ҚАЛҚАМАНОВТЫҢ ҚАЛҚАНЫ КІМ?

Саясат Қоғам
457 Views

239 миллионның орны жоқ.

Бұл қолды болған қаражат кәсіпкердің қалтасындағы миллиондар болса, «апырмай-ә, обалдағы-ай!» деп ерінді сылп еткізер ме едік… Әттеген-ай, одан сорақысы ізім-қайым жоғалған мына қаржылар жекенікі емес, масқара болғанда білдей мемлекеттікі болып тұр!

Қысқаша баяндайық, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы 2020 жылы пандемия тұсында мемлекеттік тапсырыспен конкурс өткізеді. Кез-келген конкурсқа әлеуеті бар мердігер мекеме қатысатыны белгілі. Алайда, дәл осы тұсқа келгенде, «қазаншының еркі бар» деп тамыр-таныстыққа жол беріледі. Бар кілтипан осыдан басталған. Талан-таражға түскен 239 миллионның ізін қуалай келгенде сол кездегі басқарма басшысы Дамир Жүнісовке және бір ұшы аталған басқармаға құзыреттілік жүргізетін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа барып тірелген. Қазір Дамир Жүнісов тергеуде.

Ал Қалқаманов бостандықта.

Баяғы ұзын арқан, кең тұсау кез емес. Ескі жүйенің жолы кесілген. Кімнің қылмысы бар, кім мемлекет қаржысына ауыз салды солар ауыздықталатын кезең туды.

Даудың басында тұрған Дамирдің туыстары мен жары қазір әділдік іздеп, есік жағалап жүр. Неге десеңіз, Дамирдің бұлтартпас дәлелдерін антикор қызметкерлері көзге ілгісі келмейтін секілді. Тергеу барысында С.Қалқаманов пен Д.Жүнісов беттескен. Сол сәтте Түркістанға келген облыс қонақтарын қалай күткені, ақша кімге аударылғаны туралы есепшот бәрі көрсетілген, кімнің тапсырмасы екені де айғақ ретінде ұсынылды. Алайда антикор Дамирді үйқамаққа жібергенмен, артынша қайта қысымға алған, Қалқаманов өз еркімен қызметінен босап, құлан-таза айыптан ада болып шыққанға ұқсайды.

Жалпы, Дамирдің айтуынша, Қалқаманов әкім орынбасары болып тұрған жылдары оның өзін шақырып алып, облысқа келетін қонақтарды күтуді жүктейді. Алайда, мұндай кең құшаққа арнайы ақша бөлінбегенін айтқанда, Қалқаманов «тендерге өз адамдарын өткізіп, оларға тиын-тебенін беріп, қалған қаржыға қонақ күтуді» тапсырған. Оқиға осылай өрбіген де… Бірақ, арты қолға кісен салынумен аяқталып отыр.

Айтпағымыз, Қалқамановтың «құрбаны» болып тұрған жалғыз Дамир емес. Мұның алдыңғы жылдары облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Исабек, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы П.Қырықбаев та істі болды.

Мұндай кеп Дамирді де айналып соқпады.

Қалқаманов курьерлік ететін сала басшылары шетінен ұсталып жатқанда, Қалқаманов қалай талтаңдап жүре алады? Оны шідерден аман алып қалып жүрген қалқаны кім сонда?

Әлде оның үстінен де мемлекет қаржысын бөлісіп жеп отырған сол қалқаны емес пе екен?

Қалай десек те, Дамир Жүнісов бұл «шашылудың» бәрін Қалқамановтың қолымен істегенін, соның пәрмен нұсқауымен қимылдағанын айтып шып-пыр…

Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар әлі де тұтыла бере ме?

Әділетті Қазақстан орнатамыз деп жүргеніміз шынымен әлек пен әурешілік пе?!

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *