ӨҢІРЛЕРДІ АРАЛАМАЙ-АҚ ҚОЙСА ҚАЙТЕДІ?!

Билік Қоғам
708 Views

Бүгінде министрлер Президент тапсырмасымен өңірлерді аралауға шықты.

Президент бұл тапсырманы не үшін берді?

Меніңше, Президентте әр министр өз салаларындағы қордаланған проблемаларды біреулердің аузынан емес, тұрғындардың арасына барып өз көздерімен көрсін, өз құлақтарымен естісін, сөйтіп Астанаға жете алмай жүргендердің мәселесін сол жерде қолма-қол шешсін деген ниет болды. Ол кісі шешімге осылай келген болуы керек.

Ал, өңір аралап жүрген министрлер не істеп жүр?

Басқа облыстарға барып не айтып жүргендерін Құдай білсін, ал, Түркістан облысына келген министрлер жергілікті тұрғындармен шапылдасып, ұрсысып кетті десек, олардың көңіліне тигендей боламыз, айтпайық десек, олар да түркістандықтардың көңіліне қараған жоқ…

Дәурен Абаевтың түркістандықтарға не айтқанын бүкіл Қазақстан көрді, сондықтан оған қайта оралып, оқырманның алтын уақытын алмайық. Асхат Аймағамбетовтің Түркістан жұрты туралы түйгендерін бірнеше сайт жариялады. Ол кісінің айтуынша «Көптеген сұрақтар облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша көшбасшы саналатынын атап өткім келеді. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет» екен.

Айналайын, Асхат-ау, Асеке-ау, мұғалімдер мектеп директорларымен «қарым-қатынасын» жергілікті жерде шеше алмаған соң өзіңе жүгініп отырған жоқ па?! Сіз ол проблеманы қайтадан білім бөлімдеріне ысырып тастап отырғаныңыз не? Олар проблеманы шешкен болса, мұғалімдер мына шіліңгір шілдеде пәленбай шақырым жол жүріп Түркістанға келер ме еді?!

Сосын «Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша көшбасшы саналатынын атап өткім келеді» дейсіз. Бұл не сөз? Мұндай рейтингті немесе антирейтингті қай мекеме жүргізіп отыр өзі? Жүргізсе, олар респонденттерге қандай сұрақтар таратқан, қандай мәселелерді басымдыққа алған? Бір адам жаман болуы мүмкін, бірнеше мұғалім жаман болуы мүмкін, бірақ, тұтас өңір туралы, өңір болғанда да, қазақтың көптеген игі жақсылары мәңгі тыныстап жатқан киелі өңір туралы осындай жауапсыз сөз айта салуға сізге кім рұқсат беріп жүр, өзі? «Антирейтингте олар көшбасшы» демей-ақ, «мұғалімдер мен мектеп директорларының арасындағы дау-дамай әсіресе Түркістан облысында жиі кездеседі» дей салсаңыз да осынша адамның көңіліне тимес едіңіз ғой… Айтар сөздеріңізді білмей отырып, осы сіздер қалай министр болғансыздар, өзі?

Сосын бір мәселені естен шығармайық, білім саласы қазір жергілікті әкімдіктерге қарамайды, 100 пайыз министрліктің құзырында. Алайда, саланы министрлік қаржыландырмайды, жергілікті әкімдіктер қаржыландырады. Сонда жергілікті биліктің жазығы не? Салаға қаражат құяды, жақсы атын министрлік алып, проблема болса, жергілікті әкімдіктер жауап бере ме? Сонда бұл қандай реформа болды? Билікті 100 пайыз алған екенсіздер, «бұл бойынша пәлен облыс антирейтингте көшбасшы» деп кекетіп-мұқатпай-ақ, бүкіл проблеманы да өздеріңіз шешулеріңіз керек қой.

Министрлер өңірлерге келгенде проблема шешудің орнына ел туралы осындай әңгімелер айтып кететін болса, халықпен мұндай кездесулердің қажеті қанша? Бюджеттің пәлен қаражатын ысырап қылмай, дұрысы келмей-ақ қойған ғой. Келіп, халыққа олар да ренжімесін, дәл мынадай әңгіме еститін болса, олармен жүздеспегеніне халық та ренжи қоймас.

Абай БАЛАЖАН,

ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *