ӘКІМШІЛІК ІС БОЙЫНША АЙЫППҰЛ 387 828 567 ТЕҢГЕНІ ҚҰРАҒАН

Қоғам Құқық
773 Views

Шымкент қалалық сотының ақпарат орталығында қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғановтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.  Шарада  төраға  2019 жылды қорытындылады.

Оның мәлімдеуінше, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына 2019 жылы 10 260 әкімшілік іс өндіріске түсіп, 9 721 әкімшілік іс қаралған, ал 817 іс өндірістен қысқартылып, оның ішінде 234 іс медиатордың қатысуымен қысқартылған. Сот қаулысымен 5684 әкімшілік іс бойынша айыппұл салынып,  жалпы сомасы 387 828 567 теңгені құраған.

Жиында Әбдімүтәліп Елікбайұлы биылғы жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше заңға қол қоюымен басталғанын айта келе,  2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндірді.

Ол өз сөзінде ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып соғу әрекеттері бойынша жаза жеңілдетілсе, ал жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы бойынша жазаның қатаңдағанын, яғни бұл санаттағы істер бойынша құқықбұзушылар бұрын тек 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылса, енгізілген өзгерістерге сәйкес  15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленгенін айтып өтті.

Иә, мас күйінде көлік жүргізу жайы – қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі. Президент бұл мәселеде жауапкершілікті  күшейтуді тапсырған. Ол заң бұзушыларды түрмеге отырғызып, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек екенін айтқан болатын.

– Сонымен қатар, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» пилоттық жобасы 2018 жылдың 4 маусымынан басталды. 2018 жылы 1215 әкімшілік іс қаралып, сот актісі шыққан. Ал өткен жылы 1034 әкімшілік іс қаралған. Бұл жүргізушілерге қолайлы екені іс жүзінде дәлелденіп отыр. Бұрын процесс бірнеше күнді талап ететін, – деді Әбдімүтәліп Елікбайұлы.

Кездесуде қалалық мамандандырылған сотының судьясы Айнұр Оспанова «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, яғни осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша жеке және заңды тұлғалардың, жалпы азаматтардың сонымен бірге шетел азаматтарының құқықтарын қорғап, әкімшілік істерді қозғау мен қарау кезінде олардың қолданылуы бойынша сот тәжірибесін қалыптастыру қажет екендігін атап өтті.

Естеріңізге  сала кетейік, Президент өзінің алғашқы Жолдауында  жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға жазалардың күшейтілгенін жеткізген. Мал ұрлығы үшін Қылмыстық Кодекске арнайы бап енгізіліп, белгіленетін жаза түрінің қатаңдатылғаны баяндалған.

А.СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *