«ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ – ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ»

Билік Қоғам
476 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта өтіп жатқан есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Осыған дейінгі кездесуде берген уәделердің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндады. Мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

– Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндеті. Сіздердің ой-пікірлеріңізді есту, ауданның әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Осыған дейінгі кездесуде көтерілген бірқатар мәселелер шешілді. Ауыз су мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл шыбын-шіркейдің шамадан тыс көбейіп, Сырдария өзенінің бойында орналасқан аудан тұрғындарының мазасын алды. Осыған орай, облыстық бюджеттен 817 млн. теңге бөлініп, толықтай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз. 12 мың гектарды құрайтын Шәуілдір суармалы алқабындағы жердің тұздылығын төмендететін каналдар мен бас коллектор жүйесін қайта қалпына келтіруге қатысты бас мердігермен сот процестері өтіп жатыр. Сот шешімі шыққаннан соң жобаны іске асыру бойынша нақты шаралар қабылданатын болады. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ тұрғындар көтерген көшелерді жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатыр, – деді облыс әкімі.

Биыл негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары 29 млрд. теңге болса, 6 айда орындалуы 17 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мыңнан асып, 8 мың 600 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі былтыр 8,7 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3,7 млрд. теңгеге инвестиция тарту жоспарланса, 6 айда 1,2 млрд. теңгеге орындалған.

Отырарда «Күн электр энергиясын өндіру» бойынша «Arm Wind» халықаралық компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы құны 12,5 млрд. теңге. Нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Жеке кәсіпкердің қолға алуымен ауданда ет және сүт өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ шұжық цехының құрылысы биыл толық аяқтады. Жаңа қонақүй бой көтерді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 96 жоба қабылданып, әзірге 160 млн. теңгеге 36 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның аясында ауданда 4 кооператив құрылды.

Соңғы 5 жылда ауданымызда жаңа мәдени, бұқаралық спорт, білім және инфрақұрылымдар нысандары салынды. Тұрғын үй құрылысы жанданды. Табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтек ауданда газ құбыры тартылуда. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылуда. Таза ауыз сумен тұрғындардың 87%-ы қамтылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді.

Ауданда туристік тартымдылықты арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолынан «Арыстанбаб» кесенесіне дейін туристік маршрут бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы, «Отырар төбе» қалашығы абаттандырылды.

– Өркениет ордасы саналатын киелі Отырарда Арыстан баб кесенесі бар. Әрісі әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден басталып, бүгінде талай тұлға осы топырақта туған. Отырар ауданы бір жағынан облыс орталығына жақын болған соң, екіншіден осындай тарихи мекен ретінде танылған соң, Түркістанға келген адам Отырарға да соғады. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, барлық ауданды дамыту, көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Барлықтарыңызды ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Отырар ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Сайрам және Түлкібас аудандарының халқымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

ОБЛЫС ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Сайрам ауданында 2023 жылдың қыркүйек айында жеміс-көкөністі өңдеу зауыт іске қосылады. Өндіріс орнында Түркиядан заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылуда. Зауыт томат пастасы, кетчуп, жеміс шырынын шығарады. Жоба іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады. Ауданға жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сайрамдық кәсіпкерлермен кездесті.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін және көкөніс сақтайтын қойма «Бірлік-4» ЖШС жұмыстарымен танысты. Зауыт басшысы қайта өңдеу зауытын кеңейту мақсатында төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие, 5 млрд. теңге қаражат алуды жоспарлауда. Жоба жүзеге асса қосымша 500-600 жұмыс орны ашылады.

Зауытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 16 мың тонна 5 қойма бар. Аталған зауыт кәсіпкердің жеке және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырған.

Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды «АРТ Boilers» өкілдерімен кездесті. Аталған компания өкілдері кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Түркістан облысы бойынша жоғары технологияларын қолдана отырып, жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны жылына 400 бірлік қазандық өндіруге қуатты. Жылыту қазандықтары Түркістан облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысында сұранысқа ие.

ART Вoilers сауда маркасымен газды, сұйық және қатты отынға арналған жылыту қазандықтарын заманауи неміс технологияларын қолдана отырып, шығаруды жолға қойған.

«ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАР ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ»

Түркістан қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Көрмеге азық-түлік, машина жасау, химия, қолөнершілер, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 80-нен астам тауар өндірушілері қатысты. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту, халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатындағы көрме-байқауға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады.

– Бүгін біз Сіздермен бірге өзіміздің жергілікті тауарөндірушілердің көрмесін тамашаладық. Көрмеге қатысушы кәсіпорындармен таныспын. Олардың шығаратын өнімдері тұтынушылар арасында жақсы сұраныста. Түркістан өңірі аграрлық өлке болғандықтан, көптеген кәсіпорындар тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс жасайды. Бизнесті қолдау Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бүгінгі күні кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық қолдау бойынша өңірде арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс жасайды. Алда өндірістік аймақ құрамыз. Біздің негізгі мақсатымыз – өндіріс орындарын арттыру. Әкімдік осы бағыттағы бастамаларыңызды қолдауға дайын. Оған мен өзім кепіл беремін. Бүгінгі өңірлік байқауға қатысып отырған әрбір кәсіпорын жүлдеге лайық. Жеңімпаздарға алдағы республикалық байқауда сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сараптамалық комиссия «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі – басты талап. Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Арыс қаласындағы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын «Mega-Agat agro» ЖШС және керамикалық кірпіш шығару бойынша оңтүстік аймақта көш бастап келетін BATSU кірпіш зауыты жеңіске жетті.

Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Сарыағаш ауданындағы «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауыты және Түлкібас ауданында орналасқан жоғары сападағы экологиялық таза сүттен жасалатын «Майлыкент-сүт» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында топ жарды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша минералды табиғи су шығаратын «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК жиһаз компаниясы және аяқ киім фабрикасы «Арай» ӨК жеңімпаз атанды.

«Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жыл соңында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады.

Сондай-ақ шара барысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтеді. «Бір ауыл – бір өнім» – оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру.

Жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады.

Салтанатты шара елімізге танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты.

АРЫС ТАБЫСТЫ ЖОБАЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өңір басшысы Арыс қаласында инвестиция тарту бағытында атқарылған ілкімді тірліктерге тоқталды.

– Бүгін ел экономикасының дамуында үлесі ерекше, Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын.

Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін 12 маңызды мәселе көтерілген болатын. Басым бөлігі жүзеге асты. Өздеріңіз көтерген мәселелерді түпкілікті шешу үшін арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бұл – Арыс қаласының – инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Дархан Сатыбалды туған жерді түлетуге атсалысып жатқан демеушілерге алғыс айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 млн. теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы құны 30 млн. теңге.

Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 млн. теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 млн. теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған.

Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 млн. теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ТОЛЫҚТАЙ ШЕШІП БЕРЕ АЛАДЫ

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «International Center of Climate Change Technologies» орталығының басшысы Алтай Айнабек мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа технология – атмосфераның төменгі қабатына теріс зарядталған иондар жіберу арқылы антициклонды бұзып, циклондық процестерге әсер етеді. Салдарынан қажетті аймақта атмосферадағы жоғары қысым төмендеп, ылғал тартыла бастайды. Нәтижесінде жауын жауады.

– Қазіргі таңда құрғақшылық, су тамшылығы бүкіл әлемде басты мәселе болып тұр. Оны шешудің жолдары жан-жақты іздестірілуде. Біз жаңа технологиялар арқылы құрғақшылықты болдырмау, адамзаттың залалынан тартылып кеткен Арал сияқты теңіздерді қайта қалыпқа келтірудің әдісін қарастырып жатырмыз. БҰҰ-ның мәлімдемесі бойынша, әлемде 2,5 млрд. адам су тамшылығы зардабын тартып отыр. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір Каспий, Балқаш, сондай-ақ, өзендер мен тоғандардағы сулар тартылып жатыр. Жерасты суларының да деңгейі алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеген. Біз 31 шілде күні өз қаражатымыздың есебінен Шымкент қаласына «Clear Sky Manager New Generation» технологиясын орналастырдық. Салдарынан, Қазақстанның көптеген аймақтарында және Оңтүстік өңірінде тамыз айында қатты жауын жауды. Бұның барлығы біздің технологиямыздың тағы да тиімді екенін дәлелдеді, – деді Алтай Айнабекұлы.

Сонымен қатар, аталмыш технология 2022 жылы Маңғыстау облысында іс-тәжірибеден өткен. Нәтижесінде, бұл өңірде бұрын соңды болмаған ауқымды жаңбыр жауған. Айта кетейік, «International Center of Climate Change Technologies» орталығы Араб Әмірлігінде тіркеліп, қазіргі таңда Африкадағы Сахель және Пәкістанның аридтық аймақтарында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, аталған компания Орталық Азияда Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының Қазақстан мен Өзбекстандағы дирекцияларымен үшжақты келісім-шартқа отырған.

Брифинг соңында спикер әлемде 80-ге жуық мемлекет климаттық әртүрлі технологияларды пайдаланатынын және бұл технология елімізде алғаш рет қолға алынып келе жатқанын айтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *