Ғасыр жасаған қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Алматы қаласының тұрғыны Ханымбүбі Ақжоловамен сыр-сұхбат
Халық арасында қашанда игі жақсылардың орны бөлек қой. Олардың табан ет, маңдай терімен арқалаған абыройы одан әрі биіктей түспесетөмендемейді. Сондай жайсаң жандардың қатарына бүгінгі күні жүз жасқа толыпотырған қарт журналист, ардақты да аяулы Ханымбүбі Ақжолованы толығыменжатқызуға болады. Осынау жасына дейін өмір өткелдеріне айтарлықтай жарқын ізінқалдырған ананың қажырлы еңбегіне қызыға қарамай тұра алмайсыз. Ол кісініңайтқан әңгімелерінен көп жайларға қанығуға болады. Ханымбүбі апамыз басынанкешкен өмір өрнектерін көз алдыңызға келтіріп, көлденең тартады. Ол кісініңжүрегін жарып шыққан ой-толғамдары артындағы ұрпағына үлгі боларлық.
Мен апаның шаңырағына бара жатқанда ғасыр жасаған адамды бұрын соңды көрмеген соң, жүзден асқан адам қалай болар екен, мені мүлде танымайтын, ұмытқан болар деген ойлар көкейіме келе берді. Есік қоңырауын басқанымда, қызы Света тәтеміз ашты. Арқа-жарқа амандықтан кейін төргі бөлмеде отырған апаға ертіп апарып, менің келгенімді айтты. Апам ұмытпапты мені «Салташка» дейтін. Бұл жолы да әңгімесін дәл солай бастап кетті. Апам екеуміз біраз әңгімелестік. Кәрілік келсе де апамның даусы сол баяғы даусы, көз жанары да сол. Апамыз бір ғасырды артқа тастаса да, құлағы естиді, көзі көреді. Табиғаттың мұқалмас төзімділіктерімен бірін-бірі толықтырып, сырт көзге сыр бермей, тіп-тік сақталып, бүгінгі күнге есен-сау жетіп отыр. Бұл – факт. Ғасыр куәсінің шаңырағына барғанда мен осындай ойға қалдым.
Қарияның кеудесі – жазулы тұрған хатпен тең.
Жүзге келген ақ шашты әзиз анадан бес-алты ауыз бата алып қалсақ ол да үлкен олжа. Жанына жайғасып, шежіре – сандықтан жылт еткенді қағып алмаққа дайын отырмын. Өмір тарихын алақандағыдай рет-ретімен айта бастағанда қасиет қонған жүздің бірі саналатын ғасыр жасаған анаға құрметім одан әрі арта түсті.
– Апа, алдымен туған жеріңіз, ата-анаңыз, балалық шағыңыз туралы айтсаңыз?
– Түтіні түзу шығып тұратын туған жерін кім ұмыта алсын. Төскейлі топырағында дүниеге келген туған жерін жүрегінің түкпіріне ту етіп қадап, айырықша ардақ тұтады. Сана сезімім жетілгеннен бері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяқ шенінен басталған өмір баспалдақтары менің алтынға айырбастап ала алмайтын ғұмырым болып есептеледі. Сол бір өз тізбегімен кете беретін бел-белестер жүрегімде өшпестей болып жатталып қалған.
Туған жерімнің айналасын қоршап тұрған алып таулар мен мезгілге сай құлпырып тұратын төбелері мен жазық даласы түсірілген суреттей болып, көкірегіме мәңгілікке ұялап қалды-ау… Сарқырап ағып жататын өзендері мен бүлкіл қаққан тұнба бұлақтарынан құмарым қанғанша ішкен балдай суы әлі де таңдайымнан кетер емес.
Дала төсіндегі көздің жауын алып құлпырып тұратын алуан түрлі қызғалдақтарын терген кездері де ұмыт бола қойған жоқ. Әлі күнге дейін туған жерім Алматы облысы Жамбыл ауданының қазіргі Үмбетәлі Кәрібаев ауылын сағыныштың отына шарпылып отырып есіме алам.
Менің әкем Ақжол шапырашты руынан тарайды. Соның Айқым деген атасынан боламыз. Айқымның ішінде Меңмұрат. Меңмұраттар негізінен қазіргі Үмбетәлі ауылында тұрады.
Осы ауылды негізінен ең алғашқылардың бірі болып колхозға ұйымдастырған, осы жерден кірпіш құйып, үй тұрғызған әкем, Тілеуғабылдың баласы Ақжол мен шешелерім Әдештің қызы Тектібала мен Қоқымбайдың қызы Естеу болды.
Әкем Ақжол мен анам Естеудің кең қолтығында баршылық пен жоқшылықты қатар көрген кезеңдерім еміс-еміс көз алдыма көлбеңдеп тұрып алады. Екеуі де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, осы ауылдың іргетасын қалауға көппен бірге білек сыбана атсалысты.
Төккен терлері мен сіңірген еңбектері ересен болғанын ел-жұрты жақсы біледі әрі лайықты бағалады. Өйткені аштық пен тоқтықтың сол жылдардың уысында болғанын менің тағдырластарым бір адамдай-ақ бастарынан кешті ғой. Ол жылдардың ешкім жоққа шығара алмайтын нақтылы дәлелдері мен көріністері тарих тарауларында да сайрап жатыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен айтқанда, көзімізді ашқаннан көрмеген қиыншылығымыз жоқ. Жазда шатырдың астында жатып, қыстың қыраулы күндерінде ауқаттылар атанған адамдардың қол астында тіршілік жасауына тура келді. Бұл құқайды көрген жалғыз бұл отбасы ғана емес сол жылдардағы отбасылардың басым көпшілігіне ортақ жағдай еді.
– Сіздің жастық шағыңыз Ұлы Отан соғысы жылдарымен қатар келді. Соғыс орасан қайғы-қасірет әкелді емес пе?
– Өмір бәрін көрсетеді деген рас. Соғыстың зардабы да ерте есейтіп жіберді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрсек те кездесіп жататын кедергілердің бәріне етіміз өліп кетті. Оған мойынсұнбасақ болмайды. Жатсақ та, тұрсақ та Жеңістің жеделдете жетуін күттік. Аңсап, армандадық. Соғыстағы әкемізге, бауырларымызға, туған-туысқандарымызға хат жазудан да шаршамадық. Сауаты жетпегендердің талайына өтініштері бойынша үнемі хат жазып беріп тұрдым.
– Сіз бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдіңіз. Кімдермен бірге оқыдыңыз? Қандай ұлағатты ұстаздардан білім алдыңыз?
– Кішкентай сіңлім мен інім ержетіп, шешеме қолқанат болып, қолғабыстарын көрсете бастаған кез. Соның өзіне мен кәдімгідей қанаттанып қалдым. Аңсаған арманым – журналист болу. Менің газеттерге шыққан мақалаларым арқылы таудай талабым да байқалып қалған сияқты. Аудандық газеттің берген жолдамасымен 1944 жылы КазГУ-ге бағым жанып, оқуға түсіп кеттім. Осы үлкен университеттің тіл-әдебиет факультетінің бір бөлімі журналистика бөлімі екен. Анығын айтқанда, онда жоғары оқу орнына емтихан тапсырмайтын кез екен. Мені арманыма жеткізген газеттерге шыққан мақалаларым болды.
Оқу ғимаратымыз қазіргі Төле би көшесіндегі ҚазПИ-дің оқу ғимараты еді. Ал жатақханамыз Калинин мен Виноградов көшелерінің қиылысындағы екі қабатты үйлерге орналасқан болатын. Күнделікті көлік жағы әрқилы еді. Трамвай кейде жүрсе, кейде жүрмейтін. Ондай жағдайда біз жаяулатып жүруге мәжбүр болатынбыз. Ол кезде жұрттың бәріне 500 грамнан қара нан береді. Нанның кезегіне бару үшін де оңай болмады. Күні бұрын дайындалып, таңға жуық кезегі келген қызға бар киімімізді кидіріп, нанның кезегіне жіберетінбіз. Соған да біз көндік-ау!
Мен оқитын бөлімде небары 14-ақ студент болды. Олардың екеуі қыздар да, қалғандары ер балалар. Олардың бәрі де Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгендер. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары әртүрлі болып келетін. Арамызда әкелері ел басқарған ауқаттылардың да балалары болды. Жасыратын несі бар. Жағдайлары өз мәнінде болмағандар қысылып-қымтырылып, оқуларын бітіріп шығу үшін жанталас тірліктерін жасады.
Менімен бірге оқығандардың ішінде соғыстан жаралы болып қайтқан бүгінгі Қазақстанның Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың әкесі, кейіндері белгілі жазушы болған Кемел Тоқаев болды. Сол сияқты Қазақстанның мәдениет министрі болған Мүсілім Базарбаев, ұзақ жылдар КазГУ-де оқытушы әрі ғалым болған Мұқан Мамажанов, Таслима Карабалина, павлодарлық Молчин және Рапағаттар болғаны мен үшін үлкен мақтаныш саналады. Қайтейін сырласып және мұңдасып жүрген осы бір жайсаң жандардың бәрі де өмірден өтті. Осы адамдарды мен кейде сағынышпен еске алып қоямын. Жатқан жерлері жәннатта, топырақтары торқа болсын деймін.
Біздің бөлімнің студенттері білімге өте құштар болды. Қазақтың маңдай алды дарындыларынан білім алғанымызды пешенемізге бұйырған бақ деп білеміз. Қазақтың мақтанышына айналған дара тұлға, қазақ әдебиетінің ұлы суреткері, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Әуезов, білгір де білікті сарабдал сыншы Бейсембай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Бірімжанов, Сокольский, Сақтаған Бәйішев тағы басқалардан дәріс алып, өмір мен білім жолындағы таңғажайыптарды көкірегімізге тоқып өстік. Аталған адамдар бізді сүйікті мамандығымыз бағытында біз біле бермейтін тұңғиықтардан сусындатты. Оларға біз мәңгілік қарыздармыз.
– Еңбек жолын қай жерден бастадыңыз?
– Ол кезде мен қатардағы партия мүшесі болатынмын. Жұмысқа бөлу тәртібінің реті бойынша мені республикалық «Социалистік Қазақстан» қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне жұмыс істеуге қалдырды. Бас редакторы Балтағожин деген кісі екен. Мен де бұл газетке істеуге қуана келісімімді бердім. Өйткені республикалық газеттен қызметімді бастаудың өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейді ғой. Сонымен бірге мұнда бекер адамдар істемейді. Елімізге танымал таңдаулы журналистердің ортасы осында екенін бұрыннан-ақ көңіліме түйіп жүретінмін. Бұл жерден шеберлік мектебінен өтіп, шыңдалып шығатыныма да күмәнім болмады. Нартәуекелді бекер жасағам жоқ.
– Ұзақ жыл Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» бүгінгі «Атамекен» газетінде қызмет еттіңіз. Газеттің барлық шаруасын өте жақсы білесіз. Журналистің қызығы да қиындығы да болған шығар?
– Ол кезде Аудандық газеттің аты «Большевиктік жол» деп аталады екен. Ауданның орталығынан төмендеу жердегі екі қабатты ескі үйге қоныс теуіпті. Астыңғы қабаты баспахана болса, үстіңгі қабаты газет редакциясы. Газеттің барлық жұмыстары қол күшімен атқарылады. Баспаханада үш әріп теруші, бір газет басушы жұмыс істейді.
Газет аптасына бір рет шығып тұрады. Газетті аяқпен басады. Газет басатын құрал-жабдық деп атайтынбыз. Осы жұмысты марқұм Е.Ершігешев дейтін кісі ар-ұятымен атқарып жатушы еді. Баспаханаға қатысты жұмыстар соның мойнында болатын. Редакцияда көлік жағынан жалғыз ғана ат тұратын. Сол ат біздің астымыздағы сенімді қанатымыз болды. Ауданның ойы мен қырын сол атпен шарлап, еңбек адамдарының өмірінен газетке қажетті материалдарымызды жазып тұрдық.
– Ендігі сұрақ сізден көптеген журналистер тәлім-тәрбие алды. Солар туралы айтып берсеңіз?
– «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген екінің біріне жақсы мәлім даналық сөзді осы жерде мен тағы да тәрбиенің талбесігіне балап ойыма алып отырмын. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Жаңа ғана кейінгілердің көшбасшысы болып кеткен аға буынның жағып кеткен шырақтарын өшірмей келе жатқан өнегелі өскелең ұрпақтың бар екеніне мен таза куә болып келе жатырмын. Ауданның алақандай ғана газетінен бір қауым боларлық таланттар қаулап шықты. Олардың бір шоғырын жарық жұлдыздарға да балап айтуға болады.
Олар Сәдуақас Бигелдиев, Орысбай Әбділдаұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Жұмаш Арғымбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Манарбек Ізбасаров, Есенқұл Жақыпбеков, фототілші Нұрманбет Қизатов, Күмісжан Байжанова, Талғат Сүйінбаев, Нүсіп Әбдірахым мен Рәтбек Терлікбаев. Редакцияда өзіммен бірге істеген журналистер Әбілғазы Тоғызбаев, Сейітхан Молдахметов, Түзелбек, Жұматай Қалығұловтар, Әлімжан Дәуітов, Махан Әміреев, Базарбек Атшабаров сияқты тамаша жігіттер болды. Өзімнің туып өскен Үмбетәлі ауылында тұрған ақын Әсімхан Қосбасаров газетте үзбей мақала жазып тұратын.
– Сіз Жамбыл атамыздың мойнына қызыл галстук байладым, «Жасың ұзақ болсын, көсегең көгерсін» деп бата берген дедіңіз. Енді міне өзіңіз де ғасыр жасаған қайраткер ретінде маған бір ақ батаңызды берсеңіз.
– Салтанат, жарық жұлдызым, апаңды іздеп келгеніңе рахмет. Мені танитындарға, шәкірттеріме сәлем айт.
Ал қолыңды жай:
Бисмилла Рахман Рахым,
Құдай оңдасын,
Тәңір қолдасын,
Еш жамандық болмасын.
Бәрімізге не айтсақ та,
Алла Тағала қабыл етсін!
Қандай бақыт, жақсылық болса,
Барлығы басыңда болсын.
Сәкеннің сәнін берсін,
Абайдың ақылын берсін,
Жамбылдың жасын берсін.
Туған-туысқандарымыз,
Ел-жұртымыз аман болсын.
Жер сілкінбесін, су тасымасын,
Бәріміз аман болайық!
– Апа, жүз жасаудың сыры неде?
– Елге әрқашан жақсылық жасап, жақсы ойлар ойлау керек. Табиғи, тірі су ішу керек. Таңертең бой жазу жаттығуларын жасап, жаяу көп жүру керек. Тамақты тоя жемеу керек, талғап жеу керек.
* * *
Жүзге келген апамыз оқиғаларды есіне түсіріп, біраз әңгімесін айтты.
Қызы Света тәтеміздің арқасы деп білемін апамызды күтіп-баптап, балаша бағып отыр. Бір тал қыз берсе де бірегей ғып берді, — дейді Ханымбүбі апа. Света Айткелдіқызы биология ғылымының докторы, 2011 жылғы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Микробилогия және вирусология институтында қырық жылдан астам жұмыс істейді. Немересі Айгерім КИМЭП-ті бітірген. Германияның Мюнхен мен Бонн қалаларындағы университеттерді тамамдап, сол жақтың шақыртуымен қазіргі уақытта қызмет атқарып жатыр.
Иә, жүз жасқа келген абыз ананы көріп, батасын алып шықтым. Ақ бата алыстарға апаратынына сенімдімін. «Кәрісі бар елдің – ырысы бар» демекші абыз апамызбен әлі талай кездесуге жазсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Салтанат ӘШІМОВА,
ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғылыми хатшысы,
Мәдениет саласының үздігі