«БИЫЛ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА ОҚУҒА ДАЙЫНБЫЗ»

Білім
582 Views

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева биылғы Тамызконференциясындағы баяндамасында қаламызға жаңадан мектептер қосылғанын, үшіншімегаполистегі оқушылар саны 235 мыңнан асатынын мәлімдеді. Әсіресе, жаңа «Шымсити» шағын ауданында бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлердің маңынан  135 мектеп ашылғалы осында қоныс тепкенотбасылар бір қуанып қалды. Балалар жақын жерден кең спорт залы бар су жаңамектептің табалдырығын аттамақ.

Біз де жаңа леппен жұмысқа кіріскен педагогикалық құраммен танысып, мектептің тыныс-тіршілігін білмек ниетте мектеп директоры Берікбай Михеевпен әңгімеге тартқанымызда, биыл дәстүрлі форматта оқытуға дайын екенін байқадық.

– Берікбай Елтайұлы, әдеттегідей жаңа оқу жылы басталды. Былтыр жаппай үйде оқыған оқушылардың биыл сабаққа ынтасы қандай, олардың мектепте оқулықтармен қамтылу жайы қалай?

– Жасыратыны жоқ, өткен жылы онлайн оқимыз деп елімізде білім сапасы төмендегені рас. «Білім адам бойына біткен ең мықты қару» дейді. Білімсіз адамның күні қараң, сондықтан оқушыларымыздың бойына білім нәрін құйып, олардың оқуға деген ынтасын арттыруға барымызды саламыз. Әрбір жас өскін – өзінің ертеңгі мамандығы, кәсібі, тіпті өмірі мектепте алған білімнің іргетасымен өлшенетінін біліп, көңіл тоқуы тиіс.

Міне, биыл оқушылармен мектепте дәстүрлі форматта жүздесіп, оффлайн оқуға кірісіп жатырмыз. Биылғы 2021-22 жылғы оқу жылында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, күнделікті білім беруге дайынбыз. Оқулықтар мен керек-жарақтар 100 пайыз қамтылған. Ұжымда 78 ұстаз дәріс береді. Кешегі тамыз конференциясында айтылғандай, басты мақсатымыз – білім сапасын арттыру.

– Әрине, балалардың толық білім алуына мемлекет жағдай жасаған. Оған дәлел, жыл сайын жаңа мектептердің көбеюі. Жаңа мектептің базасы, кадрлардың біліктілігі туралы айта кетсеңіз…

– Иә, №135 мектеп былтырғы жылдың 1 қазан күні пайдалануға берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі келіп ашып, мектепті мұқият аралап көріп, танысып шықты. Мектебімізде бастапқыда 500 оқушымен жұмысын бастады. Жақын маңдағы №89 мектеп лицейінің оқушылары біздің мектепке бөлініп келіп оқыды. Білім ошағы «Шымкент Сити» қалашығында орналасқандықтан, әлі де балалар саны толығатынына шүбәміз жоқ. «Шымкент Сити» жаңадан бой көтеріп, жайқалып күннен-күнге көкжиегін кеңейтіп келе жатқан аудан. «Жастар бағдарламасымен» пәтер алған отбасылар көп. Сондықтан баланың өсімі жоғары. Мектеп ұжымы жаңадан құрылса да, жетістіктеріміз жоқ емес, аз уақыттың ішінде облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі алдыңғы орындарды иелендік. Спартакиаларда мұғалімдеріміз де жүлделі орынды алып қайтқаны біз үшін мәртебе.

Мектебімізде қазір 2 химия кабинеті, 2 биология кабинеті, 2 информатика кабинеті, 4 мультимедиялық лингафон кабинеті бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында үлкен спорт залымыз бар, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 20 шақты спорт және өнер үйірмесі жұмыс істейді.

Даталы күндер де назардан тыс қалмайды. Мысалы, биыл Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы мерекелік даталарға орай қосымша сабақтар ретінде өткізіледі. Мен өзім тарих пәнінен сабақ беремін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы құрметіне «Желтоқсан оқиғасының тарихтағы орны» атты монографиялық еңбегім жарық көрді. Қазір бұл еңбегім педагог ұжымдарға таныстыру ретінде жолданды. Жас ұрпақ «Желтоқсан оқиғасын» ұмытпауы керек, біздің тәуелсіздігіміз осы желтоқсан боздақтарының арқасында келгенін білуі тиіс.

– Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігі де күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Бұл орайда тәртіп жағы қалай мектепте?

– Білім сапасы қаншалықты маңызды болса, балалардың қауіпсіздігі де соншалықты бірінші орында. Мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 67 бейнебақылау орнатылды. Бұл қондырғылар ішкі істер басқармасына тікелей жалғанған. Одан кейін қауіпті індеттің алдын алу үшін мектебімізге «Ашық» қосымшасы енгізілген. Мектептің кіре берістеріне турникеттер орнатылған, бей-берекет адам мектепке кіре алмайды. Мұның барлығы қауіпсіздігін шараларын сақтаудың басты ережелері.

Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында бұл жылы 500 отбасыға көмек көрсетілді және130 оқушыға бір реттік тегін құрал-жабдықтар демеушілер есебінен берілді. Әлі де алда осындай жәрдеміміз жалғасатын болады.

Сөз ретінде Мемлекет басшысының жемқорлықпен күресу жөнінде тапсырмасына сәйкес, мектепке жұмысқа қабылдау тәртібін айта кеткім келеді. Қазір мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдау жүйесі өзгерген. Электронды форматқа өткендіктен, мектеп басшылығына кіріп жұмыс сұраудың қажеті жоқ. Педагогтар электронды түрде барлық құжаттарды тіркеп, кез-келген мектепке жұмысқа тұруларына мүмкіндігі бар. Мектепте ата-аналар тарапынан ақша жинау үрдісі де тыйылды. Мұндай қадамға барған сынып жетекшілері қатаң жазаланатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *