АМАНШЫЛЫҚ БЕРЕ ГӨР АРЫСЫМА!

Әдебиет
1 756 Views

Екі мың он тоғыздың маусым айы,

Ұясына ай батып, маужырайды.

Атылған оқтың даусы естіледі

Атар кезде арайланып таң шырайлы.

Бөленбей шуағына таң нұрының,

Түрін көріп жарылған жарылысының.

Бейбіт өмір, берекетін қашырды ғой,

Жан таңдамай бай ма, кедей жарлысының.

Күйзелтіп, күйгелектеп, күйбең күшін.

Тағы да қайталанып үйренді шын.

Жиырма төртін датаның арыстықтар

Дүрбелеңмен атырды дүйсенбісін.

Зымырандай зымырап қоймадағы

Снарядтар жарылуын қоймады әлі.

Үйлерінен ұшып өтсе снарядтар

Үрейі ұшып, күшейді айғайлары.

Сезімдері сенімді ұлт қаны қақ

Сарбаздар жүр халықты құтқарып ап.

«Жаным пида жұртым үшін», – деп жүргендер,

Жанды-ау сірә, шыға алмай сыртқа бірақ.

Айырылып көңілді күйден мүлде

Қоштасты көп қараша үйлерінен.

Бауырына баласын қысып алып,

Қалуға аман жүгірді үлгерумен.

Жүрегімді зарларың жаныштады-ай!

Азаматтар кетті қанша арыстандай,

Арыстандай алдыңғы Арыспенен

Оққа оранған бүгінгі Арыс қандай.

Қалып еді бәрі аман жарылыстан қай,

Бұл халыққа тағы да таныс жағдай.

Бірі кетсе біртіндеп бәрі атылып,

Оқ-дәрілер бір-бірімен жарысқандай.

Снарядтар атылып әр ұшына,

Сынақтардан өтудеміз жанұшыра.

Көмек беріп Шымқалаға жеткізуде

Адамдарға қара су мен нәр ұсына.

Жанып кетті берекеге әр үй тола,

Түгелімен түгі қалмай мал, үй, қора.

Қолдан келген көмекті аямауда

Ғасырында ғажап әкім Ғабидолла.

Елге деген ерен еңбек, сенімді ақтай.

Түркістаннан тулап жетті тыным таппай.

«Мен Арыспен біргемін», – деп ағамыз,

Өң берді өн бойына Өмірзақтай.

Сабыр айтып халыққа бір жақ беткей,

Беріп көмек, белді ағамыз Бердібектей,

Бүкіл Алаш ағайыны Арысымның

Берекесін қайтарып берік еткей.

Қатал тағдыр құрығын құрғанымен,

Келді, төздік, жұмылдық – сын бәріне.

Бірлігімен көрсетті мықтылығын,

Шымқаланың жандары шын мәнінде.

Қанша халық босып кетті жанұшыра,

Жеңілдігін бер Алла әр сыныңа.

Бүгін берген сынағыңнан сынбай өтіп,

Аманшылық бере гөр Арысыма!

Қасымжомарт ҚУАНЫШБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *