ҚАЗАҚ СПОРТЫ «ҚОЛА ДӘУІРІНЕ» КЕТТІ

Спорт
1 099 Views

НЕМЕСЕ БҰЛ САЛАНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ

Токио жазғы олимпиадасы да өз мәресіне жетті. Бұған дейінгі олимпиадалық ойындар мен чемпиондарымыздың азды-көпті жеңісінен бөлек, бұл жолғы ойсырата жеңілген жеңілістеріміз біздің еліміздің спорт деңгейі, елдік рухымыз бен патриотизміміздің қай деңгейде екенін тайдың таңбасындай ашық көрсетіп берді. Біреулер әбден іріп-шіріген жемқорлық жүйемізді сыбап жатыр, біреулер сырттан жалдаған легионерлеріміз бізге опық бермейді дейді, енді бірі олимпиада дайындығына кеткен шығынның есебін шығарып әлек. Қай сөздің де жаны бар. Бәрі де елдің намысын жыртып, осыншама құлдырап кеткенімізге күйзеледі. Рухымыздың түскеніне, күйрегенімізге ызалы.

Жә, сөз де, дабыра да өз алдына, енді бізге нақты тығырықтан шығатын жол бар ма?

Алдымен еліміздің спорт саласын түбегейлі жаңарту қажет. Өз алдына спорт министрлігі керек! Онлайн трансляцияның өзі мәселе тудырды. Олимпиаданың ашылу салтанаты күні әбден тағылғанда ғана шешімін тапқанына қарап, Мәдениет және спорт министрлігінің қаншалықты құлықты болғанын аңғаруға болады. Бұған дейін трансляцияны ың-шыңсыз 5 миллион долларға сатып алып жүрген Қазақстан телеарналары бұл жолғы тікелей көрсетілімге 6,25 миллион доллар жұмсауға мәжбүр болды. Трансляция лицензиясын көрші Қырғызстан 100 мың долларға, Өзбекстан 800 долларға алды деген ресми ақпарат өріп жүр. Бұл ақпаратты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің өзі айтып отыр. Трансляцияның рұқсатын, не қаржысын министрлік те, спорт комитеті, ұлттық олимпиада комитеттері де шешпейтін болса, ондай ведомстволардың не қажеті бар? Неге телеарналар ғана тікелей көрсетілім жасауға мүдделі болуы керек? Неге әлемде жоқ бағамен сатып алуы керек? Бұл қаржы халықтың салығынан жиналған қазына, сіз бен біздің маңдай теріміз.

Қысқасы, қазақ спортын біз бизнеске, саясатқа, дінге айналдырып жібергенбіз. Спорт саласын ұлтжанды, намысты, спорттан хабары бар азаматтарымыз басқаруы тиіс. Мұндай азаматтар жоқ дей алмайсыз. Мәселен, әлемдік спорт сахнасында өздерінің мықтылығын мойындатқан Бақтияр Артаев, Мұхтархан Ділдәбеков, Ардақ Назаров, Бақыт Сәрсекбаев секілді ұлтжанды жігіттердің нағыз басшылыққа келетін шағы. Ал, біздегі спортты кәсіби мамандар емес, олигархтар, қалталы азаматтар басқарып отыр. Одан қалды, спортшыларымыз салафизмге мойын бұрып кеткен. Қоғам белсенділерінің бірі Ерлан Төлеутай әлеуметтік желіде былай жазыпты. «Өзбектің боксында дін жоқ, рух бар. Қазақтың спортында дін бар, рух жоқ. Спорт саласын салафизм идеологиясынан тазаламай, көсегеміз көгермейді. Әсіресе, күрес, бокс, ұлттық ойындар тағы басқа спорт түрлері уаһабиттердің қолында. Олар қазақ спортын рухынан, яғни, әруағынан айыруда. Түбегейлі шаралар қолданбаса, қазақ спортының болашағы бұлыңғыр…»

Спорт дін мен саясаттан тыс болуы керек. Шынайы патриотизмнен тұратын өр рухы бар спортшылар ғана жеңіске жете алады.

«Спортшыларының жанкештілігімен алғашқы 20 елдің ішіне қаңғалақтап кіріп кеткен мемлекеттерді айтпағанда, олимпиададағы жүлделі орынның бәрі дамыған демократиялы елдердікі. Олар осы жолы тұмсықтан дәл тие ме, жоқ па деп уайымдамайды, кездейсоқтықтан үміттенбейді. Жүйелі саясат жемісін беретінін біледі. Әділдігі саясатында қандай болса, спортында да солай. Саяси бәсекесі жоқ, билігі басынан бақайшығына дейін жемқор, спорты сауын сиырға айналған елдерден келіп, қабағын жарып, мұрнын сындырып жүріп медаль алған спортшыларға рақмет айту керек» депті тағы бір желі қолданушысы. Келіспеске амал жоқ.

Сондықтан спорт саласын бір жүйеге түсірмей келеге келу қиын. Қаржы жоқ емес, мемлекетте бар. Соңғы үш жылда олимпиада дайындықтары және жалпы спортты дамытуға 232 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, нәтижесі 8 қола. Алақандай Косово мемлекетінде олимпиадалық дайындыққа бар болғаны 3,3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген екен, олардың спортшылары қоржындарына 2 алтын ілді. Енді салыстырып қараңыз, жеңістің сыры неде?

Бәлкім, біз көңіл мен назарды балалар спортына бөлерміз. Шын чемпион алыстағы ауыл баласынан шығады. Түкпір-түкпірдегі ауылдың спорт мектептері мен жаттықтырушыларына қаржы құйып, ұл-қыздарымызды тегін спорт үйірмелеріне, былғары доп, алтын шайбаның турнирлеріне үздіксіз жарыстырармыз. Жасөспірімдер спорт мектебіне қаржыны аямауымыз керек. Ертеңгі елінің туын желбіретер нағыз олимпиада чемпионы осы жерлерде жүргені ақиқат. Қазақ спортының көгіне қырандай қалқып, қазақ ұл-қыздары шығуы керек!

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *