ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҚОС ҚАРЛЫҒАШ

Әдебиет
22 Views

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде білім алып жүрген жас ақындар Айшагүл Кусаинова мен Анел Жамбылдың поэзия әлеміне жасаған алғашқы қадамдары жүрекке жылы әсер қалдырады. Олардың әрбір жыры – жан тербейтін нәзік сезімнің, өмірді өз өрнегімен көруге деген талпыныстың белгісі. Өлең жолдарынан поэзия атты тылсым әлемнің үнін, оның рухани қуатын терең ұғына алатын, сөздің қадірін бойына сіңірген жас таланттардың табиғи сезімі айқын аңғарылады.
Айшагүл мен Анелдің қаламынан туған жырлар – жастықтың албырт лебін, мөлдір арманын, жүректегі шынайы толқынысты жеткізе алатын сырлы дүниелер. Бұл олардың әдебиетке деген шынайы сүйіспеншілігінің, өнерге адал ниетінің көрінісі. Алғашқы қадамдары болса да, жүректегі жылуы мен ойларындағы тазалық оқырманға әсер етіп, жас қаламгерлердің болашағынан мол үміт күттіретіні анық.
Біз жас ақындардың шабытқа толы ізденісін өлең өлкесіне енді қанат қаққан қос қарлығаштың сенімді самғауына балаймыз. Уақыт өте олардың үні биіктеп, поэзия төрінен өз орнын табарына сенім мол.
Аялдамай ағылған ойлар, тоқтаусыз туатын сезімдер, жүректі тербейтін сырлы толғаныстар – нағыз ақынға қажет қасиеттер. Айшагүл мен Анелде осы қасиеттердің бәрінің нышаны бар. Ендеше, шығармашылықтарындағы осы алғашқы қадамдары олардың үлкен әдеби жолының бастауына айналсын деп тілейміз.
Жыр жолдарыңыз көбейсін, шабыттарыңыз шарықтасын, өнердегі өрнектеріңіз одан әрі өркен жая берсін!

«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси,
тарихи-танымдық газетінің шығармашылық ұжымы

Айшагүл КУСАИНОВА

АМАНАТ-АДАЛДЫҚ

Мен елдікпін!
Тұғыр тапқан арманы,
Азаттықпын болған дала қорғаны!
«Жеті жарғы» керегемді тең етіп,
Тәуке болған қазағымның тарланы.

Мен асаумын!
Дұшпанына көнбейтін,
Жалын отпын, шоғы қарар, сөнбейтін.
Асау болып намысты мен оятсам,
Жалын болып сенім берем өлмейтін!

Мен тарихпын!
Ғұн мен сақтан дарыған,
Өткенім бар тасқа дастан жазылған.
Тілеуіммен еркіндігім түледі,
Тектілердің қаныменен алынған!

Мен бақытпын!
Қонған қазақ басына,
Себеп болған қуаныштың жасына.
Енді бүгін қасиет боп саналар,
Құрбандардың басы тиген тасы да!

Мен Ұлымын!
Басын қосқан Алаштың,
Тұғырына еркін елдің талас кім?
Ұлы дала рухыменен қайралған,
Қылышындай өрлігіммен жарастым.!

Тәуелсізбін!
Танимысың, адамзат,
Желбіреген Алаш туы алаңда ақ!
Аманатқа «Қазақпын!» дер адал тек,
Әр қазаққа болған елдік қадам бақ!

ТҰМАН МЕН ЕС

Сұп-сұры түстен реңсіз тартып айнала,
Көк тұман құшып, адымдап келем жай ғана.
«Тоқта»деп шартын қойғанменен бұл фәни,
Сезбедім оны қалғандай санам байлана.

Дүрсілі қатты жүрегім бір сыр шертеді,
«Бұрыл» деп артқа өткенім мені түртеді.
Адасқан ойлар, сан-саққа кетіп пайымдар,
Сағыныш сазы оралар күнді күтеді

Мазамды алдың, жібергің келмей, өткенім,
Қынжылып оған, дұрыс па сені сөккенім?!
Ішімде бәрі, кілттеулі шынжыр құлыппен,
Аша алмай соны, жөн еді жырақ кеткенім.

Бұлғаған қолын, шақырды мені бір бақыт,
Зымырап өтер, тоқтамы жоқ-ау бұл уақыт.
Бақыттың, бәлкім, қолынан ұстап мен кетем,
Өткенге жалғас бүгінді жырмен жырлатып.

Жазылды сөзім өмірді мынау ұқтырған,
Түңілген сәтті жадымнан мәңгі жоқ қылғам.
Жоғалған кез бен сүрінгенімді жан ұғып,
Жиғанмын есті соққыдан тұман соқтырған.

БАЛАЛЫҒЫМ…

Балалығым өтті әдемі мендегі,
Сол бір күнім тәтті өмірден кем бе еді?
Бал шырындай қонған мына ғұмырым
Бал шырындай дәл өзіне тең бе еді?

Өмір дейтін ғаламды байыппенен
Ақ айдынға ақ кілем жайып келем.
Бала кезден таныссам тұл Жайықпен,
Ойнап өстім шулы бурыл Ақжайықпен.

Бала болдық, қираттық, ойнадық біз,
Сонда да тоқтамауды ойладық біз.
Күнтізбеге көз салып әрбір күні,
Әр мейрамды шаттықпен тойладық біз.

Балалығым бақытты өтті ме екен?
Сол кеткеннен мол болып кетті ме екен?!
Әрбір сәтсіз күндерім бұл дүниеде
Сорлы адам хәліңе жетті ме екен?

Міне, өстім, жетілдім, ақыл кірді,
Ұстадым деп ойлаймын асыл нұрды.
Алдағы күн жарқын ба білу үшін,
Керек болар әрқашан жасыл дүрбі.

Анел ЖАМБЫЛ
ӘКЕ – АСҚАР ТАУ
Сүрінгенде, жылағанда аш қалып,
Күрсінгенде, құлағанда бос налып.
Бір адам бар жылытатын қашанда,
Көзімізге қарамайтын жасты алып.

Еңсем түсіп, кей-кезде көз ілмедім,
Таусылғанда ең соңғы төзімдерім.
Қуанамын сонда да, сіз өйткені
Қымбаттысың, үлкенім өзің дедің.

Қараңғыдан қорықпаймын ендігі,
Мәлім болса кімнің кімге теңдігі.
Кейде маған тіпті қатты ұнайды,
Сіздің жүрек барша жанға кеңдігі.

Өмірдің енді басып баспалдағын,
Дайын тұр қысқы күнге қасқалдағың.
Жақтамадың мені бірақ, деуші едің,
Аман болсын бастысы бас пен малың.

Сіз жүрген ізді қайта жалғастырам,
Қисығын түзу қылып алмастырам.
Тамшы емес, бұлаққа айналамын,
Су іздесем шөлім де қанбас бұдан.

ӘЗ-НАУРЫЗ ӨЛЕҢ

Әр дәстүрін дәріптеген халықпыз,
Қара түнде мұқтаждарға жарықпыз.
Тарихында батыр болып сақталған,
Тұлғалардың ішіндегі алыппыз!

Көктем келіп, жылытқанда ғаламды,
Енді басып жатқанында қадамды.
Жаңа жылын тойлататын ұлтымыз,
Қайтпайтұғын тоздырғанша табанды.

Дәм татайық тағамынан ұлтымның,
Орны бөлек бауырсақ пен құртының.
Ата-баба аманаты бұл мейрам,
Есте сақта салт-дәстүрін жұртымның.

Артқа тастап реніш пенен өкпеңді,
Қарсы алайық қуанышпен көктемді.
Шуақ шашып тұр ау бізге мейрам да,
Ұмытайық өткен менен кеткенді.

Әлемге ерлікпенен жатталайық,
Мұрасымен бабамның мақтанайық.
Дәстүрін сақтап келген мәңгілік,
Қазағым алаш деген атқа лайық!

ҰЛЫ ТҰЛҒА

Абай – теңіз, толқынымен тасытқан,
Қара өлеңмен нәр беруге асыққан.
Қашық бол деп атаған жаман әдетті,
Өмірге емес байлыққа көзі ғашықтан.

Ғылым-білім іздендіріп халқына,
Надандықтан құтқарады алқына.
Имандылық сақталады жүректе,
Тиісуге қақымыз жоқ даңқына.

Шындықты айналдырып өтірікке,
Дуананы баладық бөлтірікке.
Әділетті іздедік көзді байлап,
Сенгіштеніп айтылған көпірікке.

Мезгілімен келеді дүркірегім,
Қаны тулап тұрғанда түркілердің.
Кезігуден қорқамын Абай айтқан,
Қулығына айлакер түлкілердің.

Жалғыз өзі күрескен сағы сынбай,
Толқығанда Ертістің ағысындай.
Қамын жеген халқының ізгілікпен,
Үзіліссіз жүректің қағысындай.

Асыл мұра сақталса есті күннен,
Сыр ашады халқына ескі үнмен.
Ұлы тұлға ұмытылмас қашанда,
Мәңгі есте қаларсың кескініңмен.

БАТЫР АҒА БАУЫРЖАН

Фашисттерден елін аман сақтаған,
Қаһарманым, мен өзіңмен мақтанам.
Қарсы тұрып жауын менен дауылға,
Батырлықты паш етуге аттанам.

Қазағымның мұзбалақ қыранысың,
Батырысың, алпауыт тұранысың.
Ақындарым өзіңе жазып өткен,
Таусылмайтын елімнің жыр-әнісің.

Көк байрағын көкке жайып желбіреткен,
Қазағымның мәртебесін биік еткен.
Алаулап, оттай жанған жанарымен,
Ұзын-қиыр жолдарды қиып өткен.

Туған жерден жыраққа кеткенің бе?
Қан майданның зардабын шеккеніңде.
Қиындыққа соқтырды-ау сол жылдары,
Түрлі соқпақ жолдардан өткенің де.

Білдірткендей мөлдір таза көңіліңді,
Қаламыңнан үнсіз жырлар төгілінді.
Халқыңның ұмытылмас ұлы болған,
Алып жүрек жырлайды қоңыр үнді.

Қазағыма қымбатсың-ау алтыннан,
Сөйлеуге де бір өзіңнен тартынған.
Қыраныдай туған жердің бақилық,
Таймағансың тура бойлы қалпыңнан.

Қуыс кеуде жырлайды сағыныштан,
Қалтарыстан жүректі алып ұшқан.
Кербез солдат барады қанды жолға,
Жолаушыны іздеуге жаңылысқан.

Жан біткендей қарадым мүсініңе,
Шаң жуытпай ерліктің есіміне.
Рухың тірі жүргендей қиялымда,
Қағып тұрған секілді есігіме.

МҰҚАҒАЛИҒА АРНАУ

Ақиық ақындар көп дара туған,
Біртуар асылдар көп өнер қуған.
Тұғыры биік данасың уақыты аз,
Текті елдің қанынан жаратылған.

Ақын жүрек соғады мәңгілікке
Досы аздық музаға сәнділік пе?
Өлең-адам азығы байытатын
Дәруменін сақтаған дәмділікке

Ғасыр да аз ақынға жалтылдаған
Көптің бірі емессің балпылдаған.
Мұқағали дастаны жайнап тұрар
Бұлағындай бөктердің сарқылмаған

Жан амалы қалмады дерт жеткесін,
Құрметтейік, сеніммен серт еткесін.
Мұрағатын тоздырмай асыл еттік
«Ақын өлсе, өлең өлмес» деп кеткесін

Жалынды жастарына асық болып
Өмірдің толқынынан тасып-толып
Мен де сенің ізіңді қуып келем
Өлеңге жан тәніммен ғашық болып.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *