АЛЛЕЯДАҒЫ «АЙДАҺАР»

Таным
23 Views

(Брюс Лидің бейнесі)

Жекпе-жек өнерінің жырынды жолбарыстарына жанасқысы келмейтін бала жоқ шығар. Тіпті төбелесіп қарық қылмайтындардың өзі соларды ерекше пір тұтады. Бәріміз де осы жолдан өттік. Біздің Қаратереңде де алмаға ат байлаған білекті һәм жүректі жігіттер көп еді. Алысқанын алып та, шалып та жығатын ардақты ағаларымның дақпырты құлаққа жетіп жататын. Бәрібір әлемдік деңгейде талассыз мойындалған сайыпқыран саңлақтардың жөні бөлек.

Жекпе-жек сырттандары дегенде көз алдымызға өзіміз әйгілі фильмдерден талай рет көрген біртуар Брюс Ли мен даңқты Джеки Чанның бейнесі келе қалатыны жасырын емес. Екеуі де – бүгінгі Қытайдың құрамындағы Гонконгтың топырағына тобығын қыздырып өскен жігіттер.

Cол ғажайып Гонконгқа табаны бір тиген адам дүние жүзіне белгілі Даңқ аллеясына (Avenue of Stars, 星光大道) соқпай кетпейді. Бұл аллея 2004 жылы салтанатты түрде ашылған. Онда Гонконг кинематографының отымен кіріп, күлімен шыққан әртістердің, режиссерлердің, сценарий жазушылардың және басқа өнер майталмандарының қайталанбас қолтаңбасы бәдізделіп, көкте жанған жұлдызы жерге таңбаланған. Аллея Гонконг аралы мен Коулун түбегінің арасындағы Виктория бухтасының жағалауына қоныс тепкен.

Мұнда келген жан аллеядағы жүзден астам жайсаңның жоғарыда жанған жұлдызын өз қолымен сипап көреді. Ал тура жағалауға жақын жерде Брюс Лидің ескерткіші қойылған. Басқаға ұқсамайтын Брюс жарықтық баршаға белгілі гаваньға қыр арқасын беріп тұр. Биіктігі – екі жарым метр. Сол баяғы жекпе-жекке тас-түйін дайындалған кейіп. Қарсыласымен әбжыланша арбасып, оңтайлы тұсты аңдып тұрған сәт. Енді бір мезетте шерідей ширығып, арыстандай атылмақ. Болмаса, тұғырды тастап, әрі қарай ырғып кетер ме екен дейсің. Ескерткіштің авторы – Цао Чунъэнь деген мүсінші. Бұл өнер туындысы 2005 жылы орнатылған. Содан бері талай өзгеріске түскенге ұқсайды. Себебі, ақпарат көздерінде оның әртүрлі суреті жарияланған. Бірінде – тұғыры осы күнгіден бөлектеу. Екіншісінде – шынжырмен қоршалған. Үшіншісінің жақтауы ауыстырылған. Біздің жариялап отырғанымыз – нақ қазіргі нұсқасы. Бірақ Брюстің тұрысы – сол тұрыс! Еңселі ескерткіш атақты актердің туғанына алпыс бес жыл толуына орай талантына табынушылардың бастамасымен тұғырға шыққан деседі. 2005 жылғы 27 қарашада, яғни Брюстің туған күнінде тұсау кесер рәсімі өткізіліпті. Ашылу салтанатына жекпе-жек шеберінің Роберт деген ағасы қатысқан көрінеді.

Жалпы, Брюс Лидің тағдыры да қызық. Ол әке-шешесі Гонконгтен Америкаға сапарлап барған кезде сол елде дүниеге келіпті. Небәрі отыз екі жасында Гонконгте қайтыс болған. Ал өзі Американың Сиэтл қаласында жерленген. Брюс Лидің бұдан басқа мемлекетте де ескерткіші бар секілді. Тіпті сол туынды Гонконгтегі қола мүсіннен бұрын орнатылған деседі жұрт.

Брюс Лидің жас күніндегі лақап аты «Кішкентай айдаһар» екені айтылып та, жазылып та жүр. Міне, енді сол атақтылар аллеясындағы айдаһар айдыны мол жағалауға айбар беріп тұрғанын көрмейсің бе?! Бүкіл жігіт-желең дейсің бе, бозбала немесе қыз бала дейсің бе, бірі қалмай қол-аяғын тырбитып, Брюстің біртуар бейнесіне еліктеп, жаппай суретке түсіп жатыр. Ал Брюс болса, тым асқақ. Сәл күтсең, айналасында анталап жүрген өңшең өлермендерге тас төбесінен қарап тұрып, ұлы Абайша толғанып: 

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға, –

деп тепсіне тіл қататындай. Несі бар, тырбаңдаса тырбаңдай берсін… «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегенді де айтқан сол Абай емес пе?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

(Астана – Шанхай – Гонконг – Астана)