«ФУДМАСТЕРДІҢ» КӨМЕКШІЛЕРІ КІМДЕР?

Экономика Қоғам
50 Views

Қазақстанда «Фудмастер» компаниясын білмейтін адам кемде-кем. Зауыттан шығатын сүт өнімдері, айран, қаймақ, үй сүзбесі, балқаймақ,йогуртты жиі тұтынамыз. Әйгілі «Фудмастердің» Түркістан облысы, Төлебиауданында орналасқан филиалына сүт жеткізіп берушілер кімдер? Бүгінгі әңгімемізосы жандар туралы болмақ.

Жеке кәсіпкер Әбдінұр Шайнеков алпыс бас сауынды сиырдан күніне төрт жүз литр сүт алып отыр. Компанияға литрін алпыс бес теңгеден өткізеді. Осынша сиырды қазір төрт сауыншы екі мезгіл сауады. Таң бозарып атар-атпас бестің шамасында сиырдың желінін сылып алып, бас жібінен ағытып жайылымға қоя беретін келіншектер асығыс үйлеріне қайтқан мезетте, бақташы өріске қарай табынды ақырын айдап кете береді.

Ал, бұл шаруаның басында жүрген Әбекең нағыз іскер азамат. Іскерлігі емей немене, жұмысты шашау шығармастай етіп ұйымдастырған. Мәселен, еңбек өнімділігін арттыру үшін ең алдымен қажетті техниканы қамтуды ойлады. Қолмен саууға уақыт жетпейді, сондықтан сауу аппараттарын алдырды. Сыйымдылығы бір тоннаға жуық сүт мұздатқышын алғалы көңілі орнына түсті. Бұрынғыдай ашып кетеді деп абыржымайды.

Құлайын деп тұрған ескі сарайдың қаңқасын сатып алып, оны ретке келтіріп, сиырды бұзауымен қосып жылы орынға паналатты. Мал жүрген жерде, аусыл секілді алуан ауруы да қабат жүреді. Сол себепті, арнайы аттай қалап ветеринар маманын жұмысқа шақырды. Осы тиянақтылықтың арқасында әр мезгілде салатын қара малға арналған екпелері қалыс қалған емес.

Жайылымның шөбі шүйгін, көк майса. Сондықтан сүттері құнарлы, майлы, бір бас сауын сиыр 10-12 литрден сүт береді. Әбдінұр Шайнеков:

— Жем-шөпті сырттан сатып алмаймыз, ауылдың іргесіндегі он бес гектар жерге жоңышқа және жиырма гектарға арпа, бидай егіп отырмын. Егістік жерді жалға аламыз. Қарамағымда қазіргі күні он жұмысшы бар. Оның бесеуі «Жұмыспен қамту 2017-2021 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде нысаналы әлеуметтік топқа тіркеліп, осында жұмысқа тартылған азаматтар, жалақы мөлшері елу мың теңгенің көлемінде,- дейді.

Биыл көктемгі жер жырту, жем азықтарды тасуға арнап үш миллион сегіз жүз мың теңгеге су жаңа трактор сатып алыпты. Жер жыртатын соқаға дейін қамтамасыз етілген. «Енді ешкімге кіріптар болмаймыз, өзіміздің техникамыз жеткілікті» деп отыр басшы.

Бағдат Жолымбетов, жұмысшы:

— Ауылда жұмыссыз жүрген жастар жоқ деп айта алмайсыз. «Еңбек» бағдарламасы ауылдағы жұмыссыздықты жоюмен күресіп жатыр. Менің де тұрақты жұмысқа тартылуыма осы бағдарлама себепші болды. Бүгінгі таңда Әбекеңнің қасында жүріп, сауынды сиырларға қараймын. Жайылымға кеткен сиырлардың бұзауын қарау, қораны тазалау, кешкілік өрістен келген кезде жем-суын әзірлеу секілді шаруаларды атқарамын. Ауысыммен жұмыс істейміз, яғни бір күн істеп, бір күн демаламыз, — дейді.

Төлеби аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан «Еңбек» бағдарламасы аясында несие алып, тасын өрге домалатып отырған жеке кәсіпкерлер аз емес. Мәселен, екінші топтағы мүгедек Махмуджан Анарметов есімді азамат 26 бас қара мал алып, сүтін «Фудмастерге» өткізеді. Күніне 180-200 литр өткізіп отыр. Жеке кәсіпкер Хамза Үсменов те 19 бас сиыр алған, 90 литр сүт өткізуде. Малды өз қорасында ұстап, отбасындағы келіні мен қыздары сауады екен. Бәрінің де айтар бұйымтайы, жергілікті әкімдік пен «Фудмастер» компаниясы бірігіп, мұздатқыш алуға жәрдемін тигізсе құба-құп болар еді деген қолқасын жеткізеді.

Қай-қайсы болсын, өздерінің ісін жетік біледі, күннен-күнге несібелері артып келе жатқанына дән риза.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *