ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН ҰСТАЗ

Мерей
24 Views

Адамның кәсіби және тұлғалық қалыптасуында білім берген оқытушылардың орны бөлек. Алайда шәкіртінің бойындағы қабілетті байқап, оның ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, қиын да жауапты ғылыми жолға бағыттайтын тұлғалар көп кездесе бермейді. Мен үшін осындай қадірлі жанның бірі – ұстазым, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері Құрманбек Сағынбекұлы.

Суреттерде: лейтенант Құрманбек Сағынбеков. Полковник Құрманбек Сағынбеков

Құрманбек Сағынбекұлы 1966 жылғы 11 қазанда Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Қызыл Абад ауылында дүниеге келген. 1973-1983 жылдары Аса ауданының Құмшағал станциясында орналасқан №24 орта мектепте білім алып, оны үздік аяқтаған. Мектептен кейін Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсуге талаптанғанымен, төртінші емтиханнан өте алмай қалады. Алайда алғашқы сәтсіздік оның жігерін жасыта алмады. Сол жылы Жамбыл станциясындағы Локомотив депосының механикалық цехына слесарь болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастайды. Өндірістегі еңбек оны төзімділікке, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиеледі.

1984 жылы қайтадан абитуриент атанып, емтихандарды үздік тапсырып, Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға қабылданады. Бірақ сол жылдың күзінде Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Кострома қаласында екі жыл әскери борышын өтейді. Әскери қызметтен оралғаннан кейін, яғни 1986 жылының күзінде институттағы оқуын жалғастырғанымен, 1987 жылдың қаңтарында оқудан шығып, туған жеріне қайтады.

1987 жылғы наурызда Жамбыл қаласындағы Қарттар үйіне бағбан болып жұмысқа орналасады. Бір қарағанда қарапайым еңбек орны болып көрінетін осы мекеме оның бүкіл өмір жолын өзгерткен тағдырлы кезеңге айналды. Қарттар үйінің директоры, отставкадағы милиция подполковнигі Дәулет Тәшекеев жас жігіттің бойындағы жігерді, тәртіптілік пен жауапкершілікті байқап, ішкі істер органдарына қызметке баруға кеңес береді. Оның берген бағыт-бағдары Құрманбек Сағынбекұлының болашақ кәсіби тағдырын айқындады.

Осы оқиғаның өзінен үлкен өмірлік заңдылықты көруге болады: кезінде тәжірибелі офицер жас Құрманбектің қабілетін байқап, құқық қорғау саласына бағыттаса, кейін Құрманбек Сағынбекұлы да көптеген шәкіртінің ғылымға деген талабын танып, олардың кәсіби жолын айқындауға көмектесті. Сол шәкірттердің бірі болғанымды әрдайым мақтан тұтамын.

 

СЕРЖАНТТАН ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІНЕ ДЕЙІН

1987 жылы Құрманбек Сағынбекұлы Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасына сержант болып қабылданды. Қызметтік міндеттерін мінсіз орындап, еңбекқорлығы және кәсіби қабілетімен көзге түсті. Үздік қызметі үшін 1989 жылы КСРО ІІМ Уфа жоғары мектебіне оқуға жіберілді. Емтихандарды үздік тапсырып курсант атанады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары мектебіне ауысып, 1993 жылы аталған оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтады. Жолдама бойынша туған өңіріне қайтады.

1993-1996 жылдары Жамбыл облысы Ішкі істер басқармасында офицерлік қызметін жалғастырып, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу және заңдылықты қамтамасыз ету бағыттарында мол тәжірибе жинақтады. Ал,1996 жылы Қостанай қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Жоғары мектебіне қызметке ауысты. Кейін институт, одан соң академия мәртебесін алған бұл оқу орнында түрлі жауапты қызметтер атқарды, яғни оқытушы, аға оқытушы, үш кафедрасының меңгерушісі, факультет бастығы және Академия бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Құрманбек Сағынбекұлы құқық қорғау органдарына мамандар даярлау, курсанттардың бойында отансүйгіштік, тәртіптілік, жауапкершілік және заңға адалдық қасиеттерін қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Көп жылғы абыройлы қызметтен кейін, Академия бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымынан полиция полковнигі арнайы атағымен құрметті зейнет демалысына шықты.

Ол – КСРО ІІМ және Қазақстан Республикасы ІІМ қызметінің үздігі, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері. Әскери қызмет пен ішкі істер органдарындағы жылдар оның қайсар мінезін шыңдап, заң мен тәртіпке деген өмірлік көзқарасын қалыптастырды.

 

ҰСТАЗ ӨМІРІНДЕГІ АШЫЛМАҒАН СЫР

Әр ұстаздың шәкіртіне бірден айта бермейтін өзіндік сыры болады екен. Мен де бірде Құрманбек Сағынбекұлынан:

– 1987 жылдың қаңтарында институттағы оқуыңыздан неліктен шығып, туған жеріңізге қайтып келдіңіз? – деп сұраған едім.

Ұстазым бұл сұраққа бірден жауап бермей:

– Оны кейін айтармын, – деп қысқа ғана қайырды.

Содан бері оның өмір жолындағы сол шешімнің себебі мен үшін әлі де толық ашылмаған сыр болып келеді. Алайда ұстазымның кейінгі тағдырынан оның қандай қиындыққа тап болса да мойымайтын, өз ұстанымынан оңайлықпен бас тартпайтын қайсар мінезін анық аңғаруға болады.

Соның бір дәлелі – 1989 жылы Уфа қаласында болған оқиға. Ол кезде Құрманбек Сағынбекұлы КСРО Ішкі істер министрлігінің Уфа жоғары мектебінде білім алып жүрген әрі Коммунистік партияның мүшесі болатын. Сол жылдары ол бала кезінен туу туралы куәлігіне жазылған фамилиясын қазақ халқының салт-дәстүріне сәйкес әкесінің атымен байланыстырып өзгертуді мақсат етеді.

Бүгінгі көзқараспен қарағанда, адамның өзінің ұлттық дәстүріне сай аты-жөнін таңдауы табиғи құқығы болып көрінеді. Алайда кеңестік кезеңдегі әкімшілік-саяси тәртіп жағдайында мұндай мәселені шешу оңай болған жоқ. Ұлттық сипаттағы кез келген бастамаға сақтықпен қаралып, кейде оған саяси астар берілетін.

Ұстазым өзінің фамилиясын қазақшалау үшін оқу ордасының партиялық жиналысына да түсті, ары қарай Уфа қалалық атқару комитетінен бастап Башқұрт Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесіне дейінгі түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған. Бұл күрес бір күн немесе бір ай емес, тоғыз айға жуық уақытқа созылған. Осы аралықта ол көптеген басшылардың қабылдауында болып, өзінің талабы заңды әрі жеке басының ұлттық болмысына қатысты мәселе екенін дәлелдеуге тырысқан. Бірақ оның өтініші қарапайым азаматтық талап ретінде ғана қабылданбай, саяси тұрғыдан да жіті бақылауға алынған.

Ұстазымның айтуынша, сол кезеңде кейбір құқық қорғау органдарының қызметкерлері оған:

– Қазақтарды сағындың ба? Егер сағынсаң, Уфа қаласындағы қазақтармен таныстырамыз, – деген мазмұнда ұсыныстар айтқан.

Сырттай қарағанда бұл сөздер жанашырлық танытқандай көрінуі мүмкін. Бірақ сол уақыттағы саяси ахуалды ескерсек, жас тыңдаушының ұлттық мәселеге көзқарасын анықтау немесе оны қандай да бір әрекетке итермелеу ниеті болуы ықтимал еді. Құрманбек Сағынбекұлы мұндай сөздердің астарын түсініп, әрбір қадамын асқан сақтықпен жасаған.

Ол кейін сол кезеңді еске алып:

– Егер мен бір жерде қателік жіберсем немесе арандатуға ерсем, мені партия қатарынан шығарып, жоғары оқу орнынан аластатып, тіпті қылмыстық жауаптылыққа тартуға дейін баруы мүмкін еді, – деп айтатын.

Осы сөздердің өзінен сол кездегі жағдайдың қаншалықты күрделі болғанын аңғаруға болады. Бір жағынан, ол болашақ офицер ретінде қатаң тәртіпке бағынуға міндетті еді. Екінші жағынан, өзінің ұлттық болмысы мен әке атына деген құрметін қорғағысы келді. Бұл екі талаптың ортасында жүріп, ол заңдық сауаттылығын, сабырлылығын және азаматтық табандылығын көрсетті.

Тоғыз айға созылған әкімшілік кедергілерге, түрлі күмән мен қысымға қарамастан, ұстазым бұл сыннан абыроймен өтті. Партия қатарында және оқу орнында қалып, білімін одан әрі жалғастырды. Ең бастысы – өз мақсатына адал болып, осы күрделі жағдайдан басын тік көтеріп шықты.

Бұл оқиға мен үшін жай ғана аты-жөнді өзгертуге байланысты өмірбаяндық дерек емес. Ол – адамның өз болмысын, әке аты мен ұлттық дәстүрін қорғауының, сонымен бірге заң шеңберінен шықпай күресе білуінің тағылымды үлгісі.

Бәлкім, Құрманбек Сағынбекұлының бойындағы заңға адалдық, ғылыми табандылық және ұлттық құндылықтарға құрмет дәл осындай өмір сынақтарында шыңдалған болар. Ал 1987 жылдың қаңтарында оқудан кетуінің нақты себебін ұстазымның өзі айтатын күн де келер. Шәкірт ретінде мен ұстазымның сол сырды бөлісуге дайын болатын уақытын құрметпен күтемін.

 

ҚЫЗМЕТ ТӘЖІРИБЕСІНЕН ҒЫЛЫМ БИІГІНЕ

Құрманбек Сағынбекұлы құқық қорғау органдарындағы практикалық қызметін ғылыми ізденіспен қатар алып жүрді. Оның зерттеулерінің құндылығы – заң теориясын өмірлік және қызметтік тәжірибемен ұштастыра білуінде.

2005 жылғы 1 маусымда Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі ғылыми-зерттеу институтында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2007 жылы Қазақстан Республикасында қайта аттестаттаудан өтіп, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі ресми түрде бекітілді.

2010 жылдан бастап жоғары заң білімі беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Заң факультетінде доцент ретінде болашақ заңгерлерге білім беруде.

Ұстазымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары – қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық-атқару құқығы. Ол 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, соның ішінде 10 оқу құралының авторы. Оның еңбектерінде қылмыстық саясатты жетілдіру, қылмыстың алдын алу, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінің тиімділігін арттыру, заңдылықты нығайту және адам құқықтарын қорғау мәселелері зерделенеді.

 

МАҒАН ҒЫЛЫМНЫҢ ШЫНАЙЫ МӘНІН ТҮСІНДІРГЕН ТҰЛҒА

Құрманбек Сағынбекұлы менің ғылымға деген көзқарасымды қалыптастырған ұстазым болды. Ол ғылымның дайын пікірлерді қайталау немесе атақ алу құралы емес екенін үнемі түсіндіретін. Ғылым – үздіксіз ізденісті, дәлелді ойды, академиялық адалдықты және қоғам алдындағы жауапкершілікті талап ететін күрделі жол.

Ұстазым маған ғылыми жұмыстың тақырыбын дұрыс таңдауды, зерттеу мәселесін нақты қоюды, құқықтық құбылыстарды жан-жақты талдауды және әрбір тұжырымды дәлелмен негіздеуді үйретті. Ғылыми мақала жазуда оның құрылымына, қолданылатын ұғымдардың дәлдігіне, заңнамалық нормаларды дұрыс талдауға және қорытындының зерттеу нәтижелерінен туындауына ерекше көңіл бөлу керектігін санама сіңірді.

Ол ғылыми мақала жазудың өзіндік ерекшеліктері мен үлкен жауапкершілігі бар екенін үнемі еске салатын. Ғылыми еңбекте артық сөзге, негізсіз болжамға және тексерілмеген дерекке орын болмауға тиіс. Автор зерттеп отырған мәселесін терең білуі, ғылыми әдебиеттер мен заңнаманы мұқият саралауы және өзінің негізделген тұжырымын ұсына алуы қажеттігіне тоқталатын.

Ғылым жолының қиындықтарын да ұстазымнан үйрендім. Зерттеу барысында күмәннің, сәтсіздіктің, қайта ізденудің және жазылған дүниені бірнеше рет түзетудің кездесуі – заңды құбылыс. Мұндай сәттерде табандылық танытып, бастаған жұмысты соңына дейін жеткізу қажеттілігіне үйретті. Құрманбек Сағынбекұлы ғылымда жеңіл жол болмайтынын, бірақ адал еңбек пен үздіксіз ізденістің міндетті түрде нәтижеге жеткізетінін өзінің өмірімен дәлелдеді.

Оның ақыл-кеңесі мен ғылыми бағыт-бағдарының арқасында мен де ғылыми ізденіс жолына түстім. Криминология саласын терең зерттеп, PhD докторы ғылыми дәрежесіне ие болдым. Қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Заң факультетінің Азаматтық және қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

Менің бүгінгі ғылыми-педагогикалық және басқарушылық қызметімде ұстазымнан алған тәлімнің орны ерекше. Шәкірт тәрбиелеуде, ғылыми жұмысқа жетекшілік етуде және жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беруде оның талапшылдығы мен адамгершілік ұстанымдарын үлгі етуге тырысамын.

 

ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ – ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ

Әрбір адамның өмірде жеткен биігінің бастауында отбасы тәрбиесі тұрады. Құрманбек Сағынбекұлының қарапайым ауыл баласынан полиция полковнигіне, заң ғылымдарының кандидаты, Академия бастығының тәрбие және кадр жұмысының орынбасарына дейін, зейнетте университет доцентіне дейінгі өнегелі жолы да, ең алдымен, әке-шешесінің берген тәрбиесімен, ақыл-кеңесімен және өмірлік тәжірибесімен сабақтас.

Ата-анасы оның бойына жастайынан еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қиындыққа мойымау және бастаған істі соңына дейін жеткізу сияқты асыл қасиеттерді сіңірді. Отбасында алған осы тәлім кейін әскери қызметте, ішкі істер органдарындағы жауапты жылдарда, ғылыми ізденіс пен ұстаздық қызметте оның берік өмірлік ұстанымына айналды.

Ұстазымның жетістіктері туралы айтқанда, оның өмірлік серігі – жұбайы Ләззат Әшімханқызы Сағынбекованың қолдауы мен отбасындағы орнын ерекше атап өткен жөн.

Адамның қызметтік және ғылыми жолында қуанышты сәттермен қатар күрделі кезеңдер де кездеседі. Әскери тәртіп, ішкі істер органдарындағы жауапты қызмет, ғылыми диссертация дайындау, ұзақ ізденіс пен ұстаздық еңбек зор төзімділікті талап етеді. Осындай кезеңдерде жанынан табылып, мақсатына түсіністікпен қарап, сенім білдіретін өмірлік серігінің қолдауы айрықша маңызды. Ләззат Әшімханқызы Құрманбек Сағынбекұлының өмір жолындағы сенімді серігі, отбасындағы береке мен тұрақтылықтың ұйытқысы бола білді. Ұстазымның кәсіби және ғылыми жетістіктерінің артында жұбайының түсіністігі, сабырлылығы мен адамгершілік қолдауы тұрғаны сөзсіз.

Халқымыз «Жақсы әйел – ерінің ырысы» деп бекер айтпаған. Отбасының тыныштығы мен жақындарының сенімі адамға жауапты қызмет атқаруға, ғылыми ізденіспен айналысуға және қоғамға пайдалы еңбек етуге күш береді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрманбек Сағынбекұлының әрбір жетістігі – оның жеке еңбегінің ғана емес, ата-анасынан алған тәрбиесі мен отбасының қолдауының да жемісі.

Шәкірт ретінде мен ұстазымның бойынан ғылым мен қызметке адалдықты ғана емес, ата-ананың аманатына беріктікті, отбасы алдындағы жауапкершілікті және өмірлік серігіне деген құрметті де көремін. Оның өнегелі жолы адамды биікке білімі мен табандылығы көтерсе, сол биікте берік ұстап тұратын күш – отбасы тәрбиесі мен жақындарының сенімі екенін көрсетеді.

 

ҒАЛЫМ МЕРЕЙТОЙЫ – ҒЫЛЫМИ ОЙ АЛАҢЫ

12 қазанда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде ғалымның мерейтойына арналып «Заң мен тәртіп: құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткелі отыр. Конференцияның мақсаты -– құқық үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және жаңа Конституция қағидаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылайтын маңызды ғылыми алаң болмақ.

Адам баласы әр өмір сатысында қалана білуі керек Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ойшылы, рухани ұстазы. Оның әрбір сөзі – өмірдің айнасы, адамды ізгілік пен еңбексүйгіштікке шақыратын өсиет. Солардың бірі – терең мағыналы “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан” деген даналық сөзі. Бұл нақыл адам баласының өмірдегі орнын, мақсатын және қоғам алдындағы борышын айқындап береді.

Абай айтқан “кірпіш” – адамның өзін, ал “қабырға” – өмір мен қоғамды білдіреді. Әр адам сол қоғамның бір бөлшегі, бір кірпіші. Егер сол кірпіш өз орнында мықтап қаланса, қоғам да берік, ел де еңселі болады. Демек, әркім өз орнын тауып, адал еңбегімен, парасатымен қоғамға үлес қосуы қажет. Менің ойымша, адам баласы әр өмір сатысында қалана білуі керек. Өмір бір сәтте емес, сатылы түрде қалыптасады.

Бала бақшада – адам тәрбиенің алғашқы іргетасын қалайды. Бұл кезеңде ол үлкенді сыйлауды, достықты, мейірімділікті үйренеді. Мектепте – білім мен тәртіп арқылы өз ойын қалыптастырады, өмірге деген көзқарасы айқындала бастайды. Бұл – адамдықтың, ізденістің бастауы. Колледжде немесе институтта – мамандық таңдап, өмір жолының бағытын айқындайды. Бұл кезең – өзінің “кетігін” іздеу сәті. Жұмыста – адам тәжірибе жинап, қоғамға нақты пайдасын тигізеді. Еңбек арқылы адам рухани да, материалдық та тұрғыда жетіледі. Отбасында – адам мейірім мен сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. Отбасы – қоғамның кішкентай бейнесі, сондықтан онда қалану – ел іргесін бекітумен тең. Қартайғанда – өмірден жинаған тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдырады. Бұл – рухани қалану, із қалдыру кезеңі. Осылайша адам өмірінің әр кезеңі – бір-бірімен байланысқан кірпіштерден тұратын үлкен қабырға іспетті. Егер сол кірпіштердің бірі бос болса немесе орнына дұрыс қаланбаса, бүкіл құрылым әлсірейді. Сондықтан Абайдың бұл өсиеті – тек жеке адамға емес, тұтас ұлтқа арналған өмірлік бағдар.

Қорытындылай келе, Абайдың “кетігін тап” дегені – адамның өз орнын, өз міндетін, өмірлік мақсатын табу. Ал “қалан” дегені – сол орнында берік болу, қоғамға адал қызмет ету. Адам баласы өмірдің әр сатысында өзін таба білсе, ол нағыз “қаланған кірпішке” айналады. Өйткені адам өз орнын тапқан сәтте ғана өмірі мәнді, еңбегі өнегелі болады.

Қарапайым жұмысшыдан полиция полковнигіне, қатардағы сержанттан ішкі істер органдары жоғары оқу орны басшысының орынбасарына, ауыл мектебінің түлегінен заң ғылымдарының кандидаты мен университет доцентіне дейін көтерілген Құрманбек Сағынбекұлының өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың өнегесі.

Алпыс жас – өткен жолды қорытындылайтын ғана емес, жаңа ғылыми мақсаттарға бастайтын мерейлі белес. Осы айтулы сәтте қадірлі ұстазыма зор денсаулық, отбасына амандық, ғылыми және шығармашылық табыс тілеймін. Ұстаздың заң ғылымына қосқан үлесі артып, тәрбиелеген шәкірттерінің жетістігі еселене берсін! 

Асхат ГАЗАЕВ,

PhD докторы, криминология саласының маманы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Заң факультетінің Азаматтық және қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі