Ардагер – құрметті, ардақты, қадірлі деген мағынаны білдіреді. Ел қамын ойлап, намысын қорғағаны, елеулі еңбек сіңірген, абырой, беделі асқақ адамды халық «ардагер» деп жоғары бағалайды.
Жеке адам қоғамда ерекше істерімен ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен жұртшылыққа танылғанда ғана «ардагер» деген абыройлы атқа ие бола алады.
Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының ардагерлер ұйымының мүшесі Әлібек қажы Құдабаев міне, осы атқа лайық жан.
Иә, жасы жетпіске келсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүретін шұбарсулық Әлібек ата Құдабаевтың азаматтық істерін жерлестері жоғары бағалайды. Өзі өсірген жеміс-жидек өнімдерін ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін таратып, сауап алып жүргені жайлы жергілікті баспасөз беттерінде де талай жазылды.
Міне, осылайша қайырымдылық істерімен құрметке бөленіп жүрген атаның бұл еңбегі лайықты бағаланып, бұған дейін көптеген айтулы марапаттар алған болса, таяуда медаль-марапаттардың қатары тағы да толыға түсті. «Құрмет, Абырой, Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Юсуповтың шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, оның ізін ала тағы бірі – Икрам Хашимжанов жетекшілік ететін «Достық» қауымдастығының осы аттас медалін да кеудесіне тақты.
Кеудесі орден-медальдарға толып, жарқырап жүретін Әлібек қажы Құдабаевтың бұған дейін алған марапаттары да, елден көріп жүрген құрметінің өзі бір төбе. Биыл 10 қазан күні 75 жасқа толып отырған қайырымды қария осылайша бұл белеске осындай жетістіктерімен жетіп отыр. Ендеше біз де өз тарапымыздан жетпіс беске толған жаны жомарт, қолы ашық ағамызды айтулы жетістіктерімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Намазбай ҚАНДӘУЛЕТОВ,
Ордабасы ауданы,
Шұбарсу ауылы.