СӨЗ МАРЖАНЫН ТІЗГЕН

Әдебиет
1 613 Views

Көрнекті этнограф-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі Жанат Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» аталатын романын оқып шықтым. Шығармашылығы туралы ауызға ала кетерлік бір сөз – бұл автордың қай-қай жаңа романын оқыған сайын кешегі көшпенді заманның қазы-билеріне тән, жадымыздан шығып жоғалып бара жатқан бейнелі сөз тіркестерін молынан ұшыратасыз. Әсіресе, шегіне жете ширығып қызған дау-дамай үстіндегі билер тартысын бей-жай оқуың мүмкін емес. Олар бір-бірімен сөз таластырған сайын оқырманды еріксіз елеңдетіп отырады. Афоризмдік шешендікке құрылған сөйлемдер үсті-үстіне нөсерлеп отыратынын қызғанбай айтуымыз керек. Қазақ халқының күні кешегі сөйлеу мәнері қандай болғанын осындай авторлардан байқауға тиіспіз. Ұлтымыздың ой ойлау жүйесі, сөз саптау мәнері бізге, қаламгер атаулыға беларқау десек болады. Бүгін қолданыстан қалып бара жатқан, ұмытыла бастаған кестелі сөз өнерін зердесіне сақтап, барлық шығармашылығында үзбей пайдаланып келе жатқан жазушы Жанат Ахмадидің ұлттық сөздік қорымызды байыта түскен бұл еңбекқорлығын ерекше атауымыз керек. Жазушының ұлттық руханиятымызға қосқан афоризмдік, шешендік сөз саптау тәсілін, оның тек жеке басының табысы деп қарамай, халқымыздың тіл байлығы ретінде қабылдауымыз керек. Тілімізде бар сөздерді өз еңбегімен ойната жаңғыртып қолдана білген табысы – көпке олжа. Бұл жағынан Жанат Ахмади біздің мақтанышымыз десек, артық емес.

 Бұл тәсілді барлық шығармашылығында бастан-аяқ жүлгелеп келе жатқан автордың барлық кітаптарын баспадан шыққан сайын кезегімен оқып келе жатырмыз. «Есенгелді би» романы басталар жердегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөз саптастарын тұщына оқымауың әсте мүмкін емес. «Айтұмарда» да осы аталған билер ұшырасқан сайын образды тіркестерге тоғытылып отырасыз. Қаламгер қауым атынан көп айтылып, көп жазылған «Дүрбелең», «Шырғалаң» роман-дилогиясы болсын, одан бергі «Тектілік тұғыры», «Ақ қылыш», «Жарылғап би», «Тектілер тегеуріні», «Айтұмар», тағы басқа романдарының бәрінде де Ж.Ахмадидің өзіне ғана тән жеке із, жеке сүрлеу салған қолтаңбасын көресіз. Енді осы орайда 75 жасқа толып, осыған дейін 30-ға тарта кітап, соның ішінде әңгіме-хикаяттарынан өзге 10 роман жазған көрнекті жазушы Жанат Ахмадидің шығармашылығы жайлы ілгері-кейінді жылдар ішінде қалам тербеген көптеген әріптестерінің төмендегі бір топ мақалаларындағы дәйек-деректерді келтіре кеткеніміз жөн болар.

 * * *

Жанат Ахмадидің афоризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетіні сол, ол кейде арнасынан асып та кетіп жатады. Бірақ оқырман қанығып та, құнығып та оқиды.

Жанат Ахмади қолтаңбасының басты, негізгі ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатуы дер едік. Қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жәдігерлердің толассыз тоғытылып жатуымен құнды. Тіл көркемдігі – жазушылық өнердің ең басты ерекшелігі екенін Жанат Ахмади романдары бұл тұрғыдан алғанда әдебиетіміздің алтын қазынасына кәусар бұлақ болып қосылары анық.

Смағұл ЕЛУБАЙ.

 

Жанат Ахмади Мұхтар Әуезовтің жазу мәнерін, сөз саптауын, сөйлем құрылысын, тұтас синтаксисын қабылдаған және бұл жалаң еліктеу емес, М. Әуезов рухын бойына сіңіре отырып, өз шамасына лайық мәнер, өлшем тапқан.

Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ.

 

Қиыр жайлап, шет қонған қыр қазағына тән тірлік пен мінездің қыр-сырын бейнелеу жағында Жанат Ахмади Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар суреткерлер тәліміне ден қойып, тіпті қайсыбір тұстарда өзіндік соныға тартып, әлі із түспеген тыңнан жол салады. Өте-мөте кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі, ой әлемі шамырқана көрінетін, нысанаға шашаусыз да қылаусыз дөп тиетін, шымыр да қазылы диалогтар да, шешендік сөздер де алдына жан салмастай автордың суреткерлік жолдағы сүбелі олжасы шынайы халық қайнарынан нәр алған саф алтындай тіл кестесінде.

Қазақ елінің афоризмдік бейнелі сөздерінің күш-қуаты Жанаттай бір қайсар ердің рухани көлігі, жаяу қалдырмас сайгүлігі бола алатынын айтуымыз қажет.

Жанат Ахмади өзіндік қолтаңбасы бар шүйгін дарын. Оның туындыларын басқа жазушылардың шығармаларымен әсте шатастыра алмайсыз. Ол ой тұжырымдарын әманда өрнекті өрімдеп, түйдек-түйдегімен қарымдай отырып адуынды, кестелі өрбітеді. Оқырманның ой-қиялына келмеген тосын да толағай тіркестермен бірден баурап әкетеді. Иланбасыңызға, мән бермесеңізге қоймайды.

Сапар БАЙЖАНОВ.

 

Өн-бойынан дегдарлық, адалдық ескен осынау жанның тұнған бойы талант. Этнограф зерттеуші жазушы Жанат Ахмадидің өмір жолы оңай емес. Қандай қиындық көрсе де қайсарлықпен төтеп беріп, қазақтың өнері үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қажырлы жігіттің туындыларын болашақ ұрпақ та іздеп жүріп оқитыны анық.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА.

 

Жанат Ахмади – қазақ прозасына өзіндік тақырыбымен, өзіндік үнімен келіп қосылған шын мәніндегі дарын иесі. Ең алдымен оның ойлау жүйесі таза қазақша екенін баса айтар едім. Бүгінгі әдеби процеске дәл осындай ерекшелік жетісе бермейді. Қазақ тіршілігін қазақ көзімен көре білу бар да оны сол саф таза күйінде шынайы суреткерлікпен ұқсатып бере білу бар. Жанаттың шығармашылық жетістігі міне, осында жатыр.

Марал ЫСҚАҚБАЙ.

 

Автор «этнографиялық роман» деп атаған «Айтұмар» романының тағы бір ерекшелігі – мұнда қазір ұмытылып, ескіре бастаған қазақтың ежелгі салттары, көне дәстүрі (қыз ұзату, бәдік айтысы, жаңа туған баланың рәсімдерін өтеу үрдісі, бақсы ойыны, неке қию, хан көтеру, тағы басқалар) өте нақты, нағыз қалыптасқан халықтық сипаттарда суреттеледі. Әрі солардың бәрі шығарманың оқиға желілері аясында жымдасып, етене кірігіп отырады. Сонымен қатар бала жастан шырқы бұзылмаған қазақы кеңістікте өскен жазушы әуелден туабітті бойына дарыған шешендік пен ділмарлықтың неше түрлі үлгілерін, мақал-мәтелге сұранып тұрған қанатты, бейнелі сөзуарлықты молынан пайдаланады.

Оразбек СӘРСЕНБАЕВ.

 

Жалпы Жанаттың кішкентай бір шығармасына көзі түскен оқырман одан кейін оның басқа шығармаларын да іздеп жүріп оқитын «дертке» ұшырайды.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ.

 

Жанат Ахмадидің «Жарылғап би» романын мен ғана емес, өзім білетін көп адамдар сирек шығарма ретінде бағалап оқығандарын білемін.

 «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атынан шыққан Шерияздан Елеукенов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығының 10-томына Жанат Ахмадидің роман, хикаят, әңгімелеріне кеңінен орын берілуін де (64 беттен 180 бетке дейінгі аралықтарда) кездейсоқтық деп ешкім айта алмаса керек.

 Арықбай АҒЫБАЕВ.

 

Жанат Ахмади туындыларының ғибратты оқиғалық мазмұнымен оқушыға ұсынарлық тағылымымен ғана емес, қазақ тілінің ертеде кең тараған байлығын тосын қазынадай қайта әкелуімен де құнды.

Рахманқұл БЕРДІБАЕВ.

 

Жанат Ахмадидің туындыларынан М. Әуезов бастаған шоғырдың сарыны естіледі. Қазақтың дүниетанымы оның өз сөзінде, мақал-мәтелдерінде десек, Жәкең содан бір елі ажырамай келе жатқан қаламгер. Бұл кісінің түсіндіргісі келетін нәрсесі қазақтың философиясының қандай екенінде ғана емес, философиядағы қазақтың дүниетанымының қаншалықты деңгейде екені.

Қаламгер Жанат Ахмади – дәстүрлі прозаның өкілі және дәстүрлі прозадағы модернист.

Дәурен ҚУАТ.

 

Жанат Ахмади біздің қазақ прозасында ешкімге ұқсамайтын жеке-дара өзіндік қолтаңбасы бар жазушы.

Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ.

 

Жазушының кесек-кесек айтатын ойы, жасайтын тұжырымдары өзге жазушылардан мүлде басқаша.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ.

 

Жанат Ахмади шығармасының тілі мейлінше көркем. Өте сирек ұшырасатын, жұрт білмейтін философиясы терең мақал-мәтелдерді шығарма тілегіне орай тапқыр қолданады. «Есенгелді би» романының құлақ күйі тоты құстай сайраған төрт бидің сөзімен басталуы да таңырқатпай қоймайды, ғажап!

Серік НЕГИМОВ.

 

Жанат Ахмади – жазушылық тілінің құнарлы қырымен оқырман назарын бірден аударып келе жатқан қаламгер. «Айтұмар» романында да қанатты сөзге айналар сәтті тіркестерін жиі қолданып отыратыны бұл тұжырымның дәлелі болса керек.

Нұрдәулет АҚЫШ.

Төле биден бата алған Қызай биінің қилы тағдырын қызықты баяндаған Жанат Ахмадидің «Есенгелді би» және «Жарылғап би» романдары шұрайлы дүниелер екені даусыз. Әсіресе оның тіл кестесін айырықша атап өткен абзал. Көнеріп, жадымыздан көмескіленіп бара жатқан баба тіліміздің жауһары қайтадан жарқырап, көңілді сиқырлағандай. Билердің сөз шарпысуы – бұрын-соңды төл әдебиетімізде хатқа түспеген, табиғаты оқшау, озық үлгі.

Тұрысбек СӘУКЕТАЙ.

Міне, көріп отырғандарыңыздай 75 жылдық мерейтойын өткізу алдында тұрған тілге бай жазушы Жанат Ахмадиге деніңіз сау, шығармашылығыңыз табысты, тойыңыз құтты болғай демекпін.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *