Мұрат ҚАБДЕНОВ, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор: «ПОЛИЦЕЙЛЕР – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫСТЫҢ МАҢЫЗДЫ ТІРЕГІ»

Қоғам Құқық
795 Views

–  Құрметті генерал мырза, алдағы Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын! Халқымыздың құрыш қалқаны болып отырған Сіздердің қоғамдағы орындарыңыз айрықша. Осы орайда Тәуелсіздік жылдарындағы облыс полициясының даму кезеңдеріне тоқтала кетсеңіз.

– Әлемнің саяси картасында Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы оның алдына қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына қуатты серпін беретін, мемлекет егемендігін қамтамасыз ете алатын, ел халықтарының одан әрі өсіп-өркендеуіне жағдай туғызып, оларды ортақ іске жұмылдырушы күшке айналдыра алатын мемлекеттік құрылыстың айшықты да пәрменді іргетасын қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл ел алдына бір ғана мүмкіндік түрінде емес, қатал қажеттілік түрінде де алға тартылды.

Қазақстан ауыр экономикалық жағдайда Тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басты. Республика алдында тұрған бірінші кезектегі ұлы міндет – болашақ мемлекеттіліктің сипатты бейнесін жасау болды. Ең алдымен қоғам назарын кейінге қалдыруға болмайтын проблемаларды жедел шешуге және реформаларды қысқа мерзімге жүргізуге аудару қажеттігі туындады. Бірінші кезекте қарулы күштер, ішкі істер, кеден қызметі секілді жаңа министрліктерді, жаңа мемлекеттік институттарды құру, республика сыртқы істер министрлігінің қызметін тәуелсіз мемлекет талаптарына сәйкестендіру керек еді.

Осындай игі қадамдардың бірі – 1992 жылдың 23 маусымында ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңының қабылдануы болды.

Бұл кезеңде облыстық Ішкі істер басқармасын 1986 жылдан бастап милиция генерал-майоры Т.Д Дуабеков басқарып келді. 1992 жылдың қаңтар айынан 1997 жылға дейін милиция генерал-майоры Ж.А.Сұлтанов басқарды.

1995 жылы 21 желтоқсанда қабылданған «ҚР ішкі істер органдары туралы» заң саланың өкілетті қызметін, мәртебесін, құрылымды өкілдіктерді және оның қызметін ұйымдастыру жұмыстарын айқындады. Осы жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен ішкі істер органдарының басшылық және қатардағы құрамы үшін Ант қабылдау мәтіні бекітілді.

1995 жылы «Мемлекеттік тергеу комитеті», 1996 жылы «Жол қауіпсіздігі» туралы ҚР Заңы қабылданды.

Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органында құрылымдық өзгерістер болды. 1997 жылғы 19 маусымдағы ҚР ІІМ бұйрығымен облыстағы Ішкі істер басқармасы Ішкі істер органының Бас басқармасы болып өзгертілді және мемлекеттік тергеу комитеті таратылды.

1998 жылдың 6 мамырында ҚР Тұңғыш Президентінің «Экономикалық қылмысқа қарсы күресті күшейту» туралы Жарлығы шықты. Және де осы жылғы 7 желтоқсандағы ҚР Тұңғыш Президентінің №30 Жарлығымен милиция атауы полицияға өзгертілді.

2005 жылдың 10 мамырында ҚР ІІМ бұйрығымен ішкі істер органының Бас басқармасы облыстық Ішкі істер департаменті болып өзгертілді.

2007 жылдың 23 маусымында ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 23 маусым ресми түрде «Қазақстан полициясы» күні болып бекітілді.

ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 16 қазандағы №637 Қаулысына сәйкес Түркістан облысының Ішкі істер департаменті Түркістан облысының Полиция департаменті болып өзгертілді.

1997-1999 жылдар аралығында облыстық ішкі істер басқармасын әділет генерал-майоры М.М. Оразалиев басқарды. Одан кейін 1999-2005 жылдары полиция генерал-майоры Р.Х. Узбекгалиев; 2005-2006 жылдары полиция полковнигі К.Ж. Артықбаев; 2006-2008 жылдары полиция генерал-майоры Х.Е. Досқалиев; 2008-2011 жылдары полиция генерал-майоры С.Т.Досымов; 2011-2016 жылдары полиция генерал-майоры А.Ш. Оспанов; 2016-2017 жылдары полиция генерал-майоры Ж.Қ. Сүлейменов; 2017-2022 жылдың ақпан айына дейін полиция генерал-майоры Қ.С. Дәлбеков басқарған.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан Түркістан облысы деп аталды, ал оның әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістанға ауыстырылды. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан алынды.

Маған 2022 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облысының Полиция департаментін басқару бақыты бұйырды.

Бүгінгі таңда Түркістан облыстық Полиция департаменті – Қазақстан республикасындағы Ішкі істер министрлігінің құқық қорғау саласындағы ірі құрылым, 3000-нан аса полиция қызметкері облысымыздың қалалары мен аудандарында және елді мекендерде құқық қорғау заңдарының сақшылары болып қызметтерін атқаруда.

Полиция департаментінің аппаратында криминалдық полиция, тергеу, анықтау, жедел-криминалистика, экстремизмге қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі бизнесіне қарсы күрес, штаб, өзіндік қауіпсіздік, көші-қон қызметі, әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі, кадр саясаты, қаржымен қамтамасыз ету, тылды қамтамасыз ету, арнайы және жұмылдыру даярлығы, ақпараттандыру және байланыс басқармалары, заң, құжаттамалық қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы коммуникациялар, патрульдік полиция батальоны, жедел басқару орталығы, «Арлан» оқу-жаттығу взводы, ЖҚАЖ арнайы топ жасақтары, кинологиялық қызмет құрылған.

Түркістан облысының ПД құрамында 15 аудандық, 2 қалалық басқарма мен бөлімдер және аппараттың өзінде 23 бөлініс бар.

Ұзақ жылдардан бері департаментте салтанатты түрде Ант қабылдау, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсету дәстүрлері қалыптасты.

2022 жылы 23 маусымда Қазақстан полициясы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл күн ең алдымен, Қазақстан полициясы қатарында қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету. Бұл адал қызмет атқарған ардагерлерге алғыс білдіру. Бейбітшілік кезеңде қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өз өмірін тәуекел еткендерге құрмет пен тағзым.

– Өз өмірін тәуекел еткендерге құрмет пен тағзым дедіңіз. Осы ретте Тәуелсіздік жылдары ерлігімен ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері жайында сөз қозғаудың орайы келген сияқты.

– Құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысы тек денсаулыққа ғана емес, өміріне деген қауіп-қатермен ұштасқан. Түркістан облысы полиция қызметкерлерінің арасында өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүргендермен қатар, қылмыскерлерді ұстау кезінде өздерінің өміріне қауіп төніп, үйіндегі балаларын, отбасын ойламай, басқалардың өмірін қорғау жолында ерлік жасап, ал кейбір жағдайда өзімен тең келмейтін қылмыскерлермен қақтығысқа түскен қызметкерлер де бар. Осы орайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қызметтік борышын өтеу барысында қаза болған полиция қызметкерлерін зор құрметпен еске аламыз. Олар – Д.Жұмабаев, Ж.Бөкенбаев, Р.Құдайбергенов, Н.Байтілепов, Т.Дөненов, А.Ғайбуллаев, А.Жәрдембаев, Д.Егізбеков, А.Сандыбаев, Т.Шералиев, тағы басқалар.

2005 жылғы 25 желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Шардара АІІБ Криминалдық полициясының жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Сандыбаев Ақдәулет қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

2009 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Шералиев Тайыр аса қауіпті қылмыскерді ұстау барысында алған ауыр дене жарақатынан қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Полиция аға лейтенанты Артықбаев Тұрар өзінің өміріне қауіп төндіріп, азаматша Варапаеваның өмірін қорғау үшін, қылмыскердің атқан оғын өзінің көкірегімен жапқан. Ол 2010 жылғы 7 желтоқсанда ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Полиция полковнигі Жанқожаев Оспанғазы 1989 жылдың 12 желтоқсанында Шымкент қаласында орын алған автокөлік ұрлығына қатысты қылмыскерлерді ұстау кезінде олардың оғынан ауыр жарақат алып, әлсірегеніне қарамастан, өзінің жанкештілігі арқасында жедел топпен бірге қауіпті қылмыскерлерді қолға түсіреді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген О.Жанқожаевқа екі рет күрделі ота жасалып, денсаулығы жақсарған соң, ІІО қатарында қызметін ары қарай жалғастырады.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен қызметтік және әскери міндетін атқаруда ержүректілік пен батырлық танытқаны үшін 1994 жылы 15 қазанда Жанқожаев Оспанғазы Балақожаұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Медальді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өз қолымен тапсырды.

Табиғи апатпен күресу кезінде, сәбидің өмірін ажал аузынан алып қалғаны үшін, 2008 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сарыағаш АПБ-ның учаскелік полиция инспекторы полиция майоры (сол кезде) Маемиров Билял «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қоғамда дүрбелең туғызған, атыс қаруымен үш бірдей кісі өліміне алып келген аса ауыр қылмысты ашуды ұйымдастыруда өзінің жедел, кәсіби қабілетін көрсеткені үшін 2006 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен полиция генерал-майоры Оспанов Асқар Шуашұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және 2015 жылы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 2000 жылы полиция генерал-майоры Досымов Серімжан Төлеуұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және 2005 жылы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

«Тайсон» деген лақап атты аса қауіпті қылмыскерді құрықтағаны үшін 2005 жылғы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ-нің жедел уәкілі (сол кезде) полиция подполковнигі Маликов Жеңіс Миятұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қарабах таулы аймағындағы соғыс қақтығыстарына қатысқаны үшін 2010 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен полиция полковнигі Қуатов Сабит Жамалұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сахов Құрманбек Сатымбекұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Сейдуалиев Әбдуғани Тойшыұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Кезінде ауған соғысына қатысып, елге аман-есен оралған соң Түркістан облыстық Полиция департаментінің түрлі салаларында ұзақ жыл адал қызмет атқарған қырыққа жуық полиция қызметкері қазір зейнеткерлікке шыққан. Біз олармен байланысымызды үзген жоқпыз. Бұл күндері де қызметте абыройлы азаматтар арамызда жүр. Нақтылап айтар болсақ, облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Есімов Ғалымжан Абайұлы (таяуда ғана Шымкент қалалық Полиция департаментіне ауысты) мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Бүркітбаев Жәнібек Әлібекұлы біздің мақтаныштарымыз.

2019 жылы Арыс қаласындағы жарылыс кезінде халықты эвакуациялауда жан-жақты көмек көрсеткендері үшін ҚР Президентінен «Ерлігі үшін» медалін алған қызметкерлер: Арыс ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Исабеков Нұрлан Амангелдіұлы және осы бөлімнің қызметкерлері полиция капитаны Нұрмаханбет Еркебаев, полиция капитаны Марс Асанбаев, полиция капитаны Нұрсултан Набиалиев, полиция майоры Төлеген Рысбеков, полиция аға лейтенанты Дәулет Төретайұлы, полиция аға сержанты Жақсылық Таттыбеков.

Әлемді жайлаған Ковид-19 пандемиясы кезінде алдыңғы шепте жүрген полиция қызметкерлерінің ерен еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бағалап, індетпен күресте көзге түскен азаматтарды «Халық алғысы» медалімен марапаттады. Солардың 25-і Түркістан облысынан.

– Құрметті Мұрат Талапұлы, еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Соңғы жылдары Жаңа Әділетті Қазақстан құруға батыл қадамдар жасалуда. Таяуда ғана өткен Бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыздағы түбегейлі өзгерістер жасалуы мұның жарқын көрінісі болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде облыс полицейлерінің заманауи тыныс-тіршілігі жайында сөз қозғасаңыз.

– Қазақ елінің Тәуелсіздігі республика халқының материалдық және рухани сұраныстарының қамтамасыз етілуіне, жас мемлекеттің әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуына, ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне даңғыл жол ашты. Ұлттық айқындалу қазақ халқының өзін-өзі біртұтас ұлт ретінде терең сезінуіне, қазақ этносы қалыптасуының дамуы мен ерекшелігінің негізгі кезеңдерін айқындап берген өзіндік тарихын байсалдылықпен ой елегінен өткізуіне маңызды қадам болды.

Жаңғырған Қазақ мемлекеттілігінің, ата-балаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілеген маңызды белес – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойладық. Ел еңсесі көтеріліп, ұлттық рухымыз өркен жайды. Қазақ елі алдында ұлан-ғайыр міндеттер тұр. Осы орайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болуы. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.

Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деп ағынан жарылды.

Мемлекет басшысы белгілеген осынау міндеттердің орындалуы әрбір полиция қызметкерінің білімі мен кәсіби шеберлігіне, қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқаруына, ел заңдарын бұлжытпай орындауына байланысты болмақ. Олай дейтініміз, полицейлер – мемлекеттік құрылыстың маңызды тірегі.

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық полицейлер мемлекетіміз бен азаматтардың мүдделерін қорғау, еліміздің тыныштығы мен Конституциялық құрылымын, заңдылықты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолында уақытпен санаспай, ерлік пен төзімділік, қайсарлық пен табандылық танытып, кәсіби шеберліктері мен жоғары даярлығын көрсетіп келеді. Осы орайда Түркістан облыстық Полиция Департаменті полиция қызметкерлерінің де талай-талай белестерді абыроймен бағындырып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың құқықтарын қорғауда жүйелі де жемісті қызмет атқарып отырғанын ризалықпен айтқанымыз жөн. Осылайша, түркістандық полицейлер Қазақстан полициясының беделін көтеруге атсалысуда.

Таяуда өткен референдумда Түркістан облысының халқы зор белсенділік танытып, республикамызда өнегеліліктің үлгісін көрсетті. Бұған полиция қызметкерлері де лайықты үлес қосты.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің полиция қызметкерлері Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістанда қызмет ететіндіктерін әрдайым мақтан етіп, өз міндеттерін абыроймен атқаруды азаматтық парыз санайды.

Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жоғары кәсіби деңгейімен, қиын экстремальды жағдайларда ұтқырлық таныта білулерімен ерекшеленеді. Бірер мысал келтіре кетейік: 2019 жылғы маусым айында Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып, төтенше жағдай енгізілді. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жасақтың жеке құрамы жұмылдырылып, Арыс қаласына кіріп-шығу блок бекеттерінде полицейлер ауысыммен қызмет атқарды, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарын жедел ұйымдастырды.

2020 жылғы мамыр айында Өзбекстанның Сардоба су қоймасының жарылу салдарынан облыстың Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылдарды су басты. Осы қиын жағдайда облыстық ПД ЖҚАЖ қызметкерлері төтенше жағдай салдарын жою кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

– Құрметті генерал, соңғы уақытта полицияның сервистік моделі хақында сөз болып жүр. Бұл тұрғыда өз тәжірибеңізді ортаға салсаңыз…

– Жалпы полиция қызметкері қандай болуы қажет. Біріншіден, полиция қызметкері – билік пен халықтың арасындағы көпір, екіншіден, тәртіп сақшысы – халық сенімінің айнасы. Ішкі істер министрлігін реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығына ғана қатысты емес. Бұл дегеніміз қазақ полициясының қызметіне түбегейлі өзгеріс жасау. Еліміз дамыған сайын, құқық қорғау саласының қызметі де артта қалмайды, қайта жаңаша өзгерістер пайда болып, ілгерілей түседі.

Мен әр аптаның сәрсенбі күні тұрақты түрде жеке қабылдау өткіземін. Негізгі мақсатым – облыс тұрғындарымен жақын қарым-қатынаста болып, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру. Әрине бәрі іс жүзіндегі нәтижеге байланысты. Түркістан өлкесіне басшылық қызметке келгелі 5 айға жуықтады. Осы уақыт аралығында қаншама тұрғынмен жеке тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, арыз-шағымдарын тікелей өзім қарадым. Түрлі дау-дамайларының, мәселелерінің тез әрі оңтайлы шешімін шығарып беремін. Мемлекет басшысы 2021 жылы полицияның сервистік моделіне көшу бойынша пилоттық жоба құру аясында барлық өңірлерге нақты тапсырмалар берген болатын. Түркістан облысы бұл бағытта ведомствоаралық топ құрып, жұмыс жоспарларын бекітіп, іске кірісті. Жедел басқару орталығының, «SOS» батырмаларының жұмысы жандана түсті. Полицияның сервистік моделін енгізу жұмыстары тұрақты түрде өзімнің бақылауымда. Себебі қылмыстың дер кезінде алдын алып, болдырмау үшін Жедел басқару орталығы маңызды орын алады. Қазіргі таңда облыс бойынша 1333 бейнебақылау камерасы орнатылса, оның 952-сі Жедел басқару орталығына қосылған. Алда барлық бейнебақылау камераларын бір орталықтан басқару жоспарда бар. Бұдан бөлек туристік аймақтарда 11 дана «SOS» дабыл батырмасы күні-түні іске қосулы тұр. Көмекке мұқтаж азамат кез-келген уақытта тәртіп сақшыларынан құқығына сай қызмет алуына болады. Құқық қорғау саласында халықпен етене жақын полиция қызметкерлерінің ішінде учаскелік полиция инспекторлары маңызды орынға ие. Сондықтан да олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру керек. Бүгінде Түркістан қаласының өзінде тәулік бойы тұрғындар мен туристер үшін қызмет атқаратын тұрғын үймен біріктірілген 14 учаскелік полиция пункттері жұмыс жасайды. Жақын арада мұндай полиция пунктерінің санын 57-ге жеткізу көзделіп отыр. Әрбір сақшының негізгі міндеті «халыққа жақын полицей» қағидатынан айнымай, азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың түбегейлі сенімін ақтау болып табылады. Біз келешекте қылмыстың себебімен күресіп, қандай жайт болмасын қылмыстық оқиғаға жеткізбей дер кезінде алдын алуымыз керек.

Бір байқағаным, халық ашықтықты жақсы көреді. Полицияның да бүкіл жұмысы тұрғындардың көз алдында. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сынға да сабырлықпен қарай білу керек. Содан нәтиже шығаруға да тиіспіз. Мен ҚР Президентінің Жолдауларына сүйеніп әрекет етемін. Өз Президентімді тұлғаны қашанда қолдаймын. Сондықтан сервистік моделді іске асыруға алғашқылардың бірі болып, батыл қадамды өзім жасауым қажет деп ұғындым. Сонда ғана қоластымдағы қызметкерлер менің артымнан ереді. Халықтың да полицияға деген сенімі арта түседі. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей осы қалыптан танбай, тұрақтылықты сақтап, ілгерілей берсек сервистік полицияның жұмысы кең өріс алып, қазақ полициясының даңқы асқақтай берері айдан анық.

– Маңызды сұхбатыңыз үшін рақмет! Ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

Сейдулла САДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *