ӨЗ БИІГІҢДЕ АБЫРОЙМЕН ЖҮРУ – ҮЛКЕН БАҚЫТ

Тұлға
437 Views

Өмірде ізгілік жолынан танбай, әділдікті ту еткен, сөзіне ісі сай, марғасқа азаматтардың барықуантады. Кейінгі жастар әр басқан қадамы нық, бітім-болмысы кесек,парасат-пайымы терең, берекелі азаматтарды үлгі етіп, осында азаматтарға қарапесейеді. Біз айтып отырған айтулы азамат Абдумуталип Наринбетов 63 жасқа толып,өмірдің үлкен белесін бағындырып отыр.

Абдумуталип ағамыз саналы ғұмырын қоғам игілігіне арнап, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосты. Жастардың еңбексүйгіш, патриоттық рухы асқақ азамат ретінде тәрбиелеуіне ықпал етіп, буыны бекімеген жастан, ақыл тоқтатқан сақа азаматқа дейін ақылшы аға болды. Бола да бермек.

Қарапайым, мәдениетті, білімді, тиянақты азамат ретінде ортасына сыйлы, қызметте абыройлы болды. Кәсіпкерлік саласын өркендетумен қатар, өзінің кем шілікті тайсалмай айтатын батыл мінезінің арқасында көпшіліктің мұң-мұқтажының шешілуіне ықпалын тигізді.

Абдумуталип Наринбетов 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Шаға ауылдық округінде дүниеге келді. «Қазақстанның XX жылдығы» атындағы орта мектебінде білім алды.

Осы мектепті 1974 жылы үздіктер қатарында аяқтады. Мектеп бітірген соң үлкен өмірдегі алғашқы қадамын Чапаев совхозында қарапайым жұмысшы болудан бастады. Еңбекке төселіп өскен ауыл баласына қара жұмысты атқару оншалықты қиындық келтірмеді. 1976 жылы Сарыағаш қаласындағы Қапланбек техникумының бухгалтерлік бөліміне оқуға түсіп, есеп-қисапты меңгеріп шықты. 1978 жылы оқуын бітірген соң

 Чапаев атындағы колхозда бухгалтерияда кассир болып орналасты.     

 Есепке жүйрік, зерделі жігіт 1981 жылы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, жоғарғы оқу орнын 1986 жылы есепшілік мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Әбекең өзі таңдаған саласы бойынша қызмет жолында адал еңбегі, білім-білігімен, ыждағаттылығымен, жалпы табиғатынан қанына сіңген адами жақсы қасиеттері арасында көтерілген, тіршілігімізде сұранысқа ие мамандықтан нәсіп тапқан жан. Кәсібін шынай ықылас, зор сүйіспеншілікпен атқарған жан өзі жетістікке жетіп ғана қоймай, өзгелерге де шапағаты тиетіні анық. Біздің кейіпкеріміз маңайындағыларға жылу сыйлап, шапағатын тигізіп жүретін азамат. Әбекеңде «өзіме ғана болсын деген» өзімшілдік жоқ.

А. Наринбетов 1987 жылдан Чапаев атындағы ұжымшарда бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер болып қызмет істеді. 1997 жылдан «Молда Мұса» өндірістік кооперативі төрағасы, 2003 жылдан «Несібе» жеке шаруашылық серіктестігінің төрағасы болды. Ауылшаруашылығы саласында сүбелі еңбек етіп, өңірде кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасады. Ауыл халқының табиғи таза өнім тұтынып, саулықтарының жақсаруына септігін тигізді. 2019 жылдың 28 қазанынан бастап көптің қалауымен Шаға ауылдық округінің әкімі боп сайланып, өзіне бекітілген жауапты қызметті осы күнге дейін абыроймен атқарып келеді.

 Халықтың бағасынан әділ баға, көпшіліктің оң ықыласынан асқан ықылас жоқ. Өмірлік адами ұстанымына бекем Абдимуталип ағамызға деген халықтың пікірі жылы, құрметі үлкен. Қай уақытта да өзіне жүктелген міндетті адалдықпен атқарып, намыс туын қолдан түсірмеді. Оралымды ой, тоқтамды сөз айтатын тереңдігі, тауып айтатын тапқырлығы мен шешендігі тағы бар.

 2012 жылдан 2 шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болып, ауылдың экономикасын көтеріп, хал-ахуалын жақсартуға атсалысты. Бұл жолда да өзінің білім-білігін, қабілет-қарымын байқатып, халықтан алғыс алды. Кісімсініп, кеуде көтермейтін, адамгершілігі жоғары, беделді тұлға ретінде ел алдында құрметі арта түсті. Халық қалаулысы деген атқа сызат түсірмеді десек болады.

Абдумуталип ағамыз қызмет еткен жылдары республика, облыс, аудан көлемінде өткізілген мәдени іс-шараларға белсене ат салысып, көп жағдайда өзі көш бастап, демеуші болып келеді.

Депутат болып сайланған жылдары қалың қар жауып, ақпан айында жаңбыр көп жауып, қар бірден еріп, Арыс-Түркістан каналына сыймай, бірден үлкен екпінмен су келіп, каналдан асып, Шаға ауылдық округіндегі Ынтымақ елді мекенін және Түркістан қаласын су алып, үлкен қиындық туған еді. Ынтымақ елді мекенін көшіруге әскерлер келіп көмектесті. Мыңға жуық үйді су алып, құлауға айналған. Түркістан қаласына үлкен қауіп төніп, шетін су алып жатқанда халық шуылдап сол кездегі қала әкімі Қ.Молдасейітов каналды бұзуға рұқсат бермей, облыс әкімінен рұқсат сұраймыз деп тұрған кезде депутат А.Наринбетов істі өз қолына алып: «Қаланы, ауылды су алдырып құлатпаймын, өзім жауап беремін», — деп эксковатор апарып, Арыс-Түркістан каналын Республикалық маңызы бар жолды бұзып, суды Шошқакөл арнасына ағызып жіберген. Кейіпкеріміздің күрмеуі қиын түйінді осылайша өз мойнына алып, тәуекел ететін өткір мінезі бар. Сондай жауапкершілікті мойнына алып бұзбағанда қаланы және Ынтымақ елді мекеніндегі 1000 үйді су алып, құлап бірнеше адам үйсіз қалар еді. Мемлекетке қыруар қаржы шығын келер еді. Осы істеген ерлігін Төтенше жағдайлар министрлігі, облыс әкімі, қала әкімі бағалап рахметін айтып, халықтың сұрауы бойынша «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағын және «Қазақстан Республикасы мәслихатының 20 жылдық» мерекелік медалін тапсырды. Қазақстан  Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің «Алғыс хатымен» және 2018 жылы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінен «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жеткен жетістіктері бір төбе. Еңбектің әділ бағасы ескерусіз қалмайды, әрине!

Депутат А.Наринбетов 2015-2016 жылдары Түркістан қаласының шаруалар одағының төрағасы болып тұрған кезде ҚР шаруалар одағының I съезіне қатысып, ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтарды ескере жұмыс істеген. Егіс егуге жанар-жағармай, тыңайтқыш, ағын су тапшы екенін, мал шаруашылығында да кемшіліктер көп екенін біліп, тындырымды тірлік атқарған. Сондай-ақ, 2019 жылы малға қажетті дәріні, сырғаны тегін етіп, егіске керек суармалы 4216 га жерді үлкен 4 кооперативке біріктіріп, жаңбырлатып суару әдісімен суғару үшін шаруаларды ұйымдастырып түсіндіріп, жерлерін келісім шартпен кооперативке берді. Әр гектар жерден 50 мың теңгеден дивидент алып отыруға келісіп, қазіргі күнде 2400 гектар жерге жаңбырлатып суғару әдісімен егіс егіліп жатыр. Еңбек өнімділігі бұрынғыдан жоғары. Өткен жылы «Мамлакат» шаруа қожалығы екі өнім алу мақсатында бидай орып болған соң орнына сүрлемге 250 га жерге жүгері егіп 10 мың тонна силос алынды. Әр гектардан 400 центнер өнім алынды. Ондай жағдай бұрын — соңды болмаған. Одан басқа Республикалық бюджеттен инвестиция бөлініп, «Түркістан Жеміс» мекемесі арқылы 300 га жерге тамшылатып суғару әдісімен егуге шет елден қара, қызыл өріктің көшеті әкелініп егілуде. Келесі жылы өнім береді. Өткен жылы шет елден 200 бас асыл тұқымды ешкі әкелініп, қоражай салынып, мал бағылуда. Бұдан сауылған сүтті өңдеп, дәрі жасап, шет елге экспортқа шығарып сатады. «Мамлакат» шаруа қожалығында шет елден келетін асыл тұқымды 1200 бас малға арналған товарлы сүт сауылатын ферма салынып жатыр. Қазіргі күнде құрылысының біршама бөлігі аяқталды. Оның қасынан келешекте 25 түрлі сүт өнімдері шығарылатын цех салынады. Қазіргі күнде 600 бас ірі қара бордақылануда. Ол жерде күнде 50 бас мал соятын цех күніне 10 тонна мал азығын шығаратын цех жұмыс істеп тұр. Ол жерде МТС ұйымдастырылған. Барлық жұмыс жаңа талапқа сай жұмыс жасауда. Келешекте ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін және өңдейтін жаңа цехтар салынбақшы.

Шаға ауылдық округінің әкімі А.Наринбетов инвестиция тарту үшін аянбай қолдан келгенше шапқылап еңбек етіп, 2019, 2020,

2021 жылдары Шаға ауыл округіне инвестиция есебінен атқарылған жұмыстар республика көлемінде жоғары деңгейде тұр. Ауылдағы көшелерді жөндеу, электр жарығын тарту, тротуар салу үшін Кентау қаласының әкіміне ауылдың ақсақалдарын апарып, келісудің арқасында ауылға «Ел Бесігі» бағдарламасы бойынша 25 көшеге жол салу, жарық жүргізу, тротуар салу жұмыстарын жүргізді. 2020 жылы 4 елді мекенге 2 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, газ құбыры жүргізіліп, биылғы жылы қыркүйек айында іске қосылмақшы. Көптің мүддесіне қызмет етіп жүрген, халыққа жақын әкімнің еңбегі еленіп, 2019 жылы облыстың «Құрмет. Абырой. Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұсынуымен «Халық Құрметі» орденімен, «Кентау қаласының 65 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталып, «Сауран ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

 Отбасында да қадірменді отағасы, өнегелі әке. Жары Тажиева Ляззат отбасының ұйытқысы, балаларының ардақты анасы. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

 2 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, өсірді. Перзенттері әке тәрбиесін алған парасатты, иманжүзді жандар. Үлкен қыздары Нұрила мен Ақмарал ана жолын қуып, педагог болды. Әбдімұраты заңгер-кәсіпкер, Ержігіт болса студент. Кенжелері Дариға мен Нұргүл ата-анасының қолғанаты. 

 Жұрт сенімін ақтап, өз биігінде абыроймен жүру – үлкен бақыт. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз іскер азамат Абдумуталип Наринбетов өз мақсатына жеткен, бақытты жан. Ағамызды 63-ке толған зейнет жасымен құттықтап, деніне саулық, мол қажыр-қайрат, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз. Еңбегіңіз жемісті боп, беделіңіз биіктей берсін!

Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *