ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ШЫҢЫНДАҒЫ ШАҢЫРАҚ

Білім
20 Views

30 жылдық белеске көтерілген ЕҰУ-нің жетістіктері көпшілікті тәнті етті

Жүз мыңнан астам түлек тәрбиелеп шығарған іргелі оқу ордасының бүгінгі биігі кез келген жанды таңдандырмай қоймайды. Қанаттанып ұшқан сол түлектер қазір еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласының түрлі буындарында кәсіби маман ретінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында халықаралық деңгейде мойындалған тұлғалар да аз емес. Бұл – университеттің шынайы беделі мен білім сапасының нақты көрсеткіші.

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің 30 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Айтулы датаға арналған салтанатты шаралар аясында халықаралық деңгейдегі Лу Бань шеберханасының ашылуы ұйымдастырылып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік серіктестер, ғалымдар мен университет түлектерінің қатысуымен Ғылыми кеңестің кеңейтілген мерекелік отырысы өтті. Сонымен қатар студенттер мен ұстаздардың басын қосқан мәдени-көпшілік бағдарламалар университет кампусын ерекше рухқа бөледі.

Лу Бань шеберханасының ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов және Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь қатысты.

Бұл шеберхана – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, жоғары білікті техникалық кадрларды даярлауға бағытталған қазақстандық-қытайлық маңызды білім беру жобаларының бірі. Жоба Тяньцзинь кәсіптік институты мен ЕҰУ арасындағы серіктестік негізінде жүзеге асырылған. Оның негізгі мақсаты – техникалық және IT білім беруді жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында сұранысқа ие мамандар даярлау.

Лу Бань шеберханасы бүгінде тек тәжірибе алмасатын алаң ғана емес, университеттің инновациялық экожүйесін дамытатын маңызды орталыққа айналып отыр. Қонақтар автоматтандырылған өндіріс желілері, жоғары өнімді есептеу жүйелері, ұшқышсыз технологиялар, машиналық көру және робототехника зертханаларымен танысты. Университет студенттері мен IT мамандары жасанды интеллект бағытындағы бірқатар тың жобаларын ұсынды. Олардың қатарында үлкен тілдік модельдерге негізделген білім платформасы, көру қабілеті нашар жандарға арналған навигациялық жүйе, интеллектуалды бейне талдау технологиялары мен Industrial AI бағытындағы әзірлемелер бар.

Ғылыми кеңестің мерекелік отырысы театрландырылған көрініс, арнайы бейнепрезентация және әсерлі флешмобпен жалғасын тапты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов жиналған қауымды 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, университеттің осы уақыт аралығында зор жетістіктерге қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Ол оқу орнының басты байлығы – оның ұжымы екенін айтып, университеттің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздарға алғыс білдірді. Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге, студенттер мен жас ғалымдарға ризашылығын жеткізді.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді. Президент құттықтауында университеттің тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, еліміздің жетекші білім ордаларының біріне айналғаны атап өтілді. Сонымен қатар әлемдегі 50 жылға толмаған университеттер арасында ЕҰУ-дың алдыңғы қатарда келе жатқанына тоқталып, оқу орнының алдағы уақытта да білім мен ғылым көшбасшысы ретінде ұлттық беделді арттыра беретініне сенім білдірілді.

Президент құттықтауында университеттің Еуропа, Азия, АҚШ және басқа да елдердің жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және халықаралық білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқаны ерекше айтылды. Бүгінде ЕҰУ халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып отырған беделді университеттердің қатарына енді.

Мерейтой барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жолдаған бейнеқұттықтау да көпшілік назарына ұсынылды. Онда Еуразия ұлттық университетінің тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан және елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын жетекші ғылыми-білім беру орталығы екені атап өтілді. Министр 30 жылдық мерейтойдың өткенге тағзым ғана емес, болашаққа сенімді қадам екенін айтып, университеттің әлі талай биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.

Мерекелік жиын барысында Ресей, Беларусь және Әзербайжан президенттерінің құттықтау хаттары оқылды. Сонымен бірге университет ұжымын Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, Бас прокуратура, Жоғарғы сот басшылығы, жоғары оқу орындарының ректорлары және ЕҰУ түлектері құттықтады.

Өз сөзінде Саясат Нұрбек ЕҰУ-дың бүгінде Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі университетке айналғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, университет заман талабына жауап бере алатын, білімі мен тәжірибесі ұштасқан кәсіби мамандар даярлауды басты мақсат етіп келеді. Министр университеттің бүгінгі жетістіктері ұжымның табанды еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

30 жылдық мерейтой аясындағы мерекелік бағдарламалар кампус аумағында жалғасты. Студенттер, оқытушылар, түлектер мен қонақтар қатысқан іс-шараларда палау фестивалі, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, түрлі көрмелер мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ЕҰУ түлектерінің слеті өтіп, университеттің көпұлтты мәдениеті мен студенттік рухын айшықтайтын халықтық серуендер көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің біріне айналды. Қазіргі уақытта мұнда 27 мыңнан астам студент білім алады. Университеттің білім беру және ғылыми қызметін шамамен 3 мыңға жуық оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді. Оқу ордасында 200-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және өзге де заманауи бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер қарқынды дамып жатыр. QS World University Rankings 2026 нәтижесі бойынша ЕҰУ әлемнің жетекші университеттері арасында 317-орынға тұрақтады. Бұл – ұлттық жоғары білім жүйесі үшін үлкен жетістік әрі университет дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

 

Балжан АРИНОВА,

«Әділеттің» Астана қаласы мен Ақмола облысындағы арнаулы тілшісі,

Халықаралық Журналистер одағының мүшесі.

Астана қаласы