ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕРЗЕНТТЕРІ ЕЛ ІСІНЕ АРАЛАСУДА

Ақорда
601 Views

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсыру рәсіміне қатысты. Қасым-ЖомартТоқаев жастарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, кездесудің ерекше мән-маңызы бар екенін айтты. Президент Тәуелсіздік ұрпақтарын, шынмәнінде, жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі ретінде атап өтті.

– Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы толқыны ержетіп, ел ісіне араласуда. Олар отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр. Мен егемендік кезеңінде туып-өскен жастарымызға арнайы грант бөлуді тапсырғанмын. Бұл – талапты ұл-қыздарымыздың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам. Қазақта «Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Халқымыз жастарға әрдайым зор сенім артып, ерекше үміт күтеді. Ұрпақтың тәрбиелі, білімді және білікті болуына айрықша ден қояды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түсетінін, олардың туған ел үшін қызмет етуге құлшынысы қуантатынын айтты.

– Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл – өте дұрыс. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау – қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде, бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Мемлекет басшысы жасампаз, отаншыл әрі ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алатынын айтып, жастардың болашақта кәсіби маман, өз ісінің нағыз майталманы болатынына, сол арқылы аға буыннан асып түсетініне сенім білдірді.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *