шақпақ ауылдық округі тұрғындарының алдындағы ІІІ тоқсанға жоспарланған есептік кездесуі барысында тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселенің бірі жоғарыда айтылған құрылыс жұмыстары барысында назардан тыс қалып кеткен кемшілік тұстар болды.

Аудан басшысы аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында жауапты бөлім басшысына ауыл белсенділерімен бірлесіп жұмысшы топ құрып, әр нысандағы кемшілік тұстары бойынша АКТ түзіп, жауапты мердігерге Заң аясында қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстарды атқартуды тапсырды. Барлық нысанның сапасы талапқа сай болу керектігін ескертті.

Бұдан бөлек дәстүрлі кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ағын су, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, интернет және білім саласына қатысты мәселелер айтылып, Нұржан Жақсылықұлы және жауапты мекеме басшылары тарапынан назарға алынып, жауап берілді.

Аудан әкімі есептік жиынды пайдаланып, көптен бері жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген ескі спорт мектебінің орнына жаңа ғимарат соғу мәселесі облыс әкімінің тікелей қолдауымен іске асуы жоспарланып жатқаның жеткізіп, биылғы жылы жобалық сметалық құжаттары дайындалатының атап өтті.

2023 жылы округ аумағында іске асатын жобалар:

– Жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 29 га жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлануда. Нәтижесінде 173 жер телімі беріледі деп күтілуде.

– Айымбетов көшесін жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады деп күтілуде. Бағысбеков көшесіне аяқ жол салу жұмыстары өтпелі іске асады.

– 25 адам қабылдауға шақталған дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

ҚАТЕЛІКТЕН САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК!

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте жылыту маусымы және қатты отынмен қамту мәселесі талқыланды. Аудан басшысы жауапты мекеме басшыларына жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіне қаралған бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ермұхаммед Құралбеков баяндама жасап, аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелердің (мектеп, бала-бақша, аурухана және мәдениет ошақтар мен спорт нысандары) жылыту маусымына дайындығына және жылыжайларды қатты отынмен қамтамасыз ету жағдайына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар мәжілісте аудан әкімі ауылшаруашылық, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, адами әлеуетті дамыту мен орталық аурухананың басшыларына жылыту маусымына дайындықты пысықтауды және тиісті жұмыстарды тамыз айының басына дейін бітіруді тапсырды. Кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырып, арнайы құрылған жұмысшы топпен бірге тасымал мәселесін пысықтауды міндеттеді.

– Өткен жылдың қателігі қайталанбауы тиіс. Әсіресе әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, денсаулық сақтау мекемелері 100 пайызға дайын болуы керек. Әрбір ғимаратты тексеріп, жұмыс жүргізілсін. Қатты отынмен қамту мәселесі бойынша кемшілік болмауы тиіс. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, жанашырлық танытқандарыңыз дұрыс. Қателіктен сабақ алайық! – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің ауданға келген іссапарында және аудан әкімінің ауыл округтерді аралау кезіндегі айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Мейрамбек Ақмұратов баяндама жасап, өз уақытында жауап бермеген бөлімдерге шара көру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұдан былай әлеуметтік желіге түскен әрбір өтініштерге өз уақытында нақты жауап берілмесе тиісті бөлім басшысына шара көрілетін болады.

ДЕРБІСЕКТЕ 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде жаңадан салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Айта кетсек, аталған мектепке елді мекен шегіне енген 70 га жерден «Жайлы мектеп» құрылысын жүргізу үшін 3 га жер телімі ажыратылып, құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мектептің құрылыс алаңының жерлерін тегістеу жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан әкімі Арман Абдуллаев мердігер мекеме өкіліне құрылысты жобаға сәйкес мерзімінде жүргізіп, құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

ТАУКЕНТТЕ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Ағымдағы жылы Таукент кент округінде халықтың сұранысына орай тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда І. Кеңесбаев көшесі мен «Орталық» саябақтың жарықшамдары қалпына келтірілді. Сондай-ақ Жыныс ата көшесі мен кент ішіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жарықтандыру жұмыстары толығымен жүргізілді.

Айта кетейік, аудан басшысының кент округ тұрғындарымен кездесуінде басым көпшілігі көше жарықшамдарын орнатып, санитарлық тазалық жұмыстарына баса көңіл бөлуі жөнінде ұсыныстарын жолдаған.

Кент округте ағымдағы жылы қосымша Мыңжылқы, Мәңгілік ел, Болашақ, Тұран, Қаратау, Қ.Сәтбаев, Е.Ерімбетов, Бәйтерек көшелеріне жарықшамдар орнатылып, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жандана түспек. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Геологтар, Бейбітшілік, Тәуелсіздік көшелері де қамтылып, Таукент кент округінде жалпы алғанда 11 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *