Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және ел мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін маңызды сала. Бұл жолда абыройлы еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибесімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін азаматтардың орны ерекше. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, тәжірибелі маманы Ұлан Қуандықұлы Ахметов.
Ұлан Қуандықұлы еңбек жолын 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының салық комитетінде бастап, содан бері мемлекеттік кірістер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол кәсіби тәжірибесін шыңдап, салықтық әкімшілендірудің қыр-сырын меңгеріп, түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Әрбір қызмет кезеңінде өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап, іскерлігімен, табандылығымен және талапшылдығымен танылды.
2024 жылдан бастап Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарып келеді.
Басшы ретінде оның негізгі ұстанымы – заңдылықты сақтау, жұмыстың тиімділігін арттыру және мемлекеттік кірістердің тұрақты түсуін қамтамасыз ету. Осы бағытта басқарма жұмысының жүйелі ұйымдастырылуына, салықтық әкімшілендіру сапасын арттыруға, салық төлеушілермен өзара байланысты нығайтуға және салық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Ұлан Қуандықұлының кәсіби қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы өзара сенімді қалыптастыру. Ол салық төлеушілермен жұмыс барысында заң талаптарын түсіндіруге, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға басымдық береді. Өйткені салық жүйесінің тиімділігі тек бақылау шараларымен ғана емес, азаматтардың заңға деген құрметі мен салықтық жауапкершілігінің артуымен де өлшенеді.
Көпжылдық қызмет барысында жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі оның әріптестері арасында беделге ие болуына негіз болды. Ол ұжымда еңбек тәртібін сақтауға, қызметкерлердің кәсіби әлеуетін дамытуға, өзара сыйластық пен жауапкершілікке негізделген жұмыс ортасын қалыптастыруға мән береді.
Мемлекеттік кірістер саласындағы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін Ұлан Қуандықұлы Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен наградталған.
Бұл марапаттар – оның көпжылдық еңбегіне берілген лайықты баға, мемлекеттік қызметке деген адалдығы мен кәсіби жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Еңбек жолында табандылықты ту етіп, өз ісіне адалдықты басты қағидаға айналдырған азаматтардың өнегесі – жас мамандар үшін үлкен мектеп. Ұлан Қуандықұлының кәсіби жолы да мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын терең түсініп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етудің жарқын үлгісі.
Осындай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Е. ӨЗБЕКОВ,
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің
Әдеп жөніндегі уәкілі