ШЫМКЕНТ ТРАСПЛАНТОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ

Денсаулық
609 Views

Шымкентті еліміздегі трансплантология орталығына айналдыру жолында үлкен қадам жасалды.

Шымкент қаласындағы ОҚМУ базасында алғаш рет жетекші ғалымдар мен дәрігерлер арасында «Ресей Федерациясы трансплантологиясындағы актуалды сұрақтар мен Шымкенттегі жедел қызметтің дамуы» тақырыбында үш күндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

Яғни, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен осы бағытта халықаралық конференция өтті. Оған Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан мамандар қатысты.

Жиынның маңызы туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Жолдасбекұлы:

«Шымкентте алғаш рет қалалық №1 аурухана және Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясы базасында ғылыми конференция өтті. Бұл халықаралық конференция. Жиынға Ресей Федерациясынан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикасынан мамандар қатысты. Айта кету керек, шараға қатысқан мамандар өте тәжірибелі. Аталған шараның маңыздылығы өте жоғары. Себебі, мұндағы мақсат – Шымкент қаласына транспланталогия орталығын ашу және оны Қазақстандағы №1 орталыққа айналдыру болып табылады. Қазіргі таңда осы іс бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Материалдық-техникалық базамыз, дәрігер мамандарымыз дайын. Тағы бір айта кетерлігі әлемді жайлаған пандемиядан кейінгі ең алғашқы ғылыми конференция осы Шымкент қаласында орын алып отыр. Жалпы Қазақстанда ағза ауыстыру бойынша күту парағында 3500-дей науқас бар. Соның ішінде Шымкент қаласында 600-ден аса науқас бар. Біз мұндай оталарды 2013 жылдан бастаған болатынбыз. Осы бағытты одан әрі қарқынды дамытамыз», – деп Шымкент қаласында жылына 500-ден аса ота жасауға мүмкіншілік барын және оған дәрігерлеріміздің толықтай дайын екенін айта кетті.

Шара барысында мықты мамандармен меморандум жасалды. Атақты Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институты меңгерген ота түрлерін бізге үйрететін болды. Ынтымақтастық туралы үш жақты келісім Ресей Федерациясы және Қазақстанның ғалымдары мен дәрігерлеріне тәжірибе алмасуға, трансплантология саласындағы жетістіктерін таныстыруға, шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы қаладағы жедел медициналық көмек көрсететін мамандар Мәскеу қаласындағы Н.В.Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтында біліктілігін арттыратын болады.

Біздің №1 қалалық клиникалық аурухана ендігі жерде Қа-зақстанда жасалатын трансплантацияның басым бөлігін жасап жатса таң қалмаңыз.

Осы орайда, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Абылай ДОНБАЙ:

«Ресей елінің Мәскеу қаласындағы Н.В.Склифосовский атындағы жедел-жәрдем ғылыми-зерттеу институтынан білікті мамандар келді. Ресей еліндегі трансплантацияның жағдайы және аталған ғылыми орталықтың жұмысы туралы айтылып, сөз қозғалып отыр. Қазақстандағы трансплантацияның жай-күйі қандай, нендей өзгерістер орын алуда екені толығырақ талқыланды. Біздің өз жоспарымыз бойынша конференциядан кейін екі бауыр трансплантациясын жоспарға алғанбыз. Алғашқысы өтіп, сәтті аяқталды. Екі жақты біріккен ота өте жақсы тәжірибе болды. Біздің жас хирургтар, медицина академиясында оқып жүрген студенттердің үздік жұмыс істеуіне, тәжірибе алмасуына түрткі болып отыр. Мұндағы мақсат әрине, ең алдымен – халықтың денсаулығы. Әрбір науқас ауруынан айығып жатса, нұр үстіне нұр. Бұл елімізге, соның ішінде Шымкент қаласына үлкен абырой. Біз мегаполис қала болғандықтан туризмдік медицина жоғары деңгейде болуы шарт. Оған жету үшін ең алдымен мемлекеттен қолдау және мамандардың тәжірибе алмасуға ынтасы мен біліктілігі жоғары болуы қажет. Оңтүстік өңірінде 700-ге жуық науқас бүйрек трансплантациясына, 80-ге жуық науқас бауыр трансплантациясына мұқтаж. Осы мәйіттік трансплантациясы бағдарламасын дамытар болса, біздің ауруханамыз әрдайым оған дайын. Осы уақытқа дейін 152 бүйрек трансплантациясын жасағанбыз, оның бәрі өте сәтті шықты. Бауыр трансплантациясы ең күрделі ота болып табылады. Алайда, біз оған қарамай 21 бауыр алмастыру отасын жасадық. Оның 90 пайызы жақсы нәтиже көрсетті. Жергілікті әкімдік жақсы қолдау көрсетуде. Алда ауруханамыз үлкен транспланталогия орталығына айналады деген сеніміміз мол. Соған байланысты жұмыстар жүргізілуде. Егер осы жоспар іске асатын болса, еліміздің барлық өңірінен науқастар келіп, мамандандырылған медициналық көмекті алуына мүмкіншілігі бар», – деді.

Ендеше, күтіңіз! Адам өз мүшелерін көліктің бөлшектері сияқты ауыстырып жүре беретін ғылыми фантастикалық болашақ алыс емес. Егер сол рас болса, Шымкент көш бастайды.

Органдарын ауыстырғысы келетіндер бүкіл Қазақстаннан Шымкентке ағылатын болады. Шымкентте медицина туризмі осылай дамымақ. Шымкент республикалық қалаға осылай айналмақ.

Ал олай болса, іске сәт дейік!

А.СӘКЕНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *